НАУРЫЗ – ЕЖЕЛГІ ТҰРАН ДАЛАСЫНЫҢ ТӨЛ МЕЙРАМЫ

НАУРЫЗ – ЕЖЕЛГІ ТҰРАН ДАЛАСЫНЫҢ ТӨЛ МЕЙРАМЫ

Наурыз – қазақтың төл жаңа жылы. Тек қазақ емес, неше мыңдаған жылдан бері наурыз бүкіл шығыс елдерінің мерекесі ретінде кеңінен тойланып келеді. Кеңес өкіметі тұсында бұл мерекеге қатаң тыйым салды, 1988 жылдан бастап Наурыз қайта жаңғыра бастады. Одан бері де 26 жыл артта қалыпты.

Қарап тұрсаң, бізде осы бір ұлық күнді өз сән-салтанатымен атап өтуге ешқандай кедергі жоқ. Көсіліп, арқаны кеңге салып, арқа-жарқа болатын кез. Бірақ, жұртшылық әлі күнге Наурызды шын құрметпен терең сезіне алмай жүргендей. Оған не кедергі? Наурызды лайықты тойлау үшін бізге не жетпейді? Осындай сұрақтарға жауап іздеген тілшіміз белгілі қаламгер, ақын, ұлттық құндылықтар туралы көптеген зерттеу-мақалалардың авторы Болат Шарахымбайды әңгімеге тартқан еді.

– Болат аға, Наурызды жыл басы, жаңа өмірдің бастауы деп әспеттеп жатамыз. Сонда оның жыл басы екенін қалай білеміз? Наурыздың басқа айлардан қандай ерекшелігі бар?

– Әлемде той, мереке, мейрам дейтіндер жетіп артылады. Бірақ, Наурыз тойына теңелетін, Наурыз тойына дәрежесі жететін, Наурыз тойындай даңқты, абыройлы, Наурыз тойындай тарихы ұзақ бірде-бір мереке жоқ шығар. Неге? Себебі, Наурыз – табиғаттың төл тойы. Наурыздың 22-сі күні күн мен түннің, ақ пен қараның көктемгі теңелуі өтеді. Яғни, осы күні өмірдің жаңа кезеңі басталады. Жаңа күн, Жаңа жыл дейтініміз сол себептен. Наурызда күн мен түн теңеліп қоймайды, он сегіз мың ғалам түгел қайтадан жанданады, жерге желік кіреді, ой мен қыр сілкінеді, ағаштар бүршік жарады, құстар қайта оралады, бірнеше ай бойы сіресіп жатқан қасат қардың көбесі сөгіледі, бұлақтың көзі ашылады, өзен сел болып ағады, дүние кенеттен бусанып, толғатады, табиғат керемет күйге енеді, төрт түлік төлдейді, өрісте қозы-лақ жамырайды, қорада мал азан-қазан болады. Осылайша бүкіл аспан асты, жер үсті бұрын-соңды болмаған нақыш пен жарасымға еніп, әлем бұрынғыдан да құлпыра түседі.

