Ауғанстан мұнай өндіруге бетбұрыс жасауда

Ауғанстан мұнай  өндіруге бетбұрыс жасауда

Орталық Азиядағы шулы аймақ ретінде әлем назарында тұрған Ауғанстанның билігін өз қолдарына алған Талибан Үкіметі біртіндеп «тірлік» қамына кірісе бастады. Бұл жерде тәліптердің қолға алып жатқан «саяси реформаларынан» бөлек, әлеуметтік-экономикалық бастамалары да жұрт назарын аударып отыр. Былтыр Әмударияның суын солтүстікке бастайтын Көштепа каналын қаза бастаған тәліптер өзен суын ортақ пайдаланып келген көршілерін қазанға түскен құмырсқадай тыпырлатып тастағаны есімізде. Бұдан кейінгі жерде Талибан билігі айнала жұртпен экономикалық қарым-қатынастарды жақсартуға қадам басып еді. Сондай жаңалықтардың бірі алдағы уақытта Ауғанстан мұнай өндіруге бетбұрғаны болып отыр. Осыған байланысты ғаламтор кеңістігіне үңіліп, біраз зерттеулер жасап көрген едік. 

 

Қытай инвестиция салды ма?

 

Бұл жаңалық ең алдымен Ауғанстанда арнаулы тілшілер ұстап отырған әлемдік БАҚ саласында ықпалы бар ақпарат көздерінен таралғанын айта кеткен жөн. Ауғанстан Тау-кен және мұнай министрлігі елдің солтүстігіндегі Сар-Пуль аймағында, нақтырақ айтсақ, Әмудария маңындағы мұнай кеніштерінен шикі мұнай өндірудің басталғанын жариялады. Елдің экономикалық әлеуетіне кәдімгідей ықпал етеді деп болжап отырған бұл іске Ауғанстан үкіметі Қытай тарапымен бірлесіп кіріскен көрінеді. Ауғанстанның Тау-кен және мұнай министрі Шихаб ад-Дин Дилавар (Shihab al-Din Dilawar) «Әл-Жазира» телеарнасына берген сұхбатында: «Ауғанстанда мұнай өндірудің басталуы – экономикалық дамудағы маңызды қадам, сондай-ақ жергілікті жердегі халықты жұмыспен қамтуға да едәуір септігі тиеді», – деп қуана мәлімдеген.

Дилавардың сөзіне қарағанда, Қытай ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) биыл Әмудария мұнай кен орнында өндіріс бастауға 162 миллион АҚШ долларын инвестициялауға келісім берген. Бұл көрсеткіш алдағы үш жылдың ішінде 540 миллион АҚШ долларына дейін өседі деп жоспарланып отырған көрінеді.

Қазірге дейін Қытай үкіметінің Ауғанстандағы жаңа билікке деген ыстық ықыласы туралы біраз мақалалар жазған едік. Дегенмен екі елдің арасындағы экономикалық қатынастар енді ғана басталып жатқандықтан, Қытайды Кабулдағы жаңа Үкіметпен сауда-экономика және инвестиция саласында басты әріптес деуге келмейді. Алайда тәліптердің өздері Қытаймен жақындай түсуге мүдделі болып отырғандығын байқау қиын емес.

Қытайлардың ауған мұнайын ашу ісінде тәліптермен келісімге келгендігі 2023 жылы қаңтарда белгілі болып еді. Мұнда Шыңжаңдағы мұнай компанияларының жұмыс істейтіндігі де анықталған болатын. Xinjiang Central Asia Petroleum and Natural Gas Co., Ltd. (Central Asia Petroleum немесе CAPEIC деп аталады) Ауғанстанда бес орында мұнай-газ кеніштерін игеру ісі бойынша халықаралық келісімге қол қойған еді. Бір қызығы, бұл келісімге сол тұста ешкім мойындамаған Талибан Үкіметімен жасалған мұндай келісімнің ешқандай халықаралық сенім күші жоқ деген әңгімелер де таралып жатты. Қытай сайттары сол кезде: «Келісім бойынша Талибан роялтидің 15 пайызын алады. Күнделікті мұнай өндіру біртіндеп 1000 тоннадан 20 мың тоннаға дейін өседі. Бұрынғы зерттеулерге сәйкес, бұл бес блоктан 87 миллион баррель шикі мұнай өндіріледі деп күтілуде», – деп мәлімдеп еді.

 

Бұл елде мұнай өндірісі болды ма?

Ауғанстан дегенде басым бөлігі таулы аймақты алып жатқан бұл мемлекетте табиғи байлықтардың мол қоры бар екендігі де қоса айтылатыны бар. Ендеше, сыртқы әлемнен оқшау тұрса да, ішкі жағы қазандай қайнап жатқан Ауғанстан елінде мұнай-газ өндірісі болған ба деген сұрақтың туындауы мүмкін. Өткен ғасырдың 50-жылдарында Кеңестер одағы Ауғанстанмен тату-тәтті өтіп жатқан мамыражай шақтарда, өзімен шекараласып жатқан шағын елге біршама көмек көрсеткен. Мұнда Кеңес мамандарының қатысуымен жолдар салынып, ирригация жүйелері қалыпқа  түсе бастайды. Осы қатарда Кеңес одағынан келген геологтар жан-жақты зерттеулер жасап, ел аумағындағы жер асты және жер үсті табиғи байлық қорларын анықтап, картасын жасап шығады.  Тіпті мұнай құбырларын салыпты. 1958 жылы Ауған және Кеңес мамандары Ауғанстанның солтүстік провинцияларында топографиялық және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді. Екі жылдан кейін Шибирган, Сарпур және Фарьяб қатарлы жерлерде мұнай-газ кеніштері ашыла бастайды. Осылайша Кеңес Одағының көмегімен шикі мұнай өндірісі басталады. Орыстар 1989 жылы Ауғанстаннан кеткенге дейін, бұл аймақта өндірілген мұнай мен газдың басым бөлігі импортқа шығып тұрыпты.

