Қытай ауылшаруашылығы өнімдеріміздің экспортын арттыруға мүдделі

Қытай ауылшаруашылығы  өнімдеріміздің экспортын арттыруға мүдделі

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті. Тараптар қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Министр ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі екенін, бұл елдер арасындағы ауылшаруашылығы өнімдерінің саудасына оң серпін беретінін атап өтті. 2023 жылы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1,6 есеге өсіп, 1,3 млрд доллардан асты. Сонымен қатар, соңғы жылдары Қытай халқының органикалық және экологиялық таза қазақстандық ауылшаруашылығы өнімдерін тұтынуға сұранысы артқан. Өткен жылы аспан асты еліне ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты 2 есеге өсіп, 1,01 млрд долларды құрады.

«Қытай нарығы да қазақстандық астықты экспорттауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Біздің жыл сайынғы жеткізу көлемін 2 млн тоннаға дейін арттыру мүмкіндігіміз бар»,  деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрі Чжан Сяодан ағымдағы жылы тауарлардың жаңа түрлерін экспорттау жөніндегі екіжақты құжатқа келісу мен қол қоюды жеделдетуге жәрдем көрсетуді сұрады. Бұл – салқындатылған ет, құс шаруашылығы өнімдері, қосымша өнімдер, қызылша және картоп өнімдері.

Сондай-ақ, Айдарбек Сапаров Қытайға экспорттау үшін мал шаруашылығы өнімдерін өндіретін жаңа қазақстандық кәсіпорындарды аккредиттеу мәселесін шешуде де елшінің көмегі қажет екендігін жеткізді.

Айдарбек Сапаров Қытай Үкіметіне ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын тексеруге арналған зертханалық жабдықтарды беруге келіскені үшін алғысын білдірді. Қазақстан Қытай тарапымен бірлесіп, оны елге тезірек жеткізу мақсатында жабдықты беру тетіктерін талқылауға дайын.

Сондай-ақ, АШМ басшысы қытайлық кәсіпкерлерді ауылшаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін өндіру және терең өңдеу, оның ішінде өндірістік кооперация қағидаттары бойынша бірлескен жобалар ұйымдастыруға шақырды. Министрдің айтуынша, Қазақстан Үкіметі бірлескен жұмыс үшін жағдай жасайтын болады.

Өз кезегінде Чжан Сяо министрге Қытай Қазақстаннан ет, астық және өзге де ауылшаруашылығы өнімдерін үздіксіз импорттауды қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. Қытай нарығының көлемін ескере отырып, Қазақстаннан келетін импортты ұлғайтудың мүмкіндігі зор екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, ҚХР АӨК саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетті құру жөніндегі жұмысты бақылауға алуды ұсынады. Платформа тұрақты негізде бірлескен сапарларды ұйымдастыруға және ауылшаруашылығы саласының өзекті мәселелері бойынша ҚР және ҚХР уәкілетті ведомстволары арасында тұрақты тікелей байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Жарғының жобасы әзірленді және Қытай тарапы оған мамыр айында Қазақстанда өтетін ШЫҰ-ға қатысушы елдер министрлерінің кеңесінде қол қоюды ұсынды. Чжан Сяо сонымен қатар СҚО-да жаңа технологиялармен жабдықталған заманауи ет комбинатын салу туралы ұсыныс жасады.

Кездесу соңында қос тарап келіссөздер Қазақстан мен Қытай арасындағы ауылшаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

 

 

РАУАН МУТАИР
17.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1037
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7086
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10935
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7152
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7296