Ерекшелігіне келсек, Наурыз мейрамы – жақсылықтың, ізгіліктің, мейірім мен шапағат жасаудың рәмізі деуге болады. Өкінішке орай, кейбір отандастарымыз бұл халықтық мерекені әлі күнге дейін діни мейрамдармен шатастырады. Бірден айтайын, Наурыздың ешқандай дінге қатысы жоқ, таза табиғат мерекесі. Оның бастау көзі христиан, ислам, будда, керек десеңіз, зороастризм діндерінен көп уақыт бұрынғы адамзаттың арғы дәуірлеріне кетеді. Тарихта Наурыз айын бізден де бұрын ресми жыл басы деп таныған жұрттар болған. Мысалы, ежелгі Шумер мемлекетінің атап өткендігі туралы деректер сақталған, ал көне яһудилер Жаңа жылды, яғни «авив» күнін наурыз айының соңында, сәуірдің басында атап өткен. Ежелгі Рим де атақты Юрий Цезарь билікке келіп, өзінің әлемді өзгерткен «ренессанысын» бастағанша, адамзат баласы Наурызды жаңа жылдың бірінші айы деп есептеп келді. Иусус Христос туғаннан бастап есептегенде 45 жылы император күнтізбеге өзгеріс енгізіп, табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелетін уақыты екенін ескермей, оған діни мағына берді. Сөйтіп, Христостың туған күніне жақындатып, жыл басын 1 қаңтарға көшірді. Содан бері христиан мемлекеттері Жаңа жылды 1 қаңтардан бастайды. Перғауындар билеген Мысыр елі де нақ осы күні шығыстан жаңадан атып келе жатқан жаңа күнді қарсы алып, тәу ету үшін үлкен Сфинкстің жанына жиналатын дәстүрі болған. Ең қызығы, олар айдың 12-жаңасында қарғалар, 28-інде бозторғайлар, 30-ында қараторғайлар келеді деп есептеген. Яғни, құстардың ұшу жолы уақытының белгілі бір тәртібі болған. Мұны бүгінгі орионтолог ғалымдар да жоққа шығармайды. Өкініштісі соңғы елу жылда құстардың күнпараққа сай емес, әр жылда екі-үш күнге, кей жылдары бір аптаға ерте немесе кеш оралып жүргені байқалады. Бұл нені білдіреді? Бұл табиғатта жай көзге көрінбейтін өзгерістердің жүріп жатқанын білдіреді.

– Қазақ даласында ғасырлар бойы тойланып келген Наурызға 1926 жылы Кеңес өкіметі тыйым салып, оны тойлау тек 1988 жылы ғана қайта қолға алынғаны мәлім. Одан бері де 26 жыл өте шығыпты. Наурыз мерекесі шынайы ұлттық нақышта тойланып жүр деп айта аламыз ба? Сіз қалай ойлайсыз?

– Сізге мынаны айтайын: Ресейдің өзі де ХҮ ғасырға дейін 1 наурызды жаңа жыл ретінде тойлап келген. Кейін «Еуропаға терезе ашқан» Ресей патшасы 1 Петр батыстың дүрмегімен жаңа жылды 1 қаңтарға ауыстырды. «Патшаң шайтан болса, сандырағын әмір тұт» демекші, орыс бодандығына түскен Қазақ елі 1917 жылғы Қазан төңкерісінен бастап қаңтарды жыл басы деп ресми қабылдап, солай істеуге мәжбүр болды. Жат жұрттың қас-қабағына қараған қазақ жұрты Наурызды ХХ ғасырдың 20-жылдары соңғы рет тойлады. Өйткені, Кеңес идеологтары бұл мерекеге «діни мейрам», «ескіліктің сарқыншағы» деп баға беріп, оны халықтық мереке ретінде жаппай атап өтуге тыйым салды. Әрине, өкімет тыйым салды екен деп, одан халық мүлдем бас тартқан жоқ, жасырын тойлауды жалғастыра берді. Әсіресе, қазақтар көп шоғырланған оңтүстік өңірде Наурызды атап өту бір сәтке де саябырсыған емес. Ата-әжелеріміз Наурызды қалай қарсы алып, той-думан жасағандарын біз өз көзімізбен көрдік. Ол көңілде әлі сайрап тұр. Ауыл адамдары әрқайсысы өздері істеп келген Наурыз көжеден барлығына дәм татқызып, бала-шаға, қыз-қырқын мәз болып жататын.

1988 жылдан бастап Алматы қаласының әкімшілігі Наурызды жалпыхалықтық мереке ретінде тойлауды қайта қолға алды. Мұнда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ықпалы үлкен болғанын атап айту керек. Араға үш жыл салып, яғни 1991 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен, Наурыз мейрамы ресми мереке ретінде бекітіліп, халық Ұлыстың ұлы күнімен 65 жылдан кейін қайта қауышты.

