Ғасырлардың зарын шерткен қос көне қобыз табылды

0
485

«…Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан

Жетібай әулиенің нар қобызы

Қасиетті Тобыл-Торғай өңірінің тарихы елеулі есімдермен, ал мәдениеті қос бірдей құнды жәдігермен толықпақшы. Бүгінгі мақаламыз ХVІІІ ғасырда Тобыл жерінде өмір сүрген Жетібай әулие мен Тойған бақсы және олардың киелі аспаптары жайында болмақ.
Ел арасында:
«Қыпшақта бар Қойлыбай,
Бағаналыда бар Барлыбай,
Қожада бар Оспан қожа,
Сүгірде бар Түркебай,
Тағышыда бар Жетібай» деген әңгіме қалған.
«Тағышыда бар Жетібай» деп отыр-ғанымыз, Науырзым ауданының Қайғы (қазіргі Мереке ауылы) жерінде өмір сүрген Тағышы руынан шыққан бақсы Жетібай әулие. Бақсылық-емшілігімен қоса, көріпкелдік қасиетімен көпке мәшһүр болған оған жеті жасында аян түсіп, он жасында қолына қобыз ұстаған деседі. Қара қобызын зарлатып, түрлі дерттің бетін қайтарған шипагер, әруақты кісі болған екен. Жоқ іздеп алдына келгеннің мал-дүниесінің қайда, кімнің қолында екенін тап басып болжап беретін сәуегей болған деседі.
Мұндай аруақты бабаның құнды жәдігерінің шалғайдағы ауылда сандық түбінде жатқанын естіп, қасымызға Жетібайдың Қостанайда тұратын ұрпағы Данияр Құрмановпен бірге Науырзым ауданына сапар шеккенбіз. Ал елде қарашаңырақта әулиенің Оразбек, Әмірғали Долдашев есімді жұрағаттары отыр. Алдын ала естігеніміз бойынша Жетібай ата қобызының қылы, ысқысы, бір құлағы жоқ, тиегі ортасынан бөлінген, бет терісінің шанақтың ортасынан өтетін тілі қиылып қалған. Сол себепті, өзімізбен бірге айғырдың құйрық қылын, өз қобызымның ысқысын, құлақ жонып аламыз деген жұмыр ағаш ала барғанбыз.
Бір қызығы, Жетібайдың қобызын бүгінгі ұрпақтарынан тек Данияр Құрманов қана ұстайды да, қалғаны қол тигізуге қорқады екен. Сол себепті, Дәкең дәретін алып, баба мұрасын сандықтан шығарып, алдымызға тартты. Менің азды-көпті қобыз шалатыным бар еді, аспапты алып, оған қылын тартып, құлақ жонып, бөлінген тиегін сыммен орап тұрып бір зарлатып алдым. Бірақ бұл ісімді қарашаңырақ иесі Оразбек құптай қойған жоқ. Сөйтсе, оның да себебі бар екен. Өйткені, киелі аспап боздаса, әулетке бір жамандық келеді деп сенеді.
Данияр Құрманов, Жетібай әулиенің бесінші ұрпағы:
— Жетібай атамның нақты қай ғасырда өмір сүргенін тап басып айта алмаймын. Әйтеуір бесінші ұрпағы менмін. Ауылдың шетіндегі қорымға жерленген. Бірақ нақты қай жерде жатқаны белгісіз болып келген. Осы бір-екі жыл бұрын басын таптым ба деп отырмын. Бір нағашы апамыз кезінде бір үшкір тас қойып, айтып кетіпті. «Жетібай аталарың қорымның Бестамаққа қараған шетінде, жолдың маңайында жатыр», — депті. Сол тасты тауып алып, екі жылдан бері дұға оқып жүрмін. Шілде айында барам да, басына мал сойып, осы ауылдың үлкендерін шақырып, құран оқытамын. Жақында Астанадан бір кісі ауырып, аяғын басып жүре алмай келді. Содан Жетібай атамның басына барып аунап, құлан-таза айығып, жүгіріп шауып кетті. Жүйке ауруына шалдыққан кісілер де, осы біздің үйдегі қобыз ілініп тұрған бөлмеге қонып, басылып, тәуір болып кетеді. Жетібай атам дүниеден өтерінде: «Мына қобызыма бесінші, не жетінші ұрпағым ие болады», — деп өсиет қалдырған екен. Мен бесінші ұрпағымын. Мен ұстамасам, жетінші ұрпаққа дейін жету керек бұл. Менің бұл қобызды ешкімге бермей, ұстап отырғанымның себебі де осы.
