Қанымжан Сұлтанқұлова: «Мұқағали дәуірін» біз бастап едік

Қанымжан Сұлтанқұлова:  «Мұқағали дәуірін»  біз бастап едік

Қазақ даласы ғасырдан үн шертетін қойнауы қазынаға толы құтты мекен. Өткенмен бүгінді сабақтастырып, бір сарында үндестіре білу тек біздің даламызға тән қасиет. Алтай мен Каспийге дейінгі ұланғайыр кең атырапты алып жатқан Ұлы даланың арасында шоқтығы биік мекен – Райымбек батыр атындағы аудан жатыр. Төбесін көктіреген Хан-Тәңірі шыңынын етегін бойлай қоныстанған Нарыңқол жерін бір көру кімге де болсын артық етпес. Зулаған көлік Шелек өзенінен өткеннен кейін-ақ, тау сілемдері көз тарта бой түзейді. Тамаша табиғатымен көзінді сүйсіндіретін таулы өлке Шарын шатқалынан басталып, Көлсай көлдерін бойлай тартып, Хан-Тәңірі шыңына тіреледі. Бұл өлкені көрген де, көрмеген де арманда дегендей қадам басқан әр адам таудың саф ауасын жұтып, кең тыныстап, бойына күш-қуат жинап, қайтанына шүбәсіз сенуге болады. 

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде бұрынғы Нарынқол ауданы Кеген ауданына қосылып, шекаралы аймақ тоқырауға ұшырады. Халық тіршілік қамымен қалаға үдіре көшіп,  ауылдарда халық саны азайып кетті. Соңғы жылдары ауданға Райымбек батыр есімі беріліп, Кеген ауданынан жеке дара енші алып, аудан мәртебесі берілді. Бұл жаңалық аудан тұрғындарына, жалпы көпшілікке қуаныш сыйлады.  Аймаққа қайта инвестиция тартылып, халыққа қажетті мекемелер жұмыс істей бастады. Осы өлкеде Кеңес кезінде де небір халқына қалаулы, еліне елеулі білікті, білімді азаматтар, ақын-жазушылар, өнер тарландары өмірге келгенін білеміз. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, жазушылар Б.Соқпақбаев, Б.Мұқай, қоғам қайраткерлері С.Әшімбаев, А.Сәрсенбаев, қазақ айтыс өнерінің дарабозы О.Досбосынов тағы басқа көптеген ел аузында жүретін еңбек,өнер майталмандары баршылық. Міне, осындай жақсы тұлғалардың бірі, Алматы облысының құрметті азаматы, Талғар, Райымбек аудандарының құрметті азаматы, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Оқыту ісінің үздігі Сұлтанқұлова Қанымжан Шотбайқызы.

Халқымыз: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» – деп тегін айтпаған ғой. Орынды айтылған жылы сөз адамды жігерлендіреді, өмірге құштарлығын арттырады, жан сарайын жаңғыртады. 

Өнегелі үлгісімен, жаңашылдық жолымен, адамгершілік қасиетімен көптің қошеметіне бөленіп отырған жан. Ұстаздық қызметінен бөлек, халқымыздың мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне қосқан үлесі де ауыз толтырып айтарлық. Алматы облысының мәдениет басқармасының бастығы болып қызмет істеген жылдары халықтың өнерінің өркендеуіне, мәдениеттің жандануына  қосқан ерен еңбегі үшін «ҚР мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Өмірден тоқығаны мол Қанымжан Шотбайқызымен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Қанымжан Шотбайқызы, сіз көп жыл басшылық қызметте болдыңыз. Мектеп басқардыңыз, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында әкімнің орынбасары, Алматы облысының Мәдениет басқармасында басшы болдыңыз. Сіздің өміріңіз, еңбек жолыңыз бүгінгі жас буынға үлгі-өнеге. Осы мақсатта еңбек жолыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз? 

