Жылқы және қазақ немесе қазақты мадақтау

0
615

Арғымақтан дүлдүлге дейін

Шабыттың пірі Пегас, Еліміздің логотипінде тұрған қанатты тұлпар, жеті қазынаның бірі — жүйрік ат Жылқы жүрек түкпіріндегі ой-қиялдарымыздың шырақшысы болғай деп сөз бастамақпын.
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы,
майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ, — деген ұлы Абайдың өлең жолдарын мектеп қабырғасында жүргенде мағынасына жетпей жаттап едік. Енді ойлап отырсақ, күнде көріп жүрген жылқыны қалай тамаша суреттеген!
Суреттегенді қойып өмір шындығына келсек, қасқа жолды Қасымхан бабамыз:
«Біздің асыл дүниеміз —
бір ғана жылқымыз,
Ләззат алатын асымыз — ет,
Сүйетін сусынымыз — қымыз…
Қызық көретініміз —
өрістегі жылқымыз» — деген жоқ па?!
Естуіміз бойынша «басқа адамдар маймылдан жаралса жаралған шығар, ал қазақ жылқыдан жаралған» дейді екен қайда жүрсе де сәйгүліктің суреттерін жанынан тастамайтын қазақтың біртуар ұлдарының бірі Асқар Сүлейменов. Шынында да тұлпар туар құлынды енесінің құрсағында жатқаннан танитын қазақтай жылқыға жақын жұрт жоқ-ау деп топшылаймыз.
Туған баласын түліктің төліне теңеу де көшпенділерге, әсіресе, қазаққа тән қасиет. Ата-ана баласын «құлыным», «құлыншағым» деп еркелетсе, ал баласы болса құлын болып кісінеп, тай-құнан боп тулап, асау болып алысып, ат болып жарысып, ойнап, тарпаң болып ер жетеді.
Қазақ баласының қолына түскен қу шыбықтан бастап, атасының таяғы, тіпті апасының сабауына дейін ат болып кетеді. Қу ағашқа жан бітеді.
Көшпенділер мен жылқы баласынының бірге өсіп, біте қайнасқаны сондай олардың тұрмыс-салтына, мәдениеті мен өнерінде өзара қатысты айтылатын афоризмдер толып жатыр. Мысалы, жаңа туған нәресте ұл бала болса «ат ұстар», егер ол қыз бала болса «ат байлар» деп бейнелеп айтады. Ал баласы ер жетіп, есейіп, өссе «ат жалын тартып мінді» деп қуанады. Сондай-ақ, бірін-бірі қайта көрместей болып ренжіскен екі жақты «ат құйрығын кесті» дейді, кедей-кепшік, тумысында бір жарымаған адамды «ауы атқа, аузы аққа жарымаған» деп қағытып өтеді.
Талапты да талантты жасқа теңеу іздегенде де жылқыға келіп тірелеміз. «Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрледің» деген хакім Абайдың сөзі осыған дәлел емес пе?!
Жылқы малы тұқымына қарай: арғымақ, қазанат, абы, тобышақ, текежәуміт, қазақы ат, қарабайыр, пырақ, дүлдүл т.б. деп бөлінеді. Шабысына қарай олар: жүйрік, тұлпар, сәйгүлік, саңлақ, бәйге аты. Салтанатқа мінетін ат: жорға ат, су жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға. Жай мініс ат: аяқ ылау, жетек ат, қосақ ат, түп ат, көсем ат.
Менің де жылқы жайлы аздап білетіндерім бар. Бір түйіндегенім, жылқының пайдасын қай ел көп түсінсе, бұл түлік алдымен сонікі. «Біздің қазақтай жылқыны ешкім қастерлемеген» деп кеудені қағып жүріп далада қалуымыз ғажап емес. Статистика деректеріне жүгінсек, елімізде жылқы саны жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл өсім жекешелендіруден кейінгі өсім, онда да статмәліметтерге сүйенеміз. Қазақстан жылқы санынан АҚШ, Қытай сияқты алпауыттарды айтпағанда, Аргентина, Эфиопия сияқты мемлекеттерден кейін әлемде 8-9 орындардан көтеріле алмай тұр. Бұл күнде Ақмола облысында 181,5 мың жылқы бар. Оның көпшілігі — 55 пайызы жекеменшік иелерінің қолында. Бұрын да жылқы санының ақиқатына жете алмай жүрген біздерге, қазіргі қолдан жасау заманында бұл көрсеткіштер де күмән туғызады. Менімше, ол аспандағы құстарды санағанмен бірдей сияқты. Жылқы санының кемігенін базардағы ет бағасының өсуімен бағамдау керек сияқты. Тіпті қысылып тұрғаныңда (өлім-жітімді айтам. С.Х.) тай-байталдардың бағасын 350-400 мыңнан түсірмейді-ау!

