Жаңа партия – “Әділет”, атыңа сай қызмет ет!

Жаңа партия – “Әділет”, атыңа сай қызмет ет!

«Дүние оттан көйлек киіп тұрған» осынау алмағайып заманда адамзат баласы бұрын-соңды болмаған күрделі кезеңді бастан кешіп отыр. Бір елде соғыс, бір елде экономикалық дағдарыс, енді бір жерде рухани құлдырау белең алып, адамзат баласы арпалыс ішінде аласұруда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта әр мемлекет өзінің ішкі бірлігі мен саяси тұрақтылығына арқа сүйейтіні анық. Бүгінгі Қазақстан да дәл сондай сындарлы шақтың бел ортасында тұр. Кейде еліміздің бүгінгі хәлін дауылмен алысып, бағытынан жаңылмай алға ұмтылған алып кемеге теңегім келеді. Толқын қанша қатты болса да, қанша жерден жел қарсы болса да, бірақ кеменің тізгіні берік қолда болса, ол діттеген межесіне жетпей қоймайды.

Ел болашағын кадрлар шешеді

Шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Ең басты байлығымыз – осы. Халықтың ынтымағы мен Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан бұл кезеңнен де сүрінбей өтетініне сенім мол. Қазіргі саяси бағыт-бағдарымыз да жаман емес. Керісінше, ел ішінде әділетті қоғам құруға, заң үстемдігін орнықтыруға бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр. Мемлекет басшысының дипломатиялық саясаты мен саяси реформаларының нәтижесінде еліміз жаңа кезеңге қадам басты.

Кейінгі кезде ел ішіндегі кадрлық өзгерістердің өзі халықты елең еткізіп, көптің көңіліне үміт ұялата бастады. Бұрынғыдай «бәрібір ештеңе өзгермейді» деген селқостықтың орнына қоғамда бір қозғалыс, бір серпіліс сезіледі. Мұны не үшін айтып отырмын? Себебі соңғы тағайындаулардың өзінен Мемлекет басшысының елдің болашағына қатысты нақты ұстанымы мен бағыты анық байқалады.

Мәселен, ел ішінде қазақылығымен, қарапайымдылығымен, іскерлігімен танылған Нұрлыбек Нәлібаевтың Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметіне келуі кадрлық ауыс-түйіс ғана деп ұқпаймыз. Бұл – үлкен саяси сигнал. Бұл – Үкіметтің халыққа жақындай түсетінінің, қазақы болмысты түсінетін азаматтардың мемлекет басқаруына келе бастағанының белгісі.  

Нұрлыбек Нәлібаев қай өңірде жүрсе де елмен етене араласқан, халықтың сөзін тыңдай білетін, жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын түсінетін басшы ретінде танылды. Осындай азаматтың Үкіметке келуі Президентіміз айтып жүрген «Еститін Үкімет» тұжырымдамасының құр ұран емес екенін көрсетеді. Өйткені халықтың сөзін еститін Үкімет құру үшін ең алдымен халықтың ортасынан шыққан, елдің қазанында қайнаған адамдар керек. Қарапайым халықтың қандай күй кешіп отырғанын кабинетте отырып емес, ел аралап жүріп сезінген азаматтар керек.

Сол сияқты Роман Склярдың Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалуы да мемлекеттегі саяси басқару жүйесінің жаңаша сипат алып келе жатқанын аңғартады.  Ал Айбек Дәдебайдың Президент Әкімшілігінен тікелей жаңа партияның басына баруы  тіпті де терең мәні бар қадам деп ойлаймын. Өйткені Мемлекет басшысының жанында жүріп, оның ұстанымын, елге деген көзқарасын, мемлекет құрудағы бағытын жан-тәнімен сезінген адам енді жаңа саяси ұйымға жетекшілік етпек. Бұл кездейсоқ шешім емес қой, әрине. Бұл қоғамды жаңғыртуға бағытталған көреген қадамдардың бірі болар деп сенемін.

Шыны керек, Айбек Дәдебайдың «Әділет» партиясының төрағасы болып келуі қоғамға жаңа леп әкелгендей әсер қалдырды. Өйткені бүгінгі қоғамға ең жетіспей тұрған дүние – шынайылық пен әділет. Халық шаршады. Ел құрғақ сөзден шаршады. Әдемі есеп пен жалған статистикадан шаршады. Енді елге халықтың жоғын жоқтайтын, мұңын тыңдайтын, сөзін сөйлейтін нақты саяси күш керек еді. Міне, көптің көкейіндегі сол үміттің аты «Әділет» болып тұрғандай.

