Дархан МЫҢБАЙ: Жауапкершілікті мойынға алудан ешкім қашпауы тиіс!

Дархан МЫҢБАЙ: Жауапкершілікті мойынға  алудан ешкім қашпауы тиіс!

Елімізде Парламенттік реформаға байланысты талқылау жүріп жатыр. Арнайы құрылған Конституциялық комиссия жұртшылық ұсыныстарын електен өткізіп, заң тұрғысынан сараптауды, орайлы шешім ұсынуды жоспарлап отыр. 

Әуелі айтарымыз: Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында ұлттық мемлекет құрылысын конституциялық деңгейде реформалауға бағытталған ортақ іс баянды болсын! Мемлекет басшысы айтқандай, Парламенттік реформа екі палатаны біріктіріп, жалаң қоса салуды көздемейді. Шындығында, оның саны емес, сапалық құрамы мен билік тармағы ретінде атқаратын рөлі маңызды. Жаңа Парламент – Құрылтайдың мақсатты да ауқымды құзыретіне, заң шығару қызметіне мән берген жөн. 

Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2022 жылдары бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Уақыт бір орнында тұрмайды. Негізгі Заңды өзгерту мен толықтыру қажеттігі тағы да туындап отыр. Осыған дейін жарияланған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын бірқатар әуескер саясаттанушы жай идеологема ретінде ғана қабылдағаны ақиқат. Соған байланысты «Күшті болмаса, оның несі Президент, Парламент ықпалды болмаса, оның несі Парламент және бүкіл әлемде есеп бермейтін Үкімет болуы мүмкін бе?» деген оқшау ой да айтылып қалған. Алайда Президент әлгіндей сұрақтардың баршасына өзінің нақты ұстанымы, стратегиялық шешімі арқылы жауап беруді жөн санаған сияқты. Өйткені, қоғамның жекелеген топтарының аузына қақпақ болудан гөрі, барша халықтың сұранысын қанағаттандыратын нұсқа табу, жүйені өзгертуге деген ниет, мақсат, талап маңыздырақ болса керек. 

Сонда билік тармақтарының заман талабына сай толыққанды жұмыс істеуі үшін заңдық тұғырнама әзірлеу өзектілігі, қажеттілігі айқындала түсері сөзсіз. Бірсыпыра нұсқалар жобасы ауызекі түрде, енді бірқатары Ұлттық құрылтай мінберінен бүкіл елге, жаһанға жария етілді. Оны сауатты жұрт үшін ежіктеп қайталап, тізбелеп жату артық деп ойлаймыз. Қолдауға лайық ұсыныстарды жауапты заңгерлер мен тиісті мамандар талдап-таразылап жатыр. Біз жекелеген жайттарға қатысты ойымызды ортаға салуды жөн деп таптық. 

Ұсынылған Президенттік және ҚХА квотасын жою ұлттық бірегейлікті нығайту қадамы болары даусыз. Ал, өркениетті елімізде жастар, гендерлік және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пайыздық квота адам құқығын сақтау тұрғысынан әуелі осы категориядағы адамдардың өздеріне, олардың өзгемен тең құқы мен мүмкіндігіне кедергі болуы да мүмкін. Мұны да ескерсе, артық етпес еді.

Депутаттық корпус бұрынғыдай аралас сайлау жүйесі бойынша, яғни Құрылтайға – пропорционалдық негізде, өңірлерде – мажоритарлық жүйе бойынша жасақталады. Ерекше жаңалық – депутаттарды тек партия атынан сайлау тәсілін енгізу жөнінде ұсыныс айтылды. Сайлау бәсекесіне түсетін партияларға, жалпы елімізге бұл несімен тиімді? Біздіңше, азаматтық қоғам құруға, ұстанымын айқындауға мүдделілік пайда болады. Лайықты кандидаттардың барлығына бірдей мүмкіндік беріледі, олардың бәсекеге түсу жағдайы теңестіріледі және ең бастысы қоғамды топтастырып, біріктіре түсуге ықпал етеді.

