Жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі – басты назарда

Жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі – басты назарда

Жол – ел дамуының күретамыры, халықтың күнделікті тұрмысындағы маңызды факторлардың бірі. Осы ретте Батыс Қазақстан облысында жол сапасын жақсартуға ерекше назар аударылып келеді. Әсіресе, бұл бағыттағы жұмыстарға «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының да шарапаты тиюде.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншәлиев БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз жиынында мәлімдеді. Басқарма басшысы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бүгінгі жай-күйі, 2025 жылға жоспарланған жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады.

– Өңіріміздегі автомобиль жолдарының ұзындығы 6183 шақырымды құрайды. Оның 1349-ы – республикалық маңызы бар, ал 4834-і – жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың 83 пайызы нормативтік талапқа сай, жергілікті маңызы бар автожолдардың сапалық көрсеткіші 56%-ды құрап отыр, – деген Марат Ғабделқайырұлы ағымдағы жылдың басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Өңіріміздің жол саласында елді мекендерге қатынау мүмкіндігін арттырумен қатар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар жүргізілуде. Айталық, биыл облыстағы жергілікті маңызы бар және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясындағы 15 жоба бойынша – барлығы 260,7 шақырымнан астам жолды жалпы сомасы 44,2 млрд  теңгеге жөндеу жоспарланыпты. Соның ішінде облыстық (жеті жоба) және аудандық маңызы бар (16 жоба) автожолдарға 38,9 млрд теңге қарастырылып, 222 шақырымын жөндеу көзделуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде өңіріміздегі 15 елді мекеннің ауылішілік жолдарын жөндеуге 5,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат есебінен 39 шақырым ауылішілік жолға асфальтбетон жабыны төселіп, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілмек.

Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының күтімі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 37 мердігер ұйым тартылған. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдармен – сегіз, аудандық маңызы бар жолдармен 29 мердігер ұйым айналысады. Аталған ұйымдардың теңгерімінде жолдарды күтіп ұстауға арналған «К-700», трактор, жол тазалайтын мәшине, тиегіш, автогрейдер, «КАМАЗ», бульдозер сынды 265 арнайы техника бар. Олар қысқы-көктемгі маусымдарда жолды қардан тазалау, жол жамылғыларын тегістеу және басқа да жол қызметтерін уақытылы әрі сапалы атқаруға мүмкіндік береді. Мысалы, өткен жылы жолдың жүріс бөлігіндегі 11 мың шаршы метрден астам  шұңқырлар жабылса, жол жиегіне 737 жаңа жол белгісі орнатылып, 3000 шақырым жолдың жиегіндегі шөптер шабылып, 1338 шақырым жолда таңбалау жұмыстары жүргізілген. Қыс мезгілінде жол жиегінде өскен теректердің бұтақтарына қар жиналып, оның нәтижесінде қар үйінділері түзіліп, көлік қозғалысына қолайсыздық туғызатыны тағы бар. Осыған орай бірнеше облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жол жиектерінде өскен ағаштарды тамырымен жұлуға 280,0 млн теңгеге екіжылдық келісімшарт жасақталып, «Бәйтерек Жол Құрылыс» мердігер ұйымы арқылы аталған жұмыстар атқарылған. Сонымен бірге қыста су өткізгіш құбырлардың қармен бітеліп қалуын болдырмау үшін 491 су құбыры жабылып, қауіпті учаскелерге 238 бірлік «Тайғақ жол» және «Максималды жылдамдықты шектеу» сияқты ескерту белгілері орнатылған. 2024-2025 жылдардың қыс мезгілінде күн райының қолайсыздығына, қарлы жаңбыр түріндегі жауын-шашынға, температураның күрт өзгеруіне байланысты облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына 12500 тонна құм-тұз қоспасы себілген.

– Өңірдегі барлық автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігі үшін қажетті шаралар қабылданып, үнемі бақылауда болады. Облыстық полиция және төтенше жағдай қызметкерлерімен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары атқарылады. Ауа райының қолайсыз кезінде жолдың қауіпті аймақтарына арнайы техникалар қойылып, кезекшіліктер ұйымдастырылады. Бүгінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеуге байланысты жұмыстар өз жалғасын табуда, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Қуаншәлиев.

 Жол инфрақұрылымын дамыту – өңірдің экономикалық келбетін арттырудағы басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Еске сала кетсек, былтырғы жылы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеуге 34,8 млрд теңге бөлініп, жыл соңында 251 шақырым жол жаңа кейіпке еніпті. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 39 жобаны жүзеге асыруға 8,8 млрд теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 88 шақырым кентішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілген.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

19.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14844
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14739
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29889
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28506
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32067