Әлемнің 7 данышпанының бірі — скиф Анахарсис кім?

0
291

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты баяндамасында «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет… Біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ, шетелдегілер де білетін болады» [1.1-2б.] деп өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын баяндамасында Ұлы дала тұлғаларын әлемге танытуымыз керектігін атап көрсетті. Қазақтың Ұлы даласында салтанат құрған Сақ мемлекетінен шыққан данышпан, сақ философы, әскери өнерді жетік меңгерген — әскер басы, құқықтану білгірі, «Жеті данышпанның» бірі ретінде есімі «Скиф Анахарсис» деген атпен әлемге әйгілі болған Анахарсис дүниетанымын отандық ғалымдар еліміз егемендігін алғаннан кейін зерделей келе, оны Анарыс, Анақарыс деп атады. Бүтін түркі халықтарының ата тегі болып табылатын сақ, ғұн т.б. этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғандықтан Анахарсис дүниетанымын түркі халықтары ғана емес, тіпті Ресей, Украина, Франция т.б. ғалымдары зерделеуде.

Афинада бабамызға ескерткіш орнатылған

Анахарсис б.д.д. VI-VII ғғ., б.д.д. 620-555 жж. өмір сүрген. Анахарсистің түп-тегі қазақтың Ұлы даласының байырғы тұрғындары Орта Азия мен Қазақстанды ежелден мекендеген Сақтардың батысқа ауып, Қара теңіздің Солтүстігіне үдере қоныс аударған ұлысының патша әулетінен дейтін көзқарастар бар. Д.Лаэртский мен Геродот Анахарсис Сақ патшасы Гнурдың ұлы, Ликтің немересі, Спаргатифтің шөбересі, анасы эллин жерінен болғандықтан ол екі тілді жетік меңгергені жайында айтады. Анахарсис шамамен 25 жасында әкесінің тапсырмасымен білім алу үшін Элладаға барады. Анахарсис грек жеріне келіп, алғашында тіл білмей кері қайтпақ оймен кемеге мінгелі тұрғанда, Керамикте жерлесі Токсаристі кездестіреді (Лукиан Самосатский «Скиф немесе қонақ»). Есімі «дәрігер Токсарис» деген атпен кең танылған, сол кезде грек жерінде дәрігер болып қызмет ететін Токсарис, Анахарсисті үстіне киген скифтердің киімінен, жақын келе оның ханзада екенін танып, Анахарсиске скиф тілінде жөн сұрасып, кейін оны грек данышпаны Солонмен таныстырған. Анахарсис Лидия патшасына өзінің грек жеріне эллиндер салт-дәстүрлерін көріп, оқып-білім алу мақсатында келгенін, асыл тасқа зәру еместігін айтады (Д.Лаэртский). Анахарсис б.з.д. 594 ж. Афиныда әйгілі философ Солонмен кездесіп, онымен дос болады. Солон қайтыс болғанға дейін ол Грецияда өмір сүреді. Осы жылдарда ол Лесбос, Фив, Коринф, Фокид, Биотия, Сицилия, Мысыр, Парсы елдерін аралайды.
