Бүгінгі таңда әлемдік экономика ерекше қарқынмен дамып, технологиялық тегеурінге, инновациялық ізденістерге, жаңа мүмкіндіктерге кең жол ашылуда. Осы орайда озық жетістіктерге қол жеткізіп, алдыңғы қатарлы елдермен терезе теңестіру үшін іргелі ғылымның алатын үлесі зор. Ал ғылым өндіріспен тығыз қарым-қатынас орнатқанда ғана нәтиже көрсетіп, жемісін береді.
Қазақстанда ғылымның экономиканың нақты секторымен ықпалдастығы күшейіп келеді. Қолданбалы зерттеулерді дамытуға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, инженерлік-технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыруға және өңірлік ғылыми-инновациялық жүйелерді дамытуға басымдық берілуде.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құру – жай қажеттілік қана емес. Біз үшін бұдан басқа жол жоқ», деп ғылым саласының өркендеуіне, тиісті бағдарламалардың әрі қарай жалғасуына баса мән берді. Мемлекет басшысы ғылымды дамытуда тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керектігін, сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажеттігін де алға тартты. Мемлекеттік саясат та жаңа инновациялық экономиканың негізі болуға тиіс деген тұжырым қалыптасты. Ғылым, білімді ілгерілету және технологиялық жаңғыруларға дендеп көңіл бөлу нақты қолға алынды.
Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ренат Елшібековтің айтуынша: “Ғылым қоғамнан бөлек дамымауы тиіс, өйткені зерттеу нәтижелері медицина, ауыл шаруашылығы, экология, су ресурстары, энергетика, цифрлық технологиялар және өндіріс арқылы әр адамның өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан халық мемлекеттік қаражаттың қандай зерттеулерге жұмсалғанын, оның қандай өнімге, технологияға немесе қоғамдық шешімге айналғанын білуге тиіс. Мұндай ашықтық ғылымға және мемлекеттік ғылыми саясатқа деген сенімді күшейтеді.
Ғылыми жетістіктерді түсінікті тілмен кеңінен таныстыру қоғамның ғылыми сауаттылығын арттырады. Адамдар ғылыми негізделген ақпаратты жалған немесе тексерілмеген мәліметтен ажыратуға, денсаулық, экология, технология және басқа да маңызды мәселелер бойынша дәлелге сүйеніп шешім қабылдауға үйренеді. Ақпарат өте жылдам тарайтын қазіргі кезеңде бұл қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін де маңызды.
Отандық ғалымдардың табысты тәжірибесін көрсету жастар үшін ерекше мәнге ие. Қазақстандық зерттеушілердің әлемдік деңгейде мақала жариялап, патент алып, жаңа технология жасап, стартап құрып немесе өндірістік мәселені шешіп жүргенін көрген жас буын ғылымды болашағы бар кәсіби жол ретінде қабылдайды. Осы тұрғыдан ғылымды насихаттау - зерттеуші мамандығының беделін көтерудің және жаңа ғылыми кадр даярлаудың пәрменді құралы.
Ғылыми ақпараттың қолжетімді болуы бизнеске де пайдалы. Кәсіпкерлер перспективалы әзірлемелерді ертерек көріп, оларды сынақтан өткізуге, өндіріске енгізуге, қоса қаржыландыруға немесе коммерцияландыруға қатыса алады. Осылайша ғылымды таныту тек ақпараттық жұмыс емес, ғалым, инвестор және өндіріс арасындағы байланысты қалыптастыратын экономикалық тетікке айналады.
Бұл бағытта Ұлттық ғылым академиясына ғылымды насихаттау функциясы берілді, «Ғылым қоры» коммерцияландыру жобаларының витринасын қалыптастырды, ал nauka.kz ұлттық ғылыми порталында ғылыми кадрлар, қаржыландыру, жобалар, жарияланымдар, патенттер, ғылыми ұйымдардың нәтижелілігі және үздік әзірлемелер туралы мәліметтер жинақталуда. Алдағы міндет - осы деректерді тек мамандарға арналған есеп түрінде қалдырмай, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және ғылыми-көпшілік форматтар арқылы халыққа қарапайым әрі қызықты тілде тұрақты жеткізу” дейді ол.
2024-2025 жылдары 700-ден астам ғалымның қатысуымен 13 ғылыми-технологиялық сессия өткізілді. Олардың қорытындысы бойынша бизнес өкілдерінің сұраныстары негізінде 17 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленіп, ERG компаниясымен келісімшарттар жасалды.
2026 жылы бұл тәжірибе Павлодар, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің қатысуымен одан әрі дамытылды. Аталған жұмысқа 50-ден астам кәсіпорын тартылды. Бұл ретте жобаларды бизнес тарапынан кемінде 30% мөлшерінде міндетті бірлесіп қаржыландыру көзделген.
Зерттеулердің негізгі бағыттары тау-кен металлургия кешенін, экологияны, мұнай-газ саласын және агроөнеркәсіптік кешенді қамтиды.
Дайындаған -- Нағашыбай Қабылбек