Жетібай бақсының қобызы туралы мистикалық әңгімелер мен аңыздар көп. Данияр Құрманов ел ішінде нала заманның күйін боздатқан нар қобыздың тарихын білетін ескі көз қариялар әлі де бар деп есептейді. Олар қасиетті аспап жайында ауыз ашуға қорқады. Өйткені мистикалық күшке ие қобыздың киесінен қорқатын көрінеді.
— Есмағамбет атам соғысқа кетіп бара жатқанда, «мына қобыз күбірлесе, жеті шелпек пісіріп, құран оқыңдар» деген екен. Ол кезде соғыс жүріп жатқан, жоқшылық уақыт болса керек. Бізден 12 шақырым жерде Бестамақ деген ауыл бар. Сол ауылда тұратын бір әйелдің баласы ауырып, әжейге келіп, «қобызды беріңізші, баланы ұшықтап жіберейін» деп сұрайды ғой. Әжей әлгі әйелге қобызды ұстатып жібереді. Содан бір-екі күн өтпей әжей қора жақтан келе жатса, есіктің алдында бір әйел жатыр дейді. Жақындап барып, әлгі қобызды алып кеткен келіншекті таниды. Көтеріп тұрғызайын десе, әйел өліп кеткен екен. Анадай жерде ағашта қобыз ілініп тұрғанын көреді. Екі баласын шақырып, киелі аспапты түсіртіп алып, ақ матаға орап сандықтың түбіне тығып тастайды. Есмағамбет атамыздан кейін бұл қобызда ойнаған адам жоқ, — деп әңгімесін түйіндеді Данияр Құрманов.
Нар қобыз туралы белгілісі, қазірше, осы ғана. Бір анығы — ғасыр мен ғасырдың, аңыз бен ақиқаттың, дін мен мистиканың, пәни мен бақидың, тылсым күш пен өнердің арасын жалғап жатқан алтын көпір іспеттес киелі аспап алдағы уақытта жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
Оразбек Долдашев, Жетібай әулиенің қарашаңырақ иесі:
— Жетібай атам бақсы болған адам. Оспан қожаның жиені әрі батасын алған кісі. Жетібай атамнан кейін бұл қобызды ешкім ұстамаған. Бабам дүние салғаннан кейін бұл қобыз өзінен-өзі үн шығаратын болған. Адам алатын болған. Қобыз боздаса, осы әулеттен адам өледі екен. Сондықтан Ақан әжем бұл қобыздың шегін үзіп, тілін кесіп, астына шапан төсеп ақ матаға орап сандыққа салып тастаған. Негізінде бұл қобызбен ата адам емдеген дейді. Қиналып жатқан әйелдерді босандырады екен, кетпенді қыздырып, қып-қызыл кетпенмен аяғынан басып тұрып. Ұзақ уақыт сандықта ораулы күйінде жатқан қобызды қолға ұстауға ешкімнің дәті бармаған, киесі ұра ма деп қорқады. Біз де қорқамыз. Өйткені атам рұқсат бермесе, тағы біреу шетінеп өлуі мүмкін. Негізі біздің әулет өсіп-өнбей қалған әулет. Ол да осы қобыздың қасиетімен байланысты. Жетібай бақсыдан Есмағамбет деген жалғыз ұл қалған. Оның ұлы Долдаш атамыз да жалғыз. Долдаштан Мұқамметқали, Биданберген деген екі ұлы тарайды. 2001 жылы қобызды сандықтың түбінен шығарып, қабырғаға іліп қойдым. Шығарған себебім, қобыз қайта-қайта күңірене берді. Сол жылы әулетіміз үш бірдей жаннан айырылып, қасірет құшып, қара жамылып қалдық. Әуелі қарындасым, содан кейін шешем, іле әкем қайтты. Бізге жиен болып келетін Ақайша деген кісі осы қобызды тартамын деп алып кетіп, тарта алмады. Түнімен аруақ қысып, ауырып, түн ортасында өгізге шана жегіп, атамның басына кетіп қала береді екен. Содан қобыз қинап болмаған соң, мына Күйіктің маңында бір ескі көңнің ішіне тастап кетіпті. Аталарым барса, қобыз көңде өзінен-өзі боздап тұр екен. Қайтып үйге алып келіпті. Бір жамандық болса сарнайды бұл қобыз. Ондай жағдайда дұға оқимыз.
