Ақтөбе: Шығын өтеліп, үйлер салынады

Ақтөбе: Шығын өтеліп,  үйлер салынады

Ақтөбе облысында су тасқыны жағдайы толық бақылауда. Тұрғындардың дені қалыпты тірлігіне орала бастады. 

Ырғыз ауданында да су деңгейі бірқалыпты. 18 сәуірден бастап Ырғыз ауданындағы тасқын кезінде су шайған Ырғыз – Нұра бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолын қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. 

Аталған жол аудан орталығын Нұра ауылдық округіне қарасты Нұра, Мамыр, Белшер және Дүкен елді мекендерімен байланыстырады. Жалпы ұзындығы – 90 шақырым.

Ырғыз – Нұра бағытындағы көтерме жол 1970-1975 жылдар аралығында салынған. Жолдың бойында екі көпір бар. Бүгін су тасқыны салдарынан шайылған осы жолды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Әрі қарай күрделі жөндеу жұмыстары талап етіледі. Оған арнайы комиссия акт жасақтап, жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, жөндеу жүргізілетін болады. Төтенше жағдай ескеріле отырып, бұл жұмыстар бір мезгілде атқарылады», – дейді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль  жолдары  басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Көктемгі су тасқынының салдарынан көтерме жолды бірнеше жерден су шаюына байланысты қазіргі таңда екі ортада уақытша жол қатынасы болмай отыр. Ал аталған автокөлік жолының 35-шақырымындағы көпірдің техникалық жағдайы қосымша тексеру мен зерделеуді қажет етеді.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтің айтуынша, Ырғыз ауданындағы Белшер, Мамыр ауылдарына азық-түлік пен жанар-жағармай жеткізілген. Құйылыс ауылынан қалған адамдар аудан орталығына эвакуацияланды.

– Облыс әкімінің тапсырмасымен ауданда жұмыс жүргізілуде. Жалпы саны 828 адам эвакуациялық пункттерге көшірілді. Нұра, Дүкен, Белшер ауылдарына электр қуаты берілді. Байланыс тұрақты. Қазіргі таңда су деңгейі бірқалыпты. Ырғыз – Нұра жолын қалыпқа келтіру жұмыстары басталады, техника жұмылдырылды. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.

Қазіргі уақытта Ырғыз ауданының Құйлыс, Жайсаңбай және Белшер ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Күштер мен арнайы техникаларды тарта отырып, жалпы ұзындығы 15 км жағалауды нығайтатын бөгет салынды. 78 908 дана қап төселіп, 62 030 тонна инертті материалдар жеткізілді. 

ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бас маманы Әлішер Сарбаевтың айтуынша,  Ырғыз ауданында 81 үйді су басқан. (Оның ішінде Нұра ауылында – 67 үй, Мамыр ауылында – 10, Белшер ауылында – 4 үй).

Өңірдегі суға кеткен басқа аудандарда да тұрғындардың үйлерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Облыс әкімі Асхат Шахаров су тасқыны болған Қобда ауданына барып, аудан орталығындағы табиғи апаттан залал келтірілген жаңа тұрғын үйлердің жобаларымен танысып, құрылыс жүргізілетін аумақты қарап шықты.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, қазір Қобда ауылында тұрғын үй салатын 69 жер учаскесі дайын тұр.

«Қобда ауылында 121 үй суға кеткен. Бүгінде 16 мердігер мекеме өз қаражаты есебінен жаңа үйлерді салуға ниет білдіріп отыр. Мердігер мекемелердің саны алдағы уақытта көбейеді. Жалпы облыстағы аудандарда 172 үйге құрылыс жұмыстарын бастауға дайынбыз. Оның 69-ы осы Қобда ауылында. Тұрғын үйлерге келсек, аудан әкімдігі берген хаттамалардың шешімі бойынша типтік жобамен 80 және 100 шаршы метрлік үй салынады. Бұдан бөлек, аудан тұрғындары тұрғын үйді сатып алу бойынша өз ниеттерін білдіріп жатыр», – дейді ол.

