Сайын Нәдірұлы Шапағат 85 жаста
Қоғамда «аманат» сөзін көбіне уәде, серт, тапсырма немесе біреуге уақытша қалдырылған дүние деп түсіндіреді. Бұл – мағынаның тек сыртқы, тұрмыстық қабаты. Шындығында, аманат – рухтың бір бөлшегі, ал оның кепілі – Нұр. Аманат – материалдық ұғым емес, рухани шындық. Нұрдан – кепіл, Рухтан – ерге аманат. Аманат – Рухтан бөлініп, Нұрдың құзыретімен бір адамға уақытша тапсырылған мән. Аманатқа адал болмасаң, рухыңды былғайсың, Хақтың назарына қаласың. Ұлттың ары – аманат! Сол үшін: жаудан жаралы болып келген батырға: «Жараң құтты болсын!» – дейтін ел едік. Сырға берік, ақиқатқа жақын қазақтай сұңғыла халық жоқ еді. Не болды бізге?..
Әй... Үш қиянның бойында, көктен төмен үңілген, көгендеулі Үркердей – Жеті қайқы, Бес жүйрік бұл күнде сенде жетімсің. Көңілімнің көлінен сыңсып ұшқан бұл сырды жырлап ала жөнелсем, кім қайырар біздерді топансу тектес екпіннен?.. Қай кезде де ерге – ел, ханға – халық аманат!
Міне, Сайын Нәдірұлы Шапағаттегінің саяси тұлғалық болмысын дәл осы шындық пен мәннің кеңістігінен іздеуіміз керек. Я, Бекет!.. Оян, Қазақ!.. Иә, дәл солай! Бәрі есімізде... ойласақ, жадымыз жаңғырып сала береді. Дүбірге толы дүниенің біздер де куәсі болдық. Тарихты оятқан дауыс еді бұл, тыңда, ұрпақ, тыңда! Маңғыстау – тарихтың қалың кітабы. Бұл өлкеде Пір Бекет Мырзағұлұлының нұрлы жолы бастау алған сәттен-ақ, елдің рухани өзегі бекіп, ерлік те, даналық та бір бүтін ұғымға айналған. Әулие-әнбиелер мен батыр, би-шешендер Маңғыстаудың әр қырында сары тас, тісеу шақпақ, айлы күмбез, кереге белді жайлап жатыр. Сол ұлы дәстүрдің жалғасы болып, әр дәуір өзінің тұлғасын тосады. Бүгінгі заманның мұндай тұлғалары – сирек, ал сол сиректің бірі, шын мәніндегі табиғи ұлттық болмыс иесі – Сайын Нәдірұлы Шапағаттегі. Пір Бекеттен басталған жол – халыққа қызмет етудің асыл мектебі. Сайын Нәдірұлының жөргегінен жөн біліп, бесігінен бекем болып түлеуіне сол сәулелі кие, ұлттық тәрбиенің әсері молынан деп білеміз.

Тыңда, ұрпақ, тыңда!
ХХ ғасырдың соңындағы қазақ қоғамының тағдыры – ұлттық намыстың, рухани түлеудің тарихы. Осы оянудың ішінде Маңғыстау өлкесінің орны ерекше. Тарихы терең, мінезі бөлек, рухы текті бұл өңірде елдің ішкі еркіндігі ешқашан сөнбеген. «Абыл» мен «Ақжарма» күйдің үніндегі шемен-шер, үзілмес үміттің арасында, атар таң мен батар күннің күміс қылау, алтын алау өзіндік өрнегі – әдібі жібек, зер секілді омыраулап, домбыраның сағасынан төгіліп тұр.
...Алтынды сәуле ішінде, атамның
жатыр тұнбасы,
Шыңырауға біткен шындықта, әжемнің
жатыр сырғасы.
Әулие-Пірлер жайлаған, ерлерім
қылыш қайраған,
Кімдердің қайда қалмаған, ажалды күні
бір басы.
...Осылай толғап-толғап, тоғысқан ойдың түйінін өлеңмен шешіп тастағым келіп тұрғаны..., оқырман түсінер.
