НАҒЫЗ КӨШПЕНДІЛЕР КІМДЕР?

0
856

Қазақ деген ұлтқа тіркестіріп, оның қосымша атауына айналған «көшпенділер» деген сөздің жымысқы астарына мән бермей, бүгінде соны мақтан тұтатынды шығардық.
Бір кезде І.Есенберлин өзінің «Көшпенділерінде» шама-шарқымен баяндап шыққан ата-бабаларымыздың заманында-ақ біз төл мәдениеті, төл өркениеті ешкімнен сорлы емес, тарихты тамсандырған небір ғалымдары мен ғұламалары алты әлемге мәшһүр болған халық едік қой! Бұл мәселені осы жерден қайырар болсақ, көшпенділер деген сөз қазақ ұлтының тарихын мақтаныш тұтуға тұрарлық сөз емес. Қазақ, ешқашан көшпенді немесе көшпелі халық болған жоқ. Көшсе өз жерінде ғана, өз елінде ғана жаз-жайлауы мен қыс-қыстауының арасына қатынап жүрді. Онда да әр ру, әр тайпа өзіне ата-бабасы белгілеп берген аймақтан аттап, беталды қаңғуылдаған емес. Шынтуайтына келсек, әнебір жылдары тың көтереміз деген сылтаумен сол кезде Қазақ Республикасына құмырсқадай қаптап келіп, бүгінде қаласа қалып, қаламаса тағы да әлдеқайда көшіп кетіп жататын орыстарды көшпенді, көшпелі ұлт десе келіңкірейтін сияқты. Жерімізді тоздырып, тілімізді алашұбар сапырмай тілге айналдыруды да сол тың көтеруші көшпенділер бастап берген-ді. Ал, бүгінде Қазақстанға орыстың да аржағынан, мұхит асып келіп жатқан көшпенділер ше? Көшпенді деген атауды қызғансаңыз, келімсектер ше? Бар мағынасы латыншадан тәржімелегенде сол көшпелі, көшпенді дегенді білдірсе де қазақ ұлықтары олай деуге үрейленіп мигранттар деп атайтын келімсектер ше?
Әрине, ықылым заманнан демей-ақ қоялық, бірақ талай-талай мемлекеттер тарихында осы күні «миграционный процесс» аталып жүрген

