Қазақстанның қорғаныс саясаты – елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған кешенді мемлекеттік стратегия. Қазіргі жаһандық геосаяси ахуал шиеленісіп кетті. Солтүстіктегі көршіміз Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың басталғанына 4 жылдан асып бара жатыр. Алайда соғыстың қашан толастайтындығы беймәлім. Ал соңғы жарты ай шамасында Каспий теңізінің бір шетінде отырған көршіміз Иран елінде соғыс өрті бұрқ ете түсті.
Әлемдік геосаясаттың жылдар бойы қалыптасқан тәртібі өзгеріп, әлем елдері қайтадан қаруға жүгіне бастаған алапат заман туып келе жатқандай... Атам қазақ «жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» дегенді осындайға қаратып айтса керек. Дегенмен мұндай қақтығыстардың барлығының артында шешілмеген шекара дауы, дұрыс жолға қойылмаған дипломатиялық қатынастар мен жымысқы мүдделер жатқаны анық. Ал тәуелсіз қазақ елі егемендік алған сәттен бастап шекарасын шегендеуге, айнала көршілермен тату дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуға барынша күш салып, өзінің бағытын айқындап үлгерді. Сондықтан біздің елдің қорғаныс саясатының басты қағидаты қорғаныстық сипатқа құрылғандығын айта кету керек. Яғни – Қазақстан ешбір елге қарсы агрессиялық саясат жүргізбейді. Бұдан бөлек көпвекторлы сыртқы саясат – ірі державалармен теңгерімді қарым-қатынас орната білу де біздің қорғаныс саясатымыздың бір бөлшегі болып табылады. Мысалы, Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасында әскери ынтымақтастықтың берік негізі қаланған. Ол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы шеңберінде дамып келе жатыр. Екі ел аймақтық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі аясында бірлескен жаттығулар жасап тұрады. Бұдан бөлек қару-жарақтар сатып алу мен әскери кадрларды даярлау жұмыстарында да Ресеймен байланысымыз тым тереңде жатыр.
Қытай мен Қазақстан арасындағы әскери алмасулар – екі елдің аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған тұрақты кешенді стратегиялық серіктестігінің маңызды құрамдас бөлігі. Екі тарап жоғары деңгейдегі сапарлар, бірлескен жаттығулар, әскери дайындық, әскери-техникалық ынтымақтастық арқылы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) шеңберінде терроризмге, экстремизмге және сепаратизмге қарсы бірлесіп күресуге және аймақтық бейбітшілікті қамтамасыз етуге міндеттеніп, тығыз ынтымақтастық жасайды.
Қытай мен Қазақстан арасындағы әскери алмасулардың негізгі бағыттары:
Жоғары деңгейдегі өзара іс-қимыл: Екі елдің қорғаныс министрліктері мен бас штабтары халықаралық және аймақтық қауіпсіздік жағдайы және екіжақты қорғаныс ынтымақтастығы бойынша пікір алмасу үшін тұрақты кездесулер механизмін қолдайды.
Бірлескен жаттығулар: Екі тарап екіжақты және ШЫҰ шеңберінде терроризмге қарсы күрес, шекара қауіпсіздігі және басқа да тақырыптар бойынша бірлескен әскери жаттығуларды (мысалы, «Бірлескен қалқан» сериясы) жиі өткізеді.
Кадрларды даярлау: Әскери курсанттар мен нұсқаушылар алмасып, оқытылады, бұл армия мен әуе күштерін қоса алғанда, қарулы күштердің бірнеше саласында командалық және техникалық дайындықты қамтиды.
Техникалық және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық: Екі әскердің жаңғырту деңгейін арттыру үшін әскери техника мен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы алмасулар мен ынтымақтастық ілгерілетіледі. Жалпы алғанда, Қытай мен Қазақстан арасындағы әскери қарым-қатынас тереңдеп келеді, тығыз қауіпсіздік қауымдастығын құруға міндеттенеді және аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады.
Әскери саладағы ынтымақтастық шеңберінде бұлардан бөлек Түркияны да атауға болады. НАТО-ның мүшесі саналатын Түркияның әскери әлеуеті әлемнің алдыңғы қатарында. Соңғы жылдары әскери өнеркәсіпте «төңкеріс» жасаған түріктер ұшқышсыз ұшу аппараттарын алыс-жақын шетелдерге сату арқылы қыруар пайда табуға көшті. Қазір Қазақстан мен Түркия арасында әскери ынтымақтастық негізінде бірлескен кәсіпорындар құру туралы біраз жоспарлар бар.
Қорғаныс саясатының маңызды қағидаттарының бірі – аймақтық тұрақтылықты сақтау. Мұнда Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайту ісі назарда тұр. Қазақстан айналасындағы елдердің барлығымен тығыз қарым-қатынас орнатуға көңіл бөліп отыр. Мысалы, Өзбекстан мен Қазақстан қорғаныс министрліктері ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Тараптар екі мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайтуға уағдаласқан.
Келесі бір маңызды түйін – халықаралық құқықты сақтау. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар арқылы ұжымдық қауіпсіздік жүйесіне қатысып келеді. Сол арқылы аймақтық қауіпсіздік мәселелерінде беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде өз ұстанымдарын нығайтуда.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ















