Нұр-Сұлтанда 12 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар

0
127

Соңғы уақытта көпбалалы аналар жайлы әңгіме күн тәртібінен түспей тұр. Біресе Жоғары соттың маңынан, енді бірде Парламент ауласынан табылатын аналар «шеруі» әлеуметтік желінің де түндігін желпіп жатыр. Астана әкімдігінен де қасынан «әділдік іздеген» аналар туралы ақпарат тарады жуырда. «Әйел ашуланса — қазан қайнатады» деген мақал да ескірген секілді. Өйткені аналардың жанайқайы кәдімгідей дауылға айналды. Дәл қазір қазан емес, қоғамның өзін сілкілеп тұрғандай…
Содан да болар, Астана әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналарды қабылдап, олардың мұң-мұқтажымен танысқан сыңайлы. Ә( — тұрғын үй, атаулы әлеуметтік көмек алудағы қиындықтар, балаларды балабақшаларға және жазғы лагерьлерге орналастыруға қатысты болыпты.
Бақыт Сұлтанов жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдеріне жағдайды тағы да бір мәрте қарап, АӘК есептерін қайта санауды тапсырды. Әкімнің жеке қабылдауына келген аналардың барлығын тұрғын үй мәселесі алаңдатады. Олар әкімнен мемлекеттік қордан тұрғын үйді бөлуді жеделдетуді сұрады.
«Тұрғын үй кезекке сай беріледі. Кезекті айналып өту мүмкін емес, олай болмайды да. Бірақ біз көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін мүмкіндігінше жылдам шешуге тырысамыз. Тұрғын үй алудың түрлі нұсқалары бар. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы көпбалалы отбасыларға жылына 2% жеңілдікпен несие беруді тапсырған. Бұл шаралар Үкіметтің жеңілдетілген ипотекалық несие ережелерін бекіткеннен кейін жүзеге асырылатын болады», — деді қала әкімі.
Қазір Нұр-Сұлтанда 12 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Олардың 2969-ы тұрғын үй кезегінде тұр. Әкімдікте тұрғын үйге мұқтаж адамдар тиісті құжаттарды ұсынып, тұрғын үй алу үшін ресми түрде кезекке тұру керектігін еске салды.
Көпбалалы аналар көтерген тағы бір мәселе — тұрғылықты жері бойынша тіркелу, бұл сондай-ақ, АӘК алу үшін де қажет. Пәтер иелері көпбалалы отбасыларға тұрғын үйді жалға бергісі келмейтінін, сондықтан аналар пәтер жалдаған кезде балаларды пәтер иелерінен жасыруға мәжбүр екендігін айтты. Ал егер жалға берген күннің өзінде жалға алу құжатын рәсімдегісі келмейді. Олар мұндайға коммуналдық төлемақының көтерілмеуі үшін барады. Егер тіркеуді ресімдесе, коммуналдық төлем өседі.
«Біз «резеңке пәтерлермен» күресуіміз керек, жалға берілетін бизнес заңды болуы керек. Егер олар жалдамалы тұрғын үй арқылы табыс тапқысы келсе, бәрін ресми түрде жасауы тиіс. Мүмкін, бұл бағалардың белгілі бір деңгейде ұлғаюына алып келер, бірақ тәртіп болады», — деген әкім пәтерді жалға берушілерге әсер ету жолдарын әзірлеу үшін полиция бөлімінің өкілдерімен, басқа мүдделі ведомстволармен кездесу өткізуге тапсырма берді.
Аналар әкімге АӘК алу қиындықтары туралы шағымданды: шынымен мақсатты көмекке мұқтаж бола тұра, олардың көпшілігі оны алу критерийлеріне сәйкес келмейді. Аналар заңнаманы жетілдіру керек деп санайды. Бұл мәселе жергілікті биліктің құзыретіне кірмейтіндіктен, ұсыныстарды Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау министрлігіне беру туралы шешім қабылданды.

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.