НҰРДӘУЛЕТ АҚЫШ және ӘҢГІМЕ ӘЛЕМІ

НҰРДӘУЛЕТ АҚЫШ  және  ӘҢГІМЕ ӘЛЕМІ

Қабдеш Жұмаділовтің «Жазушыны сынағың келсе, әңгіме жазғызып көр!» деген қанатты сөзі – дәл осы Нұрдәулет Ақыш сияқты қаламгерлерге арналып айтылғандай.

Қазақ әдебиетінің дәстүрлі арнасы прозалық жанр, бүгінде жаңа бағыттармен, жаңа есімдермен толығып, көркемдік ізденістер мен мазмұндық жаңғырулардың жаңа сатысына көтерілді. Осы әдеби үдерісте өзіндік жазушылық стилі мен көркемдік концепциясын қалыптастырып, ұлттық прозаның жаңашыл арналарына елеулі үлес қосып жүрген қаламгерлердің бірі – Нұрдәулет Ақыш. Жазушының шығармалары көркемдік деңгейі, рухани астары және ұлттық болмысты заманауи сипатта бейнелеуімен ерекшеленеді.

Нұрдәулет Ақыш – көркем әдебиеттің тілін, идеялық өзегін, психологиялық мазмұнын терең меңгерген, өзі өмір сүріп отырған қоғам мен адамның ішкі болмысын үйлестіре суреттеген қаламгер. Оның прозасы – сөз өнерінің көркемдік мүмкіндігін толық пайдалана отырып, тұтас бір дәуірдің рухани күйін жеткізуге арналған көркем-пәлсапалық әлем.

Қаламгердің романдары мен хикаяттары кең тынысты, тақырыптық ауқымы зор туындылар болса, әңгіме жанрындағы шығармалары – жазушының көркемдік шеберлігін айрықша танытатын ерекше сала. 

Ол 1980-жылдары әдебиетке келіп, бірден прозаның шағын түрлері – әңгіме мен хикаят жанрында қалам тербеді. Ол әдебиетке белгілі бір көркемдік бағдармен, рухани ізденіспен келді. Алғашқы шығармаларынан-ақ оның адамды тануға, қоғамның ішкі құрылымын көркемдікпен бейнелеуге ұмтылатыны аңғарылады. Бұл – кеңестік кезең мен өтпелі дәуір шындығын қатар бейнелеу міндетін арқалаған ұрпақтың рухани-эстетикалық ұстанымы еді. Оның прозасы әсіре суреттеуге емес, шынайы образ жасауға, нақты оқиғадан астарлы мағына түюге, жалқыдан жалпылыққа ұласуға негізделген. Мұндай тәсіл жазушыны қазіргі қазақ прозасындағы ойлы, салмақты, мазмұнды қаламгерлер қатарына қосады. Прозалық шығармалары ішінде «Жетім тай», «Сынық құмыра», «Суретші», «Салқар», «Бөтен сөз» және соңғы жылдары жарық көрген «Тесік қалталы жаяу» әңгімелері – қаламгердің көркемдік шеберлігін танытатын, идеялық-көркемдік тұрғыдан терең шығармалар. «Тесік қалталы жаяу» – қазіргі қоғамның психологиялық суреті. 2025 жылы жарық көрген бұл әңгіме – автордың замана бейнесін тұспалдап беру шеберлігі. 

...Қыстың қытымыр бір күнінде қала шетіндегі дәріханадан апасына қажетті дәріні әрең тапқан ауыл жігіті қуанышты күйде автобус бекетіне қарай жаяулатып келе жатқан еді. Сол сәтте жол жиегінде кенет тоқтаған патрульдік полиция қызметкерлері одан құжат сұрап, қолындағы дәрі салынған пакетті тексере бастайды. Күдікпен қараған полиция тіпті қалталарын тінтіп, денесін түгел сипалап тексереді. Сол сәтте жігіт шалбарының тесік қалтасынан бірдеңе сусып түскенін байқайды. Қараса – тапаншаның оғы! Полиция байқамай қалған ол оқты жасырын басып, қарға тығып жібереді. Артынша екінші полицей де келіп, жігітті қайта тінтеді. Бірақ ештеңе таппай, біраздан соң босатады.

Жігіт кейін артына қарап еді – полиция әлгі жерде бірдеңе іздеп, фонарьмен қарды ақтарып жүр. Сол сәтте ғана ол өзінің қалтасына әлдекімнің оқ салып жіберіп, артынан соны «тауып алып», айып тағып, ақша бопсаламақ болғанын түсінеді. Абырой болғанда, қалтадағы тесік бәрін құтқарған!

Оқиға осымен аяқталмаған. Жігіт қайтып жолын жалғай бергенде, алдына шыққан екі орыс жігіті оны аяқ астынан балағаттап, ұрып-соға бастайды. Жігіт жансауғалап қаша жөнеледі. Көмек сұрап айқайлағанын естіген – жаңағы полиция! Бұл жолы полицейлер жігітке араша түсіп, қашқан бұзақылардың бірін ұстайды. Осы сәтте жігіт: «Сол полицейлердің өздері маған қастық ойлағанын ұмыта алмаймын. Бірақ ақыры солар мені құтқарды», – деп, өмірдің айқыш-ұйқыш, әділет пен әділетсіздік бетпе-бет келетін тосын жағдайына қайран қалады.