Солон Анахарсистің афина заңы мен тәртібіне, салт-дәстүріне, өнеріне, мемлекеттік құрылымына қызығушылық танытып, көп нәрсе үйреніп, білім алғанына риза болған. Солон афиналықтарға Анахарсистің жат жерлік скиф бола тұра ақылға бай, дана екенін айта келе: «Афиналықтар! Ол (Анахарсис авт.) менің көзімді ашып, ойымды байытты, көптеген пікірлерімді басқаша байыптауға көмектесті, толып жатқан ақыл-кеңес беріп, білім мен пайдалы іске үйретті. Сондықтан мен бұл азаматты ел үшін де, мемлекет үшін де құтты, қайырлы деп санаймын, оның мүсінін мыстан құйып, ең бір құрметті жерге халық қалаулыларының мүсіндерімен қатар қойыңдар», — дейді («Лукиан «Анахарсис немесе гимнасиялар»). Сөйтіп Анахарсиске Ареопаг мүшесі болғаны, даналығымен «Жеті ғұламаның бірі» атанғаны үшін оның көзі тірісінде, оған Афиныда мыстан ескерткіш орнатылған. Бұл ескерткіштің бүгінгі жәйі бізге беймәлім, бірақ «Анахарсис» атты екі ескерткіш сақталған.
Анахарсис грек мәдениетін қабылдап, б.з.д. 559 ж. Солон қайтыс болған соң, Скифияға оралады. Қайтар жолда, ол кизиктердің Құдай Ана құрметіне құрбан шалып жатқан мереке үстінен түсіп, еліне келіп, осы рәсімді орындайтыны жөнінде Құдай атымен уәде етеді. Анахарсис Скифияға оралған соң, осы рәсімді Гилея жерінде жасырын орындап жатқан кезде, мұны көрген бір скиф, сол кездегі сақ патшасы Савлийге жеткізеді. Савлий патша рәсімді орындап жатқан Анахарсисті көріп, ата салтынан алыстаған деп шошынып, оны садақпен атып өлтіреді. Анахарсис өлер алдында: «қызыл тілімнің арқасында жат елден аман келіп едім, Отаныма келіп, көреалмаушылық пен қызғаныштан мерт болдым», — дейді. Д.Лаэртский Анахарсис Скифияда, «жұрттың бәрін эллиндер дәстүрімен өмір сүруге үгіттеп, аузындағыны айтып болмай қанатты жебе оны алып кетті… исі гректерге деген үлкен құрметі үшін, ата салтынан бас тарту ниетінде деген күдікке ұшырап, өз ағасының жебесінен қаза табады», — дейді.
Кезінде А.С.Пушкин: «Ертедегі Ресейді тапты», — деп баға берген Н.М.Карамзинге Анахарсис туралы антик және батыс авторлары еңбектерінің әсері болды, ол 1804 ж. «Ресейлік мемлекет тарихының» 1-ші томында «Білімді гректермен ұзақ уақыт қарым-қатынаста болғанына қарамастан, скифтер әлі де өз ата-бабаларының жабайы әдет-ғұрпын қасиет тұтты. Олардың даңқты жерлесі, Солонның шәкірті, философ Анахарсис оларды Афины заңдары жолына түсірмек болып әрекеттенгенмен, оның өзі бұл сәтсіз талабының құрбаны болды» деп жазды.

