ТҰҒЫРЫ БИІК АРДА АҚЫН

ТҰҒЫРЫ БИІК АРДА АҚЫН

 

Дәулетбек Байтұрсынұлы. Осы бір есім жыр сүйер қауымның есінен шыға қоймаған болар. Тырнақалды өлеңдері  «Жас толқын» ұжымдық жинағына  енгенде-ақ, азулары алты қарыс ақын ағалары «балағының биті бар» жігітке үмітпен қарағаны рас. Жас ақын жігерін жанып, шабыт  дейтін арғымаққа қамшыны басты.   Қаршадайынан өлең жазып, тау-тасты шарлап, тайға мініп, қой жайып, табиғатпен сырласып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен бала қиялы да ұшқыр еді. Салт-дәстүрге берік еді. Атағынан ат үркетін ақын-жыраулардың жырларын жаттап, қазақ ертегілерінің батырларына ұқсап, асық атып, асау үйретіп ағайын-туыстың ортасында еркелеп өсті.  Имани  тәрбиенің уызына қанды. Обал мен сауаптың аражігін аша білді. Есейе келе елді аңсады. Сағынышы басылмады... Өзгелерге бас ұрмады.    Шағаладай шарқ ұрды.  Уақыт шіркін де жай-жай басып өте берді.

Дәукең өзінің балалық шағы жайлы былай дейді: «Балалық шағымның ең тәтті естелігі – әкемнің бес жасымда атқа отырғызғаны. Жеті жасымнан он екі жасыма дейін шабандоз болдым. Отыз жасыма дейін көкпар тарттым. Спорт десе, мен көкпар дер ем. Қай жағынан қазақтың ұлы болдың десе, жүйрік мініп, көкпар тартқаным үшін деймін. Балалық шақтың көрінісі осылар» деп ағынан жарылады. Ұлттық болмыс, қазақы қалып, бабалар аманатына адалдық деген осы емес пе!

«Осы уақытқа дейін айтпаған бір сырым бар. Соны айтайын. Мен тумай тұрып маған қалыңдық атастырған. Ескі өмірдің соңымын. Тұңғыш бала болғандықтан, ата-әжемнің бауырында өстім. Атамның Рысқұл деген досы болатын. Сонда атам айтыпты, «Мен баламды үйлендірдім. Егер келінім ұл туып, сенің келінің қыз туса, қызыңды маған бересің. Ал менің келінім қыз туып, сенің келінің ұл туса, мен қызымды саған беремін» деп екеуі уағдаласыпты. Содан 1964 жылы мен дүниеге келдім, ол үйден де ұл келді. Енді екінші баланы күтеді. Менің қарындасым дүниеге келеді, бірақ нағашымыз асырап алыпты. Сөйтіп жүргенде үш жылдан кейін Рысқұл деген кісінің отбасына қыз дүниеге келеді. Атам сонда «болды, мен мына қызыңа құда түсем» депті. Сонда, былай айтқанда, «бесік құда» ғой. Қазір сол қыз –  менің әйелім» дейді. Қызық па, қызық. Салт-дәстүрді жаңғырту, өткенге оралу, бабалар жолы дегенді еске алғанда, Дәукеңнің осы айтқаны ойыма орала береді.

Тақырыбы да қызық, жазылу стилі де өзгеше «Өлместің суы бар ма?» шығармасына үңіліп көрелікші. Ересектердің ғана емес, бала  түсінігіне жақын, ертегі-аңыз түрінде жазылған әпсана. Бір деммен оқып шығасың. Оқып шығасың  да, тағылымдық дүниенің оқырман қиялына ұшқын шашқанын сезе қоясың. Бұл да болса  тәжірибелі балалар жазушысының шеберлігінің бір қыры-ау. 

«Өлместің суы» туралы бала кезімде ескі аңыз оқып едім. Ол аңызда бір адам өлгісі келмей, ұзақ өмір сүруді армандап, өлместің суы «Әбілхаятты» аңсап жолға шығады. Ай жүреді, жыл жүреді, шалдығады. Бір күні орман шетінде тұрған жап-жасыл болып, жапырақ жайып тұрған мыңжылдық алып ағаштың түбіне келіп отырады. Жолаушы демін алып айналасына назар салса, өзі көлеңкесінде дем алып отырған ағаш ең биік, ең үлкені екен.

Осы кезде төбе жағынан дауыс естіледі.

– Оу, мүсәпір жиһангез, іздегеніңді таптың ба? – дейді.

       Тапқан жоқпын. Сен кімсің? Қайдан сөйлеп тұрсың? – дейді жиһангез.