Сұхбатшыларымыздың әңгімесіне сенсек, қырық күн шілденің шіліңгірінде шөп сарғая бастағанда, Жетібай бақсы қобызын зарлатып отырып, зау көкте қарайған бір шөкім бұлтты үйіріп әкеліп, жаңбырды құйдырып жібереді екен. Содан өріске қайта от бітіп, мал тоғаяды. Тағы бір әңгімеде әулие жолаушылап келе жатып, өзен жағасына түседі ғой. Судың арғы бетінде ас беріліп жатады. Жетібай атайға: «Құдайы қонақ болыңдар, бергі жағаға өтіңдер», — дейді. Өткел бермес асау өзенді айналып өтейін десе, ас тарқап кетеді. Сонда атай: «Анау киіз үйдің төрт жағын төрт қазықпен бекітіңдер. Ішіне ас қойып, дайын болғанда, айтыңдар», — депті. Әлгі ас дайын болған соң, Жетібай ата дұғасымен бір табақ етті өзеннен бері өткізіп алып, жанындағы серіктерімен бірге тамақтанып, ас беріліп жатқан әруаққа құран оқып, әрі қарай жол жүріп кеткен екен. Астың өзеннің арғы бетіне қалай өтіп кеткенін сырттағылар түгілі, үйдің ішінде сол дәмді әзірлеп жүрген аспазшының өзі де білмей қалған деседі.
Бұл қобыз еш бөліктенбей бүтіндей шабылған. Жеміс ағаштарынан шабылған болуы мүмкін. Негізінен алма ағашы деп тұспалдап отырмын. Киелі аспап бүгінгі күнге дейін өте жақсы сақталған. Тек бет терісінің сырты ғана патшалық дәуірдің шегелерімен жиектеліп қағылған екен. Терінің өзі ұзақ уақыт сақтауда болғандықтан әбден қатып ағаш болып қалған. Егер мүмкіндік болса бұл аспапты қайдадан қалпына келтіруге болады. Оның қалпына келтіру жұмысы аса күрделі емес, тек ғана бетіне тері қаптап, ешкінің терісінен қаптап, оң жақ құлағын жонып салып, шама келсе тиегін қоса жонып, әдемі жылқының қылынан тартуға болады. Және жаңадан ысқы болса, қобыз кәдімгідей ойнауға дайын деген сөз. Ең бастысы, Жетібай әулиенің ұрпақтары бұл бабадан келген мұраны сандық түбіне сақтамай, шама келгенше мұражайға тапсырғаны абзалырақ болар. Себебі еліміздегі секілді біздің өңіріміздің де мұндай киелі аспаптар некен-саяқ. Сол себепті мұражай қорына жақсы бір жәдігер болып қалар еді. Егер қобыз мұражайда тұрса, онда халықтың Жетібай әулиеге деген ықыласы артып, бабамызды зерттеу тереңірек қолға алынған болар еді.

Тойған бақсының үш ғасырлық қобызы

Жетібай бабаның мұрасын көріп келгеннен кейін Қостанай қаласында тарихы үш ғасырлық қобыздың бар екенін естідік. Көп өтпей, байырғы аспап мұрагерлері мен қобыздың өзін көрудің сәті түсті. Жәдігерді сақтап келе жатқан теміржол саласында еңбек ететін Асқар Тойғановпен хабарласып, ғасырлар бойы сандық түбінде жатқан қобызын газет бетіне жариялағымыз келетінін айттық. Асекең де өтінішімізді жерге қалдырмай, қаладағы №10 мектепте оқитын ұлы Аланды ертіп, бізбен жолығуға келді.
Біссімілламызды айтып, көне жәдігерді қолымызға алдық. Айтпақшы, осының алдында бұл аспапты белгілі қобызшы Батырбек Байназаров сөйлетіп көрген екен. Батекең бұл қобыздың киесі бар, тылсым күшке ие екенін айтқан болатын. «Күңірентіп шала бастағаннан-ақ, ішкі дүниеммен қалай кіріп кеткенімді білмей қалдым. Беймәлім тартылысы бар ерекше қобыз» деген еді.
Бұл жолы Тойған бақсының аспабын өзім де ұстағаннан-ақ денем тітіркеніп сала берді. Әлдебір сиқыр қобызды зарлатуға ырық бермеді де, үні шықпай қойды. Бұған дейінгі Жетібай әулиенің қобызын тартқан кезде, керісінше, жеңілдеп қалып едім, мынау зілді болып шықты. Дегенмен аспапты әлі де біраз сөйлету керек, дыбысын шығарған жөн болар деп кішкентай Аланға өзімнің ысқымды тарту еттім.
Қобыз қарағай ағашынан бүтіндей шабылған. Ертеден келе жатқан әрі өте жақсы сақталған аспап екені көрініп тұр. Кегежесінің (мойыны) шанақпен тұтасатын жері және басы жез таспалармен жамалған. Ал басы мен шанағында қоңырау ма, сырдырмақ па, бұрынғы бақсылар қобызына тағылатын салпыншақтың орны бар. Екі құлағы қажала-қажала жұқарып қалғандықтан, оңайлықпен күйге келмейді екен. Ысқысы нашар. Тиегін жұқарту керек, ол кәдімгі фанерадан жасалыпты. Негізінен ол да ағаштан жонылған болу керек. Тиек неғұрлым жұқа болса, аспаптың да үні зорайып шығады. Қобызды бертін қолөнер шебері Мұхамедқали Рахалиев жөндеуден өткізіп, бет терісін қайта қаптапты және маңдай басына «Нұрпейіс (Тойған) атадан қалған қобыз. Мұрагерлерге аманат. ХVІІІ ғ.» деген жазу қадап берген.
Ал енді қобыз иесі Тойған кім, сол жөнінде сөз қозғасақ. Азан шақырып қойған ныспысы Нұрпейіс Жылгелдіұлы жайында дерек жоқтың қасы. Белгілісі, әкесі Жылгелді ХVІІІ ғасырдың басында Қызылорда жерінен қазіргі Таран ауданының аумағына көшіп келген Жаппас ішіндегі Сумұрын ұрпағы. Мына қобызды Жылгелді атамыз сол Сыр елінен Тобыл бойына алып келіпті. Соған қарағанда, аспаптың тарихы үш ғасырдан асып кетеді. Киелі жәдігер ел арасында Тойған емші атанып кеткен Нұрпейіс бақсыға қонса керек. Оны өз заманында ел-жұртты түрлі ауру-сырқаттардан емдеген әрі көріпкелдігімен танымал болған жан деседі. Тылсым күш иесінің бүгінгі ұрпағы Алан Тойғанов бар білгенімен бізбен бөлісіп отыр.