Ол 800 өлең жазған…

Анахарсиске тиесілі деп есептелетін, б.з.д. ІІІ ғ. 10 хат сақталған, бірақ бұл хаттардың фалсификаторлары бір емес, бірнеше деп те айтылып, Анахарсис туралы антик дәуірі мұраларына күмәнмен қаралып келгенін айтуымыз керек. Дегенмен көпшілік зерттеушілердің көзқарасына қарағанда антик дәуірі авторларының деректері шынайы мәліметтерге негізделгендігі айқындала түсуде. С.М.Хаутала Анахарсис жеті данышпанның бірі бола отырып, ол «киниктердің философиялық мектебінің негізін қалаушылардың бірі» болғанын айтады. Д.Лаэртский Анахарсистің 800 өлең жазғаны жайында хабарлайды. Анахарсистің өмірі, қанатты сөздері, хаттары туралы антик дәуірінде грек, латын тілдерінде жазылған 70-ке жуық авторлардың: Геродот, Страбон, Плутарх, Солон, Платон, Аристотель, М.Т. Цицерон т.б. еңбектерінде кездеседі. Ғ.Есім К.Маркс шығармаларындағы: «Скифиядан Анахарсис деген бір философ шыққан… Скифияда өркениет болмаса, онда Анахарсис сияқты ғұлама қайдан шыққан» дейтін көзқарастарын келтіреді (Ақиқат,№12,1992.). Зерттеушілер Анахарсистің шығармалары афиналықтар мен сақтардың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, тіл, адамның мінез-құлқы, заң, саясат, спорт ойындары, соғыс өнері т.б. туралы 50-ден астам шешендік сөздері сақталғаны жайында деректер келтіреді. Анахарсистен: Крез патша: «Жаратылыстағы ең әділі кім? — деп сұрағанда, «Ең жабайысы, тек солар ғана заң бойынша емес, табиғат бойынша өмір сүреді. Табиғат — Құдай жаратқан нәрсені қолдану әділірек болады. «Сонда жануар ма жаратылыстағы ең ақылдысы!?» «Ең ақылдысы», — деп келісіпті ол. «Адамдарда не жақсы, не жаман деп сұрағанда, ол «Тіл» деген; «Менің жабыным — скифтік жамылғы, аяқкиімім — табанымның терісі, төсегім барлық жер, ең жақсы тамақ: сүт, ірімшік, ет, мендегі жалғыз дәмдеуіш аштық. Сондықтан мен, көпшіліктің қамына…, егер қандай да қажетің болса маған кел. Саған рахаттанудан басқа сый ұсынамын» т.б. даналығы сақталды.
Анахарсис туралы шет тілінен аударылған құнды еңбектің бірі тегі скиф Анахарсисті шығармасына кейіпкер етіп алған аббат Ж.Ж.Бартелемидің «Кіші Анахарсистің Христос дүниеге келгенге дейінгі ІV ғ. ортасындағы Грецияға сапары» атты монографиясы ХVIIIғ. аяғында Францияда шықты. Француз археологы, жазушы «археологиялық роман» жанрының негізін қалаушы Ж.Ж.Бартелеми аталған шығарманы жазуда антик авторларының ежелгі Грекияға саяхаттап келіп, Солонмен дос болып, «Жеті ғұламаның» бірі атанған скиф Анахарсис туралы жазба тарихи деректерін пайдаланған. А.Формозов Ж.Ж.Бартелеми шығармасына арқау болған Кіші Анахарсисті ол ежелгі Гректің негізгі қалаларының көрікті, қасиетті жерлерімен жүргізіп, өзіне таныс емес басқа өркениетті, жат жерлік саяхатшы «табиғи адамның» — кейіпкердің көзімен көрсету-ді мақсат тұтқандығын айтады. ХІХ ғ. басында, 1804 ж. еңбектің П.Страховтың аудармасымен Мәскеу мен Петербургте шығуына Император І Александр өз қаражатынан ақша бөлдірген. Еңбектің Ресейде шығуы орыс ғалымдарын бей-жай қалдырмады. Варвар, скиф ғұламасы Анахарсис туралы еңбек жазған французбен танысуға асыққан тарихшы Н.М.Карамзин Парижге келіп, Ж.Ж.Бартелемимен танысып, оның бұл шығармасы орыс оқырмандарын қайран қалдырғанын айтады. Бұл шығармаға орыс еркін ойлы зиялылары Герцен, А.С.Пушкин, А.Грибоедов т.б. қызығушылық танытты, А.С.Пушкин кітапханасында Ж.Ж.Бартелеми кітабы, шығарманың француз тіліндегі басылымының атласы сақталған. А.С.Пушкин «К Вельможе» шығармасында:
«И скромно ты внимал,
За чашей медленной огфею иль деисту,
Как любопытный скиф, афинскому софисту», — деп, скиф Анахарсис туралы ой тастайды. Кейін А.С.Пушкиннің досы декабрист Н.Ф.Глинка 1816 ж. «Орыс Анахарсисін» жарыққа шығару керек деген ұсыныс көтереді, бірақ оның бұл ұсынысы іске аспайды.

«Кіші Анахарсисті ойлап тапқан кім?»

