Ресей мен Әзербайжан арасына тағы да жік түсті

Ресей мен Әзербайжан арасына тағы да жік түсті

Ресей мен Әзербайжан арасына тағы да жік түсті. Ресми Баку Ресейдің барлық мекемелерімен болатын іс-шаралардың барлығының күшін жоятындықтарын жариялады. Мұндай шаралардың арасында ресейліктердің қатысуымен өтетін түрлі мәдени шаралармен қоса мемлекеттік мекемелер арасындағы кездесулер де бар. Әзербайжандардың бұлай шешім қабылдауына Ресейдегі арнайы жүргізілген рейд кезінде екі әзербайжан азаматының қаза болуы себеп.

27 маусым күні Ресейдің арнайы жасақтары Екатеринбург қаласында арнайы рейд жүргізіп, 50-ден астам әзербайжанды тұтқындаған еді. Бұл шұғыл шара кезінде екі азамат қайтыс болып, тағы екі адам жараланғандығы хабарланды. Осы оқиғадан кейін Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бакудегі  елшісі Петр Волоковты шақыртып алып, оқыс оқиғаға қарата қатаң наразылық білдіріп, қылмысқа қатысы бар кінәлі адамдарды жауапқа тартуды ескертіп еді. Әзербайжан СІМ бұл туралы арнайы мәлімдеме жасады. Онда «27 маусым күні Ресей полициясы жүргізген рейдтер барысында екі әзербайжан азаматы қатыгездікпен өлтіріліп, бірнеше адам ауыр жараланған және тоғыз адам қамауға алынған. Бұл оқиға мұқият тергеліп, зорлық-зомбылық жасаған барлық адам тез арада қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп күтеміз», – дейді СІМ-ның өкілдері.

Бұл оқиғаға қарата ресейлік БАҚ-тарда таралған хабарламада мәселе сәл басқаша сипатталып жатыр. Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова «Екатеринбургте қылмыстық істер аясындағы шаралар барысында адамдар ұсталған. Күдіктілердің барлығы Ресей азаматтары» деп мәлімдеген. Ал Ресейдің Свердлов облысы бойынша Тергеу комитетінің өңірлік басқармасы мен ІІМ бас басқармасының баспасөз қызметтері РБК агенттігіне «былтыр болған қылмыстық істерге байланысты тергеу аясында кешенді шаралар жүргізілгенін» айтыпты.

Ресейде болған бұл оқиғаға қарата әзербайжандардың түсінігі басқаша сияқты. Олар орын алған оқыс оқиғаны әзербайжандарға қарата әдейі жасалған қиянат есебінде көріп отыр. Былтырғы ұшақ апатынан кейін екі елдің арасы кәдімгідей салқындап кеткен еді. Оның аяғы осындай жағдайға ұласып жатыр.

Кейбір мәліметтер бойынша Ресей Федерациясы аумағында 600 мыңнан астам әзербайжан ұлтының өкілдері тұрады екен. Бұлардың көбі Ресей азаматтары деседі. Олардың көбі тамақ бизнесі секілді қызмет көрсету саласында еңбек ететіндіктен, арасында қалталы азаматтар да көп дейді Ресейдегі әзербайжан ұлты туралы деректерді бөлісіп жатқан журналистер.

Таулы Қарабақтағы соғыстан кейін Әзербайжан елі геосаясаттағы орнын бекемдей түскені анық. Олар Арменияны ашық қолдап келген Ресейге деген көзқарастарын жасырған емес. Былтырғы ұшақ апатынан кейін Бакудегі «Орыс үйі» жабылған еді. Ал кеше Әзербайжандағы «Sputnik Әзербайжан» агенттігінің (Ресейдің «Россия сегодня» халықаралық ақпарат агенттігінің Баку бөлімшесі) кеңсесіне жүргізілген операция барысында «Sputnik Әзербайжан» редакциясының басшысы Картавих пен шеф-редактор Белоусовты ұстап әкетті. Бакуден таралып жатқан хабарға сенсек, ұсталған азаматтар Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкері көрінеді.

Ерқазы Сейтқали

07.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

АСТАНА КҮНІНЕ ОРАЙ  ДЕМАЛЫС БЕРІЛЕДІ
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 04.07.2025 42

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15116
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15021
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30157
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28775
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32343