2026 жылғы 28 қазанда Анкарада Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова Юнус Эмре институтының жаңадан тағайындалған президенті, профессор, доктор Селим Аргунмен кездесті.
Кездесу барысында профессор Ақтоты Райымқұлова Селим Аргунды жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, алдағы жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Юнус Эмре институты арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі кеңейіп, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы нығая түсетініне үміт білдірді.
Өз кезегінде профессор, доктор Селим Аргун Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қызметін жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі әрі дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында тараптар түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және халықаралық деңгейде насихаттау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Бірлескен басылымдар әзірлеу, ғылыми және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, тәжірибе алмасу, сондай-ақ цифрлық платформалар арқылы түркі әлемінің бай мәдени мұрасын халықаралық аудиторияға кеңінен таныту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
















