Ұлы дала өркениетке қандай жаңалықтар әкелді?

0
1427

Бүгінгі таңда мемлекет құрушы халық ғасырлар бойы жаншылып келген ерлікке толы батырлық рухын қалпына келтіре алмай жатыр. Әсіресе ХХ ғасырда ол түрлі саяси ойын құрбаны ретінде, аштықтан, репрессия мен қудалаудан ұлттық сана көмескіленіп, рухани өрлік бәсеңсіп қалды. Осыған орай, ұлттық рухымызды тірілтуге, кеудесін мақтаныш кернеген біртұтас тарихи сана-сезімді, мемлекеттік санамыз бен ұлттық тұтастығымызды қалыптастырған айтулы халық болуымызға Елбасы мақаласының маңызы зор.

Қазақстан өңірінде болған өркениеттерді қалай тану керек екенін айтып, оның тың жаңа методологиялық аспектілерін анықтаған. Бұрынғы таптаурын болып қалыптасқан еуроцентристік көзқарастан арылу керектігін батыл жеткізген. Көшпенділер не болмаса жартылай отырықшы елдерді надан және жабайыларға балаған көзқарастан арылудың принципті мәселе екенін күн тәртібіне қойды. Мәселен, көптеген қазақ зиялылары сілтеме жасауға құмар ағылшын ғалымы Арнольд Тойнби «Түрік өркениеті жоқ, көшпелілерде тарих болған емес» деген дүдамал теориясына біздер неге соққы бермейміз? Ұлы дала яғни, Қазақстан аумағындағы жасалған өркениеттер жайында еуроцентристік көзқарасты ұстанатындар өркениетке қазақ халқының әкелген үлесі туралы тіпті айтпайды. Сондай-ақ, саналы түрде өркениетке үлесін қосқан ұлы империяларды — ғұн, түрік т.б. Қазақстанмен байланыстырмайды. Сондықтанда, қазақ халқының прототүркіден келе жатқан ежелгі тарихы, Ұлы даланың ұлы есімдерін насихаттау, түркілер тарихына жаңа көзқарас қалыптастыру, қазақ түркологиясының міндеттерін нақтылау бүгінгі күннің жаңа міндеттері болмақ.
Гуманитарлық сала, оның ішінде тарих, әдебиет, тіл ғылымдарында ұлттық методология қажет. Ғалымдар үшін ең басты нәрсе — методология. Себебі методология — ғылымның басты кілті. Методология дұрыс болған жағдайда ғана ғылымның басты функциясы мен миссиясы атқарылады. Өз болмысымызды, тарихымызды, ұлттық санамызды жаңа методология арқылы зерттемей ешқашан оңды нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Тарих ғылымына керегі — өз тарихымызды әлемнің құрамдас бөлігі ретінде кешенді, ұлттық ерекшелік назардан тыс қалмаған тұтас қабылдайтын методологияға сүйенген ғылымды қалыптастырмасақ, бұл мәселе шешілмейді.
Қазақстан тарихының кеңестік тарихнамасы үлкен реформаны қажет етеді. Бір ғана мысал, орта ғасырлардағы қазақ мемлекетінің тарихы біржақты жазылған деп ашық айтуға болады. Онда мейлінше жазбаша деректерге басымдық беріліп, ауызша тарихты зерттеу тіпті назардан тыс қалған. Тәуелсіздік жылдарындағы шыққан зерттеулерде осының орнын толтыруға талпыныстар бар. Онда шығыстанушылар ауызша деректердің ақпараттық маңызын ашуға тырысып келеді. Осылайша ұлтқа тән қазақтың ауызша тарихының жазба деректерді тамаша толықтырып отыратындығы дәлелденді.
