Біздің боксшылардың сәтсіздіктеріне АИБА кінәлі

0
1465

Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев: Біздің боксшылардың сәтсіздіктеріне АИБА кінәлі

Өткен жылдың желтоқсан айының орта шенінде бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының тізгіні елдің бұрынғы жастар құрамасының бапкері Ғалымбек Кенжебаевқа сеніп тапсырылды. Ол 2009 жылдан бері осы лауазымда қызмет етіп келген Мырзағали Айтжановты ауыстырды. Өзі қызмет атқарған жылдардағы жетістіктер мен кемшіліктер туралы Мырзағали Құланұлы ой бөліскен еді.

Біз Азия ойындарында 2-3 алтын жеңіп алуды жоспарлағанбыз, бірақ, өкінішке орай, үйге құрқол қайттық. Бұрын айттым ғой, бұған ықпал еткен себептер жетерлік. Менің өзім де, боксшылар да аянып қалған жоқпыз. Шынын айтсам, соңғы екі жыл ұлттық бокс құрамасы үшін аса ауыр болды.  Спорт — саясатқа айналып үлгергені қашан, сол себепті ол боксты да айналып өткен жоқ. Бүкіл әлем қалыптасқан жағдайды пайдаланып, басқалардан, соның ішінде бізден — Қазақстан құрамасынан да озып кетуге бар күш-жігерін салады. Ұлттық құраманы мен қабылдап алған сонау 2009 жылы әлемдік бокс додасы Италияның Милан қаласында өткен. Онда біздің құрама әлемдік рейтингте 17-22 орындарды бөлісіп тұрған-ды. Біз асықпай-саспай, алдымызға мақсат қойып, құрылған жоспар бойынша жұмыс істедік. Республикалық Бокс Федерациясының басшылығы мен Спорт министрлігі бізге жоғары нәтижеге қол жеткізуіміз үшін көмектің бәрін жасады. Ұлттық құрама мүшелерінің жалақы мөлшерін көтеру мәселесін, жаттығу жиындарын өткізу жағдайларын қайта қарап, 2010 жылдан бастап кешенді-ғылыми топ құрды. Ол әлі күнге дейін Қазақстан бокс құрамасының бәріне (ерлер мен әйелдер) қарымды көмек көрсетіп,  оған қамқоршы болып келеді. Соның арқасында құрамаларымыз жеңіске жетіп, сол арқылы еліміздің де бокс рейтингіндегі атақ-абыройы артып, мәртебесі өсті. Мәселен, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында біз екі алтын, екі күміс, бір қола медаль жеңіп алдық. 2011 жылғы Бакуде өткен әлемдік бәсекеде  алтынға қол жеткізбесек те, екі күміс, екі қола медальды еншіледік.

2012 жылғы олимпиада жылында бізде жақсы құрама қалыптасты. Кез келген спорт түрінде тек ұмтылыс пен талант қана жеңістің кепілі бола алмайды, онда сәттілік те зор роль атқарады. Мәселен, олимпиада маусымында Біржан Жақыпов дер бабында болды, бірақ, жүлдеге жете алмады. 64 келіде жұрдырықтасқан Данияр Елеусінов те медальдан құр қалды. Ал, 2016 жылғы олимпиадада Қайрат Ерәлиев те, Олжас Сәттібаев та, Жәнібек Әлімханұлы да, Василий Левит те жүлдесіз қалды. Солардың бәрі де қарсыластарынан жақсы өнер көрсетіп, олардан бір мойын жоғары тұрған-ды. Сәттілік сенен кері айналып кетпеу үшін шүмектетіп тер төгіп, жалықпай жаттығу қажет. Солай еткендер ерте ме , кеш пе, әйтеуір ақыр аяғында жеңіс тұғырын бағындырады. Соның нақты мысалы, Серік Сәпмев пен Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбраимов дер едім. Бірі өте жас кезінде, қалған екеуі орда бұзар отызға жақындап барып топ жарды. Қалай десек те, қазақ боксының мәртебесі әрқашан да биік болған. Өйткені, қазақстандық бокстың техникалық жағы, боксшылардың кәсіби шеберлігі басқалардан көш жоғары. Базбіреулер өз елімізде өткен 2013 жылғы әлемдік додаға қатысты бізді айыптауы мүмкін. Онда біз 4 алтын, 2 күміс, екі қола медаль жеңіп алған болатынбыз. Әлбетте, бізге туған жеріміз, үйдің қабырғасы көмектескені анық, бірақ, сайыс қожайыны болғандықтан ғана осындай жеңіске жеттік дегендердің айтқандарына қосыла алмаймын. Кім не десе ол десін, спорттық сайыс тұрғысынан арымыз таза екеніне, ешкімге пара беріп тұғырға көтерілмегенімізге ант ете аламын. Алла бұйыртса, Қазақстан боксшылары бір емес, сыртта 3-4 алтын жеңіп алатын кез алыс емес. Тек сол күнге жетейік.