– Айтыңызшы, Кеңес өкіметі Наурызды жалпыхалықтық мереке ретінде тойлауға неге тыйым салды деп ойлайсыз?

– Наурыз мерекесінің астарында ешқандай да не «діни», не «ескіліктің сарқыншағы» жоқ еді. Шын мәнінде, Наурыз – жасампаздық пен бір бүтіндіктің, ауызбіршілік пен парыздың, борыштың, кең пейілділік пен таза ниеттің, ұлтты ұйыстырудың тойы еді. Наурыз мерекесінің осынау елдік, отаншылдық қасиетін Кеңес идеологтары жақсы сезінді. Оған тыйым салудағы басты себеп – осы. Тыйым салғыш болса, неге ораза мен намазға тыйым салмады? Қайта халықтың емін-еркін ораза тұтып, намаз оқуына серпін берді. Оны айтасыз, күллі Кеңес Одағына молдалар дайындайтын Ташкент, Бұқарадағы діни оқу орындарын жабуға әркет те жасалмаған. Жабылғаны не, қолда бар мәліметтерге сүйенсек, 1970 жылдары кейін бұл оқу орындарына қабылданатын шәкірттердің санын екі есеге дейін арттырған. Сонда Наурыз Кеңес өкіметіне несімен ұнамай қалды? Міне, мәселенің ең маңызды мәні осында жатыр. Ата-баба өсиеттеріне адал болу, елдік, туыстық, ағайындық қағидаларды дәстүрлік шарттар мен үлгі-өнеге арқылы сақтау, оның ішінде араздасып қалған туыстарды татуластыру, қайта табыстыру, өкпе-назды ұмыту, кешірім сұрау, қыстан күйзеліп шыққан жоқ-жітіктерге көмек қолын созу, ұлттық құндылықтарды қорғау, қайта жаңғырту, елдік дәстүрді ұрпаққа аманаттау, міне, бұл ұғымдар Наурызды бүкіл халық болып атап өтудегі негізгі атрибуттары еді. Ал, оған тыйым салмай, қазақты бодандықта ұзақ ұстап отырудың мүмкін еместігін Кремльдегілер жақсы білді. Айталық, Наурызды бұрынырақта негізінен үш күн, кейде бір жетіге дейін тойлаған. Тойып тамақ ішу мен ойын-сауыққа, наурыз көже ішуге айдың бір күні де жетеді ғой. Ал, қалған күндері не істейді, немен айналысады? Әрине, ел, жұрт  болудың мәселелерімен айналысады.

Кеңес идеологтарының Наурызға шүйліккендегі себебі, оны тойлауға қатаң тыйым салғандағының астарлы сыры осында. Өкініштісі, Наурыздың осынау мың жылдық тәлім-тәжірбиесі мен ғибраттарын, ата-баба өсиеттері мен қағидаларын әлі күнге сіңіре алмай келе жатқанымыз...

– Наурызды өткізуде оның сіз айтқан қағидаттарын жүзеге асырудан көрі, науқаншылыққа жол беріп қоятын сияқтымыз. Аста-төк дастарқан жайылады, бірақ тек дөкейлер үшін жайылатын сияқты әсер қалдырады. Ол, шіркіндер, келеді, ішеді-жейді, кетеді. Жұрт жабылып соларды күтеді. Ет асылады, көже сатылады, халық мәре-сәре болады. Қарап отырсаң, қып-қызыл шығын, ысырап...

– Мұның бәрі Ұлыстың ұлы күнінің шын мәніндегі мән-маңызы мен ғибадаттарын түсінбеуден болып отырған жағдайлар. Осы жерде бір сәт қаңтар мен наурызды салыстырып көрейік – қай жылдың раң-шапағаты мол екен?

Біріншіден, 1 қаңтар не астрономиялық, не басқа ғылыми дәйек-дәлелі жоқ, таза діни-идеологиялық жаңа жыл. Тойшы жұрт қаңтарды шыршамен қарсы алады. Бұл не деген сөз? Яғни, бұл жаңа жылда миллиондаған жасыл ағаш оталады. Табиғат зардап шегеді. Табиғат зардап шексе, одан адам да құтылмайды. Мұны екі деңіз. Үшіншіден, 1 қаңтарда сағаттың тілі түнгі нөл-нөл он екіні көрсеткенде «стакан соғыстырмасаңыз», немесе «отшашу атпасаңыз» көрші-қолаңның өсегіне қаласыз. Жасыратыны жоқ, осы күні әзәзіл ішірткіге сылқия тойып алатындар аз болмайды, тіпті мас болып, әлденеге тәжікелесіп, жанжал шығып жатады.

Ал, күн мен түн теңелетін 22 наурыз күні біздің ата-бабаларымыз ертемен тұрып, күнге қарап тілек тілеп, жаңа жылды ағаш отырғызудан, немесе аула мен қора-қопсыны тазартып, кір-қоңды жуудан бастаған. Дастарқан үстінде айран-сүт, құрт-ірімшіктен басқа ештеңе тұрмаған. Бұл күні адамдар  «тост» көтермеген, бір-бірімен шұрқыраса көрісіп, тілек тілеген, кішілер үлкендерден бата сұраған.

Қаңтарда Аяз ата тәтті салған дорба сүйреп келсе, наурызда Қызыр баба қыдыр дарытқан. Аяз – ата болса, Қыдыр – баба!

Қысқасы, осынау екі түрлі жаңа жыл мерекесін тойлаудың идеялық базасы екі түрлі екендігін ескермей болмайды. Мысалы, 1 қаңтардағы жаңа жыл мерекесінің идеясы христиандық және көне гермендық мәжусилікпен (шырша ағашын мерекелік нысан ету) біте қайнасып, өз болмыс-бітімін ғасырлар бойы қалыптастырды. Жоғарыда айтқанымыздай, оның түпкі негізі діни ғұрыппен байланысты. Бізге үйреншікті болған жаңа жылдың бейнесі: Дед Мороз, оның ар жағында Санта Клаус жатыр (сыйлық үйлестіру ғұрпы). Орыс идеологтары осы Сантаны Дед Морозға айналдырып, қасына Снегурочканы қосты. Негізгі идеясы – ескі (Дед Мороз) мен жаңаны (Сенгурочка) алмастыру, яғни ескіні шығарып салып, жаңаны қарсы алу. Осы таза орыстық идеяны, біз қазақтар, еш өзгеріссіз сол күйі  қабылдадық, жетпіс жыл бойы санамызға терең сіңірдік. Әрине, мұның бәрі Кремль идеологтарының көмегімен жүзеге асқаны белгілі. Дед Морозды – Аяз ата, Сенегурочканы – Ақша қар деп траферет жасап көшірдік. Ең сорақысы сол – Наурыз мерекесін тойлағанда дәл осы санта-клаус – дедмороз – аязаталық үлгіні өте талғамсыз, сұрықсыз, сол күйінде қайталауымыз болып отыр. Аяз атаның орнына ешқандай бейнелік, кейіптік, қаһармандық функциясы анықталмаған Қызыр баба келді!

Ол да Аяз ата сияқты қолына аса таяқ ұстады, аяз аташа тон киді. Тек түстерінің (қызыл түстің орнына көгілдір түс) орны ауыстырылғаны болмаса, іс жүзінде кәдімгі мәжусилік Аяз атаны қайталау болды да шықты. Меніңше, мұндай қайталаумен Наурыздың шын мәніндегі мән-маңызын аша алмаймыз.

– Бұл тұрғыда сіздің қандай ұсынысыңыз бар?