Депутат атану оны ұсынған партияның халық арасындағы қызметіне, соның ішінде партияда жоқ адамдармен тығыз қарым-қатынас орнатудағы, қоғамдағы беделіне байланысты болмақ. Ал, адамның қоғамдық-саяси партия құрамында енуі мен енбеуі оның жеке қалауы болып қалуға тиіс. Мұны адамның сайлау және сайлану құқымен шатастырмаған абзал. Елімізде партия құрылысына шындап мән беретін кез келді. Әрбір толыққанды партияның сапалық құрамы, әлеуеті ұлтымыдың өсіп-өркендеуіне, қоғамдық-саяси сананың жаңғыруына, жалпы мемлекеттің дамуына ықпал етеді.

Сонымен бірге Парламенттің негізгі мақсатын орындау бағытында шешуші қадам жасалады. Егемендік алғаннан кейінгі жылдар тәжірибесі көрсеткендей, кәсіби жағынан білікті Парламент қана сапалы заңдар шығарады. Заң шығару бастамасы бар қосымша жаңа құрылым қосылмақ. Оның да жауапкершілігі арта түседі. Бұл маңызды іске халық белсенділері араласып, жұртшылық өкілдері бас-көз болған жағдайда ведомстволық мүддені ғана ойлап, оң жамбасына келетін нормаларды тықпалаудан арылып, заң әзірлеу үрдісінде мемлекетшіл көзқарасқа басымдық беріледі. 

Әдетте, қолданыста пайдасы жоқ, яғни жұмыс істемейтін заңды өлі заңға жатқызып жатады.

Елімізде қабылданған заңдарға тиісті мониторинг жүргізетін және қабылдануға тиістісін анықтап, тиісті ұсыныстар әзірлейтін Парламентаризм институтының өкілеттігін қайта құрап, ғылыми-кадрлық әлеуетін күшейтуді қолға алған дұрыс деп ойлаймыз. Әрине, мұндай істе цифрлық технология мен жасанды интеллекті мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану маңызды. 

Атам қазақ «Пақырдың ісі – панада» деп бекер айтпаған. Қазір жекелеген мемлекеттік құрылым, оның басшысы ғана емес, әрбір жоғары лауазым иесі, мемлекеттік саяси қызметкер жауапкершілікті мойынға алудан қашады. Осыны реттейтін тәртіп қажет. Сонда олардың әділетті қоғам құруға, адал еңбек адамын, мемлекетшіл тұлғаларды қалыптастыруға қосар үлесі мол болмақ. Қоғамда туындап жататын өткір проблемаларды шешуді депутаттар Үкіметке және кей жағдайда министрліктер мен ведомстволар бір-біріне сілтейтін әдеттен арылатын мезгіл жетті. Шындығын айтқанда, кейбір өзекті мәселенің кілті қаржыға келіп тірелгенде депутаттар атқарушы биліктің айтқанынан шыға алмай қалады. Бұдан кейін Парламент-Құрылтайда қандай ықпал болады? 

Міне, осы тұста ашықтық саясаты, бюджетті жоспарлауда ғана емес, оны жұмсауда қатаң тәртіп пен бақылау қажет-ақ. Сонда Құрылтай депутатының да пақыр еместігіне сайлаушының көзі жетеді. Әрбір сала бойынша мемлекетшіл тұлғаларды іріктеп, олардың кәсіби, біліктілік, сарапшылық әлеуетін сарқа пайдалану тетігін батыл енгізуге заңдық негізде жол ашу керек. Бұл олардың заң шығаруда белгіленген үш кезеңді мұқият сақтауын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, оны әзірлеу, қабылдау, барысында түрлі тәуекелдерді ескере біледі. Осындай нақты саяси реформалық өзгерістер заң жүзінде тиянақталған жағдайда мемлекетіміздің құқықтық тұғыры бекем, дәулетіне сәулеті сай әділетті елдер қатарынан мықтап орын алатыны сөзсіз. 

 

29.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22811
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22563
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38470
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36124
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40198