«Ұлттық баспасөзге деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?

«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?

Өткен аптада әлеуметтік желіде ұлт жанашыры, академик, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы бәріміздің көкейімізде жүрген үлкен мәселені көтерді. Шынында да, соңғы уақытта елімізде мерзімді баспасөзге жазылу бағасының күрт өсуі қоғамда орынды алаңдаушылық тудырып отыр.

Ешқандай басылым өз бағасын көтеруге мүдделі емес. Газет-журналдардың өміршеңдігі оқырманға кеңінен таралуына тікелей байланысты. Сондықтан оқырмандар бағаны кім және қандай себеппен көтеріп отырғанын білуге тиіс.

Бүгінгі қымбатшылықтың басты себебі – қағаз, бояу, баспа шығындарының бірнеше есеге өсуі және ең бастысы – «Қазпошта» АҚ тасымалдау тарифтерінің жыл сайын едәуір арттырылуы. Бұл тек баспасөз үшін ғана емес, қоғамға да ауыр салмақ болып отыр.

Мәселенің түп-төркіні – газеттерді ауылдарға жеткізуге арналған мемлекеттік субсидияның жыл сайын қысқаруы. Субсидия азайған сайын «Қазпошта» тарифті көтеруге мәжбүр екенін мәлімдейді. Осы себепті барлық редакциялар бұл шешімнің салдары туралы тиісті органдарға бірнеше рет хат жолдап, мәселені бірлесе шешуді сұрап келеді.

Біздің басылымдарымыздың миссиясы – халыққа шынайы ақпарат жеткізу, елдік пікір қалыптастыру және өңірдің үнін таныту. Газет-журнал – бүгінгі аласапыран ақпарат дәуірінде ұлттық құндылықты, салмақты ойды, сараптамалық пікірді сақтайтын бірден-бір алаң. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзіндей, баспасөз дәстүрі үзілмеуі керек, өйткені бұл – өркениетті қоғамның белгісі.

Қазіргі жағдайда қоғам, Парламент, атқарушы билік және журналистика қауымдастығы күш біріктіріп, дәстүрлі баспасөзді тек экономикалық тұрғыдан емес, ұлттық-ағартушылық құндылық ретінде қарауы аса маңызды. Газет-журнал – ұлттың ой кеңістігі. Туындаған қиындықты бірлесіп шешейік. Түсіністік пен бірлік бар жерде жол табылады.

Біз оқырманға сапалы контент ұсынуға, қолжетімді болуға және халыққа шынайы ақпарат жеткізуге бар күшімізді салып келеміз. Ұлттық баспасөзге деген сенім мен құрмет үзілмесін!

Біз төменде өзіміз өткізген дөңгелек үстелдеріміздің  бір-екеуінің сілтемелерін келтіріп отырмыз: (https://qazdauiri.kz/news/qazaq-baspasozi-bugini-zane-erteni. Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр! Президентке Ашық хат)

(Qazdauiri.kz https://share.google/4XLbIebDuguElfMsi. Қазақ баспасөзі – қазақтың үні, қазақтың намысы. 30.09.2022 жыл)

(https://qazdauiri.kz/news/ulttyq-ruxaniyattyn-qainar-kozi-zel-otinde-tur-ham-qazaq-baspasozinin-kosegesi-qasan-kogeredi. 02.03.2023 жыл)

 

Басылымдар тағдыры қыл үстінде

Қазақстандағы баспасөздің қазіргі жағдайы алаңдататыны жасырын емес. Бұрын «Бағы ашылмаған оқу-ағарту» министрлігіне келген бірнеше министрдің бірі «Газетке жазылуға МӘЖБҮРЛЕМЕҢДЕР!» деген сөзімен бар газеттерге тосқауыл қойғанын бәріміз білеміз. Біз бұл мәселені талай жаздық.