Қазіргі қазақ прозасында психологиялық тереңдік, философиялық тұспал мен рухани кодты ашуға бағытталған шығармалар легі көбейіп келеді. Солардың алдыңғы шебінде жүрген қаламгерлердің бірі – Нұрдәулет Ақыш. Оның әңгімелері – тек көркем шығарма емес, сонымен қатар ұлттық сана, ар-ождан, заман мен тұлға арасындағы қақтығыстардың философиялық айнасы іспетті. Бұл тұрғыда жазушының «Тесік қалталы жаяу» әңгімесін оның басқа шағын прозалық туындыларымен салыстыра отырып талдау – шығармашылық концепциясын, идеялық өзегін, көркемдік тәсілдерін тереңірек ұғуға мүмкіндік береді.

Ол – артық сөзге бармайтын, шұбалаң баяндаудан бойын аулақ ұстайтын, қысқа да нұсқа, бірақ терең мағыналы баяндау үлгісін ұстанатын қаламгер. Оның прозалық шығармалары – қазақ әдебиетінің көркемдік мүмкіндіктерін кеңейткен, ішкі психологиялық толғаныс пен философиялық ой тереңдігін тоғыстырған туындылар. Бұл ерекшелігі оны XX ғасырдың екінші жартысы мен XXI ғасыр әдебиетінің алтын арқауын қалыптастырған көрнекті қатар атауға толық негіз береді.

Нұрдәулет Ақыштың прозалық стилінің басты сипаты – көркемдік дәлдік пен сөз сарабын терең сезіну. Ол оқырманды артық сипаттаумен жалықтырмайды, керісінше, минимализм мен мағыналылықты шебер ұштастырады. Оның әр сөйлемі мағынаға бай, тұспалға толы. Шын мәнінде, оның туындыларын жай оқи салуға болмайды. Олар рефлексияны, зиялы деңгейдегі оқу әрекетін, эстетикалық ойлануды талап етеді. Оның шығармашылығында интеллектуалдық әдебиет белгілері басым. Ол тек оқиға айтып қоймайды, сол оқиға астарынан заманауи адам мен қоғам арасындағы қақтығысты, рухани күйреудің көркем картинасын, адамгершілік пен әділет проблемасын суреттейді. Бұл тұрғыда оның прозасы – этика мен философияның көркем синтезі.

Нұрдәулет Ақыш прозасы – таза эстетикалық әңгімелер ғана емес, сонымен қатар қоғамдық диагностика, рухани кеңістіктің айнасы. Оның шығармаларында төмендегідей өзекті мәселелер жиі көрініс табады: Рухани құлдырау – адам мен қоғам арасындағы жарасымсыздық, ар-ожданның көмескіленуі; Жасандылық – шынайылықты ығыстырған жалғандық, бетперде киіп өмір сүру; Ұлттық кодтың әлсіреуі – ата-баба салты мен қазіргі құндылықтардың арасындағы қайшылық; Әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік – қоғамдағы мәртебелер мен мүмкіндіктер арасындағы алшақтық; Жалғыздық пен оқшаулану – рухани күйзелістің терең қабаты. Бұл мәселелерді жазушы көп жағдайда символ, тұспал, психологиялық иірім арқылы береді.

Прозасында моральдық рефлексия – басты өзек. Оның кейіпкерлері – сырттай қарапайым, бірақ ішкі арпалысы терең адамдар. Олар өз шешімдері үшін жауапкершілікті сезінеді, бірақ көбіне рухани әлсіздікке, қоғамның қысымына, прагматизмнің азғыруына қарсы тұра алмайды. Мұндай кейіпкерлер – оқырманның өзіне сұрақ қоюына себеп болады: «Мен не істер едім? Мен де осылай ма едім?» Бұл жазушының этикалық ұстанымының беріктігін, адам болмысына деген философиялық қызығушылығын көрсетеді. Оның әңгімелері – адам рухының шындығын іздеу жолындағы көркем куәлік. Жазушы көбінесе шағын жанр әңгіме арқылы үлкен тақырыптарды көтереді. Оның әңгімелерінде қысқа мазмұнның өзі тұтас бір романтикалық немесе философиялық кеңістікке айналады. Әңгіме – оның қолында нақты мазмұнға, терең мағынаға, көркем образға толы өнер формасына айналады.

Әдебиеттанушы Ролан Барт айтқандай, «мәтін – көпмағыналы құрылым». Бұл идея Нұрдәулет Ақыш прозасына да қатысты. Оның шығармалары – оқырманмен үнсіз диалог жүргізетін, әркімге өз шындығын ұсынатын көпқабатты мәтіндер.

Нұрдәулет Ақыш – қазақ прозасында көркемдік пен философиялық тереңдікті шебер ұштастыра білген қаламгер. Оның стилінде шектен тыс эмоция да, артық сөз де жоқ. Барлығы есеппен, эстетикалық жауапкершілікпен және рухани мазмұнмен өлшенген. Ол – заманауи адамның рухани күйін, қоғамдағы ар мен нәпсі арасындағы күресті, ұлттық сана мен әлеуметтік әділеттіліктің проблемаларын көркем тілмен жеткізе алатын интеллектуал қаламгер.

Оның шығармалары – уақыттың сөзі, адам рухының сыры, қазақы болмыстың көркем айнасы. Қазіргі әдеби үдерісте ол – қазақ прозасының философиялық бағытын дамытушы, жанрлық тереңдік пен тақырыптық ауқымға тың леп әкелген қаламгер ретінде ерекше орын алады.

Қанат АЛТЫНБЕК,

ҚР Ұлттық кітапханасының 

ғылыми қызметкері, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

11.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15289
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15190
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30330
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28950
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32515