Ж.Ж.Бартелеми шығармасында «Кіші Анахарсис» атты кейіпкерін ойдан шығарып, Кіші Анахарсисті жерлесі, әрі өзінің атымен аттас шын мәніндегі Сақ патшасы Гнурдың ұлы, скиф философы Анахарсистің ізімен жүргізіп, оның грек жеріне барған кезде көзімен көрген, қоғамда орын алған рухани құндылықтарды, яғни ежелгі грек жерінде сол кезде дамығын ғылым мен мәдениетті, философияны, ескерткіштерді, сол кезде өмір сүрген данышпандардың дүниетанымын ашып көрсетеді. Аталған еңбектің «О воспитании Афинян» деп аталатын ХХVI тарауында Кіші Анахарсис: «Воспитаніе у АфинянЪ от самаго рождения младенца, и кончается не прежде, какЪ на двадцатомЪ году. Сіе время испынанія не весьма продолжительно, но не довольно велико по небреженію родителей, которіе надежду государства и своего семейства отдаютЪ сперва вЪ руки рабовЪ, а потомЪ наемным наставникам. Эпихарса, жена Апполодора, у котораго я жил, должна была вскоре родить. В первые 40 дней беременности не позволяли ей выходить. Потом часто повторяли ей, что как ея поведеніе и здравіе могутЪ иметЪ вліяніе насложеніе младенца, то должно ей употреблять хорошую пищу и подкреплять силы свои небольшой прогулкою. У многих изЪ тех народовЪ которыхЪ Греки называют варварами, день рождения младенца есть день печали для его семейства», — дейді. «Библиотека Афинянина. КлассЪ философии» атты XXIX тарауында Кіші Анахарсис: «Вступая в книгохранилище, я содрогнулся от удивления и радости. Я находился среди величайшихЪ умовЪ Греции. Они были для меня живи, дышали в своих творениях кои стояли вкругЪ меня. СамымЪ ихЪ молчаниемЪ умножалосЪ мое кЪ нимЪ почтеніе. Собраніе всехЪ владык земли не показалосЪ бы мне величесвтенье…», — дейді. Кіші Анахарсис: «ТалесЪ из Милета, что Іоніи, одинЪ изЪ семи мудрецовЪ греческихЪ, родился вЪ первый годЪ 35-Олимпиады…», — дейді [8.б.]. Шығармада Милет мектебінің негізін қалаушы ежелгі грек данышпаны, философ Фалестің (Талестің) Милеттен шыққаны, оның жеті данышпанның бірі екендігі айтыла келіп, ол Грецияны күннің тұтылатынын болжап таңғалдырғандығын, ол оны Египетте геометрия мен астрономия салаларынан алған білімін пайдалана отырып болжағандығын, еркін өмір сүргендігін айтады. Кіші Анахарсис: «Фалестің философия бойынша ой салатын кейбір жауабын келтіргім келеді. Бәрінен тамаша не? Әлем, өйткені ол Құдайдың туындысы, жасампаздығы. Бәрінен не қиын? Өзіңді тану», — дегені жайында атап көрсетеді.

Ойшылдар скиф, жабайы, варвар ғұламасына неге қызықты?