Ковид індеті бүкіл әлемді қысып жатқан қиын кезеңде алғашқы дөңгелек үстелімізді өткіздік. Сол тұста жоғары жақтан газетке жазылуға мәжбүрлемеу туралы бұйрық келді. Онсыз да басылымдар жарыққа шықпай тоқтап тұрған тұста бұл бізге қосымша соққы болды. Сол кездегі қиындықтарда он шақты газет және журнал редакторлары, қоғам қайраткерлері, тіпті «Қазпошта» басшылары шақырылып, туындаған шұғыл мәселелерді талқыладық. Алғашқы үндеуді Президентке жолдадық, бірақ нәтиже болмады. Сол себепті екінші дөңгелек үстел ұйымдастырып, Президентке ресми хат жолданды.

Астанада өткен дөңгелек үстелге басылым басшылары, қоғам қайраткерлері, жанашырларымыз қатысып, мәселелерді өткір қойып, газет-журналдардың болашағына қатысты ойларын білдірді. Ондағы басты мәселе – басылымдардың ауылдар мен кітапханаларға жеткізілуі. Бұл – баспасөз тағдырын шешетін маңызды мәселе.

Өкінішке қарай, сол кездегі дабылымызға көптеген басылымдардың басшылары, оның ішінде «Қазақ газеттері» де мән бермеді. Егер сол кезде бірлесіп әрекет етсек, нәтиже шығуы мүмкін еді. Енді жағдай әбден мүшкіл халге жетіп, тек бас газетіміз – «Егемен Қазақстан» ғана сақталып отыр. Ашығын айту керек, «Егемен Қазақстанның» алаңдап, баспасөздің күрделі жағдайына үн қосуы бұл көкейтесті мәселеге қозғау салғаны анық. Бірақ кеш болса да, мәселені көтеру ешқашан артық емес.

Жуырда біздің газетімізде «Тұяқ серпуге шамамыз бар ма?» атты Кәдірбек Құныпияұлының мақаласы жарияланды. Онда «Қазақ баспасөзінің тұяқ серпуге енді қауқары бар ма?» деген сұрақ қойылады. Өйткені қазақ СӨЗІН «бауыздау» процесі біраз уақыт бұрын басталған. Отыз жылдық қиын кезеңнен аман өткен БАҚ жүйесіне шабуылдар «Қазпошта» арқылы, министрліктер мен басқа үкіметтік құрылымдар арқылы басталған.

Көптеген газет-журналдар өз оқырмандарынан айырылды. Оқырман азайса, «Қазпоштаға» жұмыс азаяды, жұмыс азайса – қаржы қысқарады. Енді олар азайған қаржысын газетті жеткізу құнын көтеру арқылы қалпына келтіруді көздеп отыр. Ал рухани байлық, оқитын ұлт қалыптастыруға ешкімнің басы ауырмайды.

Бас иеміз, Ақпарат және мәдениет министрлігі бұл мәселеге назар аударуы тиіс. Қаламдастар, тұяқ серпуге шамамыз келе ме, келмей ме? Ұлттық баспасөзді сақтап қалу – барлығымыздың ортақ міндетіміз.

БАҚ-тың бүгінгі  ахуалы  қалай?

Президентіміз баспасөзді құрметтеуге шақырып, жылы сөз айтып отырғанда, кейбір жоғары органдардың кейбір басылымдарды шетке ығыстырып, өрескел әрекеттер жасауға хақысы жоқ екенін бәріміз білеміз. Дәл осы шындықты тоқсаныншы жылдардан бастау алған, ұлттық идеологияның маңызды саласы – баспасөзге деген теріс көзқарастың халықпен байланысын әлсіреткен процестермен байланыстыра қарауға болады.

Мемлекет қолдауымен шығатын кейбір басылымдар шетке қақпайлауды сезінбесе де, жекеменшік басылымдар үшін бұл өте өзекті болды. Кейбір редакциялар жабылып, қатаң бұйрықтар арқылы ұлттық идеологияны бәсеңдету әрекеттері орын алды. Мәселен, «Қазпошта» компаниясының жазылу маусымын көктемгі және күзгі деп бөлуі алғашқы соққы болды. Сонымен қатар, басылымдарды жеткізудің кешеуілдеуі, пошта қызметкерлерінің айлығын төмендетуі, халықтың алдында баспасөз пәрменін әлсіретіп отыр. Ақырында, бүгінгі мүшкіл жағдайға тірелуіміз кездейсоқ емес.

