Қазақстанда ғылым қалай дамып жатыр? «ХИРШ ИНДЕКСІ» МЕН «СКОПУС» ДЕГЕНІМІЗ ҚАНДАЙ КҮШТЕР?

      Қазақстанда ғылым қалай дамып жатыр?  «ХИРШ ИНДЕКСІ» МЕН «СКОПУС» ДЕГЕНІМІЗ ҚАНДАЙ КҮШТЕР?

 

Хирш индексі компьютермен емес,

 ғалымдардың нақты шешімі арқылы анықталуы тиіс

 

   Жақында бір ғалым ұстазбен сөйлестім. Бір кездері өзінің шәкірті болған бір ғалымның статусы өте жоғары журналда мақаласы шыққанын айтады. Термодинамикалық есептеулердің бәрі дұрыс емес есептелген, нәтижесінде жасалған тұжырымдары да дұрыс емес екенін көріп қатты қынжылғанын айтты. Шыдамы жетпей, қасындағы белді ғалымдармен ойымен бөлісіп, 4-5 ғалым бірігіп, қарсылығын білдіріп мақала жазып жатқанын айтты. Бұл айтып отырғаным бір ғана мысал.  Одан басқа кейінгі кезде таныс ғалымдар бір-біріне «көмектесіп», Хирш индексін көбейту мақсатында жазған мақаласына қатысы аз, тіпті қатысы жоқ болса да, сілтеме жасайтыны туралы мәліметтер кейінгі кезде жиі жазылып та, айтылып та жүр.

            Егер сілтемеде келтірілген мәліметтерді пайдаланса және  ұсынылып отырған ғылыми жұмыстарды сол мәліметтерсіз жүргізу мүмкін емес болса ғана Хирш индексі берілуі тиіс. Осындай көзқараспен есептелген Хирш индексінің мағынасы, мәні болар еді. Мұндай сілтеменің салмағы бар, бұл кезде ол сілтеме сандық сипаттамаға ие болуы тиіс. Сол себепті Хирш индексі компьютермен емес, арнайы мамандардан жасақталған ғалымдардың шешімі арқылы ғана анықталуы керек. Нақтылай келгенде, Хирш индексі  кемінде екі-үш эксперттің шешімімен ғана анықталуы тиіс. Тіпті жай мақала шығарғанның өзінде оған екі-үш рецензент пікірлерін білдіреді емес пе?

            Ал бүгінгі күні әрбір ғалымның тағдырын Хирш индексі шешіп отырған жағдайда, бұл сандық сипаттама бойынша арнайы эксперттер жоғарыда көрсетілген мәліметтерді ескере отырып шешім қабылдауы тиіс. Соның өзінде Хирш индексі ‒  тек сандық сипаттама, ол ғалымның тағдырын біржақты шешпеуі тиіс. 

            Хирш индексі автоматты түрде есептелетін болғандықтан, басқа да кездейсоқ деректер алынуы мүмкін. Мысалы, ғалымдардың фамилиясы және инициалы бірдей болса, сол авторлардың әрқайсысына белгілі бір Хирш индексін  шығарып береді. Автоматтық жүйеде оларды бір-бірінен ажырату оңай емес. Мысалы, Совет үкіметі кезінде газеттен мынадай мәлімет оқығам. Тек Москва облысының өзінде 1000-нан аса аты-жөні Иван Иванович Иванов деп аталатын адамдар бар екен. Ал фамилиясы мен тек инициалдары бірдей қанша адамдар бар екенін білу мүмкін емес шығар. Демек, фамилиядан басқа қосымша параметрлер енгізу қажеттілігі туады.

            Одан басқа кейбір адамдардың фамилиялары мен инициалдары ағылшын тілінде әртүрлі болып жазылады. Бұл да үлкен мәселе. Солардың бір түріне ғана тоқталар болсам. Менің фамилиям мен атым Баешов Абдуали. Алғашқы кезде өзім де фамилиямды дұрыс жазбай жүріппін, мен Baеshov деп жазатынмын, ал менен сұрамай-ақ, паспортыма Bayeshov деп жазыпты. Ағылшынша «y» әріпі қосылып жазылады екен, бұл грамматикаға байланысты. Сонымен менің фамилиям мақалаларымда әртүрлі болып жазылып кеткен. Одан басқа бір мақалада тек атымның ғана инициалы «А.» көрсетілсе, кейбіреулерінде атым және әкемнің аты бойынша инициалым «A.B.» деп көрсетілген. Менің аты-жөнім баспадан шыққан мақалада төрт түрлі болып көрсетіліп кетіпті. Әрине, Хирш индексін есептейтін жүйе осыларды ескермейтіндігі анық. Мұндай проблема әрбір екінші ғалымның басында болуы мүмкін. Осы мәселенің өзі де Хирш индексінің мағынасын жоққа шығарады емес пе?