(Жарты ғасыр өмірінің ішінде жағаласып жаттан теңдік сұрады. Ерте кетті..., ел есеңгіреп қалды. Сайын Нәдірұлы 1940 жылы 4 қаңтарда Маңғыстаудың Каспий теңізі жағасындағы «Тельман» атындағы ауылда (Сығынды ауыл кеңесі) дүниеге келген. 1991 жылы 1 желтоқсан күні қаралы хабар тарады, ұлы тұлға ұясына батқан күндей бізден қонысын алыс салып, бақиға аттанып кетті.)
Жә, сонымен Сайын Нәдірұлы кім?
Оның болмысы көзге ұрып тұрған дәуірдің талабымен астасып, ішкі тұнықтық пен ойдың тереңдігінен бастау алатын алғаусыз арманның, қылаусыз қиялдың нақ өзі еді. Шаңырағында болдық, дәм таттық, шаттанып жыр оқыдық, күй тарттық. Сайын Нәдірұлы – өнерге жақын, өзі де ән салатын, отырыстың ыңғайына қарай әңгіме айтып, көңілді отыратын. Спортпен де ерекше айналысқан, сом білекті, жолбарыс тектес жігіт болған деседі. Әрбір пікірі туған елдің мүддесінен, ұрпақтың қамынан туындайтын есіл ердің халқы қасында болды, алайда дұшпаны да аз емес екендігін сезетінбіз. Дұшпан... Дұшпанның ниеті құпия, әрекеті әшкере десек те, ерлік пен елдіктің жолы жеңіл емес, майдансыз мамыражай заман болмайтыны түсінікті. Нілдің суындай құмға сіңіп, құрдымға бастайтын көн етікке құрым шұлғау «кеңесшіл» дәуірдің құрсауы қатты, құбыласы – Мәскеу еді. Сайын Нәдірұлы болса, өрт ішінде өмір үшін күрескен қас батыр, жағаласып жандасқан, халық үшін қандасқан қалыбы бөлек қаһарманның тірі бейнесі еді. Себебі, кеңестік қызыл империяға қарсы шығуға болады деген ұғым көпшіліктің санасына сыймайтын үрей еді.

Рухы сынбаған азамат айбары
Жүзіне қарасаң – онда даңқтың да, дабыраның да ізі жоқ. Жай ғана сабыр, жай ғана адамдық нұр. Керек жерінде өжет, өр мінездің иесі, сол кездің өзінде қалыптасқан қайраткердің есімі елдің аузында, достың сөзінде, дұшпанның көзінде екен ғой, қолдан шығып кеткен соң «аһ» ұрғаның кімге керек. Сөзбен сырғалап, жақсыны жылғалап ағысынан адастыруға бейім тұрамыз әйтеуір. Көп нәрсенің қадірін кеш білгеннен кенжелеп жүргенімізді жақыннан бұрын жат сезіп, буынсыз жерден пышақ ұрып құлата беретіні де сондықтан. Сөз білетін, сүрлеуден жаңылмаған қариялардан сұрай қалсаң: «Сайын ба, Сайын?!.. Тұғырлы қыран, туабітті қайраткер, жалыны бөлек жанартау еді», – деп, тілінің тиегін ағытып қоя береді. Ол өзін халықтан жоғары қоймайды, қайта сол халықтың бір бөлшегі екенін сездіріп, жасы кіші біздердің өзімізге құрметпен қарайтын. Жиналыстарда сөз беріп, ағалық ықыласын, жүрек жылуын бағыштап, ниет – қауырсын, пейіл – пердесімен қорғаштап, сүйеніш болып тұратын.
Қабырғалы қалың елдің қағанағын қақ жарып шыққан төл перзентінің түр-сипаты, бітім-болмысы қайрауы жеткен қылыштай еді. Қатулы сәтте қаршыға құстай шүйлігіп, мінберден мірдің оғындай нысанаға дөп тиіп, билік иелерінен жауап алып, талап қойып жататын.
Мұндай тұлға үшін билік – мақсат емес, аманат. Ол аманаттың салмағы жеңіл емес екенін жақсы біледі. Сондықтан қадамы – есепті, сөзі – өлшемді, әрекеті – адал. Ақиқаттан аттамайды, өйткені шындықтың оты өшсе, сенімнің шамы да сөнетінін түсінеді.
Мұрнын тескен тайлақтай бақырып жүріп жетекке ерген «компартияшыл» көштің бетін бері қарату үшін әлі ұзақ жол, жүйелі күрес керек екенін сезбеді дейсің бе, сезді, әрине! Бірақ бір құрбандық қайда да керек, әлемде ондай саяси тұлғалардың өмір жолы, есімі елге таныс.
