Ақын Ордабай 60 жаста
Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күнімен бірге менің әріптесім, досым, ағам, замандасым Ақын Ордабайдың жеке мерекесі – көптен күткен мерейтойы да келіп жетті.
60 жас! Ел Ағасы жасы! Тамаша сан!
Ақынды білмейтін жан жоқ шығар спорт саласында жүрген азаматтар қатарында.
Өз өмірін 30 жылдан астам спорт журналистикасына «қиған» тұлға бүгінде өз жемісін көруде: С. Бердіқұлов атындағы жүлденің лауреаты, қанды «Желтоқсан қозғалысының» сыйлы ардагері, қоғам қайраткері, жазушы, 10-ға жуық кітаптың авторы...
Ал, 2025 жылдың 28 маусымы ерекше күн болды. Шағын футболдан ардагерлер арасындағы турнир мерейтой иесінің құрметіне жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың көңілінен шықты.
ҚР Туризм және спорт министрлігінен арнайы марапат жеткізіліп, Ақынға мемлекеттік награда табысталып, төс белгісі тағылды!
Одан бөлек, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардан да той иесіне аса құрмет көрсетіліп, марапаттар мен сыйлар табысталды.
Мен де, осы ыстық күндерге қарамай, ат терлетіп, Арқаның қақ ортасынан келіп, досыма деген сый-құрметімді, ыстық ілтипатымды көрсеткен жайым бар еді.
Екі күндік мерекелік іс-шара өз мәресіне жетіп, тойланып, оң нәтижеге ие болды!
Құрметті Ақын досым, Әсел жеңгем!
Қос қанаты – Дана мен Дарын! Мың да бір алғыс Сіздерге, Алматы төрінде аяғымды жерге тигізбей, үстімнен шаң қағып, қонақжайлық көрсетіп, жылы күтіп алғандарыңызға!
Мерейлі жасың тағы да құтты болсын, Ақынжан!
70 жылдығыңды да футбол алаңында қарсы алайық, досым!
Редакциядан: Қазақтың арда азаматы, белгілі спорт журналисі Ақын Ордабай бауырымыз журналистер күнінде 60 жасқа келіп, мерейтойын ерекше атап өтті. Ерекше дейтініміз – тек мерейтойын жәй ғана тойламады, шағын футболдан ардагерлер арасында керемет турнир өткізді. Иә, Ақын журналист осындай азамат. Қандай шара өткізсе де қазақ спортын дамытуға қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей үлес қосуға тырысады. Бүгін біз газетіміздің жанашыры Ақын Ордабай бауырымызды мерейтойымен құттықтай отырып, зор шығармашылық табыс тілейміз. Аман-есен бол, қазақ спорт журналистикасының дүлдүлі!
Ардақ ТОҒЫМ