Әлемдік ой-сананы зерттегенде оның бастау көзінде тұрған еуропалықтардың көпке дейін көшпенділердің өмірінен хабарсыз болғанын біле тұра біздер көбіне батыстық көзқарасқа жүгіну қалыптасқан. Көшпенділердің мемлекеттілігі туралы еуроцентристік ілімнің қайнар көздері атақты немістің философтары Ф.Гегель, И.Канттың философиялық көзқарастарында жатыр. Олар көшпенді мал шаруашылығының табиғатын, динамикасын түсіне алмады.Түсінетіндей деректер де болмады. Көшпенділерді «малымен бірге өріп, бірге жусап күнелтіп, ат жалында жүрген жаугершілер» деп пайымдады. Олар көшпенділерді адамзат өркениетінің тарихқа дейінгі ІІ кезеңіне жатқызады да «Көшпенділер мемлекет деңгейіне көтеріле қоймаған жұрт, олар тек өркениетке жетілген еуропалықтардың ықпалында немесе отырықшы мәдениетпен ұштасқанда ғана мемлекет деңгейіне көтеріле алады» деген қорытынды жасады. Бұл іс жүзінде еуропалықтардың «Ұлы Даланы», Азияны отарлау саясатының басты қаруы идеологиясы болды. Ал Ұлы даладағы Шыңғыс хан құрған нағыз көшпенді империя Еуразия кеңістігінде шыңдалып, сыннан өткен мемлекеттік бірнеше құрылымдарды қалдырып, 240 жыл салтанат құрғанын ескерсек, мемлекеттік жайлы еуроцентристік қағиданың өміршең еместігіне көз жеткізе аламыз. Бүкіл әлем гладиаторлар мен ковбойлар, самурайлар мен рыцарьлар туралы жақсы біледі. Ал номадтар туралы айтылмайды. Бүгінгі таңда әлем өркениетіне өз үлесін қосқан номадтар жайында мағлұмат беретін кез жеткенін Елбасы осы мақалада айтып отыр. Бұл шын мәнінде тың ой. Номадтар дегеніміз ол: «Көшпелілер». Бұл атау кеңестік кезеңдегі тарихи оқулықтарда өте сирек қолданылды. Оның орнына түземдіктер мен варварлар, яғни тағылар, жабайылар деген атауға көбірек мән берілді.
Бір ғажабы таза номадтар, Ұлы Дала ұландары — нағыз нояндар кезінде өздерінің қандай жандар болғанын ірі сөзімен, кесек мінезімен дәлелдеп кеткен. Оның эталоны ретінде ХV ғасырдағы жауынгер жыраулар Қазтуған мен Доспанбет, Асан Қайғы, оның образы ретінде ХVІІ-ХVIII ғасырлардағы Жиембет пен Ақтамберді, Тәтіқара, символы ретінде ХІХ ғасырдағы қазақ даласын буырқандырып-бұрсандырған хан Кене екенін айтпасқа болмайды.
Ал ХХ ғасыр номадтар үшін аса бір қиын кезең болды. Оның басты себебі, дәл осы кезеңде олар өмір сүріп, ғұмыр кешіп келген ортаның түрлі төңкерістер сапырылысына түсіп, қоғамның саясиланып кетуі үлкен трагедияға әкелді. Ықылым заманнан бері табиғат аясында алаңсыз күн кешкен көшпелілерге бұл тірлік ұнамады. Еркіндігін, бейқам тірлігін аңсап бұлқынды. Ақыры сол бостандық жолында бастарын құрбан етті. Елге, көпшілікке белгілі тұлғаларды айтпағанда олар, мәселен, Нарындағы Құныскерей, Арқадағы Кейкі, Жетісудағы Жақыпберді сияқты арыстар болатын. Осындай тар ноқтаға бастары сыймаған бұл номадтардың кейбірі жайлы мерзімді басылымдармен қатар «Құланның ажалы», «Құмдағы із» сияқты романдар жазылды.
