Демографиялық өсу – еліміздің қуатты болуы

Демографиялық өсу – еліміздің қуатты болуы

Өткен ғасырда жер ғаламшары халқы  жаһандық тұрғыдан қарасақ, бұрын-соңды болмаған өсімді бастан кешіпті. Оның әлемге тигізер жаңа мүмкіншіліктерімен бірге қиындықтары да болған. Демографиялық саясат әлемнің әрбір елінде әртүрлі жүргізіледі. Осыған байланысты  саясаткерлер тиімді демографиялық саясат бағытын ұсынды.  Демографиялық саясаттың мәні ресурстарды бөлу, әлеуметтік даму және экологиялық тұрақтылық сынды шаруаларды шешуге бағытталған.  Ендеше, біз  халықтың демографиялық өсімінің қазіргі жағдайы жайлы айтпай кете алмаймыз. Халықтың саны оның ұлттық иммунитетіне, экономикасына әсерін тигізер бірден-бір фактор болып табылады. 

Қазақстанның демографиялық саясаты елдің болашағы үшін өте маңызды. Бала тууды ынталандыру, отбасыларды қолдау, көші-қонды тиімді басқару және білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жақсарту – осы саясаттың негізгі аспектілері. Дегенмен халықтың қартаюына, өңірлік айырмашылықтарға және көші-қонды басқаруға байланысты сын-қатерлер Қазақстанның тұрақты да жарқын келешегін қамтамасыз ету үшін тұрақты талдау мен тиісті шаралар қабылдауды жөн санайды.

Демографиялық өзгерістер Қазақстанның келешегін  анықтауда  үлкен рөл атқарады. Әлемде болып жатқан жаһандық сын-қатерлер кезеңінде қарқынды өсу үшін тиімді демографиялық саясат қажет. Президентіміз  Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті халыққа Жолдауында еліміздегі демографиялық ахуалға алаңдайтынын айтып, Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеген еді.   «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет», – деді Мемлекет басшысы. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша халық саны 20 095 963 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 513 014, ауылдықтар – 7 582 949 адам. 3 айда халықтың жалпы өсімі 62 121 адамды құрады. 2024 жылдың алғашқы үш айында 91,9 мың мың сәби дүниеге келді, қайтыс болғандар саны  33,4 мың адам болды. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 58,4 мың адамды құрады. Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1000 тұрғынға 25,10 адам), Түркістан (24,71) облыстарында және Шымкент қаласында (23,57) байқалды. Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1000 тұрғынға шаққанда 12,05), Шығыс Қазақстан (11,98) және Қостанай облыстарында (10,51) тіркелді, бұл осы облыстардағы халықтың жас құрылымымен ерекшеленетін фактор. Сондай-ақ, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 26,7 мың неке және 8,8 мың ажырасу тіркелген.

Қазақтардың саны  тәуелсіздік алған жылдары бар болғаны 7 миллионның үстінде болды. 2012 жылы 10 миллионнан асты. Ал  1991-2023 жылдар аралығында 1 миллион 107 мың қандас тарихи мекеніне оралған.  Үкімет 2011 жылғы қабылданған Демографиялық саясат тұжырымдамасымен жұмыс істеп отыр.  Сарапшылар осылай дейді.  Бұл  құжаттың бүгінгі таңда мерзімі бітіп,  жаңа тұжырымдама жасалуы қажет. Сонымен қатар елімізде демографиялық саясатқа баға беріп, бақылайтын да орган тапшы. Егемендік алған жылдары мемлекет алдында халық санын арттыру деген басты міндет болса, қазіргі кезеңде  әлеуметтік, экономикалық т.б. маңызды міндеттер тұр. Осыған орай  елдің демографиялық саясатын дамытып, жаңартатын кез таяды деп санайды сарапшылар. 

Демографиялық саясаттың негізгі бағыттары

 1. Туу коэффициенті және отбасы саясаты. Қазақстанның демографиялық саясатының негізгі аспектілерінің бірі – жоғары туу коэффициенті мен отбасыларды қолдау. «Қолжетімді баспана», «Ауыл – ел бесігі» секілді мемлекеттік бағдарламалар отбасыларда тууды арттыру және отбасылардың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін жеңілдіктер мен қаржылық қолдау көрсетуге арналған. 

2. Көші-қон саясаты. Қазақстан елдің экономикасы мен әлеуметтік дамуының қажеттіліктерін ескеретін көші-қон саясатын әзірлеген. Жоғары білікті мамандарды тарту, еңбек көші-қонын қолдау және көшіп-қонушыларды интеграциялау экономика мен қоғамды нығайтуға ықпал ететін саясаттың маңызды бағыттарының бірі.

3. Білім беру және денсаулық сақтау. Қазақстанның демографиялық саясаты білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуды да қамтиды. Бұл бағыт халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, сапалы білім мен медициналық қызметке қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ балалар мен жастарды қолдауға арналған.

Демографиялық саясаттың сын-қатерлері

1. Халықтың қартаюы. Көптеген дамыған елдердегідей, Қазақстанда да халықтың қартаю проблемасы бар. Өмір сүру ұзақтығының артуы және туудың төмендеуі қоғамның демографиялық құрылымының өзгеруіне әкелді. 

2. Өңірлік айырмашылықтар. Қазақстан демографиялық жағдайы елеулі өңірлік айырмашылықтарға тап болды. Кейбір аймақтар халықтың кетуімен, біркелкі дамымауымен және туу деңгейінің төмендігімен сипатталады. Бұл мәселелерді шешу теңсіздікті азайтуға, тең мүмкіндіктер жасауға және аймақтарда дамуды ынталандыруға күш салуды талап етеді.

3. Халықаралық көші-қон. Қазақстан Халықаралық көші-қон үшін тартымды ел болып табылады. Алайда, көші-қон ағындарын басқару және мигранттардың интеграциясын тиімді қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Осыған байланысты Қазақстан жоғары білікті кадрларды тартуға ықпал ететін және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін саясатты дамытуы тиіс.

 Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

 

12.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15289
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15190
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30330
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28950
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32515