Қазақтардың құпиясы неде?

Ертеректе, Кеңес Одағы тұсында, бір орталық газет «Степное шампанское» деген мақаласында былай жазады: «Русские ученые первыми в мире создали школу кумысоделия. Её основатель Нестор Постников определил свойства кумыса в трех словах: «упитывает, укрепляет, обновляет».
Тысячелетия превратили башкирскую лошадь в идеальную поставщицу кумыса. В последние годы выведены породы кобылиц, дающие в среднем по 1700-1800 литров молока в год. По объему кумысного производства Башкирия занимает первое место в РСФСР. В автономной республике создана сеть кумысолечебниц…».
Біздің заманымызға дейінгі бесінші ғасырда грек тарихшысы Геродот: «көшпелі скифтер бие сүтінен қымыз даярлаған», — деп жазды. Олар бие сүтін алғаш күбіге құйып ашытқан. Сол Геродоттың айтуынша көшпелілер сүтті ұзақ уақыт сақтау (консервілеу) әдістерін құпия ұстаған.
Жылқының бағасын білетін Францияда бие сүтінен косметикалық бұйымдар жасайтын фирма да бар. Ал осыдан кейін жылқының қасиетін жалғыз қазақ қана біледі деп айтуға аузың бармайды. Бірақ жасыратыны жоқ, жылқыны басқа ұлтқа қимайсың. «Әттең тонның келтесі-ай» дегендей қол қысқа. Әзірге тек осылай жазып шер тарқатқандаймыз…
Адамдар сияқты тарихта мәңгі қалған кемеңгер қолбасшы Күлтегіннің Боз аты, Қара қыпшақ Қобыландының Тайбурылы, Алпамыс батырдың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Кендебайдың Керқұласы, Ер Тарғынның Тарланы, Ақанның Құлагері, тағысын тағылар… қалай ұмытарсың? Олар жадымызда жатталып қалды.
Ұзақ өмір сүрген қазақтардың құпиясы неде деп ойлайсыздар? Меніңше, негізінде жылқы етінде. Қазір көкөніс жеген көп жасайды дейді. Сол көкөніс пен қазіргі емдәмдік (диеталық) — сұлыны тоя жеп жүрген, еті жесең тісіңе кіретін, жемесең түсіңе кіретін жылқыға не жетсін?!
Жылқыға ода айтып, қазақты мадақтайын дегенім, алдымен қазақтың жылқы етін таңдауы. Тіпті түнге қарай тамақтың жеңілін ішіңдер десе де қазекем мұрнын қытықтаған еттің иісін иіскемей, білегін сыбанып қолын табаққа салмай ұйықтай алмаған. Неге?
Біріншіден, еттің бәрі бір емес, пісірілген ет пен қуырылған еттің арасы жер мен көктей. Сіз кәуапті (шашлык) сорпасымен ішпейсіз ғой. Піскен жылқы етін аз жеген бала әлжуаз.
Екіншіден, қазақ етті түнге қарай жейді. Бір орыс айтқан екен: «завтрак съешь сам, обед раздели с другом, а ужин отдай… казаху».
Ал кешке ет жеудің өз себептері бар. Алдымен жылқы еті апыл-ғұпылды ұнатпайды. Күнұзақ аузыңнан сілекейің ағып келіп, кешке асықпай отырып, жайма нанның (құлақнанның) үстінде балбырап жатқан бір май, бір етті жеп, артынан сорпа ішсең көңілің жай болмай ма?!
Ой-толғауыма айдар таққандай, жылқы өсірген, оның етін қыстық азық қылған қазақ ақымақ па? Тек осындай ұлт қана ұзақ жасауға тиісті, Әттең, әттең мынау күн сайын шарықтап тұрған бағада соғым алып союға мүмкіндік екінің бірінде бола бермес. Бұл мәселелерге Үкімет араласпаса азық-түлік дағдарысы (продовольственный кризис) өзі келіп есікті қағып тұр ғой.

