Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту – қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі. Осы бағытта Астана қаласында қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттау, қазақ тілінің беделін арттыру бағытында түрлі іс-шаралар жүргізіліп келеді.
2026 жылғы 9 қаңтарда Астана қаласы әкімдігінің «№28 мектеп-лицейінде» @_28school «Тілдік орта: отбасы және қоғам» жобасы аясында «Тілдік орта отбасынан басталады» атты интерактивті тілдік тренинг және шеберлік алаңы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты:
Ата-аналардың мемлекеттік тілді меңгеруін қолдау арқылы отбасы ішінде тұрақты тілдік орта қалыптастыру, сондай-ақ баланың мектепте алған тілдік білімін үй жағдайында және қоғамдық ортада тиімді қолдануына жағдай жасау.
Ұйымдастырушылар:
- Ж. Маман, «Тілдік орта: отбасы және қоғам» жобасының жетекшісі
- Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК
- Астана қаласы әкімдігінің «№28 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК
- Астана қаласы әкімдігінің «№30 мектеп-гимназия» ШЖҚ МКК @30_mektep_gimnazya_astana
Қатысушылар мен шақырылған қонақтар: Іс-шараға «Тілдік орта: отбасы және қоғам» жобасына қатысушы мектептердің бастауыш сынып ата-аналары, пән мұғалімдері, білім беру және тіл саясаты саласының өкілдері қатысты.
Шара барысы: Шеберлік алаңы бірнеше кезеңнен тұрды: «Тілдік орта – отбасынан басталады» тақырыбында мазмұнды ойлармен танысып, ата-аналар интерактивті ойындар мен тапсырмаларға белсенді қатысты.
Қорытынды: Іс-шара ата-аналардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттырып, отбасындағы тілдік ортаны қалыптастырудың тиімді жолдарын көрсеткен мазмұнды тәжірибелік алаң болды.
Елімізде тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы мен Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүргізіледі.
Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, тілді цифрландыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін өздігінен оқып-үйренуге арналған ІТ-өнімдерді әзірлеу, қазақ тіліндегі контенттің үлесін арттыру, қазақ тілін оқыту, тіл заңнамасының сақталуына бақылау жүргізу мәселелері жан-жақты талқыланып келеді.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру аясында жыл сайын 18 жастан асқан қала тұрғындарына арналған тегін қазақ тілі курсын тұрақты түрде өткізіп келеді. Осы орайда ересектерге қазақ тілін оқытатын оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін «Қазақ тілін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» атты қалалық оқу-әдістемелік семинары ұйымдастырылды.
Іс-шарада алғысөз сөйлеген Астана Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп семинардың маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Семинар барысында білім саласындағы тәжірибелі тіл мамандары – Назарбаев Университеті оқытушылары, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ӘдістемеLab басқармасының әдіскерлері, сондай-ақ қаладағы белгілі қазақ тілі оқыту орталықтарының жетекшілері өз тәжірибелерін бөлісіп, педагогтердің кәсіби өсуіне үлес қосты. Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Арман Шеризатовтың айтуынша, қазақ тілі курсына қатысушылардың арасында ата-әжелердің қарасы қалың.
«Біз тіл курсында жыл сайын 1500 елордалықты оқытып келген болсақ, биыл олардың саны 3000-ға жетіп отыр.
Қазіргі уақытта қала тұрғындарының арасында қазақ тілін үйренуге деген сұраныс жоғары. Әсіресе, қазақ сыныптарында оқитын немерелеріне үй жұмысына көмектессем деген ниетпен ата-әжелері көбірек келіп жүр. Онымен қоса әртүрлі саланың мамандары мен мемлекеттік қызметкерлер бар. Біз курстарда қазақ тілімен қоса ағылшын тілін де тегін оқытамыз. Ол үшін алдын ала бүкіл әлеуметтік желілерде, сайттарда курсқа қабылдау басталғанын хабарлаймыз.
Үміткерлер бізге келіп өтініш тастайды, кейін олардың тілдік деңгейі анықталып, топтарға бөлінеді. Олар аптасына 3 рет келіп, 4 айда курсты аяқтап шығады. Соңында белгілі бір тілдік деңгейді бағындырған соң, қатысушыларға сертификаттар табысталады», – деді Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Арман Шеризатов.
Семинарға қатысқан қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, колледждер мен мектептердің қазақ тілі мұғалімдері, сондай-ақ қалалық қазақ тілі курстарының оқытушылары қазақ тілін үйретудің жаңаша тиімді тәсілдерін меңгеріп, өзара тәжірибе алмасты.















