Қазақтың қай қасіретін айтып тауысасың. Өткенге көз жіберсеңіз, өзегіңіз өртенеді, еріксіз жанарыңызға жас тығылады. Желтоқсан желі әлі жанымызды жауратады. Бостандық құсы төбемізге келіп айнала ұшқанда, оған алақан тосқан қаншама боздақтарымыздың қаны алаңда нақақ төгілді. Сол нақақ төгілген қанның өтемін әлі ешкім төлеген жоқ, тарихи көтерілістің шын бағасы әлі берілген жоқ. Ұлт үшін ұран көтеріп, қаймықпай алаңға шыққан жасқазақтардың ерлігі жүрек төрінде тұр. Тәуелсіздік жолында қыршын кеткен боздақтардың есімі қазақ тарихында алтын әріптермен жазылып қалары анық.
Осы орайда көпшілікке кеңінен танымал тағы бір фотосуреттің тарихынан сыр шерткенді жөн көрдік.
...Көше ортасымен шерушілер алға басып бара жатыр. Шеру алдында үстіне сұр пальто, басына қара құлақшын киген бір жігіт кетіп барады. Бірақ, бет-жүзі көрінбейді, ары қарап қалған... Бұл фотосуретте әлеуметтік желіде жиі жарияланды. «Бұл алға еркін адымдап бара жатқан жігіт кім болды екен?» деген сұрақты кім-кім болса да өзіне қойғаны анық. Мұндай сұрақты өзіме мен де қойғанмын. Өйткені, суреттегі шерушінің үстіндегі киімі, жүріс-тұрысы, керек десеңіз тұтас пошым-парығы маған етене таныс, жақын адамыма ұқсаған. Ал, менің қателесуім мүмкін емес. Кейін мәлім болғанындай, шынында да солай болып шыққанда мен таң қалған жоқпын. Олай болса таныс болыңыз: суреттегі бұл азамат 1986 жылы Абай атындағы ҚазПИ-де Көркем сурет және графика факультетінің 3 курс студенті, менің немере інім Әбдіманап Әкімбайұлы Мырзабаев. Кешегі Желтоқсан ызғарын көзімен көріп, жанымен сезінген, бүгінгі Қазығұрт ауданы, «Қақпақ» орта мектебінде сурет пәнінен сабақ беретін жоғары санатты ұстаз. Ол Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген фото жайындағы естелігімен былайша бөлісті:
– Желтоқсан десе, селт етпейтін жүрек жоқ. Неге? Себебі, арадан қаншама жылдар өтсе де, сол үш күннің жанымызға салған жарасы жазылды деп айта алмаймын. Ол күндер бар қазақтың басы бір жерде қосылған ұлы сәттер еді. Басынан соры кетпеген халқымыздың ғасырлар бойы сыздаған жан-жарасының күтпеген жерден жарылған шағы болатын.
Өзің білетіндей, Абай атындағы ҚазПИ-де оқып жүрдім. Курстастардың ішінде жасамысы болдым, өйткені оқуға біраз кешеуілдеп түскен едім. Оның үстіне үйлі-барандымын. Жұбайым Гүлсара екеуіміз Татаркада пәтер жалдап тұрамыз.
16 желтоқсан күні таңертең әдеттегідей сабақта отырдық. Ойымызда дым жоқ. Жаңа жыл мерекесі жақындап қалғандықтан ба, көңіл күйіміз көтеріңкі. Оның үстіне, алда сессия. Сессия демекші, оның да өз қызық-шыжығы жеткілікті. Әне-міне, бірінші жартыжылдықты аяқтап, ауыл жаққа барып, аунап-қунап қайтсақ па дейміз. Бір құрылыс мекемесінде күзетші болып жұмысқа тұрған едім. Егер ауылға барып жатсам, орныма кімді қалдырсам екен деп қиялдап отырғам...
Кенет кім жеткізгенін қайдам, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті шұғыл пленум өткізіп, онда бірінші хатшы Д. Қонаевтың мәселесі қаралыпты, нәтижесінде оны қызметінен босатып, орнына Г. Колбин дегенді сайлапты деген хабар оқу аудиторияларын көктеп өтті. Сонда алда болатын жанталас дүрбелеңді болжамасақ та, «Бұл қалай болғаны? Ендігі күніміз не болады?!» деп, бір-бірімізге үрпиіп қарап қалғанымыз есімде. Арамызда «Қой, жалған ақпарат шығар?» деп, оған сенбегендер де болды. Көп уақыт өтпей, ұзын дәлізде абыр-сабыр басталып, студенттердің көтеріңкі тондағы дауыстары естілді. Осы кезде пленум шешімімен келіспегендер Орталық алаңға жиналып жатыр екен дегенді құлағымыз шалды. Сол-ақ екен, біздің де мазамыз кете бастады. Сабақта отырғанымыз болмаса, есіл дертіміз алаң жақта. Сабақ аяғына дейін әрең шыдадық-ау!
Бойымызда жастықтың жалыны жалындаған біз, қасымда Махмұт Сарыбаев, Ізгілік Шатанов, Қапан, тағы бірнеше жігіттер бар, тура алаңға тарттық. Келсек, халық бірталай жиналып қалыпты. Қатарымыз уақыт өткен сайын молыға берді. Шерушілердің қатары көбейген сайын айналамызды қоршаған формалы адамдардың да қарасы молая түсті. Тіпті Фурманов және Бейбітшілік көшелері жағына милиция курсанттарынан шеп құрып тастады. Бірақ олар алаң ішінде болып жатқан оқиғаға араласқан жоқ, жай бақылаушы болып тұрды. Жан-жақтан құйылған елде есеп болған жоқ, алаң теңіздей толқиды. Алда не күтіп тұр, ешкім болжап білген жоқ, бәрі ашық-жарқын. Тіпті біреулер ортаға от жағып, соның жалынына қолдарын тосып, жылынып тұрды. Барлығының көкейінде жалғыз-ақ сұрақ:
«Неге Орталық Комитет халықтың пікірімен санаспай, Қонаевты алып тастайды? Қазақстанды басқаруға қазақ тілін, салт-дәстүрін білмейтін бөтен елдің адамын неге әкеледі? Бізге осы жайтты түсіндіріп берсін, әйтпесе ешқайда кетпейміз!» – деді.
Күндіз ауа райы жылымықтанып тұрды да, кешке қарай күрт суыта бастады. Менің киімім жұқалау еді. Үйге қайтпасам, ауырып қалатынымды түсініп, қасымдағыларға айттым. Олар да әрең тұр екен: «Ендеше, қалыңырақ киініп, ертең келейік», – десіп, үй-үйімізге тарадық.
Сөйтсек, нағыз сойқан біз кете салысымен басталыпты. «Шаш ал десе, бас алатын» жендеттер қараңғының түсуін күтіп тұрыпты. Ымырт түсісімен иттерін айтақтап, су шашып, аруларымызды шашынан сүйреп, ұлдарымызды таяққа жығып, ұсталғандарын мәшинеге тиеп, айдалаға апарып тастау әрекеттерін бастап кеткен екен.
17 желтоқсан күні сабаққа барамын деп шығып, институтқа бұрылмай, тура алаңға тарттым. Бұлай істеуіме түнде болған шайқас, көшедегі, жатақханалардағы қайғылы жағдайлар туралы гу-гу өршіген әңгімелер түрткі болды. Алматы Алматы болғалы мұндай үлкен аласапыран болмаған, ел ондайды көрмеген...
Алаңға Фурманов көшесі арқылы бардым. Милиция жасақтары Сәтбаев көшесін тұтас жауып тастапты. Ешкімді кіргізбейді, не шығармайды. Сол жерде курстасым Махмұт Сарыбаевты жолықтырдым. «Океан» аталатын балық дүкені болатын, біз сол ғимараттың алдында тұрып айналаны бақыладық. Бір кезде төменнен лек-лек болып келген жастар шепті бұзып өтіп, алаңға бет алды. Әр-әр тұста шерушілер мен милиция арасында кішігірім қақтығыстар орын алды. Бірақ, кең тараған жоқ. Жан-жақтан ағылған жұрт орталық мінбердің алдына жинала бастады. Кешегідей емес, жастар бүгін едәір ұйымшылдықпен, кәдімгідей дайындалып келіпті. Тұс-тұстан «Ешбір ұлтқа артықшылық берілмесін!», «Әр республиканы өз көсемі басқарсын!» «Лениндік ұлт саясатының принциптерін құрметтеуді талап етеміз!» деген ұрандар жазылған транспаранттар көтеріп, Ленин, Карл Маркс, тағы басқа саяси қайраткерлердің портреттерін алға ұстап тұрды. Қайткенде де ашулы жастар ұлттық намыстың тапталғанына шыдамады.