Әлгі бейтаныс дауыс:

– Жоғарғы жағыңа қара!.. Сөзімді тыңда!.. – депті.

Жолаушы өзі отырған алып ағаштың діңіне қараса, сақал шашы жалбыраған аппақ қарт адам тұр екен. Адамның кеуде тұсы ағашқа киіліп, ағаш қарттың ішінен тесіп өтіп, өсіп тұр екен. Бұл көріністен жолаушы жаны түршіге қатты тіксінеді. Сол кезде ағашқа киіліп қалған қарт тіл қатады.

– Мен мыңдаған жылдан бері өмір сүріп келемін. Мен де өлгім келмей, сен секілді өлместің суы «Әбілхаятты» іздеген бейбақпын. Күндердің бірінде биік таудың басынан, жасыл аршаның жанынан «Әбілхаят» бұлағын таптым. Құмарым қанғанша іштім. Әне сол күннен бастап маған ажал жақындаған жоқ. Замандастарым мен үрім-бұтағымның бәрі өмірден өтті. Мен әлі тірімін. Ақыры бұл өмірден жалықтым. Басыма өлім тіледім, сонда да ажал келмеді. Тірліктен мезі болғаным сонша, қалай да өлуге бекідім.

Амалым таусылып, бір күні орман шетіне келіп отырсам, қураған түбірдің найза секілді сояуы көзіме түсті. Өлудің сәті келді деп, кеудемді жалаңаштап, жүрегімді туралап үшкір түбірге келіп құладым. Үшкір ағаш кеудемді «гірш» еткізіп тесіп, арқамнан шығып кетті.

«Әй, енді өлген шығармын» деп жаным тынышталғандай болып еді. Оным бекер болды. Менің кеудемді тескен қу түбір сол сәттен бастап көгеріп көктеп, жайқалып өсе бастады. Бұл ағаш та өлместің дертіне тап болды. Одан беріде мыңдаған жыл өтті. Мен әлі өлмедім. Ағаш барған сайын күш алып өсіп барады. Мінекей, өзің көріп тұрғандай ағашпен бірге өсіп, не көкте емес, не жерде емес, аспаққа асылып тұрмын.

Ал сен өлгің келмесе, өмір іздеме, еңбек ізде! Халқыңа пайдаң тисін. Не жақсы деген атың қалсын, не ұрпаққа білім болар хатың қалсын!..» – депті.

Орнынан тез тұрған жолаушы қарттың қасіретті күйіне үрейлене қарап, өзінің келген жағына қарай жолға түсіпті.

Мен осы аңызды оқыған сәттен бастап еңбекті сүйдім, іздену жолын таңдадым. Өлместің суын ішу өлмес өнер жолын табу екенін анық түсіндім. Мен ол биікке жете алмасам да, соның жолындамын» дейді Дәулетбек Байтұрсын.

«Төлеген оқыған хат» кітабының да өзіндік тарихы бар. Қызыға оқисың. Ғалым Төрәлі Қыдыр «Дәу-ағамыз орта ғасырлардан соң өз алдына жанр ретінде көп көрінбей қалған тарихи жанр түрін қайта жаңғыртып, бүгінгі оқырманына ұсынды. «Төлеген оқыған хат» 33 хаттан тұратын мұхаббатнама жанры  екені анық. Мәселе оның формасында ғана емес, рухани үндестігімен де оқшауланып тұр» деп сараптама жасаған екен. Бұған біздің қосып-аларымыз жоқ.

Кітапты оқып шыққан көпшілік оқырман «Төлеген ұстаз өмірден алынған ба?» деп сұрары сөзсіз.

Бұған Дәулетбек Байтұрсын баспасөз бетінде былай жауап беріпті: «Бұл жерде жетпіс пайызы бір адамның образы. Отыз пайызы басқалардың басынан өткенді Төлегеннің басына жидым. Өзінің айтуымен оның есімін кітапта атамадым.

«Төлеген оқыған хаттың» хат формасында жазылуы екі түрлі нәрседен туды. Біріншісі, біздің заманымыз хат жазу заманы еді. Байланыс құралымыз хат болатын.

Хат бірінші жақпен жазылады. Сол себепті көңіл күйді керемет сіңіресің. Осы екі себеп есебінен хатты әдебиетке алып келдім.

Төлегеннің орнына әр адам өзін қойып оқыса да болады. Қоғамда махаббат, сүйіспеншілік, адамгершілік деген нәрселер ұмыт қалды. Жасаған жақсылығынан қайтарым күтпейтін Төлеген сияқты адамдар өмірде бар да шығар.