Бұған дейінгі нөмірімізде Мәжіліс депутаты Е.Бапидің осы мәселені көтерген мақаласын жариялаған едік (https://qazdauiri.kz/news/qazpostany-monopoliyaga-ainaldyryp-otyrgan-kim). Газет-журнал – ұлттың ой кеңістігі. Туындаған қиындықты бірлесіп, ақылдасып шешу – баршамыздың міндетіміз. Түсіністік пен бірлік болған жерде жол табылады.

Біздің «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұйымдастыруымен жүргізілген «Ауыл аманаты – ұлт болашағы» атты экспедициясының миссиясы – ұлттық идеологияның қайнар көзін сақтау және ауылды өркендету. Сол арқылы халыққа шынайы ақпарат жеткізіп, елдік пікір қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Өкінішке қарай, кейбір газеттер оқырман тапшылығына ұшырап, жазылым бағасын көтеруге мәжбүр болып отыр. Мысалы, «Егемен Қазақстанның» бір жылдық жазылу бағасы 27 мың теңгеден жоғары, ал кейбір жеке басылымдар баспахананың қарыздарын төлей алмай қалуда.

Журналистердің айлығы төмен, осы мамандыққа келетін жастар саны азайып барады. Ауылдық жерлерде газеттердің таралуы төмен, «Қазпошта» қызметкерлері өз мәселелерін шешу үшін шектеулі мүмкіндіктерге ие. Бұл жағдай ұлттық рухани байлықты қалыптастыруға кері әсерін тигізеді.

Бүгінгі таңда қоғам, Парламент, атқарушы билік және журналистика қауымдастығы күш біріктіріп, дәстүрлі баспасөзді тек экономикалық тұрғыдан емес, ұлттық-ағартушылық құндылық ретінде қарауы аса маңызды. Мәселелерді көтеру билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір болып, мемлекеттік көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басылымдардың болашағы – баршамыздың ортақ мүддеміз. Рухани байлықты қорғау үшін күш біріктіруіміз қажет. Бұған әріптестеріміз бен қоғам бірге атсалысуы тиіс.

 

Қазақ баспасөзінің  жағдайын жақсарту үшін біздің ұсынысымыз: 

1. Қиын экономикалық жағдай – қағаз, баспа және тасымалдау шығындарының өсуі, «Қазпошта» тарифтерінің артуы, жазылу бағасының күрт қымбаттауы. Кейбір жекеменшік газеттер жабылып, редакциялар қаржылық қиындыққа ұшырап отыр. Баспасөзге мемлекет тарапынан қамқорлық керек.

2. Оқырман тапшылығы – ауылдық жерлерде газет-журналдардың таралымы төмендеп, жазылымға халықтың мүмкіндігі шектеулі. Таралым мен жеткізуді жақсарту – ең маңызды іс. «Қазпошта» қызметінің сапасын арттыру, газеттерді уақытылы жеткізуді қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде газеттерді жеткізуге арнайы жобалар енгізу. Сандық және баспа форматтарды интеграциялау – онлайн жазылымдар арқылы да оқырман санын арттыру. Сондай-ақ жергілікті оқиғаларды, ауылдың тыныс-тіршілігін көрсету арқылы аймақтық оқырманға жол ашу. Баспасөздің ұлттық-ағартушылық құндылық екенін мойындау таралымды көбейтудің негізі. 

Таралымды қайтсек көбейте аламыз? Оқырман тартудың жолдары көп, оның ең тиімді әдісі – мектептер мен кітапханалар арқылы жазылымға насихат жүргізу. Ол үшін баспасөздің маңызды рөлі кеңінен насихатталуы тиіс.

