«Оян, қазақ!» жарыққа шыққалы 116 жыл өтіпті, қазақ халқы оянды ма?
Қасиетті Торғай өңірінен шыққан қос арыс, алаштың қос қайраткері Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа мемлекет тарапынан қандай құрмет көрсетілмек? Бұл – көптің көкейіндегі сауал. Асылыңды ардақтамасаң, ұрпағыңа үлгі етпесең, келешегің бұлыңғыр. Тарихың тұлдыр!
Қазағым деп отқа түскен Ахаңның 150 жылдығы Торғай өңірінде жетім қыздың тойындай болып өткені өтірік емес. Өмірінің өзі шоқтай маздап, оттай жалындап өткен Ахаңның тойының соңы да орман өртінің кесірінен тез аяқталды. Ақырына жетпеді. Халықтың да көңілі көншімеді.
Ахаң туған өлкеге баратын күре жолдың өзі діттеген жеріне жетпей, «күрсініп» жатыр... Ақкөлдің суы арнасынан асып күңіреніп жатыр. Табиғаттың өзі қазақтарға ашуланғандай күнде жауын селдетіп, Торғай даласының төбесінде найзағай ойнап, елім деп еңіреген ерлерін жоқтап жатқандай күй кешуде.
Алда Жақаңның 140 жылдық мерейтойы тұр. «Оян, қазақ!» деп, ұйқыдағы қазағын оятуға күш салған алаш қайраткеріне Үкімет қандай құрмет көрсетпек? Жақаңның тойы да, Ахаңның тойындай күй кеше ме? Ел осыған алаңдайды.
Осындай сәтте «Ұлт көсемі Міржақып тойы елдігімізді көрсететіндей ерекше болуы тиіс!» деп Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның шырылдаған үні естілді. Торғай жұрты бұған елеңдеп қалды. Қуанып қалды.
«Оян, қазақ!» деп ұран тастаған ұлт көсеміне жасайтын құрметімізге қарап, оянған-оянбағанымыз белгілі болады!» енді.
Алаш көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, ағартушы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Исаның ҚР Премьер-министр О.Бектеновке жолдаған депутаттық сауалын қысқартып ұсынамыз.
Депутаттың сауалы
✅ «Оян, қазақ!» жыр ұраны – ХХ ғасыр басындағы ұлттық сана-сезімді оятқан зор рухани манифест.
✅ Алаш үшін айрықша айтулы датаны мемлекеттік деңгейде атап өте алмасақ, бұл тек тарихи әділетсіздік болатыны анық.
✅Тәуелсіздігіне 34 жыл толатын Қазақ Елінде ұлт көсемдерінің туған жеріне баратын жол жоқ әлі. Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында жасаған депутаттық сауалымызда талап еткен негізгі жол әлі толық біткен жоқ.
✅ Бітпей жатқан жол учаскелерінің бәрін айтпай-ақ, мысалы 40 шақырым жеріне асфальт емес, қиыршық тас төселетін болса да, оның өзіне конкурстық рәсімі әлі бітпесе, енді қашан басталмақ ол жол?!. Тойға дейін үлгере ме?
✅Алаш көсемдерінің елін көруге келгендерді қос қала Қостанай мен Арқалық әуежайларының қақпасында Ахаң мен Жақаңның есімдері қарсы алып жатқаны жарасымды емес пе?
✅Ұлт көсемінің осы уақытқа дейін өз туған өлкесінде еңселі ескерткіші жоқ. Міржақыптың ескерткіштері Түркі әлемінің ордасы Түркістанда, алғашқы астанамыз Қызылордада, барлық өңірде тұруы тиіс!
✅Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл толса да, Алаш көсемінің атында бір көше де, бір мектеп те болмауы нені білдіреді?
Ұлт көсемі Міржақып тойы елдігімізді көрсететіндей ерекше болуы тиіс!
«Оян, қазақ!» деп ұран тастаған ұлт көсеміне жасайтын құрметімізге қарап, оянған-оянбағанымыз белгілі болады!
ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновке!
Биыл, 2025 жылы Алаш көсемдерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аталып өтеді.
Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған Алаш арыстары Қазақ Елінің Тәуелсіздігі жолында өлшеусіз қайрат көрсетті және ұлт азаттығы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білді.