Жалпы мұның бәрін мен не үшін айтып отырмын? 

Біздің газет ұжымы бірнеше жылдан бері дәстүрлі экспедициямен  республиканы түгел аралаймыз, жақсысын жазып, «әттегенайын» да, проблемасы деп көрсетеміз. Өкініштісі,  әттеген-ай, оны «еститін» билік жоқ!..

Осы қоғамның қазанында қайнаған адам ретінде ішім күйгендіктен айтып отырмын. Себебі шынын айту керек, соңғы жылдары біздің қоғам мүлде басқа бағытқа кетіп бара жатқандай еді. Рухани жұтаңдық көбейді. Ұлттық құндылық әлсіреді. Тәрбиенің тамырына балта шабылғандай күй кештік. Енді осының бәрі түзелер деп сенеміз. Себебі енді партия басына «Әділет» келіп жатыр. Біздің, қарапайым халықтың зарын тыңдайтын, қоғамның шындығын айтатын саяси күш келіп жатса, неге қуанбасқа?!

Қазір қарасаң, жастар бетімен кеткен. Аналар кеңесі көп, бірақ тындырған іс аз. Бас-басына би болғандар көп, бірақ елдің мәселесін шешіп жатқан адам шамалы. Жиналыс көп, нәтиже жоқ. Мінбер көп, мазмұн жоқ. Сөз шаш етектен – іс жоқ.

Ал жастар ше? Қу темірге құл болды. Телефон мен әлеуметтік желінің жетегінде кетті. Газет-журнал  оқымайды. Кішкене журналды, газетті оқымаған бала қалай кітапты ұстайды? Терең ойланбайды. Ойлануға да уақыт бөлмейді. Осындай ортадан қандай ұрпақ шығады? Әрине, тілін білмейтін, тарихын танымайтын, әке-шешесін құрметтемейтін, ұстазын сыйламайтын ұрпақ өседі. Оның зардабын көріп те отырмыз. Кей оқушы ұстазын тыңдамайды. Кей ұстаз оқушыға психологиялық қысым көрсетеді. Бұл – қоғамның рухани әлсіреуінің белгісі.

Ажырасудың көбеюі, қатігездіктің, мейірімсіздіктің салдары, смартфонның әсерінен мектеп оқушылары арасында суицид пен буллингтің көбеюі қоғамдағы рухани дағдарыстың тереңдеп бара жатқанын көрсетеді.

Ал мұның салдары тек мектеп қабырғасымен шектелмейді. Қоғамның тұтас тамырына әсер етіп отыр. Соңғы жылдары ажырасудың көбеюі де – отбасылық құндылықтардың әлсіреуінің бір көрінісі. Бір-бірін тыңдамау, сабырдың азаюы, жауапкершіліктен қашу – бәрі де рухани жұтаңдыққа алып келуде.

Қатігездік пен мейірімсіздік те жиілеп барады. Бұрын үлкенге құрмет, кішіге ізет деген ұғымдар берік болса, қазір кей ортада ол құндылықтар көмескі тартып барады. Смартфон мен әлеуметтік желіге тәуелділік жасөспірімнің психологиясына да әсер етуде: шынайы өмірден гөрі виртуалды әлемге көбірек бой ұрып, эмоциялық тұрақсыздық күшейіп келеді.

Соңғы кездері мектеп оқушылары арасында суицид пен буллингтің көбеюі – ең алаңдатарлық мәселенің бірі. Бұл тек жеке отбасының емес, бүкіл қоғамның трагедиясы. Баланың ішкі жан дүниесіне уақытында үңілмеу, мейірім мен қолдаудың жетіспеуі ауыр салдарға әкеліп отыр.

Сонымен қатар сот жүйесіне деген сенімнің әлсіреуі, әділетсіздік туралы пікірлер де қоғамда алаң туғызады. Жастардың қылмысқа ерте араласуы, түрмеге түсуі – әлеуметтік ортаның, тәрбие мен бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді.

Осындай жағдайда ең басты сұрақ туындайды: біз қандай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз? Егер бүгінгі үрдіс осылай жалғаса берсе, ертең рухани құндылықтан ажыраған, өз тамырын ұмытқан ұрпақтың қалыптасу қаупі күшейеді. Сондықтан бұл тек бір топтың емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Жастардың арасында нашақорлықтың көбеюі, ар-ұяттың әлсіреуі, әлеуметтік желіге байланған тұтас буынның қалыптасуы – ұлттық үлкен қасіретіміз. Кейде TikTok пен бос даңғазаның арасында өмір сүріп жатқан ұрпақты көріп қорқасың. Бұл не сұмдық? Кезінде газет-журнал оқып өскен ұрпақтың санасы сергек болатын. Кітап оқыған адамның ойы терең болады. 