Батыс әлемі тегі скиф, «жабайы ғұлама» деп атаған философ Анахарсистің болмысына Ренессанс ойшылдарынан бастап европалықтар қызығушылығық танытты. Мұны 1801 ж. неміс көркем өнер шеберлерінің Анахарсис портретін жазып, оның көркем бейнесін өмірге әкеліп (Gtrman Artist (19th century) Anaharsis: Illustration from Galerie deralten Griechen und Rцmer (1801, Augusburg) Батыс Европаға таратуынан байқауға болады. Бұл портретте Анахарсистің бейнесі европалыққа ұқсата бейнеленген. РФ көркем өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Мурат Джикаев Анахарсис Скифскийдің көшпелілерге ұқсайтын портретін қайта жаңғыртып жазып, жаңа бейнесін өмірге әкелді. Қазіргі кезде Анахарсистің бірқатар портреттері сақталған, терең зерттелмеген, кейінгі дәуірде салынғаны да бар. Ежелгі Афины театры сахнасында ежелгі грек драмалық көріністерінде Анахарсис пен Солонның диалогынан көрсетілген фрагменттердің айғағы болатын ежелгі грек драмалары көрінісінде киілген маскалардың ішінде «Анахарсис» атты маска сақталған.
РФ өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Суретшілер Одағының мүшесі скульптор, суретші әрі жазушы, драмматург 2013 ж. өзінің 80 жылдығын атап өткен Г.Л.Железнякованың драммалық пьесаларының ішіндегі Кеңес Одағы кезінде 1984ж. жазылған «Скифский мудрец Анахарсис» атты философ Анахарсистің болмысы бейнеленетін құнды шығармасының орны ерекше. Әйгілі драмматург, жазушы, Солтүстік Осетия-Алания өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Суретшілер Одағының мүшесі А.Дзантиевтің 2007 ж. жазылған «Анахарсис» (10-действиях) атты трагедия-пьесасы соңғы кездердегі драмалық туындылар ішіндегі данышпан Анахарсистің образын ашуға арналған, түркі мәдениетін әлемге танытқан құнды шығармалардың бірі болып табылады. Өз ісінің әйгілі шеберлері Г.Л.Железнякова мен А.Дзантиевтің Анахарсистің бет бейнесін ашып, танып білуге арналған шығармалары, ұлы даламыздың ұлан-ғайыр кеңістіктігін игеріп көшпелі және отырықшы өмір салтын кешкен түркілердің әлемдік өркениеттегі орнын ашып көрсетуге арналған, шоқтығы биік туындылар екенін айтуымыз керек.
Әлемдегі зерделеу көшіне ілесіп, біз де ұлы дала өркениетінің мәдени-тарихи құндылықтарын көркем бейнелеу үшін, ұлы даланың тарихи мәдени бастауларын толыққанды зерделеу керек дегенде бұрынғы мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің: «Тарихты сақтап қалу — ұлтты сақтап қалудың жалғыз жолы» атты баяндамасындағы тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатын өзгерткенін айта келе, тарихи процестің ішкі мәнін ашып, оның моралін «түсінуге» қол жеткізуде тарих философиясы әлемдік тарихты зерделеуде кең өріс алатынын айтқан көзқарасының қайтадан өзектілене түскенін байқаймыз.

