Бүгінгі таңда жаһандық өркениет көшіне ілесуді мақсат еткен елдер үшін жас ұрпаққа әлемдік ғылым жетістіктеріне сай сапалы білім беру – уақыт талабы. Бұл жауапты міндет, ең алдымен, мектеп басшылары мен педагогтардың иығына артылып отыр. Өйткені оқу-тәрбие үрдісін дұрыс бағытқа бұрып, жүйелі жолға қоя білу – басшының білім-білігі мен іскерлігінің айқын көрінісі. Осындай жауапкершілікті абыроймен арқалап келе жатқан, ел сеніміне ие болған басшылардың бірі әрі бірегейі – Семей қаласындағы Бақытгүл Қадылбекқызы Құрманғалиева.
Бақытгүл Қадылбекқызы 1992 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетін география-биология мамандығы бойынша тамамдаған. Ұстаздық жолын қарапайым ауыл мұғалімінен бастаған ол жылдар бойы тынымсыз еңбектің, үздіксіз ізденістің нәтижесінде Семей қаласындағы №26 мектепте география пәні мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарды. 2009-2023 жылдары Төлеубай Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектепті басқарып, білім ордасының дамуына сүбелі үлес қосты.
Қазіргі таңда Семей қаласындағы «№8 жалпы орта білім беретін көркемдік-
эстетикалық білім және тәрбие беру» мектеп-кешенінде соңғы үш жыл бойы мектеп директоры лауазымында қызмет атқарып келеді. Ол – білім саласында өзіндік басқару әдістемесі қалыптасқан, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын, ұжымға талап қоя білетін, әділдігімен, жауапкершілігімен ерекшеленетін білікті басшы. Педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыруды басты мақсат еткен мектеп басшысы тәжірибелі ұстаздардың іскерлігі мен шығармашылығын ұштастыра отырып, ата-аналармен бірлесе жұмыс жүргізіп, білім беру ұйымының жоғары нәтижелерге жетуіне тұрақты түрде үлес қосып келеді.
Оның басшылығымен 2023 жылдан бері мектеп ұжымы бірқатар елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 2023 жылы Семей орманы резерваты ұйымдастырған экологиялық конкурста 2-орын, 2024 жылы «Ең үздік мұз қалашығы» қалалық байқауында 3-орын иеленсе, 2024 жылы «ALTYN ABAI», «JORGA FEST» халықаралық би конкурсында Бас жүлдені қанжығасына байлады.
Ол басшылық еткен мектептің оқу сапасы жылдан-жылға артып, оқушылар арасында республикалық, облыстық, қалалық ғылыми жобалар мен пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері көбейіп келеді. Білім ордасының заман талабына сай дамуы, ұжымда жаңашыл көзқарастағы педагогтар легінің қалыптасуы – білікті басшының басқару қызметінің нәтижелілігін айқын көрсетеді.
Білім алушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау мен педагогтардың шығармашылық әлеуетін дамытуда мектептің материалдық базасының маңызы зор. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп, білім беру ұйымында кедергісіз әрі қауіпсіз орта қалыптастырылған. Атап айтқанда, турникет, пандус, тактильді жолдар, Брайль тақтайшалары, 85 дана бейнебақылау камералары орнатылған. Сонымен қатар мектеп ғимаратының эстетикалық талапқа сай безендірілуі, мектеп ауласы мен дәліздерінің көгалдандырылуы мектеп басшысының тұрақты назарында.
«№8 жалпы орта білім беретін көркемдік-эстетикалық білім және тәрбие беру» мектеп-кешені Семей қаласындағы Шәкәрім университеті, Әлихан Бөкейхан университеттерімен, бірнеше колледждермен, сондай-ақ жақын орналасқан «Айым», «Радуга», «НұрСәуле» мектепке дейінгі мекемелерімен және мәдени орталықтармен тығыз байланыс орнатып, жүйелі ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, Шәкәрім университетінің тарих, бастауышты оқыту әдістемесі, педагогика және психология кафедраларымен бірлескен жұмыстар жолға қойылған.
2024 жылдан бастап Бақытгүл Қадылбекқызы Шәкәрім университетінің ғылыми кеңесінде білім беру бағдарламасы бойынша педагогикалық қайта даярлау курстарында оқитын тыңдаушылар үшін қорытынды аттестаттау комиссиясының төрайымы қызметін атқаруда. Сонымен қатар Шәкәрім университетінде жарық көрген «Ұстаздық еткен жалықпас...» атты жинаққа Семей қаласында ұзақ жылдар еңбек етіп, шәкірттерінің білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашқан педагог ретінде енгізілді.
Аталмыш мектеп-кешенінде оның басшылығымен «Ұшқыр ой» дебат клубы, «Артық ғылым кітапта», «Тұлғамен жүздесу», «Жұмадағы жүздесу», «School_time.8», «100 домбыра» жобалары табысты жүзеге асырылуда. Бұл бастамалардың жүйелі әрі сапалы жүргізілуіне мектеп басшысы ретінде үнемі қолдау көрсетіп келеді. Оның пайымынша, педагог жаңашыл, рухани бай, кәсіби біліктілігі жоғары болғанда ғана тұлға қалыптастыру миссиясын толық атқара алады.
Ол – тек білікті басшы ғана емес, өз ісінің шебері, шығармашыл ұстаз. 2024 жылы оқушысы Мурсалимов Ерназар «Жер – біздің ортақ үйіміз» республикалық байқауының облыстық кезеңінде «Жануарларды қорғау – менің міндетім» номинациясы бойынша 3-орын, Семей қаласы білім бөлімі ұйымдастырған қалалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсында 2-орын иеленді. Ал 2025 жылы Абай облыстық ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы ұйымдастырған «Менің мамандығым – менің мақтанышым» облыстық конкурсында 1-орын, «Бастау» олимпиадасында оқушысы Ақылбек Әлішер 2-дәрежелі дипломмен марапатталды.
Білікті басшының даналығы мен даралығы, тәрбиесі мен өнегесі көпке үлгі. Ол қашанда ашық-жарқын мінезімен, адами қасиетімен, қарапайым қалпымен айналасына сыйлы. Өзінің еңбек жолында теория мен практиканы ұштастыра білген, шығармашылық ізденісімен танылған, білім беру саласындағы жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан Бақытгүл Қадылбекқызы – оқу-тәрбие ісін жетік меңгерген, ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыра білетін, талапшыл да көпшіл, көптің құрметіне бөленген іскер басшы.
Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,
Абай облысы