Саяси тұлға – дауылда желкен, тыныштықта бағдар іспетті. Өзгелер көрмегенді көреді, айтпағанды айтады, бірақ бәрінің түп мақсаты – халықтың мүддесі. Ол ерлік туралы айқайламайды, ерлікті күнделікті еңбектен, ерен әрекет, батыл да бастамашыл жаңа даңғыл, жасампаздықтан табады. Оның көшбасшылығы – елге қызмет етудің ең қарапайым, ең таза үлгісі.
Бойында тек мінез бен парасат қана емес, мейірім де бар. Себебі мейірімсіз саясат – тас, ал тас елдің жүрегіне жол таба алмайды. Саяси тұлға халқының мұңын тыңдап, үмітін тірілтіп, жолын көрсетеді. Оның шынайылығы – халыққа деген сенімде, халықтың оған деген үмітінде.
Сұлулық – оның қарапайымдылығында, қарапайымдылық – оның ұлылығында.
Міне, нағыз саяси тұлғаның болмысы осындай: таза, терең, тұнық, сабырлы, салмақты, сұлу. Елдің тағдырына жауап беретін мінсіз ой да, мейірімге толы жүрек те – осы болмыстың бөлінбес бөлігі.
Тәуелсіздік қарсаңындағы ұлы қозғалыстардың ортасында туған, заманының жүгін мойнымен көтерген, әділет жолынан таймаған, ұлттық сананың сөзін сөйлеген, Алланың ерге берген аманат-парызын абыроймен Хақтың қалауына қайта тапсырған Сайын Нәдірұлы Шапағаттегі – сол дәуірдің айрықша тұлғасы. Оның саяси келбеті – халықтық сана мен еркін ойдың көрінісі, елдік пен ерліктің сабақтастығы.
Алғидың шөлін іздеген, Нарынның құмын тіздеген нар шалдардың ұрпағымыз біз деген, иә, солай, қазақпыз ғой, мақтануға шеберміз. Шындығында, осы бір ауыз жырды Сайын Нәдірұлы сияқты азаматтар айтса, жанға шуақ құйылып, рух шаттанар еді. Кеңес үкіметінің күрмей байлап, шандып іліп, аз ұлттардың төбесінен шаңбақ тіліп, тері құрсау қаптаған қансусар зұлымдығынан ойы мен бойын ерте тазалаған, ол неткен саяси тұрғыдан сергек қайраткер десеңші?.. Ерте жетілген, бес қаруын жүрегіне салып өскен. Ердің ісі – елеулі, халқына болса қалаулы дейді термеші, жыршы-жыраулар. Елі – еледі, халқы – қалады! Сайын Нәдірұлы Мәскеуге емес, тұтас ұлтқа, әділет пен әмірсіз мәмілеге сүйенді. Әр жүрекке үміттің шырағын жақты.

Серт пен уәденің сардары
Кеңестік зұлмат және ұлттық сананың жарасы жадымыздан кетер емес. Кеңестік империя қазақ халқының жадын өшіруге бағытталған ауыр, жүйелі саясат жүргізді.
Ашаршылықтың ізін ала Совет пен Герман соғысы басталды. Сайын Нәдірұлы сол сұрапыл дәуір, сұқты көз, аңдысқан жау мен ойраны әлі күнге басылмаған империялық «...измдердің» қызыл шоғына табанын қарып, өзегі өрттен күлбіреп жүріп ержетті.
1931-33 жылдардағы геноцид қазақтың жартысын жалмады. Маңғыстау да бұл қасіретті бастан кешті. Адай жұрты бүтін рудың өмірімен талқыға түсіп, талай сынақтан өтті. Ұстарасыз мұрт, қайшы көрмеген қаба сақал – орыс патшасының жосықсыз әмірі – өз алдына бір нәубет. Жүгенсіз бәлшебектердің жасамаған жауыздығы жоқ қой, асқынып, айдаһардай жұтып, жалмап, отап кетті, несін айтамыз. Алаш арыстары атылды, жыршы-жырауларды тұншықтырып, байларды бақандап, би-шешен, ишандарды қуғындады. Қазақтың рухани ұстындары қиратылып, елдің білімді тобы жойылды.
