Парламенттің үшінші сессиясы өз жұмысын аяқтады. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сессия қорытындысы бойынша елде атқарылған ауқымды реформаларды, заңнамалық бастамаларды және парламенттік жұмыстың жаңа сапасын егжей-тегжейлі баяндап берді.
Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы өтіп, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданғанын айта кеткен абзал.
Сессия барысында барлық 6 парламенттік фракция, Қазақстан халқы Ассамблеясынан және бір мандатты округтерден сайланған депутаттар бірлесе ауқымды жұмыс атқарды. Олардың көзқарасы сан түрлі болғанымен, мемлекеттік саясат, халық мүддесі мен реформалардың принципті мәселелері бойынша ортақ ұстаным қалыптастыра алғанымызды атап өткен жөн.
Атом электр стансасын салу жөнінде жалпыұлттық референдум өткізу аясындағы халықтық штаб жұмысы – соның айқын дәлелі.
«Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері! Шақырылған қонақтар!
Бүгін сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының жұмысын аяқтағалы отырмыз. Біз өз өкілеттігіміздің тура бел ортасына келдік. Іс жүзінде бұл – бірлесе атқарып жатқан жұмысымыздың маңызды кезеңі, межелі белесі.
Шын мәнінде, қазіргі сайланым – Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі де дәйекті түрде жүзеге асырып отырған Парламент деуге болады. Осы жылдары депутаттар ұдайы президенттік реформалардың алғы шебінен көрінді» деді Мәжіліс төрағасы.
Одан әрі спикер, Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, халықтың талап-тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келе жатқандарын жеткізді. «Ең алдымен еліміздің негізгі қаржы құжатында – үш жылдық бюджетте көрініс тапты. Атап айтқанда, оның шығыс бөлігінің шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды.
Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді.
Биылғы жылдың басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті.
Әлеуметтік төлемдер көлемі де, алушылар саны да артты.
Қыркүйек айынан бастап стипендия мөлшерін тағы да көтеру жоспарлануда.
Кейінгі бес жылда стипендия екі есе дерлік өскенін атап өткен жөн.
Оған қоса, ғылыми атақ үшін де үстемеақы қарастырылды.
Сонымен қатар, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді.
Аталған шараның бәрі азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға, өңірлерді дамыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Үш кодекстің жаңартылып, қабылдануы Президентіміздің іргелі реформаларының іске асуының нақты көрінісіне айналды.
Бұған дейін бірде-бір заң жобасы жаңа Салық кодексі сияқты кең талқыланбаған шығар.
Жұмыс тобы отырыстарына қатысқан мамандар мен түрлі сала өкілдерінің саны 300 адамға дейін жетті.
Заң шығарушылар алдында қолданыстағы тәртіпті түбегейлі өзгерту, салық жүйесін жеңілдету, ережелерінің түсінікті болуын қамтамасыз ету міндеті тұрды.
Сөйтіп, байыпты пікірталастар нәтижесінде Парламент барлық түйткілді мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келді.
Депутаттар бизнеске артық салмақ салмай-ақ, салық саясатын экономиканың тұрақтылығына, азаматтардың бақуаттылығына бағыттауға қол жеткізді.
Әділеттілік идеясы корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі мен жеке табыс салығының прогрессивті межесінен көрініс тапты.
Енді кім көп табыс тапса, сол салықты көбірек төлейді.
Бұл ретте, табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер жеке табыс салығынан босатылады.
Депутаттарымыз бұл ұсынысты бірнеше жылдан бері айтып жүрген болатын», – деді Мәжіліс төрағасы.
Осылайша бұл сессияда атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды:
Зейнетақы 6,5–8,5%-ға өсті;
Қыркүйектен бастап стипендия тағы көтеріледі;
Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер көлемі артты;
Жаңа «Келешек» жинақ жүйесі енгізілді – қаражатты білімге не баспанаға жұмсауға болады;
Қызметтік міндетін өтеу кезінде қаза тапқан құқық қорғау қызметкерлерінің отбасына жәрдемақы төлеу шешілді.
Биыл барлық азаматқа сақтандыру мәртебесіне қарамастан медициналық көмек беріледі. Онкологиялық скрининг мемлекеттік көмек пакетіне енді. Есту қабілеті төмен балаларды протезбен қамту қолға алынды.
Несие алу тәртібі өзгерді – 24 сағат «ойлану» кезеңі енгізілді;
Әскери қызметтегілерге несие беруге тыйым салынды;
Онлайн несие алудың қауіпсіздігі күшейтілді;
Қарызын төлеуге шамасы жоқ топтарға – 3 айлық шегеру мүмкіндігі берілді.
Құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік
Қыз алып қашуға қарсы қылмыстық жауапкершілік заңмен бекітілді;
Кибералаяқтық пен дропперлерге қатысты жаза күшейтілді;
Есірткіге байланысты қылмыстар сараланып, ауыр жаза есірткі өндірушілерге бағытталды;
Лудоманиямен күрес: букмекерлерге жарнама жасауға тыйым салынды.
Конституцияның 30 жылдығына орай рақымшылық жарияланып, 2 мың адам бостандыққа шығатын болды. Жалпы рақымшылыққа 15 мың адам ілінеді. Сонымен қатар:
Жаппай кассация жүйесі енгізілді – азаматтарға Жоғарғы Сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігі ашылды;
Бұл – сот төрелігіне сенімді арттыруға бағытталған шешім.
Ұлттық қауіпсіздік пен әскери реформа
Қазақстан армиясына қатысты 4 заң қабылданды;
Сарбаздардың жағдайы мен мәртебесін арттыру, әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше мән берілді.
Халықпен кері байланыс: ашық Парламент
625 депутаттық сауал жолданды;
Депутаттар 1200 кездесу өткізіп, 500-ден астам елді мекенді аралады;
Мәжілістің қоғамдық қабылдауына 2000-нан астам азамат жүгінген;
30 мыңнан астам жазбаша өтініш қаралды.
Үкіметпен жұмыс – жетістіктер мен сын
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметпен бірлескен жұмыстың кейбір кемшіліктеріне де тоқталды:
Қосымша қаржы талап ететін ұсыныстарға Үкімет қорытындысы кешігіп түседі;
Заң жобаларына түзетулер отырыс күні келіп жатады;
Министрліктер өз міндетін депутаттар арқылы шешуге тырысады.
Болашақта бұл кемшіліктерді бірлесіп жою көзделіп отыр.
Парламент 39 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады;
307 халықаралық іс-шараға қатысты;
ТүркПА отырысында Астана декларациясы қабылданды, Қазақстан төрағалыққа кірісті;
Жас дін лидерлері форумы алғаш рет өтті;
Президенттің бейбітшілік миссиясын қолдауға бағытталған парламенттік дипломатия белсенді жүргізілуде.
Парламент ел дамуының жаңа кезеңінде мемлекеттік саясатты заңнамалық тұрғыдан нақты жүзеге асыратын институт ретінде қалыптасты. Мәжіліс төрағасы келесі сессияда осы басталған реформалар жалғасатынын, қоғам сұранысын өтеу үшін депутаттар барлық күшін жұмылдыратынын мәлімдеді.