 

Әділдік ұлттық сана мен болмыстың айрықша сипатына айналады

Санасы сау ұрпақ қана сапалы ұлт қалыптастырады. Бірақ осы мәселелерді айтсаң, кейбір әкімқаралар мұрнын шүйіріп қарайды. Сөзіңді жүре тыңдайды. Тіпті тыңдағысы да келмейді. Кейбір  әкім, министрлерге  кіру қияметтің қияметі, көмекшілерінің өзі телефонды  зорға алады-ау...

Өйткені көп жерде есеп бар, шынайы жұмыс жоқ. Халықпен байланыс жоқ. Ал «су басынан тұнады» демей ме? Сондықтан енді осы мәселелерді «Әділет» партиясы көтереді деп сенеміз. Халықтың ішіндегі қордаланған рухани мәселелерге де, жастар тәрбиесіне де, ұлттық идеологияға да нақты көңіл бөлінеді деп үміттенеміз.

«Әділет» сондықтан біз үшін керек. Халық үшін ауадай қажет. Өйткені әділетсіз қоғамда даму болмайды. Әділетсіз жерде сенім болмайды. Ал сенім жоғалған жерде мемлекет әлсірейді. Сондықтан бүгін бізге керегі – заң үстемдігі ғана емес, рух үстемдігі. Ұлттық сана. Қазақы тәрбие. Ұрпақ тәрбиесі. Президентіміздің «Еститін Үкімет» концепциясы енді нақты іске асатын кезеңге келген сияқты. Өйткені халықтың сөзін тыңдайтын, қоғамның мәселесін ашық айтатын жаңа буын қалыптасып келеді. Сол жолда Айбек Дәдебай басқарып отырған «Әділет» партиясы үлкен рөл атқарады деп сенемін.

Себебі қоғамды өзгертетін – айғай емес, әрекет. Құр сын емес, жүйелі жұмыс. Ал әділетке сүйенген жүйе ғана елді алға бастайды, өркендетеді. Бүгін басталған осы елеулі өзгерістер ертең қазақ елінің еңсесін көтеретін үлкен тарихи бетбұрысқа айналсын деп тілейміз.  

Шындығында, бұл – бір күнде нәтиже беретін науқандық жұмыс емес, әрине. Мұндай тарихи бетбұрыстардың шынайы жемісі бәлкім он, бәлкім он бес жылдан кейін көрінуі мүмкін. Бірақ бүгін басталған жүйелі жұмыстар келешек ұрпақтың тағдырын айқындайтын маңызды қадам екені анық.

Сондықтан 7 мамыр күні Астанада «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтіп, партия өз жұмысын ресми түрде бастауы болғанын жоғарыда айттық. Съезге еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық делегат қатысып, жаңа партияның құрылуын қолдады. Жиын барысында партияның ресми атауы бекітіліп, жарғысы мен бағдарламасы қабылданды. Ал партия төрағасы болып бұрынғы Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай сайланды.

«Әділет» партияның атауы ғана емес, халықтың көкейіндегі ең үлкен үміттің, ең асыл мұраттың аты. Өйткені әділет бар жерде ғана сенім болады. Әділет салтанат құрған жерде ғана елдің болашағы баянды болмақ. Сондықтан жаңа партияның дәл осындай атаумен құрылуының өзінде үлкен мән жатыр. Съезге қатысқан 931 делегат «Әділет» партиясын құру туралы шешімді бірауыздан қолдап, партияның басты қағидаты заң үстемдігі мен тәртіп болатынын атап өтті.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай өз сөзінде: 

«Біздің партиямыздың негізі заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарына құрылады. Халықтың заң үстемдігіне деген сенімі – мемлекеттің басты ресурсы әрі тірегі. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз – әділдікті жариялау ғана емес, оны ортақ мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне әрі күнделікті өміріміздің басты шартына айналдыру. Басқаша айтқанда, әділдік ұлттық сана мен болмыстың айрықша сипатына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз назарын үнемі дәл осы бағытқа аударып келеді», – деді Айбек Арқабайұлы.

Шынында да, әділет деген ұғым – мемлекеттің іргетасы. Бірақ әділетті орнататын бір ғана билік немесе бір ғана партия емес. Әділетті орнататын – әрбір азаматтың санасы, тәрбиесі, жауапкершілігі. Заң мен тәртіпті сырттан келіп ешкім жасап бермейді. Ол ең алдымен адамның өзінен басталады.