Мешіттер жабылды, әулие-әмбиелі орындар қорланды. «Иман – жүректің нұры» деген халық түсінігі күдік пен қысастыққа тап болды.
Кейін қазақ мектептері азайып, тіл қолданыстан шеттетілді. Бұл ұлтты іштен әлсірететін ең ауыр соққы болды. Сайын Нәдірұлы ұлт жүрегіндегі осы запыраннан, зауалдың уын ішіп, болашақ жойқын жорыққа дайындалған дарабоз.
Дегенмен, өнегелі өңір барлық қысымға қарамастан рухы сынбаған аймақ болып қалды. Ар мен намыстың оты, жыраулардың үні, елдік дәстүрдің мектебі Маңғыстауды ішкі тұтастығынан айырмады. Қуғыннан сәл кейін, соғыстан сәл бұрын дүниеге келген бұл ұрпақтың мықты болмасқа амалы жоқ еді. Олар өлімнен өмір сұрап, кепілдікке балалық шағын айырбастады. Біз бе, біз: пенделік тіршіліктің пердесін жамылған жасықтармыз. Не ұлттың төріне өзіміз шықпаймыз, не ұлттық мүддені шығармаймыз. Аманатты аяласаң – тегіңе тірек, ал аяқасты қылсаң – көріңе күрек болады. Атажұрт – Аманат! Аманатты – рухтан алған, Нұрдан кепілдік берілген, халықтан сенім мен сүйіспеншілік дарыған Сайын Нәдірұлының тәлімдік мектебінен үлгі алуымыз керек. Аманат – адалдық бар жерде өмір сүреді.
«Аһ» ұрғанда не тынды, айдағанымыз бес ешкі, оны да сілекейін шұбыртып қорқау біткенге үлестіріп жатырмыз. Иә, қай қотырыңды қасығанда дертіңнің өзегі табылып, іріңі шығады, білмедім?.. «Тәуелсіздікті алғаннан, оны сақтау қиын», – деп Әбіш Кекілбай ағамыз қақсап, зар-тілегін заманның тақтасына іліп кетіп еді. Ай, данышпан ғой, рас екен.
Мемлекетшілдік, ұлттық мүдде мен рухани құндылық, тіл мен діл, дәстүрлі дін, әділ сайлау атты үміт пен сенімнің «тұлпарларын» баптап: Тәуелсіздік алған соң болашақтың алаңына келіп, бүкіл өркениеттің назарын бұрып «аламан бәйге» ұйымдастырып, жиналғанбыз. Қош деңіз, кермеден келешектің «көкмойнағын» күткенбіз.
Сөйтсек, ой, Алла!.. «Жемқор» атты бір сүлік қара қамшы салдырмай бірінші келді. Қалған аттардан әлі хабар жоқ, отыз жылдың өрмегін аударып, қалы басқұр, күлтелі бауын тоқып жүрміз. Серт пен уәденің сардары – Сайын ағам-ай, сенің рухың бұдан да хабардар шығар, дегенмен барға шүкір етеміз. Тәуелсіздік – мәңгілік ұранымыз!
Сай сүйегің сырқырап, сөзді жүндей сабап, сырты бүтін, іші түтін сүлдерің отырғанда, бабалардан қалған өр рух, өміршең әрекеттің нұсқасын көріп, есіңді жинап елдің қатарына қайта қосыласың. Сайын Нәдірұлының әрекеттік бейнесі елдің есінде көп сақталған, себебі ол – мігірсіз қозғалыстың, сұрапыл саяси майданның әрі жаяу әскері, әрі генералы еді. Республикалық дәрежедегі саяси күйреу мен әлеуметтік қалжыраудың салдарынан, әлемдік аласапыранның дауылы мен құйынынан елді сақтау керек болды. Сол кездегі «Азат» және «Парасат» қозғалысының саяси әдістемелік тәсілдері – жүзіктің қасын күміспен сіркелегендей аса нәзік, епті, шебер шешімдер еді. Негізінен мәңгүрттенген сананың ауыртпалығы бәрінен де қауіпті болды. Империяның астына қайта жата кетуі, әлде мезгілсіз құлшыныстардың құрбаны болу машақаты қырағылықты талап етті.
Махамбет ақын:
«Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығуға,
Қас үлектен туған қатепті
Қара нар керек біздің бұл іске», – депті.