– Меніңше, Наурыз мерекесінің ең басты нышаны – күн мен түннің теңелуі, ақ пен қара, жарық пен түнек, қаталдық пен мейірім, патша мен қарапайым адамының теңесуі. Ер мен әйел арасындағы теңдік. Қазіргі тілмен айтқанда, гендерлік теңдік. Наурыз мерекесін өткізу осы ұғымға  сәйкес, теңдік идеясына негізделуі керек деп ойлаймын. Бұл екеудің теңгерімі – Наурызды атап өтудің ең маңызды символдарының бірі. Ана – өмір сыйлаушы, былайша айтқанда, тіршілік әлеміне жетектеуші ұғым. Символдары – жер мен су. Ал ер адам – көк мен күннің символы. Бұл элементтер тіршілікке нәр беріп, табиғатқа өмір сыйлайды, сөйтіп, тірінің тіршілік етуіне мүмкіндік жасайды. Меніңше, тек осындай ұғым ғана теңгерім құра алады, тіршілікті толыққандылыққа жеткізіп, біртұтастандыра алады. Сонан соң мереке сценарийі осы идеяға негізделіп жазылып, іс-шара кейіпкерлері де осы идеяға сәйкес таңдалуы керек. Айтпағым, бұл жерде «ақсақал» кейпіндегі Қызыр бабадан көрі, басты орталық идея тең сипаттағы, жас мөлшері бірдей жас өрендердің – Ақ (жарық, күн, көктем, жылу т.б.) пен Қараның (түн, түнек, қыс, суық т.б.) қарама-қарсы әрекеттеріне басымдық беру қажет сияқты. Сахнадағы басқа кейіпкерлер мен символдар, жасампаздық атрибуттар осы екеуінің іс-әрекеттеріне орайлас (көмекші рухтар, достар мен дұшпандар т.б.) таңдалуы шарт. Қазақ фольклоры мен мифологиясында бұған қажетті қаһармандар жетіп артылады.

– Наурызды мерекелеудің түп тарихы – Топан сумен байланысты Қазығұрт аңызына барып тіреледі. Яғни, Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрт тауына қайырылған мезгіл дәл осы Наурыз айына дөп келіп, алғашқы тіршілік тап осы жерден басталған деген әлемдік әпсана әркімге белгілі. Бұған сіз не дейсіз?

– Иә, Наурызды тойлау – Нұқ пайғамбар кемесінің Қазығұрт тауына тоқтаған мезгілімен тікелей байланысты деп аңыз қылады. Бұл жерде аңыз түбі ақиқат екенін ескермей болмайды. Яғни, бұл аңызды халық Қазығұрт тауымен бекерден-бекер байланыстырмайды ғой, бір дерек-дәйегі болу керек. Қазақ тарихының үлкен білгірі, этногроф-ғалым Жағда Бабалықұлының айтуы бойынша, Наурыздың түп тарихы Қазығұрттан басталады. Оның ежелгі Тұран топырағында тойланып жатқанына 13 мың жылдай уақыт болған. «1970 жылдары Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхана архивінен бір көне қолжазба тауып алдым, Араб емлесімен жазылыпты, – дейді ғалым «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатында. – Ол «Наурыз» деп аталатын ескі жыр еді. Ерінбей оқып шықтым. Автордың аты-жөнін ұмытып қалдым. Мазмұны мынадай: Жұмыр жерді топан су басқанда Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұрттың басына кеп қайырылады, дәл сол уақыт күн мен түннің теңескен мезгілі екен. Жырда Нұқ пайғамбар кемеден түскен барша тіршілік иелеріне ең ұлық мерекені – күн мен түннің теңелуін, яғни жаңа бір өмірдің бастауын тойлауға әмір бергені суреттеліпті. Қазығұртта жасалған сол ұлы тойға адам нәсілдерімен бірге аң-құс түгел қатысқан. Нұқ сол жерде мол шашу шашқан. Адамдар да, хайуандар да өзара риза болып тарасқан. Сөйтіп, бұл уақыт  кейінгілерге жылдың басы ретінде мирас болып қалған. Рас, мұның бәрін аңыз санайтындар аз емес. Ендеше ғылымға жүгінейік, – дейді ғалым. Өткен ғасырдың аяғында Ресей ғалымдары «Топан су іздері» деген ғылыми зерттеу жүргізді. Сонда олар Орта Азия өңірінен де топан су деректерін тауып, сол ұлы оқиғаның болып өткеніне 12644 жыл болған деп есебін шығарған. Ең бұлтартпайтын дәлел – Тәжікстандағы Памир тауының 3 мың метрлік биігінен тасқа айналған акуланың сүйек қаңқасын тауып алған. Демек, биіктігі 3 мың метрге жететін әлгі тау ертеде жыртқыш акулалар мекен еткен теңіздің түбі болған деп болжам жасауға болады. Ал, топаннан аман қалғандар Қазығұрт тауында жаңа өмірлерін қайта бастау алдында ұлан-асыр той жасаған. Міне, осы той Наурызды мерекелеудің басы болған. Ендеше, Наурыз тойланғалы 127 ғасыр өтті деуге болады». Қысқасы, Наурыз – бастауын ежелгі Тұран жерінен алған түркі халықтарының төл мейрамы деп мақтануға толық құқылымыз. Наурыз тойы Топан су туралы Қазығұрт оқиғасы өткен өлке жұртшылығының мерекесі екені осы мысалдан-ақ бадырайып көрініп тұр. Өйткені, парсыдан бөлек түркі жұрты түгел Наурызды атамзаманнан бері өзінің төл мерекесі ретінде кеңінен тойлап келеді.

