Жанболат Мамай: 10 жылдың ішінде 4 млн. қазақтан айырылдық

0
1993

Кеше Алматы қаласында зиялы қауымның қатысуыменен қазақ тарихының ең қасіретті оқиғасы — ашаршылық туралы «Зұлмат» деректі фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Осыған байланысты деректі фильмінің авторы, жоба жетекшісі  белгілі журналист Жанболат Мамаймен сұхбаттасқан едік.  

— Жанболат, ашаршылық тақырыбын таңдауға, арнайы деректі фильм түсіруге қандай себеп болды?
— 2017 жылдан бастап сот шешімен 2020 жылға дейін кәсіби тұрғыда журналистік қызметпен айналыса алмаймын. Сол себепті тарихи-ағартушылық бағытта деректі фильмдер түсіремін деп шешім қабылдадым. Былтырдан бастап үш деректі фильм түсіреміз деп шештік. Бірінші фильмім «Алаш» тарихына байланысты болды. «Алаш республикасы жеңгенде» деген тақырыппен қазақ және орыс тілдерінде өзіміздің бірінші деректі, публицистикалық фильмімізді жарияладық. Екіншісі — ашаршылық тақырыбы. Қазақ тарихындағы ең бір қасіретті, ең бір қанды, трагедиялы кезең зұлматты жылдар (20-30 жылдардағы аштық) деп есептеймін. Осыншама қазақ бірде-бір соғыста қырылмаған еді. 10 жылдың ішінде бір мемлекеттің халқынан айырылдық. Фильм 5 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде 20 жылдардағы ашаршылыққа тоқталдық, екінші бөлімінде ұжымдастыру қалай жүргізілді, неден басталды, мақсаты не деген сияқты мәселеге тоқталдық. «Қазақ тыныш қырылды» деген түсінік бар. Жансақ пікір. Ұжымдастыруға қарсы халықтың қолына қару алып көтеріліске шыққаны тіпті «Ұлттық әскер» болғаны жайлы тарихи деректерді таптық. Үшінші бөлімді де ұжымдастыруға қарсы көтеріліс-терге арнадық. Төртінші бөлімде ашар-шылықтың қалай болғаны, бесінші бөлімде «Зұлматқа» қандай тарихи, саяси баға берілуі тиіс деген мәселені көтердік. Шамамен, фильмге жарты жылдай уақыт кетті. Халықтың көңілінен шығып, жылы қабылдап, қолдап жатса, үшінші фильм — 1937 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, ұжымдастыру кезеңіндегі репрессияға байланысты, одан кейін Бекмахановтардың репрессиясына қатысты деректі фильм түсіру ойымызда бар. Тарихи трилогия болмақ. 
— Осы тақырыпта зерттеу жүргізген шетелдік зерттеушілер архивтегі құжаттарға, ондағы дереккөздерге сақтықпен қарайды. Деректі фильмді түсіруде негізгі дереккөздер жайлы айтып өтсеңіз.
— Ашаршылыққа қатысты Қазақстан мен Украинаның дереккөздерін пайдаландық десе болады. Материал өте көп. Президент мұрағаты, Орталық мұрағат құжаттарымен, Семейдегі архивтермен жұмыс жасадық. Украинаға барып, осы тақырыпты зерттеген тарихшылармен кездестік. Президент мұрағатында 1917 жылдан бастап тарихи деректердің барлығы сақталған. Көрсетілген құжаттардың барлығын зерттеп шықтық. Сонымен қатар, украиндер ашаршылықты геноцид ретінде қалай мойындатты деген мәселені зерттедік. Осы тақырыпты зерттеген украиналық тарихшылармен, институт директорларымен жұмыс істедік. Батыс зерттеушілерінің еңбектерін пайдаландық. 1992 жылы Жоғарғы кеңестің жанынан құрылған комиссия құрамында болған Талас Омарбеков, Хайдар Алдажұманов ағаларымызбен сұхбаттастық. Ашаршылықты көзімен көрген Мекемтас Мырзахметов ағамызды да әңгімеге тарттық. Қаржылық мүмкіншілік болса, «Зұлматты» бір фильм ғана емес, бірнеше сериал етіп түсіруге болар еді. Материал ауқымды, зерттейтін мәселе көп. 
