Астанада 10 тамыз күні қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының туған күніне орай еске алу шарасы өтті. Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған рәсімде зиялы қауым мен қоғам өкілдері Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ойшылдың рухына тағзым етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Тағылымды іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, қалалық мәслихат төрағасы Зейнұлқабден Табиғат, Қоғамдық кеңес төрағасы, академик Кәрімбек Құрманәлі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, одақтың Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, жазушы Роза Мұқанова, ақындар Алмахан Мұхамедқалиқызы, Жанарбек Әшімжан және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиналғандар Абай мұрасының қазақ руханиятындағы айрықша орнына тоқталып, ақын көтерген білім, еңбек, әділет, адамгершілік пен бірлік идеяларының бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтпағанын атап өтті. Ғасырлар тоғысса да, Абайдың ой-тұжырымдары ұлттың рухани жаңғыруына жол көрсетіп, жас ұрпақты парасат пен ізгілікке үндеп келеді.
Ұлы ақынға көрсетілген құрмет – Абай аманаттаған асыл құндылықтарға, қазақтың тілі мен әдебиетіне, ұлттық рух пен мәдени мұраға деген тағзымның көрінісі. Тап осы күні елордадағы «Жетісу» саябағында Абай күніне орай «Ашық алаң» атты ауқымды ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараны «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры Астана қаласы әкімдігінің Дін істері басқармасының ресми қолдауымен өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – елорда тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі әрі ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ азаматтардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу.
Іс-шара Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген тағылымды сөзімен үндес ұран аясында өтті. Әсіресе жас ұрпаққа ерекше көңіл бөлінді. Олар үшін Отанға, отбасылық құндылықтарға және білімнің маңызына арналған мақал-мәтелдер сайысы ұйымдастырылды. Қызықты викториналар, танымдық ойындар мен интерактивті сабақтар қатысушылардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, халықтың бай тарихи және мәдени мұрасы туралы түсінігін арттыруға мүмкіндік берді. Бағдарламаның негізгі бөлігі «сұрақ-жауап» форматындағы арнайы ақпараттық сессия болды. Мамандар мен сарапшылар қала тұрғындарына діни сауаттылықтың негізгі қағидалары, Қазақстан Республикасының дін саласындағы қолданыстағы заңнама талаптары туралы айтып, радикалды және деструктивті идеологиялардың ықпалына ұрынудың белгілері мен қауіптерін түсіндірді. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, білікті мамандардан нақты жауап алды.
Ақпаратты бекіту мақсатында волонтерлер саябаққа келген тұрғындарға үш мыңнан астам ақпараттық брошюра таратты. Баспа материалдарында пайдалы кеңестер, сенімді әрі тексерілген ақпарат көздерінің тізімі, Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған террористік және экстремистік ұйымдардың тізімі, сондай-ақ заң талаптарына қатысты түсіндірмелер қамтылды. Сонымен қатар алаңда тақырыптық бейнероликтер көрсетілді. Акция соңында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Зияткерлік және шығармашылық байқауларда үздік шыққандарға, сондай-ақ іс-шараны өткізуге белсене атсалысқан волонтерлерге Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мәдени-ағартушылық жұмысты Абай мұрасын дәріптеумен және ашық диалогпен ұштастыру – қоғамдық келісімді нығайтып, елорда өңіріндегі рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі.