Қайран қара нарлардың қадірін жастар біліп, өз тарихының үнін естіп, рухын қайрап, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарын жадына сақтап, жүрегіне салып өссе дейміз ғой.
Жә, жақсы, тақырыптың негізгі бөлімін қаузап көрейік.
Қазақстанның тәуелсіздікке бағытталған саяси эволюциясында белгілі қайраткерлердің тарихи рөлі – ұлт санасының серпінін айқындайтын маңызды факторлардың бірі. Осындай тұлғалардың қатарында тұрған Сайын Нәдірұлы Шапағатов – Маңғыстау өңірінің рухани тірегіне айналған, әділет пен халық мүддесін қорғау жолында өмірін арнаған көрнекті мемлекетшіл азамат. Оның өмірлік ұстанымы, азаматтық батылдығы және қоғамдық еңбегі – қазақ қоғамындағы ұлттық сананың омыртқа бойы жұлынға біткен табиғи жалғасы іспетті.
Осы мақалада Сайын Нәдірұлының тұлғалық болмысы мен қызметін кеңестік кезеңдегі ұлттық бұлқыныстардың, атап айтқанда, 1986 жылғы Алматы және 1989 жылғы Жаңаөзен көтерілістерінің тарихи мәні мен сабақтастығынан іздеп көрейік. Бұл қозғалыстарды тек «оқиға» деп атау тарихи әділеттілікті әлсіретеді. Олардың түпкі табиғаты – ұлттық сананың дәуірлік жарылысы, тәуелсіздікке деген табиғи импульс.
Сайын Нәдірұлы: Азаматтық адалдықтың үлгісі
Сайын Нәдірұлы – сырттай қарапайым, бірақ іштей зерделі, парасаты терең, пайымы жоғары кемел азамат. Әділетке адалдығы, халыққа қызмет етуге деген туа бітті уыздан дарыған мінезі – оның басты ерекшелігі. Ол биліктің емес, халықтың тілінде сөйледі. Дабыра емес, нақты іске сүйенеді.
Ал енді, Желтоқсан мен Жаңаөзендегі көтерілістердің ішкі мазмұны: әлем іздеп жүрген әділдік пен мінезге біткен өзіндік әрекет емес пе?! Ол – Сайын Нәдірұлының тұлғалық ерекшелігі – жер, ел, құқық, әділет деген ұғымдарды жеке мүдденің емес, ұлттық жауапкершіліктің өлшемі ретінде қарастыруы. Ол халықтың мұңын өз жүрегіне сіңіре білген, әділетсіздікке төзбеген және өз аудиториясының саяси ұстаханасын жасақтай білген талант. Сонымен қоса, көзсіз ерлікке барған Иса-Досан, Мырзалы хан (Мырзағали Тілеумағанбетұлы) сияқты сайыпқыран сардарлардың заңды жалғасы. Империялық алдамшы жүйенің өз дәуіріндегі жауыздығын жалпыға аян қылып, құқайына қарсы тұра алған сирек мінезді, тамырлы тарихтың өзегінен өмір іздеген еркіндіктің жаршысы, екіұдай кезеңде елді бастаған тұлға болды.
Сайын Нәдірұлы Маңғыстау өңіріндегі әлеуметтік әділетсіздіктерге, ресурс пен мүмкіндік теңсіздігіне, халық мүддесін елемеуге қарсы ашық күрескен қайраткер ретінде танылды.
Оның азаматтық батылдығы бірнеше бағытта айқындалды. Мысалы, өңірдегі әлеуметтік мәселелерді орталық деңгейге дейін жеткізе алды. Жергілікті халықтың құқықтарын қорғады. Кеңестік бюрократия мен өктемдікке қарсы азаматтық позициясы ымырасыз, жігерлі болды.
Жемқорлық пен әділетсіздікке қарсы үздіксіз күресті. Ол адамдарды ізіне ерте білді, себебі оның сөзі – шындықтан, әрекеті – ардан, миссиясы – халықтан бастау алды.