3. Ұлттық идеология мен рухани миссияның әлсіреуі – баспасөз халыққа ұлттық құндылықты жеткізетін негізгі алаң ретінде өз функциясын толық атқара алмай жатыр.

4. Басылымдар мен билік арасындағы байланыс әлсіз. Мәселені шешу үшін бірлескен жұмыс аз, мемлекеттік қолдау жеткілікті деңгейде сезілмейді.

5. Журналистердің әлеуметтік ахуалы төмен – еңбекақының аз болуы мамандыққа келетін жастар санын азайтып, кәсіби кадр тапшылығын туындатады. Қазақ басылымдары мемлекеттік тұрғыда қолдауға зәру.

6. Ұлттық баспасөздің тағдыры қоғамға байланысты – қоғам, билік және журналистика қауымдастығы бірлесіп әрекет етсе ғана дәстүрлі баспасөзді сақтау мүмкіндігі бар.

7. «Қазпоштаға» балама қажет. Тасымалдаушы кәсіпкерлерге субсидия беру қажет. 

«Қазпоштаға» балама ретінде тасымалдаушы кәсіпкерлерді қолдауды нарықтың жаңа талабы қажет етеді. Олар қазірдің өзінде бар. Тек олардың әлеуетін арттырып, мемлекеттік тараптан қолдау қажет. 

Қазір нарықта жеке тасымалдаушы кәсіпкерлер бар. Соңғы екі жылда біз Жамбыл облысы бойынша осындай кәсіпкерлермен жұмыс істеп көрдік. Тәжірибе көрсеткендей, жеке компаниялармен жұмыс істеу тиімді болуы мүмкін. Бірақ оларды таңдау барысында ерекше мұқият болу қажет. 

Әрбір серіктес тасымалдаушыны толық тексеріп, сүзгіден өткізу – басты талап. Өйткені нарықта саңырауқұлақтай қаптап кеткен шағын пресс-қызметтер бар, алайда олардың бәрі бірдей сенімді емес. Мысалы, Таразда үш түрлі пресс қызметі жұмыс істейді, солардың біреуі-ақ біздің талапқа сай, ар-ұятымен жұмыс істейтін балама болуға лайық.

 «Қазпошта» жылдар бойы ел ішіндегі негізгі тасымалдаушы қызметін атқарып келді. Алайда соңғы уақытта бұл мекеменің қызметіне қатысты шағымдар көбейіп, компанияның өзіне сеніп қалғандай, дандайсып кеткені байқалады. Оның салдары – оқырмандарды жоғалту, мерзімді басылымдардың уақытылы жетпеуі және халықтың наразылығы. Сол себепті де жеке кәсіпкерлерді қолдаған жөн.

Біз үшін әрбір оқырман – табан ақы маңдай терімен жинаған аудитория. Сондықтан олардың жоғалуы баспа саласы үшін үлкен шығын мен беделге нұқсан келтіреді. Осы себептен «Қазпошта» қызметіне балама іздеу – бүгінгі күннің маңызды мәселесі.

Қорытындылай келе, «Қазпоштаға» балама табу – бүгінгі баспа индустриясының стратегиялық міндеті. Бұл – оқырманды жоғалтпау, қызмет сапасын арттыру және бәсекелестікті қалыптастыру үшін қажет қадам. Тек тексерілген, жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеу арқылы ғана саланың дамуына серпін беруге болады.

Қазақ баспасөзінің жағдайын жақсартып, таралымын көбейту үшін бірнеше стратегиялық бағыттар бар. Мысалы: Бағаларды қолжетімді ету және жазылымды ынталандыру керек. Ол үшін жазылу бағасын халықтың төлеу қабілетіне сәйкес реттеу керек. Мемлекеттік субсидияларды көбейту, әсіресе ауылдық аймақтарға газеттерді жеткізу үшін қолдау көрсету маңызды.