— Тойған бабам өте қасиетті болған. Ол кісінің үш заты болыпты — қобыз, қылыш, қамшы. Осы үшеуімен адам емдеген. Қобыз біздің әулетімізде, қамшы жамағайын туыстарда, ал қылыштың қайда екені белгісіз. Мен осы үш заттың басын қоссам деймін. Үшеуі біріксе өте жақсы болар еді. Тағы бір белгілісі бабам атақты Марал Ишанның батасын алған шәкірті екен. Әр жұма сайын сол кездегі Ордабай қонысы — қазіргі Қостанайға жұма намазына қатысып, Марал Ишанмен иық тірестіріп сапта тұру үшін сонау 130 шақырым жерден жаяу келіп-кетіп жүріпті. Таңертең Шилі ауылынан Қостанайға қарай шығады, ал кешке үйде отырады. Ол кезде бұл жақта мешіт болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Қалай болғанда да, кемі 250 шақырым жерді бір күнде жаяу айналып келу мүмкін емес, соған қарағанда, Тойған атам жындарға иелік еткен қасиетті адам болып тұр ғой, – деді Алан.
Тойғаннан Қабдолла есімді ұл, одан Ізбасар, Оразбек тарайды. Қобыз болса, немерелерінің үлкені Ізбасарға дарыған екен. Ал Нұрпейіс бақсының қалған екі затының бірі — қылыштың қайда екені белгісіз. Қамшы нағашыларымызда дейді Асқар Тойғанов.
— Нағашыларымыз осы қалада тұрады. Мен ол қамшыны көрдім, бірақ нағашыларым бабамның дүниесін бізге қайтарғысы жоқ. Ал шаңырағымыздағы мына қобыз кімге қонса, соған берер едім. Ал оны музейге тапсыру ойымда жоқ. Әзірге мына ұлым Алан оны үйреніп алуға талпынып жүр. Үнемі өткен тарихымызды сұрап, қызығушылық танытып отырады. Бәлкім атадан қалған мұра осы ұлға қонар деген сенімім бар. Бір ғажабы, қобыз бір буын ұрпақты аттап барып қонды емес пе? Мәселен, Тойғаннан кейін оны ұлы Қабдолла емес, Ізбасар ұстаған. Ал бұл кие Аланыма қонып жатса, құба-құп болар еді, — дейді Асқар Мұсаұлы.
Тойған емшінің ХVІІІ ғасырда дүниеге келіп, сол дәуірде дүние салғаны белгілі болғанмен, дәл уақыты анықталмаған екен. Қасиет иесінің зираты Таран ауданының Шилі ауылында. Әулиекөл ауданымен шектесетін Шилі елді мекені Кеңес кезінде Знамя Советов деп аталған кеңшардың бөлімшесі болған, қазір орны ғана қалыпты. Ал жастай қалаға кеткен Асқар кейін баба бейітін әрең тапқанын айтады. Айтуынша, Тойған бақсының мазары ертеректе ел-жұрт әжептәуір зиярат ететін орын болып саналыпты.
— Әжем Райханның мына бір әңгімесі есімде. Бір жылдары ауылдың қойлары белгісіз ауруға шалдығып, бауырын көтере алмай жатқанда, үлкендер жағы «малды Тойған атаның басына апарып бір түнетіңдер» депті. Жігіттер қойды қорым басына қайырып қойып, таңертең оянса, жануарлар дертінен айығып, жайылып жүр дейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол жерде жатқан жеті бабама бір белгі тас қойғанбыз. Ендігі ойым — қасиет қонған атамыздың басына түнейтін үй салу, — деген Асекең сөзін аяқтады.
Міне, қасиет бүккен Тобыл-Торғай жерінен қос бірдей киелі аспап табылып, тарихымыз бұған дейін беймәлім болып келген Жетібай, Тойған есімдермен толығып отыр. Бәлкім ел арасында бұл бабаларымыз жайында білетін құймақұлақ қарияларымыз болса, газет арқылы үн қатуын сұраймыз. Ал жалпы, осындай мұраларымыздың ел ішінде әлі қаншамасы жатқаны бір Аллаға аян. Оларды да жарыққа шығару сіз бен біздің тарихи мұраларымызды түгендеуге қосқан зор үлесіміз болар еді, құрметті оқырман.

Қыдырбек Қиысханұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.