Рас, ұлттық құраманың соңғы жылдардағы сәтсіздіктерінде қазіргі АИБА басшыларының оралымсыздығы мен жіберген кемшіліктерінің әсері барына шүбә келтірмеймін. Оларды да коррупцияның жегі құрты жайлап алған. Егер олардың кінәсі жоқ болса, ХОК оларға қатысты санкция қабылдамас еді ғой. Бұдан басқа шаршы алаңдағы төрешілікке де ренішіміз мол. Мәселен, өткен жылғы Азия ойындарындағы кәсіби емес төрешілдікке көптеген мемлекеттердің өкілдері реніш білдірді, солардың ішінде қытай, моңғол, филиппин, тай өкілдеріне. Қазақстандықтар бәрінен басым болды дей алмаймын, бірақ, біз ең кем дегенде 5 медаль, соның ішінде 56, 69 және 75 келі салмақ дәрежелерінде алтын алуымыз керек еді.  Жағдай қазіргі қалпынан өзгермесе, әуесқой бокстың тағдырына алаңдаушылық білдіруге тура келеді. Себебі, бұл мәселе қазір күн тәртібіне қойылып, зерттеу, зерделеу үстінде, жағдай әзірше тепе-тең, яғни 50:50 күйде тұр. ХОК-тың әуесқой боксқа көп жағынан тағар кінәсі жетерлік. Егер қазіргі қалыптасқан жағдай жақын арада реттелмесе, әуесқой бокстың олимпиада бағдарламасынан алынып тасталуы әбден мүмкін. Кезінде күреске қатысты да осындай жағдай қалыптасқан, бірақ, Халықаралық күрес Федерациясы өз қатарларында тәртіп орнатып, араларында тазарту жүргізгеннен кейін мәселе ың-шыңсыз, екі жақтың ортақ мәмілеге келуімен аяқталған. Өз басым бокс олимпиада бағдарламасындағы ең қызықты әрі тарихы тереңге желі тартқан спорт түрі деп есептеймін. Сондықтан, күллі әлемдік жанкүйерлердің бокстың әрбір төртжылдықтың басты шыңы — олимпиада бағдарламасы сапында қаларына имандай сенемін. Ұлттық құрама мүшесі саналатын боксшының жоғары жетістікке қол жеткізуіне бапкердің сіңіретін еңбегі зор, өйткені, ұлттық құрама — елдің бет-бейнесі. Сондықтан боксшыларды бір мақсат төңірегінде топтап, бәрін жұмылған жұдырықтай бірігіп жұмыс істеуге баулу керек. Құраманың ішкі ауа райы сенімге құрылған тұрақты, оның мүшелері бір әке мен бір шешеден туған балалардай ұйымшыл болуы аса маңызды. Бас бапкер өз шәкірттерінен тек сонда ғана жоғары нәтиже көрсетуді талап ете алады. Қазақстанда бокс ұлттық спорт түрі ретінде танылатындықтан, оған деген көзқарас та ерекше. Аталған ұлттық құраманы жаттықтыра жүріп, мен ең алдымен көп өмірлік тәжірибе жинақтадым, әлемдік деңгейде жұмыс істеуге машықтандым. Менің алға қойған басты мақсатым — Олимпиадаға өзім жаттықтырған төл шәкірттерімді дайындау. Осы  үкілі үмітім іске асса, сол арқылы бүкіл қазақстандық бокстың дамуына да өз үлесімді қосамын деген ойдамын. Ылайым, осы үміт жібі үзілмесін!

Бетті дайындаған — Ермек Сахариев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.