Шамамен сағат 11-лерде шеруші топтар алаңнан қала көшелеріне қарай ойысты. Соның Абай даңғылы арқылы Ленин көшесі бағытында жүрген шерушілердің тобында біз де болдық. Алдыңғы толқын Абай ескерткішіне жете бергенде қүрт төмен бұрылды. Содан тура Панфилов атындағы саябақтың жанында орналасқан ҚазПИ-ге жеттік. Мына сурет дәл осы 17 желтоқсан күні Ленин мен Киров (қазіргі Достық пен Бөгенбай) көшелерінің қиылысында басып алынған. Байқасаңыз, мен ең алдыңғы қатарда шерушілерге дем беріп келе жатырмын. Ара-арасында «Алға, алға!» деп ұрандатып қоямын. Ұмытпасам, дәл осы кезде Ленин даңғылының бойымен үсті курсанттар мен солдаттарға лық толы БТР-лар мен әскери ауыр машиналардың колоннасы өтіп бара жатты. Соған қарап қалған сәтімді шырт еткізіпті. Бет-жүзім анық көрінбейді, ары қарап қалғанмын. Егер бері қарап қалғанда не болар еді деп ойлаймын қазір. Мені бір құдай сақтады, әйтпесе алда қандай жаза күтіп тұрғанын кім білсін?! Басқа-басқа, біз мұншама көп сап түзеген әскери техниканы не үшін, қандай пиғылмен көшемен алып өткенін жақсы түсіндік.
«Үкіметпен ойнамаңдар. Қаласақ, қазір-ақ таптап өте шығамыз» деген емеурін, қорқыту, үркіту еді ол. Қасымдағы бір жігіт қолындағы таяғын жіберіп қалмақ болып оңтайлана бергенде: «Бауырым, қайтесің, кете берсін. Бұл арандату екенін көрмей тұрмысың? Жайына қалдыр, тиме!» деп тоқтаттым. Расында, мұның әркетін сылтау еткен солдаттар бейбіт келе жатқан жұртқа тұтқиылдан бас салуы да мүмкін еді.
Құжынаған көп адам тура ҚазПИ-дің бас ғимаратының алдына келіп кідірді. Бұл кезде мен көзге түсіп қалмаудың қамын жасап, бір ағашты қалқалай қалған едім. Шерушілерді бастап келген бір жігіт ғимарат жаққа қарап бар дауысымен:
– Студенттер, бойыңда қазақы қаның бар ма, намысың бар ма, онда бізге қосыл! Елімізге қатер төніп тұр. Қонаевты қазақ халқының ықтиярынсыз қызметінен босатуы, орнына басқа ұлттың адамын отырғызуы, бұл нағыз әділетсіздік. Қазақты басынғандық. Біз оған жол бермеуіміз керек. Бұл әділетсіз шешімге қарсы шығуымыз керек. Қазақ үшін күресемін, перзенттік парызымды атқарамын дейтіндер болса, сыртқы шықсын, қатарымызға қосылсын! – деп айғай салды. Сол-ақ екен студенттер дүрлігіп сыртқа ұмтылды. Шыға беріс есікті бекітіп тастаған екен. Оны ашулы топ тас-талқанын шығарып қиратып тастады. Кейбіреулері терезелердің төменгі көздерін шағып шықты. Бәрі де біздің лекке келіп қосылды, қатарымыз молыға берді. Шерушілердің бір тобы бөлініп шығып жатақханалар жаққа кетті. Олар жатақханада күштеп ұстап отырған студенттерді босатып, қатарға қосты.