Жылқы — намыс, рух, қуат

Жылқы жайын айтып келіп, автор астан аспапты деп жүрмесін, ағайын. Кәделі жерлерде сый-сияпат, құрмет белгісі ретінде өнерімен, ерлігімен ерекшеленген ер азаматтарға ат мінгізіп, шапан жапқанын да білеміз…
Жылқы ұстауға шеберлік керек екенін, екінің бірінің қолынан келмейтін іс екенін де айта кетейін. «Абай жолы» романында Мұхтар Әуезов ат үйретудегі Оспанның шеберлігі арқылы жылқы малының қандайлық қасиетті жануар екенін, оны үйрету үшін ер жігіттен мықтылық, шапшаңдық талап етілетінін, тіпті айлакерліктің де артықшылығы жоқтығын, түліктің мінез-құлқын жете білу керектігін де тайға таңба басқандай көрсетіп береді.
Бабаларымыздың ежелгі қонысы Көкше өңіріндегі Ботай қорымынан табылған жәдігерлердің қазақтың ежелгі халықтардың бірі ретінде жылқыны бағзы замандарда-ақ қолға үйретіп, қымызын ішкенін дәлелдейтіні көпшілікке аян болды. Елбасы өз мақаласында: «Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді» деп жазады. «Ботай» өзіміздің Айыртау ауданындағы елді мекен екенін білеміз. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар археологиялық, остеологиялық (анатомияның сүйек құрылысын зерттейтін саласы) зертеулер арқылы планетада бірінші болып жылқының осы жерде қолға үйретілгені дәлелденіп отырғанына көздері жетті.
Ұлы даланың жеті қырының бірі — атқа міну мәдениеті жайлы Елбасы жай айта салған жоқ. Түсінген адамға жылқыны қастерлеп тәуелсіз елімізде оның санын кемітпеу керек екені айтпай-ақ та белгілі болып тұрған жоқ па? Әйгілі Құлагер шыққан, Құлагер аунаған біздің өңірімізде, жерімізде жылқы неге азаяды? Қазақ сахарасында жылқы тұқымдарын дәйекті зерттеп, оның тарихын жақсы білген генерал-губернатор А.К.Гейненің «Қазақтың ең жүйрік жылқысы Атбасар – Қараөткелде» деп жазуы бекер емес. Ең жылқылы аймақтарға жататын Ерейментау, Зеренді, Целиноград аудандарында қазір жылқы саны 17-20 мыңның маңында. Атбасарда онан да кем. Бұл жалғыз Ақмола облысында емес, жалпы еліміздегі жағдай осындай. Әрине, жылқы санының күрт кемуіне биыл 64 жыл болған — тың көтерудің де кері әсері болды. Ауылдағы үйдің іргесіне дейін жыртылды. Адам аяғы баспаған ащылы жерлерді игереміз деп түрен салды. Негізінен жылқы малын өсіруге, оның пайдасын көруге Кеңестік шолақ саясаттың кедергі болғаны даусыз деп санаймын. Жылқының адам бойына күш, рух сыйлайтын ала-бөтен қасиеті бар. Ол — намыс, ол — ұлттық сана-сезім, ол — тектілік рухы еді. Қазақ үшін бұл тіпті де қажет. Осыны жақсы зерттеген ақ, қызыл түсті отаршылдар қазақты жылқыдан ажыратпай, оның бойындағы «жылқы мінезге» әлі жетпесін білді. Сөйтіп, олар бірден қазақтың жылқысына ауыз салды. Қызыл империя алдымен алаштың атын алды, артынан елдің басын алды. Қазақтың табанын тас, жанарын жас тілді. Жылқы мінезі жүндей түтілді. Ұланғайыр даланы ұлан асыр күйге бөлеген төрт түліктің төресі, ардақты жануарлардың сарқыны қаша-қораға қамалды. Қайдағы бір жабылармен жамалды. «Үстінен су төгілмес майда қоңырлардың» орнына дүңкілдек, мінсең іші-бауырыңды түсірер «дончоктар» пайда болды. Ал осындай құйтырқы, жымысқы сайтани әрекеттерге елдің азат ойлы азаматтары қарсылық көрсетпей қалған жоқ. Мәселен, қазан төңкерісінен кейін малға, соның ішінде жылқыға қыр кеткенін Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 1925 жылы жазған «Малсыз дала» өлеңінен анық байқауға болады.
Жылқы жоқ бұрынғыдай
қостан шығар,
Күн қайда жонға барып
қыстап шығар.
Бұл түрімен төмендеп кете берсе,
Әркім-ақ өзінікін ұстап шығар, — дейді.
Осы зар ары қарай қазақ ақындарының өлең-жыр, толғауларымен жалғасып, Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасына ұласады. Жылқы түлігінің тоз-тозын шығарып, атқанын атып, сатқанын сатып, жұртты жаппай жаяу қалдырғанын, ақын ашына астарлап жазды. Ат пен ақын мұңдасады. Ат адамға шағынады, өкпе-назын айтады:
Білемісің, жүйрік сұлу қара айғырды?
Білемісің, әлгі жалбыр
сары айғырды?
Сұр жорға ат, сүтті мама боз биені,
Соларды зиянкестер қалай қылды?..
Солардың бірі жауыр, бірі қатпа,
Сұржорға ат қазір тулақ, ол енді ат па? — дейді.
Омырауына жасы моншақтап, кешегі сұлуының бүгінгі қалін көріп, көкірегі қарыс айырылады. Ал Бейімбет Майлин болса қабырғасы қарыс айырыла отырып:
Кереге басы құр ноқта,
Құлынсыз қаңырап тұр ноқта.
Сән-салтанат баяғы,
Қалды әдіре бір жақта, — деп шырылдады.
Қызыл империяның қырғыны үдеген үстіне үдей түсті. Енді қаламды қолына Ілияс Жансүгіров алады. Қапияда мерт болған Құлагердей сәйгүліктің қан жоса басын құшып отырып, адамзат баласында бұрын соңды болмаған құбылыс — Ақан Серінінің азалы зарын арқау ете отырып, дүлдүл ақын Іляс «Құлагердей» зарлы поэмасын өмірге әкелді.
Құлагер қош-қош атым,
жолдасым-ай,
Мен білдім, түнесемде тұрмасыңдай.
Тигізбей топыраққа жоғары іліп,
Сақтармын өле-өлгенше
қу басыңдай-ай!..
Бұл менің оқығандарым, естігендерім. Жылқы жайлы ерінбей жиғандарым. Тарихта ақ қағазға қарамен жазылып қалғандар. Жаңалық ашып, не білгішсініп отырғам жоқ.