Маңғыстаудағы ұлттық рухтың, елдік мінездің, отаншылдықтың нық тұғыры оның есімімен біте қайнасып жатыр. Сайын Нәдірұлы – дәуір тоғысындағы бағдаршам, өлкеге тән өзіндік саяси мәдениеттің үні, тарихты оятқан дауыс болды. Қайраткердің саналы болмысында ғасырлар бойы қордаланған тарихи өксік пен өкініштің өрті жатты. Қағидалы қадам жасай білген даланың ұшқыр да ұтқыр ұланы еді. 1986 жылы Алматыда және 1989 жылы Жаңаөзенде болған ұлттық көтерілістің, дәуірлік жарылыстың түпкі себебі ортақ – азаттыққа деген ұмтылыс. (Үстіміздегі жылы Ақтау қаласында Сайын Нәдірұлының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми жиында Серік Ерғали мырза да осы тарихи тұжырымды ескертіп өтті.)
Желтоқсан мен Жаңаөзен көтерілістері – ұлттық жарылыс
Кеңестік және кейінгі жылдардағы ресми тарихнама 1986 және 1989 жылдарды «оқиға» деп атаумен шектелді. Ғылыми тұрғыдан қарасақ, «оқиға» термині кездейсоқтықты, эмоциялық реакцияны, уақытша құбылысты білдіреді.
Бұл – ұлттық сананың ғасырлық жинақталған энергиясын, саяси қысымның нәтижесін, отарлық жүйенің дағдарысын түсіндіру үшін жеткіліксіз.
Менің ойымша, ғылыми дәл ұғым: ұлттық сананың жарылысы.
Бұл қозғалыстарды ғылыми жағынан – жарылыс, халықтың ішкі тарихи энергиясының сыртқа шығуы деп түсінуіміз керек.
Олардың түпкі табиғаты:
Психо-тарихи фактор – ұлттық жадтағы қысым мен жарақаттың шегіне жетуі. Әлеуметтік-саяси фактор – отарлық кадрлық саясат пен теңсіздікке қарсылық. Мәдени, тілдік, рухани күйзелістерден шығу амалдарының жүйесін жасауға ұмтылуы және бағыныштылыққа бейім нигилистік синдромдардың созылмалы сырқатына қарсы парасатты күрес жолын таңдауы – ақылға қонымды іс болды. Сайын Нәдірұлы саяси тепе-теңдікті сараптап, осы арқылы саяси келбетін ел алдында айқындап, тек Маңғыстауда емес, тұтас Қазақ елінде көпшіліктің назарын өзіне аудара бастады. Бұқара халықтың жүрегіне мейірім мен үміттің сәулесін түсірді. 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан – жай наразылық емес, ұлттық еркіндікке деген анық және батыл талаптың шідер шешіп, шынжыр үзген тұсы болды. (...Ұлттық меншік пен мемлекеттілік сезімінің оянуы, халықтың тарихи өзін-өзі тануы, тоталитарлық қорқынышты бұзуы еді.) Бұл – саяси тәуелсіздікке барар жолдың алғашқы алауын жаққан сәт десек те, қателеспейміз.
1989 жылғы Жаңаөзен көтерілісі көбіне «әлеуметтік қақтығыс» ретінде түсіндірілді. Бірақ оның өзегінде: жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық шеттетілуі, этносаяси әділетсіздік, өз жерінде бөгде сезінудің азары және тәуелсіздікке деген ішкі сұраныс жатты. Ұлт-азаттық бұлқыныстың дүбірі дүниеге жетті.
Сайын Нәдірұлы өмір сүрген, еңбек еткен, сол рухпен тыныстаған өлкенің бұқаралығы да, батылдығы да дәл осы тарихи жарылыста көрінді. Ұлттық намыстың оянуы – саяси шешімдердің бедерін бекемдеп, ұлттық мүдде тұрғысынан қабылдануын көздей бастады, бұқаралық тұрғыдан талап етілді. Ұжымдық ерік қалыптасуы – халықтың өзін тарихи субъект ретінде сезінуіне жол ашты.