Өз көзіммен көрген бір оқиғаны айтайын. Сол уақытта ҚазПИ-дің бас оқу корпусының жанында «ұлт пролетариятының» көсемі Лениннің үлкен портреті ілулі тұратын. Соны менімен қатар келе жатқан бір жігіттің жұлып алғанына куә болдым. Кейін оны екі жігіт болып көтеріп жүрді. Қасында «әр ұлтқа – өз көсемі» деген ұран көтерген тағы екі жігіт болды. Кейін сол жігіттердің Ленин портреті мен жоғарыдағы ұранды көтеріп алған сәттерін кинохроникалардан көріп, қайран қалғаным бар. Арамызға құпия фотосуретшілер қалай кіріп кетіп жүр десейші! Нағыз әккі түлкі екен.
Одан әрі шерушілер Гоголь көшесіне қарай жылжыды. Көк базарды көктей шолып Коммунистік (қазіргі Абылай хан) даңғылына жеткенде бір тобы жоғары қарай өрледі. Екінші бір топ Гоголь көшесі арқылы ҚызПИ-ге қарай бағыт алды. Мен ішінде болған топ Жазушылар одағының алдына келіп «Олжас! Олжас!» деп бірнеше дүркін айқай салдық. Өйткені, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, халқымыздың аса дарынды ұлдарының бірі Олжас Сүлейменовтың даңқы ол кезде жер жарар еді. Соны білетін жастар «Олжас біздің тірегіміз, жол бастаушымыз, көсеміміз болады» деп үміттенді. Бірақ, Одақтан ешкім шықпады. Керісінше іштегі адамдар терезелерін тарс жауып, перделерін түсіріп алғанын өз көзімізбен көрдік. Ашу қысқан жастар қолдарын бір сілтеді де, жоғары өрлей жөнелді. Сөйтіп, Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін әуелеткен бойда сағат 2-лерде құж-құж қайнаған алаңға қайта оралдық. Түстен кейін мінбеге Қазақстан Орталық Комитетінің бюро мүшелері мен бірнеше зиялы қауым өкілдері, өнер адамдары шығып, басу айтып сөз сөйледі. Ызаға булыққан жұрт олардың жақсылықпен тарауға шақырған сөздерін айқай-шумен, ысқырықпен бөліп, қар жемтіктерін, мұз кесектерін лақтырып жауап берді. Түсінгенге, осының бәрі қазақ жастарының ескірген жүйенің ұрда-жық шешіміне деген қарсылығы еді. Бірақ, билік оны түсінбеді, түсінуді қажет етпеген сияқты.
Жігіттер жиналып «Хат жазайық та оны анау мінберде тұрған дөкейлердің бірінің қолына ұстатайық» деп шештік. Сол жерде қағаз бен қалам да табыла кетті. Сөйтіп бір жапырақ қағазға «Бізді Колбин жолдастың қабылдауын талап етеміз» деп апыл-ғұпыл жазып, енді оны жоғарыда тұрғандарға кім жеткізеді дегенге келгенде, өзі бойшаң, өзі сымбатты Махмұт арамыздан суырылып шықты. «Хатты жеткізуге мен дайынмын!» – деді. Сосын хатты алды да адамдардың ара-арасымен жөнеле берді. Біз алыстан бақылап тұрмыз. Міне, тас мінберге де жетті. Мінбеге көтерілер тұста күзет тоқтатты. Бірдеңелерді түсіндіріп, ол жерден де өтті. Әне басқышпен көтеріліп барады. Мінберге шыққан тұста тағы күзет тоқтатты. Оған бірдеңе деп еді, жан-жақтан бірнеше кісі жетіп келді. Осы кезде Махмұт қолын аспанға сермеп: «Жігіттер, бұлар мені алдап жатыр!» деп айқай салса бола ма... Алаң бір дүрлігіп барып тоқтады. Халықтан сескенді ме, әлде, басқа бір жағдай болды ма, күзетшілер Махмұтты жібере салды.
