Нақты жоспарлар айқындалды

Нақты жоспарлар айқындалды

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков 2025-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын таныстырды. Тараз қаласының алдағы екі жылдағы әлеуметтік-экономикалық келешегі қандай? Қала тұрғындарын қандай жаңа нысандар, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік бастамалар күтіп тұр? Осы және өзге де маңызды мәселелер Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен өткен Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз брифингінде кеңінен талқыланды.

 

Жаңа аудандармен ұлғайған аумақ

 

Бақытжан Әмірбекұлы өз сөзінде алдымен 2023-2025 жылдарға арналған Тараз қаласының даму картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен ағымдағы жылдың алғашқы алты айындағы нәтижелерге тоқталды. Ең маңызды жаңалықтардың бірі – қала әкімшілік құрылымындағы өзгерістер. Биыл Тараз қаласында екі бірдей жаңа «Әулиеата» және «Жібек жолы» аудандары құрылып, қала аумағы бұрынғы 18,8 мың гектардан 31,8 мың гектарға дейін ұлғайды. Халық саны да артып, 437 мыңнан 482 мың адамға жетті.

 

Көлік қозғалысы мен жол инфрақұрылымы

 

Қалада көлік қозғалысын оңтайландыру және көше жүктемесін азайту – басты міндеттердің бірі. Бұл ретте екі ірі жол-көлік инфрақұрылымдық жобасы қолға алынуда. Бірінші жоба – Абай даңғылы арқылы өтетін теміржол үсті көпірінің құрылысы. Бұл жоба бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, 16,9 миллиард теңгеге республикалық бюджетке өтінім берілді. Құрылысқа қажет жер телімдерін мемлекетке қайтару мен нысандарды сүру жұмыстарына 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылып, алғашқы жұмыстар басталып кеткен.

Екінші жоба – Абай даңғылы мен Сыпатай батыр көшесі арқылы Жамбыл даңғылына дейінгі аралықта теміржол мен өндірістік аймақты кесіп өтетін эстакада құрылысы. Бұл жобаның да сараптамасы дайын, құны – 23,04 миллиард теңге. Эстакада пайдалануға берілсе, шығыс жақтан қалаға кіретін ағын жеңілдейді, №14 шағын ауданына тікелей жол ашылмақ.

 

Тұрғын үй және жер мәселесі – басты назарда

 

Қалада 22 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Әкім бұл мәселені шешу жолында «Сәулет», «Ұлы дала», «Әулиеата» шағын аудандарында тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алғанын мәлімдеді. Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынған. Оның 2,1 миллиарды республикалық бюджет есебінен бөлініп, 162 пәтер сатылып алынды. 2025 жылға қосымша 140 пәтерге 1,9 миллиард теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ 2005-2025 жылдар аралығында жер теліміне 130 479 азамат тіркелген. Осыған орай қала шетінен «Асқаров» көшесінің соңы (312 га), «Хамукат» (126 га) және «Қарасай» (126,6 га) алқаптарынан жалпы көлемі 564,6 гектарды құрайтын үш аумақ мемлекет қажеттілігіне алынып, инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. 16 шаруа қожалығынан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып, енді жеке тұрғын үй салуға кезекте тұрған азаматтарға жер бөлу жұмыстары басталған.

 

Инженерлік желілер, күрделі жөндеу және ауызсу

 

Әкім көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, жылу желілерін жаңғырту, қала көшелерін жарықтандыру, ауызсумен қамту, жол жөндеу және ирригация жүйелерін жақсарту бағытында да жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық және тұрмыстық жайлылығын арттыруға бағытталған.

 

Білім беру нысандары – болашаққа инвестиция

 

Білім саласында ауқымды істер атқарылуда. Нақтыласақ, 2024 жылы бірден төрт мектеп пайдалануға берілді. Олар «Казарма» алқабындағы 180 орындық, «Арай» алқабындағы 600 орындық, «Бәйтерек» және «Ұлы дала» шағынаудандарындағы әрқайсысы 1200 орындық мектептер. Биыл «Ұлы дала» шағынауданында 2000 орындық жайлы мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Шөлдала» алқабындағы 600 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. №15, №7 мектеп-гимназияларына 300 орындық, №27 орта мектепке 600 орындық қосымша ғимараттар салынуда.

 

Қоғамдық көлік жаңарып жатыр

 

Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру үшін 2024 жылы 155 жаңа автобус алынған болса, биыл жыл басынан бері 15 автобус жеткізіліп, жыл соңына дейін тағы 82 автобус әкелу жоспарланған. Қазіргі уақытта қала бойынша 9 тасымалдаушы мекеме жұмыс істеп жатыр.

 

Мәдениет – рухани тірек

 

Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ. Қазір «Құмшағал» тұрғын алқабында 140 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, қалаға қосылған елді мекендердегі тозығы жеткен мәдени нысандарды жөндеу жоспарда бар. Атап айтсақ, «Бектөбе», «Шайқорық» алқаптарындағы мәдениет үйлері мен «Қоңыртөбе», «Сұлутөр», «Шайқорық» алқаптарындағы кітапханаларға ағымдағы жөндеу жүргізіледі.

Жалпы алғанда, Тараз қаласының 2025-2026 жылдарға арналған даму жоспары нақты жобалармен, кезең-кезеңімен іске асырылатын шаралармен бекітілген жүйелі құжат. Қала басшысы Бақытжан Орынбековтің айтуынша, мақсат – Таразды өмір сүруге жайлы, инфрақұрылымы дамыған, әлеуметтік қажеттіліктері қамтамасыз етілген заманауи қалаға айналдыру.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Жамбыл облысы, Тараз қаласы

 

10.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15291
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15191
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30331
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28952
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32516