ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТАДЫ

ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫ АЗАЙТАДЫ

Бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін жоғары және арнайы оқу орнын тамамдаған түлектерге жұмыс орындары ұсынылып, мемлекет тарапынан түрлі көмек көрсетілуде. Қызметке деген қабілеттілігін арттырып, өзін жақсы қырынан көрсете білген жастарды жұмысқа қабылдау шаралары жиі жүргізіліп отырады. 

«Жастар практикасы» техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын соңғы бес жыл ішінде аяқтаған, жасы 35-тен аспаған, алған мамандығы немесе кәсібі бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ жұмыссыз жастарды уақытша жұмыспен қамтуға бағытталған. Аталған бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына барып, қажетті құжаттарын тапсыру арқылы тіркеуден өтуі қажет. Жұмыспен қамту орталығы «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (ААЖ) арқылы ұсынылған деректерді тіркегеннен кейін ғана азаматтың құжаттары қабылданған болып есептеледі және кейін иесіне қайтарылады. «Жастар практикасына» қатысу үшін келесі құжаттар ұсынылуы тиіс. Жеке басын куәландыратын, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын құжаттар (болған жағдайда), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы диплом немесе осыған баламалы құжат керек.

Азаматтар ұсынылған құжаттарды тапсырғаннан кейін және «жұмыссыз» мәртебесі берілген соң, жұмыспен қамту орталығы тиісті келісіммен жастар практикасына жолдама береді. Жолдама негізінде жұмыс беруші мекеме үміткерді жастар практикасы шеңберінде жұмысқа қабылдай алады. Айта кету керек, жастар практикасына қатысушының нақты жұмыс кестесі мен жұмыс күні жұмыс беруші тарапынан белгіленеді және екі жақтың келісімімен айқындалады. 

Елімізде өткен жылы 33 мыңнан аса адам «жастар практикасы» бойынша жұмыс тапқан. Биылғы жылы облысымыз бойынша да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүзеге асырылуда. Мәселен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Әлия Сапашеваның айтуынша, облысымызда 839 адам «жастар практикасы» бойынша жұмысқа жолданып, тұрақты жұмыс орындарына жіберілуде.

– Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру аясында жұмыссыз жастарды нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында 2025 жылға арналған субсидияланатын жұмыс орындарының шеңберінде облыс көлемінде «жастар практикасы» жобасы бойынша 2383 бос жұмыс орны қарастырылған.

Практикаға қатысу мерзімі заңнамалық талаптарға сәйкес 12 айдан аспайды. Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан жастарға төленетін ең төменгі айлық жалақы мөлшері барлық салықтар мен міндетті әлеуметтік төлемдерді ескере отырып, кемінде 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) деңгейінде белгіленеді. Бос жұмыс орындары ел экономикасының түрлі салаларын қамтиды. Атап айтқанда, білім беру мен денсаулық сақтау, құрылыс және ауылшаруашылығы, техника және энергетика, құқықтану, ақпараттық технологиялар, экология, бухгалтерлік есеп және қаржы, экономика салалары бойынша түлектерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар жоба аясында өзге де салалық бағыттар бойынша мамандарды жұмысқа орналастыру көзделген, – дейді Әлия Сапашева.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесі Тараз қаласында да жүйелі түрде қолға алынып, мақсатты іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «жастар практикасы» жобасы аясында қала жастарын жұмысқа тарту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Тараз қаласы бойынша «Мансаптық орталық» филиалының директоры Сәбит Мүсіреповтың мәлімдеуінше, қазіргі кезеңде жұмыссыздық мәселесімен және жалпы еңбек нарығындағы жағдайға байланысты орталыққа ресми түрде жүгінген жастардың саны 2296-ны құрап отыр. Бұл көрсеткіш жастар арасында еңбекке орналасуға деген қызығушылық пен қажеттіліктің жоғары екенін көрсетеді.