Біз «Мен жастарға сенемін!» деп ұран тастаған Мағжан Жұмабаевтың ұрпағы емеспіз бе?! Ендеше жастар ел үшін бірігіп, қоғам үшін еңбек етеміз деп саяси ұйым құрып жатса, оны бірден күмәнмен қабылдап, «анау оппозиция емес», «мынау қолдан жасалған партия» деп кінә тағуға қандай құқымыз бар? Керісінше, елдің ертеңіне алаңдайтын жастардың ұйысуы қоғамның оянғанының белгісі емес пе?! Айналайындарым. Сондықтан Айбек Дәдебай бастаған «Әділет» партиясының болашағына сеніммен қарауымыз керек. Себебі әділет бір күнде орнай салмайды. Ол уақыт өте келе халықтың санасына сіңіп, өмір салтына, мемлекет бағытына айналатын ұлы жол.

Қазір қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі – идеологияның әлсіреуі. Ажырасуда әлемде алдыңғы қатардамыз. «ӘЙЕЛ бұзылса, ҰЛТ бұзылады». Жастардың арасында бағытсыздық көбейді. Үлкенде ақыл, кішіде ізет азайып бара жатыр. Ұлттық құндылықтар құлдырап, рухани жұтаңдық белең алуда.  Ұрпағымыз «көк темірге құл» болды. Әлемді құшағына сыйғызған қазағымды қатыгездік, мейірімсіздік жайлады...

 Осындай кезде заң мен әділеттің үстемдігін орнатуға ұмтылған жастардың әрбір қадамын қолдау баршамыздың азаматтық міндетіміз. Бұл тек бір адамның немесе бір топтың емес, тұтас халықтың қоғам алдындағы жауапкершілігі.

Біреуді көтеру үшін міндетті түрде біреуді төмендетудің қажеті жоқ. Өкінішке қарай, бізде жақсы бастама көрсе де, ең алдымен оның мінін іздеуге дайын тұратын әдет қалыптасып барады. Ал шын мәнінде ел ішіндегі оң өзгерістерге демеу болу – нағыз отаншылдықтың белгісі. Сондықтан елдегі жаңа реформалар мен батыл бастамаларға кедергі болмай, керісінше қолдаушы болайық. Жаман жағын тере бергенше, жақсы істерді де көре білейік.

Қазақ қашанда бірін-бірі жау емес, жақын көрген халық. Сондықтан бүгін бізге ең керегі – бірлік. Себебі алауыздық ешқашан елді өсірмейді. Ал ынтымақ пен сенім ғана ұлтты алға сүйрейді.

Біз кейде үйде отырып алып әлеуметтік желіде айғайлап, бәрін сынап, көпірме сөз айту арқылы өзгеріс жасаймыз деп ойлаймыз. Бірақ құр сөзден қоғам өзгермейді. Өзгерісті нақты іске кіріскен адамдар жасайды. Ел бірлігі үшін ұйысқан ұйымдар жасайды. Жастар жасайды. Сондықтан жастарға сенейік. Жаңа құрылған «Әділет» партиясының үлкен саяси күшке айналып, сол күштің халықты жаңа заманға, жаңа бағытқа бастайтынына үмітпен қарайық.

Ең бастысы – ниет түзу болсын. Себебі әділетке ұмтылған ел ешқашан адаспайды. Бірлігі бекем, болашағына сенген халықтың алар асуы әлі алда. Оған құрылған, құрылып жатқан партиялар қалың бұқараның жандарына ұйыстырып, олардың өмірлері әділеттілікке толуын қамтамасыз етуге зор үлес қосуы керек.

Бізге керегі – бірлік, сабыр және саналы таңдау. Бір-бірімізді жау көрмей, жақын көріп, ортақ мақсатқа жұмыла білсек, кез келген қиындықты еңсереміз.

Себебі әділет бар жерде – сенім бар. Сенім бар жерде – болашақ бар. Ал болашағына сенген халық ешқашан жеңілмейді. Сондықтан болашаққа сенейік, ағайын. Әділет үстем болып, ел іргесі әрдайым берік, бірлігі бекем болсын!

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері
14.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Инженер, құрылысшы, қоғам қайраткері марапатталды
Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 15.05.2026 18
Субұрқақтар және әсем де жайлы тұрғын үйлер
М. ТАБЫН, Ақтөбе қаласы - 15.05.2026 19
Жаңа ережелер   енгізілуде
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 23
Арнайы мамандар тәжірибе алмасты
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 17

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25118
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24641
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42064
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37927
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42397