            Осындай толып жатқан кемшіліктері бар Хирш индексі бүгінгі күні ғалымның ғылыми дәрежесін көрсететін негізгі сандық сипаттама болып орын алып келетіні ұят емес пе? Интернетте «Қазақ ғылымы және ғалымдары»  деген чатта «Егер Хирш индексі 30-дан асса, ол ғалымның ғылыми дәрежесі» Нобель сыйлығының деңгейімен бірдей деген сандырақ сөздерді күнделікті жазып және айтып тұрады.

            Бүгінгі күні ғылымға қатысы бар ғалымдардың еңбегін бағалауда және ғалымның тағдырын шешетін ұйымдарды және комиссияларды қалыптастырғанда, оның мүшелері тек Хирш индексіне ғана қарап шешім қабылдап жүр. Шын ғалымдар тасада қалып, Хирш индексі барлар өрлеуде.

 

Қазақстанда ғана емес,

бұл индекс  Орта Азия ғылымына тұсау болып отыр

 

    Бұрынғы кезде баспадан шыққан мақала саны ғалымның негізгі ғылыми көрсеткіштерінің бірі болатын. Ол өте дұрыс та болатын. Ол әрбір ғалымның адал еңбегі... Бір ғылыми нәтижені қайта-қайта басып шығаруға болмайтыны анық, себебі қазір әрбір мақала «плагиатқа» тексеріледі. Сол себепті әрбір мақалада жаңа ғылыми нәтиже болуы керек. Сондықтан да мақала саны ғалымның еңбегін көрсететін негізгі көрсеткіштің бірі болуы керек.

Ғылым саласында басқарып отырған басшы шенеуніктер, сіздің ғылыми жұмысыңызды тіптен түсінбесе де, Хирш индексіне қарап, сізге баға беріп,   «біліп» отыра бергісі келетін сияқты.

Бұл Хирш индексі шенеуніктерден басқа, шет тілін жақсы білетін және шетелде таныс ғалымдары бар көптеген зерттеушілерге де өте ұнап тұр. Көп емес мақала жазып-ақ, Хирш индексін реттеп алады. Ешқандай да ғылыми жаңалығы, құндылығы жоқ он шақты мақала ғана шығарып, Хирш индексіңізді жоғары мәнге көтеріп, абыройыңызды көтеру мүмкіншіліктері бар екенін көпшілік біледі де. Бұл Хирш индексі әсіресе Орта Азия ғылымының ойдағыдай дамуына өте үлкен кесірін тигізіп отыр. Себебі, ғалым мен ғалымсымақтарды ажыратуды қиындатып отыр.

Ғылыми жұмыстың құны – оның қай журналда басылып шыққанында емес, оған қанша сілтеме жасалғанымен емес, оның ғылыми жаңалығына және құндылығын қарап бағалануы керек.

Тағы да қайталап айтқым келеді, егер ғалым жаңа ғылыми бағыт ашып, сол сала бойынша алынған мәліметтерді журналдарда жарияласа, оған ешкім де сілтеме жасамауы мүмкін. Ғылыми жаңа бағытты ашу нағыз ғалымның ғана қолынан келетін нәрсе. Сонда қалай болғаны, ашылған жаңа ғылыми бағыт, болашақта көптеген принципиалды жаңа технологиялар жасауға мүмкіндік беретіні анық. Бірақ Хирш индексі тұрғысынан бұл жұмыстар өз бағасын ала алмайды. Демек, бұл жағдайда да, ғылыми жұмыстың құндылығын көрсете алмайтын Хирш өлшемімен емес, ол ғылыми еңбектің әлемдік жаңалығымен, құнды фундаменталды нәтижелерімен бағалануы керек.

       Қазақта «биографиясы келсе де, географиясы келмейді» деген сөздер де орын алып отыр. Сіздің зерттеулеріңіздің өте жақсы нәтижелері, өзінің құндылығымен емес, оның қай жерде қай журналда басылып шыққанына байланысты ғана бағаланады. Егер өте жақсы жаңалығы бар, жаңа идеямен жаңа методикамен алынған ғылыми нәтижелер өзіміздің республикамыздағы белді журналдарға шықса, оның құны бағаланбайды, дәл осы мақала шетелдің скопус, Q1, Q2 сияқты дәрежедегі баспада шықса, ол ғалым керемет ғалымдар қатарына қосылып шыға келеді.

       Мүмкін сіздің жазған мақалаңызда Нобель сыйлығына тұрарлық ғылыми нәтижелер алынған шығар, бірақ оған ешкім мән бермейді, себебі көбісі түсінбейді. 