Міржақып Дулатұлы – халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған, ұлттың рухани жаңғыруына жол ашқан ұлы тұлға. Оның «Оян, қазақ!» жыр ұранын ХХ ғасыр басындағы ұлттық сана-сезімді оятуға зор серпіліс берген рухани манифест деп бағалаймыз.
Алаш Орда үкіметінің іргесін қаласқан Міржақып бүгінгі Тәуелсіз Қазақ Елі идеясын алғашқылардың бірі болып көтерген ұлт қайраткерлерінің алдыңғы қатарында аймаңдайы жарқырап тұр.
Қазақтың кең даласын дүр сілкіндірген Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабы жас авторға патша әкімшілігі тарапынан қуғын-сүргінді де ала келді. Басы тергеуге түсіп, «Оян, қазақ!» жаппай тәркіленді.
Ал қазір ше???
Осындай алып тұлғаның атаулы мерейтойы қазіргі таңда тиісті мемлекеттік деңгейде тойлануы үшін қоғам да, зиялы қауым да алаңдап отыр.
Алаш үшін айрықша айтулы датаны елімізде мемлекеттік деңгейде атап өте алмасақ, бұл тек тарихи әділетсіздік болатыны анық.
Ұлт идеясы үшін Алаш идеясын ұсынып, Алаш бағдарламасын қабылдаған «Ақ жол» партиясының Үкіметке ұсыныстары жетерлік.
Бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақты оятқан Міржақып Дулатұлын ұлықтау мақсатында жасалуы тиіс шаралар жеткілікті. Жахаңның тойынан ешқайсысымыз аянып қалмауымыз керек! Бұл біздің елдігімізді білдіретін ерекше той болуы тиіс! Бұдан он жылдан кейін алда 2035 жылы болатын 150 жылдық тойы – ЮНЕСКО бойынша аталып өтуі үшін қажетті қарекеттердің басы биылдан басталуы тиіс.
2021 жылы Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО бойынша тойлау туралы депутаттық сауалымызда «Тәуелсіздік рухында тәрбиеленген кез келген әкім Қостанай өңірін басқаруға келгенде ең алдымен Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған жеріне барып, Ұлттың ұлы тұлғаларына тағзым етуі – жазылмаған заң. Алты жылдан бері облыс әкімі Ахаңның ауылына ат ізін салмаған. Қазір Алаш көсемдерінің ауылына баратын жол жоқ!» – деп жазып едік. Ал тарихы терең, тағылымы ерен Торғай өңірінің қазіргі халі қалай екен?!
Тағы да қайталаймыз, әлем бойынша елулікке кірдік деп, екпіндеп, қырықтықты қырып тастап, енді отыздыққа кіруге омыраулап отырған, Тәуелсіздігіне 34 жыл толатын Қазақ Елінде ұлт көсемдерінің туған жеріне баратын жол жоқ әлі. Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында жасаған депутаттық сауалымызда талап еткен негізгі жол әлі толық біткен жоқ. Сол 2021-2022 жж. асфальт төселген жол участогы су тасқыны кезінде бұзылды да, одан кейін ол жерге қайта асфальт төселген жоқ. Шұбалан-Қарасу жолының 57,6-107,6 шақырымына 2024-2025 жылдары басталған орташа жөндеу жұмыстары әлі бітпей жатыр.
1992 жылы кірпіші қаланған Міржақып Дулатұлының кесенесі мен мұражайы тұрған Бидайық ауылына апаратын жол, яғни Тоқанай-Саға-Алтынсарин автомобиль жолы да әлі бітпей жатыр. Жолдың 0-15 шақырымына қиыршық тас төсеу арқылы ресайклинг әдісімен орташа жөндеу жұмыстары биыл 15 тамызға дейін жүргізіліп бітеді деп отыр ел үміттеніп. Жолдың 15-34 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары биылғы сәуір айынан бастап жүріп жатыр. Ал 49-88 шақырымына, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурстық рәсімдер өтуде. Бұл жолға орташа жөндеумен шектеліп, қиыршық тас төсеу жұмыстары ғана жүргізіледі, негізі осы жолға толық асфальт төселсе жақсы болар еді деп отырған халық талабы өте орынды. Сонда 40 шақырым жерге қиыршық тас төселетін болса да, оның өзіне конкурстық рәсімі әлі бітпесе, енді қашан басталмақ ол жол?! Тойға дейін үлгере ме?