Грек философиясында өшпес із қалдырған тұлға

Тарихи кезеңдерде ойшылдарымыз алуан түрлі тарихи құбылыстарды көркем бейнелеп, асыл туындыларды дүниеге әкелді. Біз де елімізде болып жатқан рухани жаңғыру үрдісі мен ұлы дала мәдени-тарихи, рухани құндылықтарын көркем бейнелеп, жас ұрпақ санасына жеткізу, әлемге таныту міндеті алда тұр. Ұлы даланың бет бейнесін ашып көрсететін шоқтығы биік, академиялық ұлы шығарма болып қалатын музыка, драмматургия, скульптура, көркем өнер, кино (деректі және көркем фильм) т.б. көркем туындылардың өмірге келуіне шабыт беретін іс-шаралар ұйымдастыруымыз керек деп ойлаймыз. Мәселен, біріншіден, бұл ежелгі Афиныдағы Анахарсистің мыстан тұрғызылған ескерткіші сақталып қалған болса, бұл ескерткіштің көшірмесін, неміс көркем өнер мамандары ХІХ ғ. жазып, сақтаған Анахарсис портретінің көшірмесін, мүмкін болған жағдайда грек жерінен табылған сақ өмірінен дерек беретін құмыраларға, әшекейлерге ойылып бейнеленген, алтын, күміс бұйымдардың (6-шы сурет) көшірмесін елге әкелінуі болса; екіншіден, Ұлы дала тарихын әлемдік деңгейге көтеріп, көрсете алатындай көркем туындылардың өмірге келуіне шабыт беру мақсатында Г.Л.Железнякованың «Скифский мудрец Анахарсис» атты пьесасы мен А.Дзантиевтің «Анахарсис» атты трагедия-пьесасын Қазақстан театрларында көрсетіп, халқымыздың өткен тарихына деген қызығушылығын оятуымыз керек деп ойлаймыз. Жас ұрпақтың әдептілікті, үлкенге деген сый-құрметті көріп үйренетін, ұлы далада өмір сүрген даналардың көркем сөзі мен бейнесін, тәрбиесін көріп үлгі алатын, жайшылықта көзге көріне бермейтін — көркем шығармадан көзбен көре сезілетін руханилықты, әсемдікті көру арқылы берілетін тәрбие көрерменнің рухани дүниесінде ұлттық рух пен мақтаныш сезімін оятатын, атадан мирас болған тазалықты, имандылықты үйрететін қоғамдық мәдени орындардың бірі де, бірегейі театр, телеарналар екені даусыз; үшіншіден, Түркі елдері тілегінің бір екенін паш ететін, Ұлы даланың ежелгі ортақ рухани бастауларын, Анахарсистің грек жеріне сапарын т.б. ашып көрсететін түркі елдерімен немесе шетелдермен біріккен деректі немесе тарихи көркем фильмді өмірге әкелу мәдениеттердің жақындасуына, рухани байланыстарды ынталандыруға ықпалын тигізері сөзсіз. «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту саябағына қоюға лайықты Анахарсис т.б. ежелгі тарихи тұлғалар бейнесін ашып көрсететін Ұлы дала тарихына арналған шығармаларға конкурс жариялап «Ұлы даланың жеті қырын» көркем туындыларды өмірге әкелу арқылы бейнелеп жастар санасына жеткізу, ежелгі тарихымызға деген патриоттық сезімді қалыптастырады деп ойлаймыз.
Анахарсис антика дәуірінде грек мәдениетінде өшпес із қалдыру арқылы әлемдік философияда Ұлы көшпелілердің дала өркениетінде өркендеген өзіндік дүниетаным мен далалық дәстүрдің болмыс бітімін қалыптастырып, Батыс әлеміне танытты. Анахарсистің көзқарастары әлемде алғашқы философиялық ой-пікірлер пайда бола бастаған кезде қалыптаса бастағаны белгілі. Осы кезде скиф Анахарсис антика дәуірі ой-пікіріне елеулі үлес қосып, грек философиясында елеулі із қалдыра отырып, өзіндік дүниетанымын қалыптастырды. Қазақ т.б. түркілердің ата тегі болып табылатын сақ тайпасынан шыққан философ Анахарсистің адам, әлем туралы алғашқы қарапайым таным-түсініктері ежелгі дала көшпелілерінің өзіне тән ерекше таным түсінігін, алғы философиялық көзқарастарын қалыптастырды.
Бүтін түркі халықтарының ата тегі болып табылатын сақ, ғұн т.б. этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғандықтан Анахарсистің рухани құндылықтары түркі халықтарына ортақ. Антик ойшылдарының Анахарсисті жеті ғұламаның бірі деп тануы және оның антик дәуірінде грек мәдениетіне тигізген әсері айқын, ал оның бүгінгі Батыс философиясындағы орны, жалпы түркі халықтары мен қазақ философиясындағы орны қандай? Бұл мәселе терең зерттеу нысанасында қалып отыр. Анахарсистің рухани құндылықтар әлемінен көне замандағы Ұлы дала көшпелілерінің өркениеті мен Батыс өркениетінің терең ықпалдастығы мен сұхбатының жарқын көрінісін, бұл құбылыстардың кейінгі дәуірлерге тигізген әсері арқылы әлемдік өркениеттегі көшпелілердің орнын айқын байқаймыз. Анахарсистің ежелгі грек жеріне сапары өзекті, әрі өз зерттеуін күтіп тұрған мәселе екендігінде күмән жоқ. Анахарсис Батыс пен Ұлы дала көшпелілерінің өркениеттері арасын жалғастырушы, байланыстырушы — екі өркениет арасындағы көпір болды. Сондықтан Анахарсис дүниетанымын ғана емес, Ұлы дала көшпелілерінің басқа өркениеттермен сұхбаты мен ықпалдастығын, осы негізде пайда болған рухани құндылықтарды терең зерттеу нысанасына алу керек деп ойлаймыз.

Гүлнар Омарова,
философия ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.