Қазақ күресі: Айбек Нұғмаров — «Әлем барысы»!

0
1659

Ұлтымыздың бренді саналатын қазақ күресі  жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, өрісін ұлғайтып келе жатқаны көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Аталған спорт түрінен республикада «Қазақстан барысы» турнирі, сары құрлықта Азия және Еуразия біріншіліктері, сондай-ақ, халықаралық деңгейде Әлемдік дода өткізу дәстүрге айналып үлгергені қашан? Биылғы жылдың 2-і желтоқсанында Алматы шаһарындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында осы спорт түрінен үшінші рет «Әлем барысы» турнирі өтіп, қалың жанкүйер қауымның ризашылығына бөленді. Ұйымдастырушылар мәліметіне сәйкес, байрақты бәсекеге алыс-жақын 30-ға тарта шетелдерден келген 34 палуан сынға түсіп, жарыстың бас жүлдесіне таласты. Бозкілем үстіндегі белдесулердің бәрі дерлік аса шиеленісті жағдайда өтіп, жеңіске қарсыласынан айласын асырған саңлақтар ғана жетті. Көрермендер көзайымына айналған белдесулердің ішінде бізді бірінші айналымда-ақ ирандық қарсыласына жол берген Руслан Әбдіразақовтың жеңілісі қатты өкінтті. Сонау Моңғолиядан келген қандасымыз Серік те бірінші айналыммен жарысты аяқтады. Айта берсек, мұндай «сюрприздер» жетіп артылады. Десе де, биылғы турнирде көрермендер ықыласына бөленген бір палуан болса, ол — Ерсұлтан Мұзафаров екені кәміл. Салмағы бар болғаны 92 келі ғана болғанына қарамастан, 140 келілік ресейлік Роман Бобиковты кілем үстінде қуыршақ құрлы көрмей арлы-берлі лақтырып, айқын басымдықпен жеңгенінің өзі неге тұрады. Қазақ күресінен елдің атын әлемге паш етіп жүрген төрт дүркін әлем, бірнеше мәрте Азия чемпионы, «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров та ақтық финалға дейін қамшы салдырмай еркін жетті. Ақтық финалға қос жерлесіміз осы Айбек пен Ерсұлтан шықты. Ал кіші финалға Айбектен жеңілгенінен қатты күйінген дзюдодан әлем чемпионы, грузиялық палуан Гурам Тушишвили шықпағандықтан, үшінші жүлде ресейлік Бобиковқа бұйырды. Қола жүлдегер 3 миллион теңгенің сертификатын еншіледі. Ақтық финалдағы белдесу 4 минутқа созылды. Алғашқы минутта Айбек ескерту алып, Ерсұлтанның еншісіне бір ұпай жазылды. Мұзафаров екінші минутта әдіс жасап, ұпайын еселей түсті. Бірақ үшінші минуттың ортасында жасы да, салмағы да үлкен әрі әдіске бай Айбек жас қарсыласынан айласын асырып кетті. Тартыстың ең қызған тұсында «не белбеу, не бел кетеді» деуге саятын тәуекелге барған Ерсұлтан Айбекті белден қапсыра құшақтап лақтырмақ болғанымен, Айбектің қарсы жасаған әдісіне түсіп қалып, таза жеңілуге мәжбүр болды. Ерсұлтан күміс белбеуі үшін 6 миллион, Айбек турир жеңімпазы болғаны үшін 10 миллион теңгені қоржындарына салды. Осылайша Шығыс Қыазақстан облысының өрені Айбек Нұғымаров осымен екінші рет «Әлем барысы» атағын жеңіп алды. Палуанды осынау айтулы зор жеңісіміз құттықтаймыз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.