Наурыз түгел түріктің төл мерекесі екені туралы басқа көне мәліметтер де аз емес. Мысалы, Б.з.д. 1 ғасырда Александр Македонскийдің (Зұлқарнайн) Шығыс жорығы туралы жазба қалдырған Квинт Курций Руф сақтардың Наурызды қалай қарсы алатыны туралы құнды мәлімет қалдырса, Қытайдың ескі жазбаларында Құндардың Тәңір құтылары күн мен түн теңелген күні ертелетіп Таудың басына көтеріліп, енді шығып келе жатқан Күнге бетін бұрып, екі қолын аспанға  жайып, өзіне, еліне Тәңірден тілек тілейді деген дерек сақталған. Ең қызығы, сақтар мен құндардың Наурызды тойлау барысында сақталатын әдет-ғұрыптар бірдей болып шыққан.

– «Наурыз» деген сөз парсынікі болса, Наурыз тойы қалайша түркілердің төл мерекесі болып шығады деп күмәнданушылар да аз емес...

– «Наурыз» сөзі бүгінде парсының лексикасы болып жүргені рас. Парсы тіліндегі жазылымы – Навроз. Мағынасы «нав» – жаңа, «роз» – күн болып шығады. Демек, навроздың мағынасы – «жаңа күн». Осыған қарап қазіргі тарихшылардың бірсыпырасы Наурыз мерекесінің шығу төркінін, сондай-ақ, оған қатысты жөн-жоралғылардың барлығы парсы жұртынан мұраланған деген пікірді алға тартады. Бұл пікір тарих ғылымында қалыптасқан пайым болғанымен, соңғы дәйек деуге келмейді дейтіндер де бар. Тұрандықтар мен ирандықтардың мыңдаған жылдар бойғы көршілік қарым-қатынасында бір-біріне әсер етіп, салт-дәстүрлерінде алып-қосқан, лексикалармен алмасқан сәттері көп  болған. Түркі жұртының, оның ішінде қазақтың лексикасында парсы сөздерінің өріп жүруі сол себептен. Парсылар да түркілерден өте көп нәрсе қабылдаған. Осыдан шығарып айтарымыз, Наурыз мерекесін тойлаушы және Наурыз сөзін ұзақ уақыт тұтынушы ретінде парсы жұртының еңбегі зор болғанымен, Наурыз мерекесінің алғашқы пайда болуы мен «Наурыз» сөзіне тек парсы жұртының ғана қатысы бар екеніне күдікпен қарайтын уақыт жетті. Себебі, оның алғашқы шығу төркінінде түркілердің ізі байқала бастады. Яғни, «Наурыз» сөзінің түп төркіні ежелгі баба-сақ, одан кейінгі оғыз-түркілерінің ортасынан шығу мүмкіндігі дәлелдене бастады. Ол алдымен Тұран даласында өмірге келіп, уақыт пен заманның текетіресінде түрлі себептермен парсыға ауысып, ұзақ жылдардан кейін өзімізге қайта оралуын қазіргі ғалымдар жоққа шығармайды. Осы жерде бір ескеретін нәрсе, көне дәуірде парсы билеушілерінің баршасы дерлік түркіден болғанын, сондай-ақ Наурыз мерекесінің мазмұны мен тұрпаты, оның тарихы мен идеологиялық дәстүрі зороастризм сенімімен тығыз байланысты екенін естен шығармау керек. Ал, зороастризм дінін ойлап табушы және рухани көсемі Зәрдеш ортаазиялық түркі жұртының ортасынан шыққаны белгілі.