Күні бойы шеруде жүріп, нәр татпағанбыз. Денем әлсіреп, көзім қарауыта бастады. Тамақ ішіп, әл жинап қайтпасақ құлап қалатын түріміз бар. Оның үстіне менің келіншегім пәтерде жападан жалғыз қалған, ол да әр нәрсені ойлап уайымдап отырған шығар. Одан да келіншегімді бірге ертіп келейін деген оймен үйге қайттым. Маған Махмұт досым да ілескен. Сөйтсек, бізді тағы да Құдай сақтапты!
Кейін тергеу орындары сурет арқылы іздестіру жұмыстарын жүргізгенде, мені ешкім танымады. Тіпті мені алаңға барды деп те ойламаған сияқты. Себебі, біріншіден, мен жатақханада тұрмаймын. Екіншіден, сырт киімдерімді ауыстырып алған едім. Біздің институттан «Желтоқсанға қатысты, партия саясатына қарсы шықты» деген желеумен біраз студенттер оқудан шығарылды. Басқа факультеттер туралы ештеңе айта алмаймын, ал Көркем-сурет факультетінен бес-алты қыз-жігітті алдымен комсомолдан шеттетті, сосын оқудан қуды. Олардың арасынан Рашид Нұрекеев, Ермахан Жүнісханов, Мұратбек Баетов, Әділбай Сүйінішов, Ақтай (фамилиясын ұмытып қалыппын), тағы басқалар есімде қалыпты. Сол бір тамаша жігіттер қазір қайда жүр екен, қандай іспен айналысады, хабарым жоқ. Айтқандай, сол кезде студенттерге арашаға түсіп, қол ұшын берген, ақыл-кеңесін аямаған ұстаздарымыз Берікжан Әлмұхамбетов, Бағлан Жақсылықов, Зәуреш апай, Жасұлан ағайға айтар алғысымыз шексіз. Власюк деген деканымыздың да студенттерге көп көмегі тигенін айтпай қала алмаймын. Осы тұста бір нәрсе, біреулер менің осы фотосуретімді алға тартып, «ондағы алға адымдап келе жатқан жігіт мен едім» деп өзін көрсетіп, насихаттап жүр деп естідім.
Менің біреуде алты алысым, бес бересім жоқ, тек айтарым, «жалған мәлімет жарға жығатынын» ұмытпаса екен деймін. «Өтіріктің шеті бір-ақ тұтам» екенін еске салғым келеді. Сұр пальто, қара құлақшын киген, бет-жүзі көрінбей, ары қарап қалған бұл сурет мен, яғни Әбдіманап Мырзабаев екенімді ресми түрде мәлімдеймін.
Сол бір қазақтың басына күн туғанда Алаңда қазақ халқының абыройын аспандатқан жастар арасынан табылғаныма еш өкінбеймін. Қайта оны мақтаныш етемін, оқушыларыма айтып отырамын.
Айтыңызшы, егер қазақтың ар-намысы таразы басына түсіп тұрғанда біз алаңға шықпасақ, не болар еді!? Халқымыздың сүйегіне таңба болып қалар еді. Қазақ жастары бұлқынып мінез көрсетпегенде, дос бар, дұшпан бар, күлкі болатын едік. «Бұлардың рухы өліп қалған» деп табалайтын еді. Сексен алтының жастары, біздің қайсар буын қазақты сол ұяттан құтқарды, сөйтіп қазақ атын бүкіл әлемге әйгіледі, отты рухы сөнбегенін паш етті. Ендеше солардың арасында болғаныма неге мақтанбасқа?! – деп тебіренді Әбдіманап Әкімбайұлы.
Кешегі Желтоқсаншы, бүгінгі ұлағатты ұстаз Әбекең бір кезде өзі оқып бітірген Қазығұрт өңіріндегі Қақпақ ауылындағы мектепте табаны күректей отыз жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет атқарып келеді. Жан-жары Гүлсара екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, құтты жеріне қондырып үлгерген. Елге елеулі, шәкірттеріне қадірлі. Қарапайым адам үшін бұдан асқан бақыт бола ма?!
Болат ШАРАХЫМБАЙ
