– Мен Хан-Тәңірінің етегіндегі таулы өлке Нарынқол жерінде дүниеге келіппін. Балалық шағым тау жайлаған, қаймағы бұзылмаған қазақи өмірдің ортасында өтті. Ауыл адамдарының таңмен таласа тұрып, істеген еңбектеріне куә болдым. Адал еңбек, маңдай термен келген дүниенің берекесі, нәтижесі болатынына көзім жетті. Сондықтан, өмірімдегі алған білім, тәрбиемді, тәжірибемді өзім басқарған ұжымдағы  қызметкерлерге, шәкірттеріме, ұрпағыма айтып жүремін. Білім қуып, Алматыға келіп, институт бітіріп, Талғар ауданындағы Талдыбұлақ мектебінде қарапайым мұғалім болып, еңбек жолымды бастадым. 1989 жылы Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Ділдәш Рысқұлбекова өзіне шақырып: «Сені Тұрар Рысқұлов ауылындағы №16 орта мектепке директор етіп бекіткелі отырмын», – деді. Тосыннан болған ұсынысқа не деп жауап берерімді білмей, абдырап қалдым. Көпті көрген, тәжірибелі басшы «барасың, қолыңан келеді, біз қолдаймыз» деп сәттілік тіледі. Осылай күзгі оқу жылы басталарда, қызметке кірістім. Ол кезде №16 мектеп Ф.Энгельс есімімен аталатын. Мектепті оқу жылына дайындау, жөндеу жұмыстарын жүргізу, кабинеттерді жабдықтау біраз қиындықтар туғызды. Ол жылдары Кеңес өкіметі ыдыраудың алдында еді, басқа мемлекеттер тәуелсіз ел боламыз деп ұрандап жатқан жылдар. Барлық жерде зауыт, фабрикалар жабылып, ел арасында ереуілдетушілер көбейіп, жұмысшылардың, мұғалімдердің айлық-жалақылары мезгілмен берілмейтін. Қазақстанда жаңа серпін алған ономастикалық комиссияларда жер-су, елді мекен атаулары өзгеріп жатты. Біз де өз тарапымыздан  ауданға ұсыныс тастап, Энгельс атауын өзгертіп, Т.Рысқұлов атындағы №16  мектеп деп құжат алдық. Мектеп ұжымын жұмылдырып,  саналы тәрбие, сапалы білім беру жолын мақсат тұттық. Орынбасарларым Мадина Әміреқызы, Айман Әбдіғұлқызы, Дүйсеке Рахымжанов сияқты ұстаздармен қоян-қолтық жұмыс істедік. 1994 жылы қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың туғанына 100 жыл толуына орай мерейтойы республика көлемінде аталып өтілетін болды. Мектептің бір бөлмесін күрделі жөндеуден өткізіп, мұражайға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Т. Рысқұловтың пайдаланған заттары, ұлттық нақыштағы мүліктер жинастырылды. 1994 жылдың желтоқсан айында мектепте мұражай ашылды. Сол жылы Санкт-Петербургте өтетін директорлардың курсына оқуға жіберді. Курстан оралған соң, оқыған, көрген, үйренген бағдарлама бойынша жұмыстар атқарылды. Арада біраз жыл өткенде Талғар ауданының әкімінің орынбасар қызметіне бекітті. Бұл жұмысты да абыройлы атқарып, ауданның мәдени, экономикалық дамуына атсалыстым. Кейіннен облыстың мәдени саласын маған сеніп тапсырды. 

 

 

– Өткізген іс-шараларыңыздың халқымызға, бүгінгі жас ұрпаққа қандай ерекшелігімен есте қалғаны туралы айтып өтсеңіз. Оны жастар білуге тиіс. 