КӨШПЕНДІЛІК

жиі-жиі болып тұрған. Бірақ бұл үдеріс қай заманда, қай мемлекетте де сол келімсектер тарапынан сол елдің жергілікті ұлтының мүддесіне, оның тіліне, дініне, салт-дәстүріне залалын тигізбейтіндей қатаң бақылауға алынып отырған. Және көршілес елдерді еш шығынсыз, қазақтар аузынан тастамайтын «елімізде тыныштық» деген аңғал ұғымды пайдалана басып алу үшін де осы миграциялық саясат немесе миграциялық үдеріс (процесс) шебер қолданылған. Әттең, сонау жылдары Қазақстан басшылығы мұндай бақылау жасамақ түгіл қазақтарды сол Ресейден келген келімсектердің тілінде сөйлеуге, соларға жағдай жасауға мәжбүрледі. Қазіргі Қазақстанда солай болып тұр. Үй іргесіндегі қазақты тілінен, дінінен айыру үшін Мәскеу Қазақстанға тың игеруге деп те, комсомолдық жолдамамен деп те, Магнитка салуға, жас маман ретінде деп те осы миграция саясатын өте шебер пайдаланды…
Арғы тарихқа бармай-ақ орысқа патша болған неміс қатын II Екатеринаның саясатына бір сәт көз тігіңіз. XVIII ғасырда Ресей өз маңайындағы қазақ башқұрт, татарлар ғұмыр кешіп тып-тыныш жатқан ұшы-қиыры жоқ кеңістікке ауыз сала бастады. Бұл ұлан-ғайыр аймақта халық сирек қоныстанған, шабындығы шүйгін, егін егуге, мал өсіруге қолайлы, құнарлы, сулы-нулы жер шалқып жатты. Сән-салтанатқа бөленген княгиня — әрі жаугер, әрі ұқыпты неміс ұлтының өкілі, тақ мұрагерінің қатыны II Екатерина осы жерлерге орысы бар, немісі бар өз діндестерін қоныстандырудың, оның экономикалық та, әскери де маңызы зор екенін жақсы білді. Қысқасы, патшайым 1763 жылы 22 шілде күні Манифест (қазақша — Үндеу) жариялады. Онда ол еуропалықтарды осында көшіп келуге шақырып, оларға ұзақ жылдар жасалатын жеңілдіктер мен небір еркіндіктер тізімін де хабарлады. Әп дегеннен айтайық, бүгінгі Қазақстан басшылығы, ұлттық намысымызды былай ысырып қойып, шетелдіктерге, олардың дін таратушыларына, инвестор деген атты жамылып (айтпақшы, инвест сөзі киіндіру, жамылдыру дегенді білдіреді) тегін байлыққа кенелу үшін келіп жатқандардың тілін, дінін емін-еркін таратуына, қазақтың тіліне де, салт-дәстүріне де, ділі мен дініне де пысқырмауына, пысқырмақ түгіл олардың тіліміз бен дінімізге, ұлттық тәрбиелерімізге ашықтан-ашық қарсы жұмыс істеуіне бүкіл жағдайды жасап отыр. Соны көргенде біздің қазақ басшыларының санасы Екатерина заманындағы ұлттық санамыздан да айырылып қалған сияқты көрінеді. Өйткені, сол замандардағы қазақ хандары мен билері қазақтың аман-есен ұлт болып қалуына, әсіресе тілі мен дініне дәл бүгінгідей қатер төнуіне жол берген емес. Шетелден келетін келімсектерге сол қатын патша өз дінін еркін тұтыну, қалада тұру немесе бос жерлерге ауыл-ауыл болып қоныстану, ол жерлерге шіркеулер мен ғибадатханалар салу, керегінше пастор (протестант шіркеуінің священнигі – М.