Бұл екі көтеріліссіз Қазақстанның 1991 жылғы тәуелсіздігі мүмкін басқаша бағыт алып, кешігетін (онсыз да аяғына дейін күттік, ең соңғы болып Тәуелсіздіктің туын көтердік), әлсіз интеллектуалдық негізде болар еді. Ұлттық сана дайын болмас еді, не өзгелердің жетегінде кетуі де ғажап емес, оған бүгінгі қазақ тілінің тағдыр-талайы мысал бола алады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл оқиғалар тәуелсіздікке дейінгі де-факто ұлттық референдум рөлін атқарды. Қоғам ішіндегі терең психологиялық, тарихи және саяси сұраныс бір сәтте жарылып, бүкіл халықтың атынан жасалған таңдау ретінде көрініс тапты. Халықтың отарлық саясатқа деген түбегейлі қарсылығын, ұлттың өзін-өзі басқару қажеттілігін, мемлекеттік тәуелсіздікке деген ұжымдық сұранысын, ұлттық рухтың басылмай, қайта күшейгенін пәрменді түрде паш етті. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі мен 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғалары – ұлттық намыс пен саяси тәуелсіздікке бағытталған тарихи бұлқыныстың тектоникалық дүмпуі еді. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі мен 1989 жылғы Жаңаөзендегі халықтық толқулар посткеңестік кеңістіктегі азаттық қозғалыстарының алғашқы толқынына жатады. Бұл – Кеңес Одағының идеологиялық іргесін шайқаған алғашқы ұлттық серпілістердің бірі.
Сайын Нәдірұлы Шапағатов – 1986 және 1989 жылдардағы ұлттық бұлқыныстардың ішкі логикасымен үйлескен тұлға. Оның өмір сүру формасы – ұлтқа қызмет ету, оның мұрасы – елдік мінез. Ұлттың тәуелсіздікке жету тарихы адамдардың ерлігімен, әділеттілік үшін күрескен тұлғалардың рухымен жазылады. Сайын Нәдірұлы – сондай тұлғалардың бірі және бірегейі. Кеңес Одағының соңғы онжылдығында «интернационалистік» риторика сыртқы көрініс ретінде сақталғанымен, ішкі құрылымда ұлттық теңсіздіктің терең механизмдері болды. Кеңестік империя тек экономикалық құлдырау емес, саяси мүжәлсіздіктің де ең апатты деңгейіне жетіп, өзінің шынайы «болмысын» әбден ашып, «Қайта құру» деп түлкібұлаңға салып, құйрығын ойната бастаған кезі болатын. Осындай тарихи-философиялық орта ұлттық санада «жасырын қысым» және «жинақталған энергия» эффектісін қалыптастырды. Сайын Нәдірұлы – жоғары білімді маман (1962 жылы Алматы Тау-кен институтын, 1969 жылы Мәскеуде Губкин атындағы Мұнай-газ өндірісі институтын бітірген), мемлекеттік жүйенің ішкі тынысын жетік сезінетін басшы, инженерлік дәлдік пен саяси архитектуралық күрестің зиялы дәнекері болды. Дер кезінде, 1989 жылғы Жаңаөзендегі көтерілістен кейін «Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысын құрды. Республикалық «Азат» қозғалысының ішінде «Парасат» қозғалысының дербес, саяси-ұжымдық және тұлғалық кеңістігін сақтай отырып, келелі ой, кемел істің ұйытқысы бола білді.
Қазақтың жоғын іздеген «Азат»
Азат қозғалысы («Азат» азаматтық қозғалысы) – Қазақстандағы тәуелсіздік алдындағы және алғашқы тәуелсіздік жылдарындағы қоғамдық-саяси бірлестік. Бұл қозғалыс ұлттық сана оянуына және Қазақстанның егемендігіне маңызды серпін берген, республикалық дәрежедегі саяси ұйым еді.
«Азат» қозғалысының құрылтайы 1990 жылдың 30 маусымында Алматыда өтті.
Қозғалыстың тең төрағалары ретінде белгілі адамдар сайланған (мысалы, Сәбетқазы Ақатай, Сайын Шапағатов, Михаил Есенәлиев және т.б.).
Сайын Нәдірұлы Шапағатов басқарған «Парасат» қозғалысы төмендегі бағыттарда жұмыс жасады: әлеуметтік әділеттілікті қорғау; қазақ тілінің мәртебесін көтеру; ұлттық мектептер ашу; көрші елдермен, аймақтармен жол және су қатынасын, сауда үрдісін дамыту; қазақ балаларын өркениеттік деңгейде оқыту; өндіріс орындарын ашу, кәсіптік деңгейлерін көтеру; қазақ тұрғындарының мүддесін билікке жеткізу; аймақтық тарихи атауларды қалпына келтіру; этномәдениетті, ұлттық рухты, дәстүрлі дінді дәріптеу; халықтың саяси белсенділігін арттыру. (Мұның барлығы сөз күйінде қалған жоқ, мүмкіндігінше қала атауларын өзгерту, балабақша, мектеп, тіл мәселелері ішінара іске асып жатты.)