Түйін: Міне, біз жоғарыда қазақ баспасөзінің бүгінгі қиын халі мен қалай оқырман тарту керек деген сұраққа жауап іздедік, қиындықтан шығар жолдарды көрсеттік. Қазіргі экономикалық қиындықтар мен түрлі проблемаларға қарамастан, газет-журналдардың өміршеңдігі үшін қоғамның бірлігі, мемлекеттік қолдау және редакциялар арасындағы ынтымақтастық аса маңызды. Тек осы арқылы ұлттық баспасөздің дәстүрі сақталады және қоғамға қызмет ету миссиясы толық жүзеге асады.

Қазақ баспасөзі ұлттық рухани құндылықты сақтап, қоғамды ақпараттандыруда шешуші рөл атқарады. Таралымын көбейту үшін бағаны қолжетімді ету, жеткізу қызметін жақсарту, сапалы контент ұсыну, цифрлық платформаларды дамыту, журналистердің әлеуметтік ахуалын көтеру және қоғам мен биліктің қолдауын біріктіру керек. Тек осылай баспасөз өміршең болып, ұлттық ой кеңістігін сақтай алады. Сол жолда әріптестер мен қоғам күш біріктіре әрекет етуіміз керек.

 

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағанбетов мырзаға 

 

АШЫҚ ХАТ

 

Құрметті АСХАТ ҚАНАТҰЛЫ! 

Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалыңызда «қобызшы, жырау, зергер, бүркітшінің мәртебесі жоқ» деп, мәдени мұраның жоғалуына алаңдапсыз.

Жарайды, алаңдаңыз.

Бірақ бір нәрсені ашық айтайық:

Мәдени құндылықтарды  жоғалтудың жарты жолына қазақты жеткізген саяси тұлғалардың бірі  – өзіңіз емес пе!

Сіз ұлттық мұраны заңнан іздепсіз.

Ал қазақ асыл мұрасын ғасырдан ғасырға жеткізіп келе жатқан газет тігінділерінен іздеген. Сіз оларды мәдени кеңістіктен ығыстырып шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасадыңыз емес пе?

Бүгінгі газет оқымайтын ұстаздардың тұтас буыны – сіздің «реформа» деген атпен жүргізген саясатыңыздың тікелей өнімі. Енді  «ұлттық мұра жоғалып барады» деп  дабыл қаққаныңыз – өрт қойған адамның түтін искеп тұрып, «кім жақты?» дегенімен бірдей емес пе? 

«Мұғалім мәртебесі туралы» заңмен  өзіңізге «Аймағанбетовтың реформасы»  деген мәңгілік  ескерткіш қою мақсатыңызды орындадыңыз. Енді мәдени мұраның да «құтқарушысы» болғыңыз келе ме?

Бірақ бір нәрсе анық: баспасөзі әлсіреген жерде ұлттық мұра да әлсірейді. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп жарып, мәдени мұраға қамқорлық  жайында әңгіме айту-саяси пафос!

  Егер Сіз мәдени мұраның тағдырына шын алаңдасаңыз:

алдымен баспасөзге жасалған қысымыңызды мойындаңыз;

 ұстаз бен газет арасына сына қаққан солақай саясатыңыздың салдарын мойындаңыз;

Содан соң  ғана «ұлттық құндылықтар жоғалып бара жатыр» деп  дабыл қағуға моральдық құқығыңыз болады.

Асхат Қанатұлы, ұлттық құндылыққа қамқорлықты сахнадағы ойынға айналдырмай,  өз қолыңызбен салып кеткен жарақатты  түзетуден бастаңыз!

Мұғалімдер «дивизиясын» алдыңызға  қалқан қылмай, осы ашық хатқа өзіңізден тікелей, бұра тартпаған ашық  жауап күтемін!

                                          Риза АСАНҚЫЗЫ

 

 

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері
28.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 39
Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 33
Әлеуеті артып  келе жатқан аймақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.11.2025 34

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20382
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20210
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35318
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33886
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37736