— Батыс зерттеушілері — украиналық, америкалық ғалымдар (Омельян Рудницкий, Наталья Левчук, Стивен Виткрофт, Р.В.Дэйвис, Сара Кэмерон) ашаршылықтан 1 млн. 300 мың немесе 1 млн. 500 мың қазақ қырылды деген деректер ұсынады. Сіздер қандай деректерге қол жеткіздіңіздер?
— Өте маңызды сұрақ. Әртүрлі деректер айтылады. 1992 жылы Манаш Қозыбаев бастаған комиссия барлық құжаттарды (демографиялық, ведомстволық, тарихи құжаттар) зерттей келе, 2 млн. 200 мың деген тоқтамға келген екен. Ал тарихшылар 2 млн. 200 мың адам тіркелген өлім саны ғана деп көрсетеді. Тіркелмеген, құжаты жоқ, мүлдем есепсіз қалған қазақтың санын ешкім білмейді. 1988 жылы еңбек жазған Роберт Конквест 1 млн. деп көрсетсе, енді біреулер 3-4 млн. деген пікір айтады. Меніңше, 2 млн. 200 мың адам шындыққа жанасатын секілді. Ресми тіркелген өлім саны. Түптеп келгенде қазақтың тең жартысы қырылып кеткен. Қанша халық қырылды дегенде, Украинаның да нақты жауабы жоқ. Украинаның Ұлттық ғылым академиясы 4 млн. адам деп ресми тоқтам жасады. 2006 жылы В.Ющенко заң қабылдайтын кезде, парламентте 7-8 млн. украин қырылды деген мәселе көтерілді. Бір тарихшылар 5 млн. украин деп көрсетеді. Басқа тарихшылар орташа есеппен 4-5 млн. украинның аштықтан қырылғаны шындыққа жанасатынын айтады. Сол сияқты бізде де тек қана 31-33 жылдары 2-3 млн. халық қырылған. Оның үстіне 1 миллионнан астам халық Иран, Ауғанстан, Қытайға босқын болып кеткен. 616 мың халық Қазақстанға қайтып оралмаған. 20 жылдардың өзінде 1 млн. халық қырылған. Сонда 10 жылдың ішінде 4 миллиондай халықтан айырылып отырмыз. 
— Осы тақырыпта қалам тербеген белгілі жазушы Смағұл Елубай аштықтың кесірінен бүгінде 30 млн. халықтан айырылып отырмыз деген болжам жасайды. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
— Қазақстанда демографиялық зерттеулер жасалу керек деп ойлаймын. Өзіңіз білесіз, бізде демографиялық институт жоқ. Смағұл ағамыздың айтып отырғаны шындыққа жанасады. Нәубет жылдар болмаса, қазақтың саны кемі 40 млн., бәлкім, 50 миллионға жетер ме еді? Екіншіден, бұған тек адам саны жағынан қарамауымыз керек, ұлттың үлкен потенциялынан айырылып қалдық. Аштықтан қырылған миллиондаған қазақтың ішінде қаншама Мұхтар Әуезовтер, қаншама Қаныш Сәтпаевтар бар. Ұлт үшін еңбек жасай алатын қаншама азаматтар кетті. Тек демографиялық шығын емес, экономикалық шығын, саяси соққы болды десек те болады. Мәдени-рухани өмірімізді ойсыратып кеткен үлкен қасірет деп санаймын. 
— Фильм түсіру барысында қаржы жағынан қиыншылық көрдіңіздер ме? Қаржы көзі қайдан?
— Қымбат фильм емес. Украинаға сапарымыз сәл қымбаттау шықты. Арнайы оператор жалдадық. Мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Жүкеев ағамыз қол ұшын берді. Сонымен қатар, ұлттық мәселеге бейжай қарамайтын бірқатар кәсіпкерлердің қаржысына түсірілді. Бар-жоғы 4-5 адамның көмегімен фильм жарыққа шықты. Мен бұл жобадан бір тиын қаржы таппадым десем болады. Бұл менің қоғам алдындағы борышым, энтузиастық жобам деп санаймын. 
— Сұхбат бергеніңізге рақмет!


Бауыржан Карипов

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.