«Парасат» қозғалысы Маңғыстауда ресми мінберден тыс, алғаш рет: халықтық шешім қабылдау үлгісін қалыптастыруға бет алған, еркіндік тұғыры пайда болды. Бұл – Қазақстандағы азаматтық және қоғамтану институттарының алғышарттарына деген бұқаралық құлшыныстың әліппесі секілді еді. Сайын Нәдірұлының еңбегі, көзі ашық сауаттылығының бұл да бір дәлелі. Өлкеміздің тарихы – өзіміздің мақтанышымыз! Қара орман халық, сыңсыған елдің ішінде кімдер жоқ. Аллаға шүкір, қабылан құрсақ келіндеріміз елге тұтқа ер туудан кенде емес. Бірақ сол балапандардың жан-жақты жетілуіне қаншалықты назар аударып жүрміз?.. Алда қандай заман бар, ұлтын ұлықтайтын ұл-қыздарымыздың тәрбиесіне жеткілікті мән беріп жүрміз бе?.. Аға ұрпақтың және мемлекеттің тарапынан бұл мәселеге қаншалықты қамқорлық жасап жатырмыз?.. Ертең де бұл елге ерлер керек, саналы азаматтар самсап дайын тұруы қажет.
Сайын Нәдірұлы осындай өзекті шараларға аса жіті қарап, алысты ойлаған. «Парасат» – демократиялық, азаматтық, мәдени және ұлттық жаңғыруды тұтастықта қарастырған алғашқы аймақтық қоғамдық-саяси платформа, маңызы зор, мақсаты асқақ тұжырымның тегеурінді нүктесі еді. Пікір бостандығы, халық жиналыстары, ашық қоғамдық ұйымдар тұрғындарды толассыз бауырына тартты. Азаматтар аудандардан келіп, «Парасат» қозғалысына сенім артып жатты.
Халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын күшейту үшін арыз-шағымдарды тыңдап, ұсыныстарды іріктеп, тіпті арасында жеке отбасылық мәселелерге дейін сөз болған сәттер кездесті. Тарихтың ақиқатын іздеген, ұлағатты ұғымның иесі – Сайын Нәдірұлы елінің болашағына сенді. Бұл күнде «Оралман» не болмаса «Қандас» атанып жүрген қазақтарға деген туыстық ықыласы – кіршіксіз, кінәратсыз көңілі таңғы шықтай мөлдір еді.
Әртүрлі ұлт өкілдері, қоғамның барлық сатысындағы азаматтар тең дәрежеде сөз алды, өз орнын тауып, белсенділік танытып жүрді. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарына барып, Сайын Нәдірұлы «Парасат» қозғалысының бөлімшелерін ашты. Кеңестік басқарманың регрессивті моделіне балама жасаудың мүмкін болған саяси және әлеуметтік шараларын жанкештілікпен іске асыра білді. Сайын Нәдірұлы Шапағатовтың ерекшелігі – оның әрекеті тек оппозициялық сипатта емес, жүйелі реформаторлық сипатта болды. Ол кеңестік бюрократияның кемшіліктерін сынаумен қатар, нақты әлеуметтік-мәдени шешімдер ұсынды. Бұл оны дәуірлік деңгейдегі тұлғаға айналдырды.
Халықты заң мен заманның арасындағы саяси күрестің мәдениетіне, ұлттық мүдденің түбегейлі жеңіске деген амалына, парасат пен пайымның мектебіне қарай бұрды. Империялық «ойынның» опасыз қақпанына, жарты әлемді жалмай салатын жаланың аранына түсіп қалмасын деп көрегендік танытып, білімдарлықпен қамқорлық жасады. «Алашорда» арыстарына тән кісілік пен ұлтына деген шынайы перзенттік махаббаттың көрінісі емес пе, бұл да бір бүгінгі күннің сауалына жауап. Қараңыздар, ерлердің ісін естен шығармаңыздар!
Шаттықта болсын рухың,
Иманнан болсын мерейің.
Ту тігер тұста тұғырым,
Жан аға, саған не дейін?..
Дәуірдің жүзі салқын-ды,
Алладан басқа кімің бар?
Біз білдік сенің нарқыңды –
Естілмей жүрген бір үн бар!..