– Тараз қаласында жастарды нәтижелі жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жүйелі әрі кешенді шаралар жүзеге асырылуда. «Мансаптық орталық» филиалына 2025 жылдың қазіргі уақытта жұмысқа орналастыру мәселесімен 2296 жас азамат жүгінген. Олардың ішінде 884 жас тұрақты жұмыс орындарына, 835 жас ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар алғашқы жұмыс орны шеңберінде 31 жас, «Жастар практикасы» жобасы арқылы 227 жас, әлеуметтік жұмыс орындары арқылы 6 жас жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлік дағдыларын дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 223 жас оқуға жолданып, 90 жас онлайн форматтағы қысқамерзімді курстарға тартылды. Жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту мақсатында қаладағы 3 жоғары оқу орны мен 22 колледждің түлектерімен бірқатар кездесулер ұйымдастырылып, жұмыспен қамту механизмдері мен мемлекеттік қолдау құралдары кеңінен түсіндірілді.

«Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда Тараз қаласында D және E санатына 5 254 отбасы тіркеліп, олардың құрамында 5 809 NEET санатындағы (білім алмайтын, жұмыс істемейтін және оқуға қатыспайтын) жұмыссыз жастар анықталған. Атап айтқанда D санатында 3 986 отбасы, бұл санатқа кіретін 4 407 жастың 2 127-сі жұмыссыз ретінде нақтыланған. Ал 2 280 жастың мәртебесін нақтылау бойынша анкеталау жұмыстары жүргізілуде. E санатындағы 1 268 отбасының құрамындағы 1 402 жастың 729-ы нақты анықталып, 673-іне қатысты жұмыстар жалғасуда. NEET санатындағы жастарды жұмысқа тарту бағытында Enbek.kz порталына тіркеу, «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкелеріне және «Кеңес беру» алаңдарына қатыстыру, сондай-ақ мекенжайлық ақпараттандыру және телефон арқылы хабарласу сияқты жекелендірілген жұмыстар жүргізілуде, – дейді Сәбит Мейірханұлы.

Жастар практикасы шеңберінде жұмысқа қабылданған азаматтар арнайы іріктеу кезеңінен өткеннен кейін, өздерінің кәсіби біліктіліктері мен алған білімдеріне сәйкес мекемелерге тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Бұл бастама жастардың еңбек нарығына бейімделіп, кәсіби тәжірибе жинақтауына зор септігін тигізуде. Мәселен 2022 жылы облыс көлемінде жастар практикасы арқылы 1464 жас жұмысқа орналастырылған. Солардың бірі – Меркі ауданы Ақарал ауылының тұрғыны Олжас Жұман. Ол 2021 жылы жоғары оқу орнын тамамдағаннан кейін, жастар практикасына қатысуға ниет білдіріп, жергілікті халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелген. Нәтижесінде ауылдық әкімдікке жұмысқа қабылданып, тәжірибе жинақтап, кейіннен тұрақты қызметке орналасу мүмкіндігіне ие болды.

– Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін өз мамандығым бойынша бірден жұмыс табу оңайға соқпады. Осы ретте кәсіби бағыттағы алғашқы қадамымды жасау үшін аудандық «Мансаптық орталығына» жүгініп, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелдім. Сол арқылы жастар практикасы бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алып, Меркі ауданы Ақарал ауылдық округі әкімдігіне жұмысқа жолдандым. Аталған мекемеде 11 ай бойы қызмет атқарып, алғашқы еңбек тәжірибемді жинақтадым. Мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерімен танысып, ұйымдастырушылық және жауапкершілік дағдыларымды дамыта түстім. 

2022 жылы Меркі ауданындағы Иван Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясына тарих пәні мұғалімі ретінде тұрақты жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда екі жылдан астам уақыт бойы шәкірттерге білім беріп, өз мамандығымның мәні мен маңызын терең сезініп келемін. Жастар практикасы аясында алған алғашқы еңбек тәжірибем менің кәсіби қалыптасу жолымдағы кезеңдердің бірі болды. Қазіргі таңда өз мамандығым бойынша еңбек етіп жүргенім мен үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш, – дейді Олжас Тәуіржанұлы.

Мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан мұндай шаралар жастардың жұмыссыздық деңгейін азайтып, мықты мамандарды дайындау бағыттарын арттырады. Ел болашағының жарқын болуы жастарға байланысты екені анық. Сол себепті олардың әлеуетін жоғарылатып, үздік білім алуына, өз ісінің маманы болуына, қажетті жұмыс орындарымен қамтамасыз етуіне жол ашатын бағдарламалар, іс-шаралар жоспары жүйелі жүргізілсе деген тілектеміз. 

 

Мұқағали БАЛТАБАЕВ
30.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14857
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14755
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29902
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28519
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32079