Көбіне нәпсі мен адамдық екеуі ылғи таласта жүреді. Нәпсі жеңген кезде адамдықтан алыстай бастайды. Адамдық жеңсе, өмірге бейімделу бастау алады. 33 хаттың өз тарихы бар...».

 Балалар әдебиетіне қалам сілтеп жүрген ақын, жазушы  бүгіндері «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы да.  Ақынды бүгінгі балалар әдебиеті қатты алаңдататыны жазған мақалалары мен сұхбаттарынан жиі бой көтереді. Осының өзінен ақынның бүгіндері қоғамдық мәселелерге назар аудара бастағаны байқалады.  Жас буынды ынталандыратын, қозғау салатын ешбір тәсіл жоқ. Әне, сондықтан олқылықтың орнын интернет иеленді. Шетелдік ақпараттың тасқыны басып кетті» дейді бір сұхбатында.  Ақын жайлы сөз қозғағанда оның жырларына ат шалдырмай кету ұят. Иә, ақынның да ақыны, батырдың да батыры бар. Әркім өзінің шамасына қарай шабады.   Дәулетбек ақынның жырлары оқыған адамды селк еткізер күшке ие. Өлеңді ермек үшін емес, бойды қыздырған ыза-кекті жеңбек үшін жазатыны байқалады.   «Мәңгілік мекен» атты жыр жинағын оқығанда осы ойға әбден табан тіредім. Сүйсіндім. Қызықтым.  «Біздің таудың қасқыры» деп аталатын өлең, өлең емес, өреңді көтерер кенен екен.

Біздің таудың болатын бір қасқыры,

Ұлығанда естілетін ащы үні.

Таудың күллі киіктері елеңдеп,

Жалтақ-жалтақ жайылатын жас бұғы.

Айналасын қалт кетірмей тінтетін,

Аңқаулыққа жібермейтін кілт есін.

Сақсынатын сап ететін көкжалдан,

Бір пәленің тұтатар деп білтесін.

Күңірентіп мылтық  даусы жар салып,

Сол қасқырды атып кетті аңшы алып.

«Азулыдан құтылдық» деп тау іші,

Киік біткен биге басты, ән салып.

Жүрмеген соң айналада «қас» торып,

Алды-алдына қалғып кетті мас болып.

Жер бетінде қасқыр барын көрмеген,

Қам-қайғысыз ұйықтап жатты жас қодық.

Мұны білген өзге таудың бір мықты

Көк бөрісі қырқар ма екен тірлікті.

Тақыр шаптан тартар ма екен талайды,

Ұмытуға бастағанда бірлікті.

Несі қызық мүлгігенмен атырап?

Өз мықтысы жүргені жөн бақылап.

Маубастықты сергітуге бір қасқыр,

Өз тауында жортып жүру мақұл-ақ!

Осы өлеңді санаңа салып әлдилеп, тербетіп отырсаң, басыңа сан қилы ойлар келеді. «Күңірентіп мылтық  даусы жар салып,

Сол қасқырды атып кетті аңшы алып.

«Азулыдан құтылдық» деп тау іші,

Киік біткен биге басты, ән салып...» деген жолдардан азаттық аңсап шаһит болған көкжал бабалардың рухты күрес жолы көз алдыңа келеді.

Ал мынау «Жүрмеген соң айналада «қас» торып,

Алды-алдына қалғып кетті мас болып.

Жер бетінде қасқыр барын көрмеген,

Қам-қайғысыз ұйықтап жатты жас қодық» деген шумақ, ұлы бабалардың ерен ерлігін ұмытқан, өзгеге құл болып бара жатқан жас ұрпақтың бет-бейнесі емес пе!

«Биліктің бишісі боп бір ғасырды,

Өткіздік.

Аққан терлер құмға сіңді.

Өзіне түйіп тұрып жүгінтпекші,

Тек қана бір Аллаға құл басымды» деп жазуға да үлкен ғазиз жүрек керек-ау...

Дәулетбек ақында мұндай отты жырлар өте көп.

 

Көпшілік оқырманның көзайымына айналған ақын, балалар жазушысы Дәулетбек Байтұрсынұлы асқаралы алпысқа келіп жатыр. «Qazaqstan dauirі» газеті ұжымы атынан Дәукеңді туған күнімен құттықтаймыз. Отбасына, бала-шағасына амандық, деніне саулық, шығармашылығына зор табыс тілейміз.  Өсе бер, өркендей бер, Дәулетбек ақын!

 

 

 

 

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
18.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1037
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7085
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10935
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7152
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7296