Оның айтуынша, мердігер мекемелер көп ұзамай, Ойыл ауданында –  40, Темір ауданында 10 үйдің құрылысын бастайды. Бұдан бөлек, Әйтеке би ауданында 3 мекеме жұмыстарын бастауға дайын отыр. Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылында да жаңа тұрғын үйлер тұрғызылады. Әзірге барлық мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізуге өз қаражаттарын жұмсап жатыр.

Мердігер ұйым өкілдерімен кездескен облыс әкімі Асхат Шахаров оларға құрылыс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуді тапсырды. Өз қаражаты есебінен жаңа үйлер тұрғызуға ниет білдірген компания басшыларына ризашылығын білдіріп, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

«Президенттің тапсырмасы бойынша бүгінде меценаттар, мүмкіндігі бар азаматтар қосылып, су тасқыны болған өңірлерге қол ұшын созып жатыр. Біздің облысқа да осындай азаматтар бекітілді. Олар жобаларды қаржыландыруға, құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруға атсалысады. Алдағы екі айда барлық құрылыс жұмыстары аяқталуы керек. Біз құрылыс материалдарының уақытында жеткізілуіне, сондай-ақ қолжетімді болуына жағдай жасаймыз. Ал сіздер тұрғын үйлерді сапалы әрі уақытылы тапсыруларыңыз керек. Баспанасы суға кеткен халыққа дер кезінде жағдай жасап, қолдау танытуымыз қажет», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі Ойыл ауданына да барды. Онда А.Шахаров Шиқұдық, Қаратал, Ойыл ауылдарында болып, тұрғындармен кездесіп, су тасқыны кезінде залал келген Саралжын және Ойыл селосына кіреберіс көпірдің жай-күйімен танысты. 

«Өздеріңізге белгілі, су тасқынының салдарын жою – Мемлекет басшысының қатаң бақылауында. Президент айтқандай, табиғи апаттың зардабын көрген әрбір жанға көмек қолын созамыз. Құрылған комиссия шығынды есептеп жатыр, бағасын береді. Соның негізінде біржолғы әлеуметтік төлемді төлеп жатырмыз. Мүлік жарамсыз болса, жаңадан үй саламыз. Малдың шығыны үш түрлі жолмен есептелуде», – деп атап өтті Асхат Шахаров. 

Қазіргі уақытта Ойыл ауданы бойынша 100 айлық есептік көрсеткішті құрайтын әлеуметтік төлем 270 отбасыға берілді. Ал бүлінген мүлікке берілген сома 54 млн теңгеге жуықтайды, оны 17 отбасы алған. 

Жұмыс сапарының соңында Асхат Шахаров Ойыл ауылында бой көтеретін жаңа үйлерге бөлінген аумаққа барды. Алдын ала есеп бойынша, барлық инфрақұрылымы тартылған бұл жерге Екпетал, Жаңабаз және Қаратал ауылының тұрғындары үшін 100-ден аса үй салынады.

Облыс әкімі, сондай-ақ  аудандағы мал өлекселерінің утилизациялау барысымен танысты. Қазірге дейін мал шығыны тіркелген 6 ауданның бесеуінде өлекселерді өртеу жұмыстары толықтай аяқталды. Бұл шараларға республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың 19 қызметкері мен облыстағы мамандар тартылған.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, көмілген өлекселердің ауаға еш зияны жоқ. Өртенген мал өлекселерінің күлі ор-шұңқырларға топырақпен көмеді. Мұнда дезинфекция жұмыстары жүргізіледі.

Малынан айырылғандарға өтемақы төленеді. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне су тасқыны салдарынан өлген 165 бас мал үшін 25 миллион теңге аударылды. Жалпы, өңірде 3232 бас мал өлді деген дерек тіркелді. Өртелген 3120 малдың көбі арнайы құрылғы – инсенератормен жойылған.