      Скопус журналдары туралы мәлімет жұмбаққа ұқсас нәрсе, Скопусқа жатады, көрсеткіші жоғары деп мақалаңызды жіберсеңіз, ол рейтингтің басқа түрі болып шығуы мүмкін. Журналдардың рейтингтерінің түрі және де басқа сиқырлары көп сияқты.  Оны түсінетін, түсіндіретін адамдар аз. Табиғаттың керемет жаңа заңдылығын аш, бәрібір көрсеткіші жоғары Скопус журналында мақалаң шықпаса, сен ғалым емессің. Сенің ғылыми жұмысыңның жаңалығын, ерекшелігін сұрайтын ешкім де жоқ. Ұрлап тапқан ақшамен керемет ғылыми көрсеткіштерге жету, бүгінгі күні оп-оңай нәрсе. Бәрін ақша шешіп жатыр.

Әрине, ғылыми мақаланы шетелде шығару керек те шығар, бірақ ол өте үлкен қаражатты қажет етеді (екі-үш мың долларға дейін). Бірақ, осындай көп ақша төлеп, абыройлы ғалымдар қатарына оп-оңай қосылуға болады. Ғылым, білім министрлігіндегі қызметкерлер бұл жағдайды біліп те отыр, нәтижесінде шетелге миллиондаған ақша елімізден кетіп жатыр. Көп мөлшерде айлық алмайтын ғалымдар бишаралық күнін көріп жүр.

Кейбір ғалымдар мақаласын шетелдегі биік дәрежедегі журналдарға шығару үшін, ақшасы бар адамдарды соавтор етіп қосып, амалын табуға тырысып жүр. Кейбір соавторлардың бұл ғылыми еңбекке тіпті қатысы болмауы мүмкін. Интернеттегі мәліметтер бір ғылыми мақаланың авторларының саны 100-ден де асып кететін жағдайлар бар екендігін көрсетеді.

Көпшілік біледі, интернетте жиі хабарламалар жазылып тұрады. Ғылымның әрбір саласы бойынша шығатын дайын мақалаға авторлар, соавторлар іздейді. Төлеген ақшаңызға байланысты осы мақаланың бірінші немесе екінші, үшінші және басқа авторы бола аласыз. Ақшасын төлесеңіз, 2-3 айда «керемет» мәртебеге ие мақалалардың авторы болып шыға келесіз. Одан кейін Хирш индексіңіз де өсе бастайды. Еліміздегі белді, озық ғалымдар қатарына қосыласыз. Сіздің ғылыми статусыңыз күрт жоғарылайды.  Демек, көп нәрсені ғылым немесе білім емес, ақша шешеді. Бұл не сұмдық...

Егер сіз өзіңіз мақалаңызды шетел журналына жіберсеңіз, оған үш адам рецензия жазып беруі тиіс. Сіздің мақаланың тағдыры солардың қолында. Сол адамдардың білімділігіне, көңіл күйіне, ақ пейілділігіне байланысты шешім шығарады. Олардың дұрыс немесе бұрыс шешімін шығарып жатқанын бақылайтын механизм жоқ. Шынына келгенде, ғылыми мақаланы тек осы салада, нақты сол тақырыпта жұмыс істеп жүрген ғалымдар ғана нақты түбегейлі бағалап бере алады. Ғылыми мақаланың ондай рецензентке түсуі екіталай. Мысалы, химия бағыты бойынша жазылған мақала химикке берілді дейік. Ал химияның салалары өте көп, оның басқа саласының мамандары мақаладағы мәліметтерді тіпті түсінбеуі де мүмкін. Түбегейлі түсінбесе де, ол рецензент өзіне түскен жұмысқа өзінің жалпы химияның саласындағы түсінігіне сәйкес – біліміне, сауаттылығына және көңіл күйіне байланысты әйтеуір бір рецензияны жазып береді... Қайталап айтамын, шынайы рецензияны, тек нақты осындай жұмыстармен шұғылданып жүрген ғалым ғана жазып бере алады. Халықтың нақыл сөздерінің бірінде «шымшық сойса да, нағыз қасапшы сойсын» деген.

 

Шетел ғылымдарын пір тұту кімге пайдалы?

 

Скопус, Q1 және Q2 дәрежелі журналдарына шығатын мақалалардың барлығы дерлік жоғары дәрежеде екеніне  және ол мақалалардың шығуына жол ашып беретін рецензенттердің бәрінің жоғары дәрежедегі білімді, сауатты екеніне де күмәнім бар. Олар жазған рецензияларынан олардың көпшілігінің білімінің терең емес, түсінігі аз екендігі айқын байқалып тұрады. Көбісі Орта Азия елдерінен барған мақалаларға менсінбей қарайтындығы да сезіліп тұрады.