К.) немесе өзге де шіркеу қызметшілерін ұстау, қазынаға ешқандай алым-салық төлемеу, мемлекетке қызмет етуге міндетті болмау, пәтерлерді арзанға жалдау, зауыт, фабрика салғысы келетіндерге жер беру, үй-жай, қора-қопсылық қосымша жер бөлу, олардың ісіне ешкімнің қол сұқпауы сияқты толып жатқан керемет жеңілдіктер берді. Айтыңызшы, бүгінгі Қазақстанның жатжерліктерге, шетелдік көшпенділерге жасап отырған жеңілдіктерінің II Екатеринаның жеңілдіктерінен айырмашылығы бар ма? Бүгінгі Қазақстан басшылары бұл орайда сол тетя — Катясының келімсек жерлестеріне жасаған жақсылығын түгел қайталап, одан да асыра орындап отыр. Қатын-патша шетелдіктерді Ресей жаулап алған, аржағы Қара, Азау теңіздерінің солтүстік жағалауы, мына жағы Қапқаз жоталары, башқұрттар, қазақтар жайлаған көл-көсір байтақ кеңістікке, бос жатқан жерлерге қоныстануға шақырды. Оның үстіне түп-тамыры немістен басталатын патшайым осы Үндеуі (Манифесті) арқылы Ресей империясына Пруссиядан, жеті жылдық соғыстан қалжыраған, көшелерінде жұмыссыз қолөнершілер мен жадау-жүдеу солдаттар, жері жоқ шаруалар үйір-үйір болып жүретін Германиядан немістердің ағылып келуіне кең жол ашты. Яғни, өз діндестеріне, өз отандастарына жол ашты. Ал бүгінгі Қазақстан басшылары кімге жол ашып отыр? Қатын-патша өз қарамағындағы мұсылмандардың бос жатқан жеріне өз діндестері мен тілдестерін толтырмақшы болды. Ал қазақ жерін біз кімдерге толтырып жатырмыз? Әрине, ойдан келген ойық құлаққа, қырдан келген қиық құлаққа толтырудамыз. Сол заманда Ресейге Еуропадан келген әлгі көшпенді немістер орыстың әдебиетін, өнерін, ғылымын дамытуға зор үлес қосты. Ұлы акындар, ұлы суретшілер шықты. Ал бізге келген XXI ғасыр көшпенділері не істеп жатыр? Ұлттық дәстүрімізді, тілімізді шұбарлап, дінімізден айырып жатыр!
Егер бір ғана әдебиет, мәдениет саласын алар болсақ, біз ең бір көркемдігі төмен, не айтпағы беймағлұм, ұлттық нышаннан жұрдай, тілі шорқақ, не мүлде сақау дүниелерге Сорос қоры әдейі беретін сыйлықсымақтарға борбайымызды шапаттап мәз болдық. Сол Сорос қорын дәм татқан сайын сайда саны, құмда ізі жоқ тенгризм дініне (тәңіршілдікке) қайтайық дейтін арандатушыларды әулиедей ұйып тыңдаймыз.
Бұл бүгін ғана, біз ғана айтып отырған құсалық емес. Бұл құсалық пен бұл қасіреттің айтылғанына 28 жылдың жүзі болды. Бірақ біздің «глобализованный», «цивилизованный», «европизированный», «толерантный», католикшіл кейбіреулері «тенгрист» басшыларға қазақтың сөзі жүрмейді. Біз шетелдіктер жер байлықтарымызды сутегін дерлік арзан алып жатыр деп бала сияқты бір ғана мәселені айтып бұртыңдап жүрміз. Ол бержағы ғана. Ең сұмдығы солар бүгінде біздің