 

 

«Кешегі күннен бастап мал иелеріне өтемақы төлеу басталды. 165 бас малға  25 миллион теңге қаражат бөлінді. Өтінімдерге сәйкес барлығы өтеледі. Шығынның дені – Ойыл ауданында», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Үйінен, малынан айырылған жұртқа жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Су тасқынынан зардап шегіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жергілікті өкілетті органдардың шешімдері негізінде беріліп жатқан біржолғы әлеуметтік төлем көлемі 633 млн 462 мың теңгеге жеткен. Оны 1 948 отбасы алған.

«Ақтөбе қаласы Алматы ауданы бойынша су тасқынынан зардап шеккен азаматтар тарапынан 3200 өтініш келіп түсті. Арнайы комиссия 2900 мекенжайға барды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын таба береді. 

Сонымен қатар, техникалық бақылаушы мен бағалаушы компания 1500-ге жуық мекенжайға шығып, келтірілген залалды анықтау бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді.  Бүгінгі күні 101 отбасына 200 миллионнан астам теңгеге өтемақы төленді», – деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Асланбек Шүйіншәлиев. 

 

 

Ақтөбедегі банктердің өкілдері де су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау шараларын түсіндіруге атсалысып жатыр. Облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов екінші деңгейлі банктер және микрокредиттік ұйымдардың басшыларымен кездесуі барысында осындай келісімге келді. Мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өңірдегі барлық уақытша орналасу орындарында өтеді.  

Екінші деңгейлі банктер су тасқынынан зардап шеккендерге 2024 жылғы 1 сәуірден 30 маусымға дейінгі мерзімге несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін береді. Өтініш иелерінің тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.

Сонымен қатар банктер басқа да қолдау шараларын ұсынады. Мәселен, 1 сәуірден 30 маусымға дейін қаржылай жағдайы су тасқыны салдарынан нашарлаған жеке тұлғаларға төлемдерді кешіктіргені үшін өсімпұл мен айыппұл есептелмейді, сондай-ақ су тасқынынан туындаған олардың қызметінің бұзылуына байланысты жеке кәсіпкерлер мен ШОБ субъектілеріне несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

 

 

«Зардап шеккендерге уақытылы және жедел қолдау шараларын көрсету бойынша мониторинг жүргізу мақсатында облыстық қоғамдық штаб құрылды. Штаб құрамына депутаттар, қоғам қайраткерлері, «Аманат» партиясы, кәсіпкерлер палатасы және басқа мекемелердің өкілдері кірді. Осыған байланысты банкке тиісті өтініштер беру, растайтын құжаттарды ұсыну сияқты қажеттілікті қоса алғанда, кейінге қалдырудың нақты механизмдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін банк қызметкерлерін бөліп беру және штаб мүшелерімен бірлесіп түсіндіру жүргізу бойынша өтінішіміз бар», – деді Гүлқасима Сүйінтаева.

Қазіргі уақытта Ақтөбеде су басқан аймақтарды дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыста су тасқынынан 3 мыңнан астам мал қырылды. Қазір аймақта өлекселерді жою шаралары жүзеге асырылып жатыр. Мамандар су тасқынынан судың ластанғанын анықтады. Барлығы дер кезінде анықталып, ауызсу залалсыздандырылған.

 

 

М. ТАБЫН

26.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ҚАЖ департаменті үздіктері марапатталды
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті - 06.05.2024 67
ҚҰНАНБАЙДЫҢ ТӨРТ ҒИБРАТЫ…
Марфуға ШАПИЯН Online Qazaqstan - 06.05.2024 66
«ӘСКЕРГЕ БАРУ – АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫҢ!»
Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы - 06.05.2024 66
Көп тыңда. Аз сөйле
(с) Бауыржан Момышұлы - 06.05.2024 44
Экологиялық акция жалғасып келеді
«Aq jol» газетінің тілшілер тобы - 05.05.2024 26

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1290
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7335
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11203
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7391
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7542