– 2000 жыл сол кездегі Президент жарлығымен «Мәдениетті қолдау» жылы болып жарияланды.  Ол кезде мен Облыстық мәдениет басқармасының басшысы едім. Облыс әкімі Заманбек Нұрқаділов қабылдап, Мәдениетті қолдау жылы туралы Президент тапсырмасын орындауға пәрмен берді. Ұжыммен ақылдаса келіп, Мұқағали Мақатаевтың туғанына 70 жыл толуына «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты бағдарлама жасадық. Алматы қаласындағы Республика сарайында жыр кешін өткізу, сол жылы Мұқағали өмірге келген Қарасаз ауылында тойды жалғастыру туралы шешім қабылдадық. Бұл Алматыдағы Республика сарайында салтанатты түрде ашылды. Мұны  Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесе отырып ұйымдастырдық. Алматыдағы Республика сарайындағы орын 3000 адамға шектелген еді. Халық залға сыймай, көбі орынсыз қалды, көрермен көп жиналды. Мен сол кезде Мұқағалидың қасиетті адам екенін, елге қандай сыйлы екенін, сүйікті ақыны екенін халықтың қошеметінен білдім. Бұл кештің дайындығына Облыстық филармонияның мықты-мықты әншілері,  режиссерлері бар, бірлесе отырып, осы кештің бағдарламасын жасауға атсалысты. Кешті қалай бастаймыз, залдың безендірілуі қандай болу керек, жастық шағының елесін жасасақ  деп көп ойландық. Сонда сахнаның төріне халыққа қарай келе жатқан, тікесінен тік тұрған Мұқағалидің бейнесін іліп қойдық. Сахнаның беті жабық тұрды, фанфар ойнап, сахна ашылғанда ар жағынан әуенменен Мұқағали келе жатты. Халық тікесінен тік тұрып, қол соғып, Мұқағали тірі келе жатқандай көрінісін сезінді. Жастар театрының  актері Жомарт  Мұқағалидің жас кезін сомдады. Жас кезінде Мұқағали қызыл жейдені жақсы көреді екен. Шабыты келгенде киетін қызыл жейдемен ақын Мұқағали ортаға шыға келді. Кеш «Халқыма хат» деген өлеңімен басталды. Ақын өлеңдері оқылып, арасында әндері айтылып жатты, белгілеген уақыттың қалай өткені байқалмады. Көрермен халық дүр сілкінді, ақынның поэзия кеші керемет болып өтті. Мұқағалидың жары Лашын апамыз сахнаға шығып: 

«Уа, жұртым, Мұқағали бүгін тірілді.  Облыс әкіміне, облыстың Мәдениет басқармасына, барлықтарыңызға рақмет! Жас кезімізде Мұқағали екеуіміз Республика сарайының алдынан өтіп бара жатқанда, Мұқаң айтушы еді, «шіркін-ай, осы ғимараттың ішінде қандай адамдар отырады екен?» деп армандаған еді. Бүгін Мұқағали тірі болмаса да, бейнесі сахнада жүріп өткендей болды. Халқы жақсы көреді екен», – деп көзіне жас алды. 

Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділов ағамыз мінберге шығып, өзінің жүрекжарды ақ тілектерін айтып, Лашын апамыздың қолын алды. Міне, осылай алғаш рет тәуелсіздік алғаннан кейін, Мұқағали дәуірі басталып кетті. Бір керемет есте қаларлықтай кеш болды, халық көпке дейін айтып жүрді. 

Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасазда өтетін тойға әзірлік біраз қиындық туғызды. Мұқағали мұражайын күрделі жөндеуден өткізу қажет еді, оты жанбай, төбесінен суы өтіп тұрған мұражайды көктемнен бастап тамызға дейін жөндеуден өткізіп, мәдениет үйінде елді қарсы алатындай жағдай жасадық.  Тойға жан-жақтан қонақтарды шақырып, қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, әншілері, облыстық филармонияның әнші-күйшілері келді. Алматы қаласынан көптеген қонақтар Қарасазға ат басын тіреді. Жайлау төсіне киіз үйлер тігіліп, аламан бәйге, қыз қуу ұйымдастырылды. Сахнада Мұқағалидің  поэзиясына арналған жыр-кеші өтіп жатты. Қарасаз ауылының жергілікті халқы, шақырылған қонақтар залға сыймайтын болғандықтан, дала төсіне орындықтар қойып, үлкен сахна жасатып, тамашалаушыларды сол жерге жинадық. Сізге өтірік, маған шын,  Қарасаз ауылының кішкентай еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін Мұқағалидің өлеңдерін жатқа айтып беріп жатты, арасында біздің филармония әншілеріміз Айткүл, Қанат Құдайбергеновтер, Сұлушаш Нұрмағамбетова, тағы басқа өнер жұлдыздары бар еді.   Тойда Мұқағалидың сөздеріне жазылған әндер де орындалды. Кереметтей кеш осылай жанданды, облыс әкімі Нұрқаділов Заманбек ағаның қолдауымен сол жылы «Аққудың қанатына жазылған жыр» дейтін Мұқағалидың айтылмай жүрген әндерін жинақтап,  Лашын апамыз оған көптеген Мұқағалидың жарияланбаған өлеңдерін кітапқа қосып, басып шығарыпты, оны шашу ретінде Қарасаз еліне әкеліп, кітаптың тұсаукесерін өткізді. Мінберге сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин шығып сөйлей бастағанда,  Мұқағали ағамыздың құдіреті ме, керемет бір оқыс жағдай болды. Күн ашылып, жарқырап тұрған, кенеттен, қап-қара тұман қоюланып, сахнаның үстіне тұрып алды да, көлеңке беріп тұрды. Нұрлан ағамыз сөйлей бастағанда жаңбыр жауып кетті. Отырған адамдар таңғалды.  Бір тылсым дүние «мына халықты жарқыраған күннің астына отырғызып қойдыңдар ғой» деп ренжігендей болды ма, жаңбыр төгіп-төгіп жіберді. Біраз уақыт өткеннен кейін ақын Иранбек Оразбаев (Иранғайып)  «Мұқаңа» деген өлеңін оқи бастаған кезде,  жаңағы қара түнек болып тұрған бұлттың қайда кеткенін білмей, аспан шайдай ашылды.  Ән-жырымызды айтып, түннің бір уағына дейін халық шат-шадыман көңілмен тарамай, отшашу жасап, жастар алтыбақан, ақсүйекке ден қойды. Осылай, Мұқаңның тойын тойлап қайтқанбыз. Бұл іс-шараның бәрі үлкен дайындықтың, қажырлы еңбектің,  ауызбіршіліктің, жақсы бағдарламаның нәтижесі деп ойлаймын. Қазір зейнеткер болсам да, сол кездегі атқарған, ұйымдастырған іс-шарамызға көңілім толады. Сол кездегі халық шығармашылығын басқарып отырған Сәуле Ахмадиева мен менің орынбасарым Елеусіз Жанпейісов тағы басқа осы аталған іс шараның басы-қасында жүрген сол кездегі қыз-жігіттерге алғысым шексіз. Міне, осылай Мұқағалидың өмірін, шығармашылығын насихаттауға өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. 

– Иә, бұл іс-шараларыңыз сол кезде қатысқан, көрген халықтың мәңгі есінде қалары анық. Содан бері талай жылдар артта қалды. Қазір Жаңа Қазақстанға аяқ бастық. Бүгінгі жастарға сіз жұмыс жасаған саладағы әріптес, қыз-жігіттерге не айтар едіңіз? 

– Жастар адал еңбек етсе, ұлтжанды болса, күрмеуі қиын қазақ тілінің жанашыры болып, ұлттық мәселелерде алда болса деп ойлаймын. Мына аласапыран уақытта айналасындағы болып жатқан өзгерістерге ұлттық мүдде тұрғысынан баға беріп, ұлт намысын биік, жоғары қойса деп тілеймін. 

– Қанымжан Шотбайқызы, тартымды әңгімеңізге, сүбелі сұхбатыңызға көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан –

 Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

 

01.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1041
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7091
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10942
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7157
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7300