Сондай-ақ қазақ болмысының келесі бір басты ерекшелігі — оның жаппай тарихшылдығы. «Қара халықтың тарихтан хабардарлығы мейлінше жоғары болған. Керек десеңіз, білім институттарының дамыған жүйесі бар бүгінгі күннің өзін бұрынғы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен салыстыруға болмайды» деп жазды Елбасы 1999 жылы «Тарих толқынында» атты еңбегінде. Сондықтанда тарихи сананы қалыптастыруда, тарихи деректер ретінде халықтың санасында сақталған ауызекі деректерге де барынша көңіл бөліпте қарағанымыз жөн. Шындығында да, «біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті», — деп Н.Ә.Назарбаев ұлт тарихын зерттеу мен тарихи сананы жаңғырту бойынша жаңа тұжырымдамалық идеяларды ашып көрсетсе, «Ұлы Даладағы көшпелі өмір — салт әрі қарай шыңдауға болмайтын биікке көтерілген», — деп қоғамдық ойдың қозғаушы күшіне айналатындай құнды қорытындыға келеді оны бүге-шігесіне дейін зерттеген белгілі ғалым Л.Н.Гумилев.
«Біз басқа халықтардың рөлін төмен¬детіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» дей келе, Елбасы негізінен, біздің әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді, жаһандық даму үрдісіне тигізген айтарлықтай септігімізді қайтадан зерделеп, әлемге жаңаша, заманауи түрде дәріптеуге үндейді.
Қазақ ұлтының тарихи тамыры терең, мәдениеті бай екенін ежелгі дереккөздер мен бүгінгі археологиялық зерттеулер жан-жақты дәлелдеуде. Қазақтардың қоғамдық құрылысы мен өмір-салты да дербес болған. Көшпелі дала мәдениетінің басты ерекшелігі — оның табиғатпен үйлесімде өмір сүруі. Ата-бабаларымыз географиялық және климаттық ерекшеліктерге бейімделе отырып, тұрмыс-тіршілігін жасап, шаруашылығын жүргізген. Осылайша әлемдік тарих пен адамзат өркениетінде өшпес із қалдырған.
Жер бетінде көнеден келе жатқан әрбір өркениеттің өзіндік ерекшелігі бар. Ал Ұлы дала өркениетке қандай жаңалықтар әкелді, оның адамзат тарихындағы орны қандай? Бұл — тарихқа деген жаңа тұжырымдамалық көзқарас. Елбасы жалпы адамзаттың тарихын негізге ала отырып, өз тарихымызға тәуелсіз көзқараспен қарауды ұсынатын методолгияны көрсетті. Ұлы дала өркениеті көшпенділердің мемлекеттік дәстүрінен тікелей бастау алады. Мәселен, әлемдік тарихты түбегейлі өзге¬ріске ұшыратқан көшпелі ұлыстар мен елдер орнатқан алып империялар соңына орасан зор мұра қалдырғаны белгілі. Осынау дала мемлекеттері құрамында этникалық тұрғыдан түріктер, моңғолдар, тұңғыс, манжұр текті ру-тайпалар одағы болғанын және олар Еуразия кеңістігінде ұзақ уақыт бойы алма-кезек билік жүргізіп келгенін естен шығармауымыз керек.
Қысқаша айтқанда, қазақ даласынан жер бетіндегі ең ұлы инновациялар бастау алды, олар өркениетті басқа сатыға ауыстырып берді. Ұлы далада ғасырлар бедеріндегі дәстүр сабақтастығын негіз еткен өрелі өркениет, баянды өмір-тіршілік қайнап жатты. Қазіргі археологиялық-этнологиялық зерттеулер соның заттай және рухани айғағын жариялап келеді. Алайда осынау Ұлы дала мәдениетін бөліп-жарып, тек аймақтық ерекшеліктерін басты белгі етіп зерттейтін болсақ, онда зерттеудің мәні шашыраңқы сипат алып, кілті оңайлықпен табылмайтынын ескеруіміз керек.
Сонымен қатар, Ұлы дала тарихына қатысты жаңа материалдар мен құжаттарды теріп-жинақтап, олардың қалың қауымға қолжетімді болу мақсатында цифрлы жүйеге көшіру қажет.
Ол үшін тарихи мұраны мақсатты түрде жаңа методологиялық негізде зерделеу, қазақ тарихын әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде жүйелі түрде сараптап зерттеу күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Ж.Қ. СИМТИКОВ,
саяси ғылымдарының докторы,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің
Саясаттану, әлеуметтік-философиялық
пәндер кафедрасының меңгерушісі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.