Жаңа Конституция жобасы ел ішінде біраз күңкіл мен бүлкіл туғызғаны шындық. Қолдағандар да, заң жобасын тілін безеп «қорлағандар да» аз болмады. Бір биеден ала да, құла да туатыны секілді, көпшілік арасында да жік-жікке бөлініп, айтысып-тартысқандар аз болмады. Ақыры көптің көңілін табу үшін, елдің «ақ батасын» алу үшін мемлекет басшысы референдум өткізуге жарлық шығарды. Әйтпесе «Сен салар да мен салар, атқа шөпті кім салардың» кебін киюге аз-ақ қалдық. Халық дүрлігіп кетті. Әлеуметтік желілердегі елдің екпіні сойқан еді. Тау қопарып тастардай қопаңдаған әлеуметтің қарқыны референдумда «үйретілген асаудай» жуасып қалғаны байқалды. Референдум нәтижесі ақ пен қараның ара-жігін ашып берді.
7 млн 954 мың 666 адам дауыс берді
Жә, сонымен 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция бойынша республикалық референдум өтті. Азаматтар ел ішінде де, шетелде де дауыс берді. Анау айтқандай, белсенділік байқалмаса да, көпшілік халық референдумды қолдап шықты.
Орталық референдум комиссиясы 17 наурыз күні жаңа Конституция жобасына қатысты референдумның түпкілікті қорытындысын шығарды.
– Референдумға қатысуға құқығы бар республика азаматтарының жалпы саны 12 млн 482 мың 613 адам. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 9 млн 127 мың 192 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 73,12 пайызын құрады, – деді комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау туралы мәселенің оң шешімін жақтап, дауыс берген азаматтар саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан 7 млн 954 мың 666 адам немесе 87,15 пайыз болды.
– Референдумға қойылған мәселені қабылдамаған азаматтар саны – 898 099 адам. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны – 127 868. Белгіленбеген үлгідегі, сондай-ақ дауыс бергендердің ерік білдіруін айқындау мүмкін емес және жарамсыз деп танылған бюллетеньдер саны – 146 558. Республикалық референдум туралы заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілген деп саналады, – деді Нұрлан Әбдіров.
Айта кетейік, 16 наурыз күні Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумдағы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Оған сәйкес, дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 9 млн 127 мың 197 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 73,12 пайызын құрады. Осылайша жаңа Конституцияны қабылдау туралы мәселенің оң шешімін жақтап, дауыс берген азаматтар саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан 7 млн 954 мың 667 адам немесе 87,15 пайыз болды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экзит-поллдың нәтижелері шыққан күні жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын халыққа қуана жеткізді. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталған. Мұны еліміздің және шетелдің байқаушылары да айтып отырғаны рас.
«Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн! Еліміздің азаматтары Конституциялық реформаны қолдап, референдумға белсенді түрде қатысты. Отанымыздың болашағын ойлап, дауыс берді. Бұл – өте жақсы оқиға. Қазір ғана экзит-поллдың нәтижелері шықты. Соған сәйкес қазақ елі түбегейлі тарихи таңдауын жасады. Халқымызға шынайы ризашылығымды айтқым келеді. Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз. Себебі Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, Жаңа Халық Конституциясы елімізді тың жетістіктер мен табыстарға бастайды. Бұған ешқандай күмән жоқ.
«Дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мұндай жағдай көптен бері болмап еді. Учаскеге келіп, азаматтық ұстанымын анық білдірген баршаға алғыс айтамын. Осы арқылы күллі әлемге қазақ қоғамының саяси мәдениеті жоғары екенін паш еттік. «Бірлік бар жерде тірлік бар». Бірлік бар жерде өркендеу бар. Елдің қуаты – бірлікте. Бізге татулық пен достық, сабырлылық пен табандылық, жасампаздық пен ұқыптылық, еңбекқорлық пен сенімділік ауадай қажет. Сонда ғана озық, дамыған, бәсекеге қабілетті ел боламыз, – деді Тоқаев.

Бақылаушылар еркін әрі тәуелсіз жұмыс істеді
16 наурыз күні «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы жаңа Конституцияның жобасына қатысты референдумды бақылаудың қорытындысын жариялаған баспасөз конференциясын өткізді.
Журналистердің алдында саясаттанушы Нұрболат Нышанбай, Нұргелді Әбдіғаниұлы, Дос Көшім мен қоғам мүшесі Бекнұр Қысықов сөз сөйледі.