ҰРПАҒЫМЫЗДЫ МОРАЛЬДЫҚ АЗҒЫНДАТУ

жұмысын ең шырқау шегіне жеткізіп те қалды. Ұтыры келгенде айта кетейік, қазір 70-80 жас аралығындағы қазақ шал-кемпірлерінің өзі қарт ата-ана дегеннен гөрі адамды әлдебір қорқынышты мақлұқатқа ұқсататын киімдер киетін болды. Көлікте қарсы алдында қу сүйек тізесінен жоғары шорт киіп, арса-арса бұтын көрсетіп отырған, шашын ніл жаққан түбіттей көкпеңбек не қып-қызыл қып бояп алған, онысының түбі әппақ, оның ар жағынан құйқасы көрініп тұрған, кейде тіпті шашын сыпыртып тоқал ешкіден айнымай қалған, тырнағы сояудай қазақ әжелерді көргенде жүрегің аузыңа тығылады. Оларды байғұс немерелері: «ажека», «аташка», — дейді. Мұны ұлттың азғындауы демей не дейсің? Ақыл-есі дұрыс адам 16-ға келгесін бір айтқанын он, жүз қайталай бермей, алды-артына көз жүгіртіп, ойлана бастайды. Он үшінде үйдің иесі болды, әкелеріміз. Әлім Сартай батыр 16 жасында өзі құралпы 1000 баладан жасақ құрап, Әбілқайыр ханның әскеріне қосылып, ел қорғаған. Мұндай отансүйгіштік — «великий русский народ»-та да болмаған уақиға. Осыдан 28 жыл бұрын туған ұлымыз бен қызымыздың осы күні көшедегі жүріс-тұрысына, тіліне, киген киіміне, қылығына зер салып қарап көріңізші. Бір ғана мысал: бұрын тасада, қалқалау жерде бірнешеу болып темекі тартып тұратын қыздар қазір жүріп келе жатып та, сенің қасыңа отыра қалып та бұрқырата береді. Және оларға мынауың не деп жатқан біреуді көрмейсің. Жезөкше, маскүнем, есірткіші қыздар мен әйелдер өз алдына. Қазір Орта Азия елдерінде қазақ қыздары «осындай өркениеттілік» жөнінен оза шауып барады. Қазақтар соларға тиым салудың орнына орамал тартқан қыздарға күн көрсетпейтін болды. Бұл да біздің жоғарыдағылардың бүкіл ұлтымызды санасыздандыру саясатын жүргізіп отырғанын аңғартпай ма?
Иә, қай заманда да бір ұлттың азғындауы ең алдымен оның әйел жыныстысының, қыз-баласының азғындауынан басталады. Бұл азғындық әйел ерін, қыз ата-анасын тындамаудан басталады. Исламда төрт қатын алуға рұқсат етудің сол замандағы осындай бір жағдаятқа қатысты себебі болған. Сол кезде еркектен әйел бірнеше есе көп болып, елде зинақорлық, әйелдің шайпаулығы, әртүрлі жаман уақиғалар көбейіп кеткен. Кейбір замандастар бажылдаса бажылдасын, бірақ біз алдағы 10-15 жылда ұлт ретінде жойылып кеткіміз келмесе, ең алдымен әйелдеріміз бен қыздарымызды ұлттық тәрбиеге, мұсылмандық тәрбиеге қарай бұруды дереу бастауымыз керек. Бұл ең алдымен мемлекеттік деңгейде қолға алынуы керек. Ашығын айтсақ, қазақ қыздары мен әйелдерінің жалаңаш-жалпы киінуіне, темекі шегіп, ішімдік ішуіне, түсік тастатуына тыйым салу керек. Бет-аузын бүркемесе де басына орамал тартып жүрсін. Мына тұрған Өзбекстанда үйленгеннен кейін ажырасу, аборт жасату деген жоқтың қасы. Қазір өзбек ұлты 35 миллионға жақындап қалды.
Ал пәлен жерде пәленбай мешіт, пәленбай мектеп ашылды деп дүбірлетіп той жасап, орыстың 3-4 қыз-жігітін теледидардан қазақша сөйлетіп қою әлгі ұлттығымыздан айырылып бара жатқанымызды бүркемелеу ғана. Бір ғана Алматы мен Астана көшелеріндегі жастардың қылық-қылуасын, қай тілде сөйлесетінін, отырған-тұрған қимылын, киген киімін, тыңдаған музыкасын, көретін киносын бір-ақ күн тексеріп, зерттеп көріңізші. Егер өзіңде ұлттық санадан, ұлттық намыстан, ұлттық тіл, діл дегеннен бірнәрсе қалған болса, мынадай өз ұрпағыңнан өзің-ақ безіп кеткің келеді.
Иә, қазақ ұлтының бүгінде мұндай құлдыраған күйге ұшырауына шетелдік келімсектер қызу, емін-еркін жұмыс жүргізді. Ал оларға сол еркіндікті беріп, сондай жағдай жасап келгендер, әлі де жағдай жасап отырғандар да қазақ шонжарлары мен ұлықтары.
Қазір қазақ ұлықтары мен шонжарлары Қазақстанды дүние жүзіндегі діни сынақ алаңына айналдырды. Бір мемлекетте бірнеше дін болғаны түбінде жақсылыққа апармайтынын да олар тарихтан жақсы біледі. Бірақ оларда «мен кеткесін топан су қаптаса да бәрібір» деген пиғыл басым ба деген үрейіміз де жоқ емес. Тағы бір мысал: Бұрын шет жұрттан келетіндердің СПИД сияқты кеселі бар-жоғы тексерілетін еді. Соңғы жылдары бұл тексерулерден олар өтпейтін болды. Яғни, бұл олардың намысына тиеді-міс. Қазір Қазақстанды жайлап бара жатқан СПИД бізге тек батыс елдерінен келді. Соны біле тұра олардың намысын ұлттың аман-саулығынан жоғары қоюдан өткен қылмыс жоқ.