Түйін

Жылқыны қорғайтын Заң керек!

Заман өзгерді. Қазір қазақ жылқыны қымызы мен еті үшін ұстап отыр. Атбегілердің сәйгүліктерін бәйгеге қосып, астарына машина мініп жүргендері де бар. Бірақ жылқыны қорғайтын, сақтап, өркендететін Заң жоқ. Елімізде осындай Заң қабылданып, жылқыға байланысты мәселелердің бәрі бүге-шігесіне дейін қаралып, қабылданса нұр үстіне нұр болар еді. Индустриялы негізде, тиімді технологияларды пайдаланып табиғи таза өнімдер өндіріп, экспортқа шықса, мүмкін баға да бүгінгідей шарықтамас еді.
Бірді айтып бірге кетпесек, жылқыны жоюдың қазіргі күнде ең төте жолы — барымта. Барымташылар басынып барады. Бас прокуратураның мәліметтеріне жүгінсек, елімізде 2015-2017 жылдар аралығында мал ұрлығына қатысты 21802 дерек тіркелген және олардың тек 38,4 пайызы ғана ашылған. Алысқа бармай-ақ өзіміздің Ақмола облысында, дәлірек айтсақ Кенесары, Баянбай және Жамантұз ауылдарындағы ағайындар биыл 200 бас жылқысынан айрылғаны көпшілікке мәлім болды. Оған мал иелері де кінәлі екенін айта кеткен абзал. Жылқышымен екіжақты келісімшартқа отырмайды, малдың нақты есебі жоқ. Жоғарыда статистика мәліметтеріне сену қиын дейтініміз де сондықтан.
«Тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» деп жүріп бос қайыс жүген мен тобылғы сапты қамшыны ұстап, тұсамыс пен шідерді лақтырып далада қалмайық, ағайын!
«Шаруаның бір пірі —
Қамбар ата,
Тілегенде өзің бер ақтан бата.
Үйір-үйір жылқыны
шұрқыратып,
Ойдан, қырдан арқансыз
әкеп мата» — деген ел аузындағы өлең жолдарымен ойымызды қорытындылаймыз.

Совет ХАМИТҰЛЫ,
еңбек ардагері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.