Кейінгі уақытта туындаған саяси тұрақсыздық пен соғыстардың салдарынан мұнай-газ саласын дамыту ісі біржолата тоқырап қалады. АҚШ әскерлері Ауғанстанды басып алғаннан кейін мұнда біртіндеп геологтар да келе бастаған. Бір деректерде АҚШ Геологиялық қызметі «Ауғанстандағы миналарды кешенді зерттеу үшін» ескі кеңестік карталарды қолданған дейді. Бұдан бөлек Ауғанстан ұлттық мұрағатындағы бар мәліметтер мен заманауи технологияларды пайдалана отырып, біраз байлық көздерін анықтаса керек. Ауғанстанның тау-кен министрлігі 2011 жылы Ауғанстанның солтүстігінде 1,95 миллиард баррель мұнай қорын анықтапты.

Ауғанстандағы Қашқари аймағындағы Анготе кенішінен мұнай өндіру жұмысы 1959 жылы басталады. Бертін келе бұл жерде өндірілген шикі мұнайды аймаққа әмірін жүргізетін әскерилер контрабандалық жолмен саудалап отырғандығы анықталғаннан кейін 2006 жылы бұл кенішті жауып тастауға мәжбүр болады. Қазір мұнда шамамен 6 миллион баррель шамасында мұнай бар делінген қатысты ақпараттарда. Тағы бір деректе «Өзбекстан мен Түркіменстанға шекаралас өңірлерде 15 мұнай кен орны ашылған» дегенді жазыпты. Алайда олардың барлығын бірдей игеріп кетуге іштегі былық мүмкіндік бермей келе жатыр.

Қытай сайттарындағы кейбір деректерге сенсек, Ауғанстанды мұнайға біршама бай ел деуге болатын секілді. Ауғанстанның Сар-Пуль, Фарьяб, Шибирган және Герат провинциялары мұнайлы өлкелер болып есептеледі екен. Қазір тәліптер Сар-Пульдегі Әмудария, Қашқари және Құйма кеніштерінен  өндіруді бастап кеткен.

Ауғанстанда мұнай табылғаннан кейін кеңестік және ауғандық сарапшылар елдің мұнай қорын зерттеді. Тау-кен және мұнай министрлігі мұрағатының бұрынғы директоры Абдул Ғани Какар «Әл-Жазираға» берген сұхбатында: «Кеңес сарапшылары Ауғанстанның минералы туралы екі түрлі зерттеу қорытындысын дайындаған. Бұлардың арасында мұнай қорлары туралы да мәліметтер бар. Өкінішке қарай, орыстар шынайы деректер жазылған нұсқаны өздеріне қалдырып, Ауғанстан үкіметі үшін өзгертілген нұсқасын берді...» – депті. Келесі бір мақалада: «АҚШ-тың геологиялық қызметінің Ауғанстандағы зерттеу нәтижесі бойынша солтүстік аймақтағы мұнай кен орындарында 1,5 миллиард баррель мұнай мен 15,6 триллион текше фут табиғи газ бар», – делінген.

 

Ауған «қара алтынының» болашағы қандай?

Тау-кен және мұнай министрінің орынбасары кеңсесінен таралған мәлімет бойынша Ауғанстан тәулігіне 35 мың баррель мұнай тұтынады және мұнай тұтыну бойынша әлемде 117-орынды иеленеді екен. Ал, ресми деректер бойынша, Ауғанстан жылына 2,7 миллион тонна мұнайды қажет етеді, оның басым бөлігі Иран мен Түркіменстаннан импортталады дейді.

Ендігі жерде Қытай компаниялары бұл елде мұнай өндірумен айналыса бастайды. Қытайдың «Шыңжаң Орталық Азия мұнай-газ компаниясы» мен Тау-кен және мұнай министрлігі арасында жасалған соңғы келісімшарт 25 жылға жасалған болып, жалпы құны 540 миллион доллар делінген. Ауғанстан Қорғаныс министрлігіндегі ақпарат көздері үкіметтің Әмудария мен Қашқари мұнай кеніштерінде барлау жұмыстарына көбірек көңіл бөліп жатқанын, ал Қаржы министрлігі өткен жылы мұнай кеніші мен кеніштерді барлау арқылы жобадан шамамен 26 миллион доллар алғанын хабарлады.

Ауғанстан істері жөніндегі сарапшылар жергілікті орындарда ең басты кедергі  мамандардың тапшылығы дейді. Өйткені олардың көпшілігі АҚШ әскерлері шығарылғаннан кейін шетелдерге босқын болып кеткен. Сонымен қатар, халықаралық қауымдастық Ауғанстан банктері мен шетелдік компанияларға санкция салып тастағандықтан, қаржы мәселесін шешу жағы үлкен кедергіге тап болып отыр. Бұған қоса халықаралық деңгейде мойындалмаған мемлекетпен селбестік орнатуға ешкімнің батылы бармай отырғандығы тағы бар. Мұндай жағдай астында Ауғанстан мұнай өндіруші елдердің қатарына қосылады деп сенім артудың өзі қиын болса керек.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

11.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1046
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7093
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10946
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7159
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7304