«КАЗАХСТАН — НАШ ОБЩИЙ ДОМ»

деген ұран қазақты бәрінен айырып, оның еліне, жеріне, басқа да рухани, материалдық байлық атаулысына кім көрінгенді қожайын қып, қазақты барынан түгел айыратын ұран екенін әр қазақ түсінуі, түйсінуі керек. Ал орысшаға қазақша жауап берсең прокуратураға жауапқа тартыласың, жұмыстан қуыласың деген сөз қазақты қорлаудың шырқау шыңы десе де болады.
Қазір Қазақстанда Өзбекстаннан келген жұмыскерлер өріп жүр. Біздің қазақтар «бейшара өзбектер өз елінде күнін көре алмай, осында келіп жүр» дегенді бірінен-бірі жаттап алған. Бұл мүлде қате пікір. Біріншіден, алты құрлықты аралап әртүрлі кәсіппен айналысу — өзбектің ата кәсібі. Екіншіден, бұл ХХІ ғасырға тән құбылыс. Бүгінде бүкіл түріктер мен африкалықтар Еуропаға, оңтүстік америкалықтар АҚШ-қа барып әрі ел көріп, әрі жер көріп, әрі қосымша табыс тауып қайтады. Қазақстанға келіп жұмыс істеп жүрген өзбектер Өзбекстанда үй-жайы, мал-жаны, тәп-тәуір қора-қопсысы бар адамдар. Ол жақтағы шаруаларын солар жүргізеді. Қазекем қатынына бір машина, өзіне бір машина алып, соған бір, ең әрі кетсе екі бала салып алып, ол болмаса итін мінгізіп қысы-жазы той өткізгенге мәз. Өзбекстанда азық-түлік, жанар-жағармай біздегіден әлдеқайда арзан. Бір өзбектің Қазақстанда тапқан 1000 (мың) доллары оның 5-6 баласы мен әйелін бір жыл асырауға жетеді. Оған қоса оның өз елінде азды-көпті қора-қопсысы, бау-бақшасы тағы бар. Олардың жері аз, ал халқы 35 миллион боп қалды. Дені өзбектер. Әр өзбектің үйінде 9-10-ға шейін, кейде онан да көп бала бар. Өзбек әйелдері қазақ әйелдері мен қыздары секілді гендерлік саясат деп еркектерін жағасынан алып жүрген жоқ. Өткен жылғы мәлімет бойынша 10 миллион өзбек елінен сыртта жүр екен. Егер әр өзбек 5-6 айдың ішінде Қазақстаннан 2-3 мың доллар тауып еліне жібергеннің өзінде біздің қанша ақша Өзбекстанға кетіп жатқанын есептей беріңіз. Тағы бір шындық. Сол өзбектердің қазақ қыздары мен әйелдеріне бала туғызып, тұқым тастап кетіп жатқандары да аз емес. Күндердің күні болғанда ол бала анасынан әкесін сұрайды. Анасы амалсыз шынын айтады. Өскесін баланың көкейінде мен өзбек шатыспын деген бір ой тұрарына сөз жоқ. Демек, ол өзін таза қазақпын деп есептемейтін, ойы алакөбең азамат. Осының бәрі аз болғандай біз қазір ең бір бөспе, ең бір көпірме мақтаншақ халыққа айналдық. Бүгінгі қазақтың бөспелігін тыңдап отырсаң, Күлтегін де қазақ, Білге қаған да қазақ, Тоныкөк те қазақ, Атилла да қазақ, бүкіл түркілер ғұн, сақ, скиф, шумерлер де қазақ екен деп қаласың. Соны оқыса татар, башқұрт, өзбек, түркімен, әзірбайжан, қырғыз, қарашай тағы басқалары көрсетуге ұялатын жерлерін көрсетіп күледі-ау деп те ойламайтын болдық.
Иә, бір кездері қазаққа кемсітіп көшпенді деген атақ таңылды. Бірақ қазақ көшсе, өз елінде, өз жерінде ғана көшіп жүрді. Ол заманда нағыз көшпенділер қазақ жеріне келіп басып алып жатқан орыстар еді. Ал мына заманда қазақ жеріне жан-жақтан шегірткедей қаптап келіп жатқандар ше? Олар қазаққа не әкеліп беріп жатыр? Бұл әрбір саналы қазақ ойланарлық шаруа.

Мырзан Кенжебай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.