Мысалы, біз шетелде шығатын «Гидрометаллургия» деген Q2 статусы бар журналға цементация бағытында жүргізілген ғылыми жұмыстар негізінде жазылған мақаламызды жібердік. Титан иондары қатысында, қолданылған мыс ерітінділерінен мысты цементация арқылы бөліп алғанда, бұл процестің өте ұтымды жағдайда жүретіндігін алғаш болып анықтағанымыз туралы зерттеу нәтижелері келтірілген болатын. Бұл жұмысымыздағы жаңалық патентпен де қорғалған болатын. Жіберген мақаламызды «бұл журналдың бағытына сәйкес келмейді» деп, бірден қайтарып жіберіпті. Цементация – гидрометаллургияда кеңінен қолданылатын негізгі процестердің бірі екенін бұл салада істейтін адамдардың бәрі біледі. Өз уәжімізді айтып жазып едік, жауап та бермеді... . Сонда қалай?

Тағы да бір журналға жіберген мақаламызға рецензент «Сіздердің жүргізген процестеріңізде аралық зат болып үш валентті титан иондары түзіледі екен, ол тез гидролизге түсіп кетіп, нәтижесінде сіздің ұсынған әдістеріңіз іске аспайды» деп, мақаламызды қайтарып жіберіпті. Айта кету керек, көптеген металдардың тұздары су ерітінділерінде гидролизге түсетіндігі белгілі. Бірақ шала сауатты эксперт, үш валентті титан тұздарының ерітінділері реактив түрінде шығарылатындығын, ал олар бір жылдан артық уақыт тұрақтылық сақтайтынын білмейді де екен. Біздің жазған нақты жауаптарымызға жауап бермеді. Мақаламыз шықпай қалды.

Мен тек екі ғана мысалды келтіріп отырмын, ал осы аты шулы статусы үлкен журналдардың рецензияларындағы сауатсыздықтар туралы еліміздің көптеген ғалымдары айтып жүргені белгілі.

Ал көпшілік журналдарға жіберген мақалаларды ағылшын тілінде нашар жазылған деп қайтарады да жібереді.

Тағы да бір жағдайды айтқан дұрыс сияқты. Конкурсқа проект бергенімізде, шетелдің екі эксперт-ғалымы:

– Айнымалы токпен бағытталған электрохимиялық реакцияларды жүргізу, физиканың да, химияның да заңдарына қарсы деген ойын білдіріп, біздің жұмысымызға өте төмен балл қойыпты. Шетел эксперттерінің сауатсыздығынан жобамыз өтпеді, ал біз қаражатсыз қалдық.

            Біз Кеңес үкіметі кезінде 1985 жылдардан бастап, айнымалы токпен полияризацияланған электродтардың электрохимиялық қасиеттерін зерттей бастағанбыз. Бұл жұмыстарымыздың нәтижелері негізінде 10-15 патент (А.с.СССР) алынған, бес-алты, тіпті одан да көп шәкірттерім кандидаттық диссертацияларын және  докторлық диссертацияларын қорғаған. Тұрақты токпен жүрмейтін кейбір процестердің, айнымалы токты қолдану кезінде жүретіндігін нақты көрсеткен болатынбыз. Сол кездерден бастап бұл жұмыстарымыздың нәтижелері көптеген Халықаралық конференцияларында баяндалған, мақалалар да шыққан.

            Біздің жұмыстарымыздан кейін, Ресей ғалымдары осы бағытта жұмыс істеп, олардың да кандидаттық және докторлық диссертацияларын қорғағаны белгілі.

            Шетел ғалымдарының бұл ғылыми жұмыстар туралы хабары да жоқ екен. Осындай артта қалған ғалымсымақтар, алдыңғы қатарлы жұмыстарды білмейтін, түсінбейтін ғалымдар біздің ғалымдарымыздың өмірін ойыншық етіп, ойына келгендерін рецензия түрінде жазып жүргенін айтқым келеді.

            «Ауылдағының аузы сасық» дегендей, шетел ғалымдарын ғана пір тұту бүгінгі күнге дейін біздің елімізде кең орын алып келеді. Мен: «Біздің еліміздегі ғалымдардың, әсіресе химиктердің ғылым саласындағы дәрежесі олардан төмен емес», – деп айтар едім.

 

Абдуали БАЕШОВ,

ҚР ҰҒА академигі, ҚР мемлекеттік

сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген

өнертапқышы, химия ғылымдарының докторы,

профессор                                                        

 

  

             

17.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1037
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7086
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10935
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7152
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7296