– Биылдан бастап Президент Қ. Тоқаевтың ұсынысымен Наурыз мейрамын жаңа форматта атап өтуді қолға алды. Бұдан былай қазақ елі ұлыстың ұлы күнін 10 күн тойлайтын болды. Бұған не уәж айтасыз?

– Жаңылыспасам, Мемлекет басшысы Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды 2021 жылы тапсырған болатын. Кейін бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру жөнінде «Наурыз мейрамының тұжырымдамасы» әзірленді. Тұжырымдама бойынша, 14 наурыз – Көрісу күні, 15 наурыз – Қайырымдылық күні, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ күні, 18 наурыз – Ұлттық киім күні, 19 наурыз – Жаңару күні, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні, 21 наурыз – Ынтымақ күні, 22 наурыз – Жыл басы болып белгіленді, сонымен бірге 14-23 наурыз аралығы «Наурыз базарлық» маусымы болып жарияланды. Ал, Наурызнаманың қорытындысы ретінде 24 наурыз – Тазару күні деп белгіленіп, бұл күні бір мезгілде жалпыұлттық экологиялық акция өтетін болды. Еліміздің рухани иммунитеті мен тарихи көкжиегін, ұлттық танымы мен талғамын кеңейтуді мақсат еткен біздің идеологтарымыз Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың осындай  жаңаша форматын ұсынып отыр. Бұл – халқымыздың сан ғасырлық ұлттық кодына оң әсер етеді деген берік сенімде.

Сөз жоқ, тұжырымдама салмақты да салиқалы дайындалған. Әр күннің астарында жақсылық пен ізгілік нұры тамып тұр деуге болады. Десек те, өз басым Наурыз мерекесінің мұндай ұзаққа созылуымен келіспеймін. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, тойдың бір-ақ күнде болғаны дұрыс деп есептеймін. Ал, қалған 8-9 күнді «Наурыз мейрамы» деп емес, «Наурыз фестивалі» деп атаса да ұтылмайтын сияқтымыз. Өйткені, Наурыз мейрамының негізгі мақсаты ұлттық құндылықтарды дәріптеу, не айналаға ұқыпты қарауды қалыптастыру емес, бай мен бағланның, ақ пен қараның, жарық пен қараңғының, жақсы мен жаманның теңдігі. Ал, Күн мен түннің теңелетін уақыты – 22 наурызда таңғы мезгілде келеді. Ендеше, Наурызды тойлау жылдың басталар уақытына сәйкес дәл осы күні, дәл осы мезгілде болуы тиіс. Бәлкім, басқалардың бұған қосатын өз уәждері бар шығар. Мен өз ұсынысымды айттым.

Наурыз баршаңызға бақ-береке әкелсін!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әңгімелескен – Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
25.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1037
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7087
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10935
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7152
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7296