Сарапшылардың айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар тобын құру бастамасы жаңа Конституция жобасының алғашқы нұсқасы жарияланғаннан кейін бірден пайда болған. Бұл идеяны саясаттанушы Нұрболат Нышанбай ұсынған, оны қоғамдық белсенділер мен азаматтық қоғам сарапшылары қолдапты. Топтың негізгі міндеті – 15 наурызда өткен дауыс беру процесіне қоғамдық бақылау жүргізіп, рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету мен ықтимал заңбұзушылықтың алдын алу болған.
Бір ай бойы дайындық жүргізіліп, әр қаладан еріктілер қабылданып, оқыту жағы мен нұсқаулықтар ұйымдастырылды. Қатысушыларға сайлау заңнамасының нормалары мен қоғамдық бақылау ережелерін түсіндірді.
Референдум күні «Халық үні» тобының шамамен 2 мың бақылаушысы Қазақстанның 11 қаласындағы учаскеде жұмыс істеді. Олардың қатарында Алматы, Тараз, Түркістан, Орал, Қонаев пен Талдықорған қаласы бар. Бақылаушылар учаскелердің ашылған сәтінен бастап дауыс беру аяқталғанға дейін болып, рәсімдердің сақталуын бақылап, бәрін тіркеп отырды.
Нұрболат Нышанбайдың айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар топтарын қалыптастыру қоғамдағы саяси мәдениетті дамытып, институционалдық сенімді нығайтуға ықпал етеді. Енді барлық ұсыныстарды талдау үшін Орталық референдум комиссиясына жолдамақ.
Сарапшы топтың қорытындысы, жалпы алғанда, Орталық референдум комиссиясы жариялаған ресми ақпаратпен сәйкес шыққанын айтты.
Халықаралық миссиялардың өкілдері де 15 наурызда Қазақстанда өткен республикалық референдумға қатысты өз бағалауларымен бөлісуді жалғастыруда.
Тан Хтут Тейн, Мьянма Республикасы Одақтық сайлау комиссиясының комиссары, Конституциялық өзгерістерді талқылауға азаматтардың жоғары қызығушылық танытқанын атап өтті және Қазақстандағы референдум тәжірибесі басқа елдер үшін пайдалы болатынын айтты.
Оның сөзінше, бақылаушылар миссиясы қоғамдық реакцияны және азаматтардың Конституциялық өзгерістерді талқылауға белсенді қатысуын мұқият бақылаған.
«Мен осы процеспен байланысты бірнеше аспектіні талқылағым келеді. Біз байқағанымыз, қоғамдық талқылау азаматтар тарапынан белсенді қызығушылықпен өтті. Халық осы өзгерістерге және жаңа Конституцияның мемлекет мүддесіне қалай қызмет ететініне үлкен қызығушылық танытты. Біз көп сабақ алдық және бұл тәжірибені өз елімізде пайдалануды жоспарлап отырмыз», – деді Тан Хтут Тейн.
Қазақстанда өткен республикалық референдумның дайындық және өткізу барысын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) байқаушылар миссиясы 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап бақылап отырды. Бұл туралы ТМД байқаушылар миссиясының басшысы Игорь Петришенко мәлімдеді.
Оның айтуынша, байқаушылар ел аумағында еркін әрі тәуелсіз жұмыс істеп, халықаралық байқау қағидаттарын сақтаған.
«Қазақстанның ұсынысы бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясы 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап республикалық референдумды дайындау және өткізу барысына мониторинг жүргізді. Миссия ел заңнамасын және Достастық құжаттарын басшылыққа ала отырып, ашықтық, бейтараптық және мемлекеттің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын сақтап, еркін әрі тәуелсіз жұмыс істеді», – деді Петришенко.
Оның мәліметінше, миссия құрамында 161 халықаралық байқаушы аккредиттелген. «Миссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізілді. Миссия штабы референдумға дайындық барысы туралы тұрақты түрде ақпараттық хабарламалар таратып отырды. Сондай-ақ баспасөзге арналған кездесулер ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбаттар берілді. Осы орайда миссия жұмысы туралы жан-жақты әрі кәсіби ақпарат таратқаны үшін барлық журналистерге, жарияланымдардың дәлдігі мен жеделдігі үшін алғысымды білдіремін», – деді миссия басшысы.
ТМД байқаушыларының бағалауынша, Қазақстанның заңнамалық базасы демократиялық дауыс беруді өткізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.
«Референдум өткізуге қатысты заңнамалық база жөнінде айтсақ, миссия Қазақстан заңнамасы халықаралық құқықтың жалпыға ортақ қағидаттары мен нормаларына сәйкес келеді және бүкілхалықтық дауыс беруді еркін әрі демократиялық негізде өткізу үшін жеткілікті құқықтық негіз болып табылады», – деп атап өтті ол.