Биыл Бурабайда өткен Құрылтайда мемлекет басшысы Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы туған тарихи өлкеге баса назар аударып, тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды алып жобаны жариялағанын атап айтамыз. Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын Экономикалық маңызы зор «Орталық-Батыс» автокөлік күре жолының құрылысы қазір басталып та кетті. «Бір тау бір топ киікті асырайды» дегендей, бұл күшті күре жол – экономикалық күре тамыр бір қауым елге жұмыс беріп, жаңа серпіліс жасайды. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салынады.
Төрт жыл бұрын Парламентте көтерген талабымызға байланысты Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді, Құдайға шүкір.
Енді Арқалық қаласындағы әуежайға Міржақыптың атын берсек, бастаған істің жақсы жалғасы болар еді.
Алаш көсемдерінің елін көруге келгендерді қос қала Қостанай мен Арқалық әуежайларының қақпасында Ахаң мен Жақаңның есімдері қарсы алып жатқаны жарасымды емес пе?
Қостанай облысы Жангелдин ауданы Бидайық ауылында орналасқан Міржақып кесенесіне бүгінгі күні Бақберген Утеулин бастаған Жақаңның ұрпақтары күрделі жөндеу жүргізіп жатыр екен. Сол жердегі музейін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Алаш көсемі Міржақып тек өз туыстары үшін күрескен жоқ, ұлт үшін, қалың қазақтың болашағы үшін, Алаш үшін айқасып, құрбан болды. Сондықтан, Міржақып кесенесіне де, музейіне де Үкімет қолдау жасауы тиіс деп білеміз.
2021 жылы депутаттық сауалымызда талап еткендей, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына интернет барды. Енді биылғы жылы Міржақып Дулатұлының туған жері Қызбел ауылдық округіне интернет жеткізілуі керек.
Алаш көсемдерінің елін көруге келгендерді қос қала – Қостанай мен Арқалық әуежайларының қақпасында Ахаң мен Жақаңның есімдері қарсы алып жатқаны жарасымды емес пе?
Ұлт көсемінің осы уақытқа дейін өз туған өлкесінде еңселі ескерткіші жоқ. Міржақыптың енді салынатын ескерткіші тек Қостанаймен, Алматымен ғана шектелмеуі керек! Түркі әлемінің ордасы Түркістанда, алғашқы астанамыз Қызылордада, барлық өңірде тұруы тиіс! Барлық облыс орталықтары мен қалаларда Міржақып атындағы көшелер мен мектептер, ескерткіштері міндетті түрде болуы тиіс.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл толса да, Алаш көсемінің атында бір көше де, бір мектеп те болмауы нені білдіреді? Өзге ұлт өкілдерінің атауынан аяқ алып жүре алмайтын Солтүстіктің әкімдері Алаш көсемдерін біле ме екен? Тіпті, қалың қазақ тұратын Ұлт ұясы – Ұлытау облысында ұлт көсемінің атында бір көше де жоғына не деуге болады?
Жақаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек...
...Ұлт тарихын ұлықтау – болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз. Сондықтан да осындай ірі тарихи тұлғалардың мерейтойларын тиісті деңгейде атап өту Әділетті Қазақстандағы әділеттің нақты көрінісі болар еді.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп өскен иманды ел емеспіз бе? Ұлыларын ұлықтай алмаған елдің болашағы күмәнді екенін ұмытпайық.
Қазақтың Ұлт жолындағы ұлы күрескері, өр ақын, қайсар қайраткер Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш арыстарының арманы бір ғасырдан кейін болса да, орындалғанын көру – ұлттың басты арманы!
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты!
Өткізбей қараңғыда бекер жасты…
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты!
Өткен ғасырдың басында, бір ғасырдан астам уақыт бұрын, 1909 жылы жазылған Міржақыптың мірдің оғындай рухты ұлы жыры осылай бүгінде зор қуатты болып тұр!
«Оян, қазақ!» деп ұран тастаған Міржақыпқа жасайтын құрметімізге қарап, біздің 116 жылдан бері оянған-оянбағанымыз белгілі болады.