ӨЗ ЕЛІНДЕ ӨГЕЙ БОЛҒАН ҚАЗАҚТАР

0
391

 Қызылорда облысы әкімі Қ.Көшербаевтың назарына!

 Кейде ойланбай жасалған жақсылықтың өзі жамандыққа ұласып жататын кезі болады екен. Қызылорда қаласының тұрғыны Күлзада Еділованың басынан өткен бір оқиға осындай ойға еріксіз жетелейді. Күлбілтелемей әңгімені бірден бастасақ, әңгіме былай.


Күлзада Еділова отбасымен алыс ауылдан Қызылорда қаласына 2000 жылы көшіп келеді де, қала шетіндегі Титов поселкесінде орын тепкен жатақхана типтес №32 үйдің бір бөлмесін біреуден жалдап алады. Сол тұста ол үйдің тек бірінші-екінші қабаттарында ғана адам тұрған, ал жоғарғы қабаттар босап қалған. Жоғарғы қабаттағы бөлмелерді иелері әлдеқашан тастап кеткен екен. Бұл кезде есік-терезесінен, еденінен және басқа да мүліктерінен жұрдай боп тоналып, тозып, жылу жүйелері толығымен қираған. Соны көрген Күлзада 2001 жылы сол кездегі қала әкімі Қожахмет Баймахановқа сол босап қалған бөлменің біреуін сұрап арыз жазыпты. Ал қала әкімі оның арызын аяқсыз қалдырмай, Тұрғын үй мәселесі жөніндегі қоғамдық комиссияның №1 мәжіліс материалдарын қарай келе, 2003 жылғы қаңтардың 23-інде сол жатақхананың қаңырап қалған №67-ші бөлмесін арыз иесіне заңдастырып беру туралы №2784 шешім шығарады. 2003 жылғы ақпанның 25-інде осы шешімге сай оған №18-інші тұрғын жай ордері табыс етіледі. Нақты адресі №32 үй, 67-бөлме. Осы құжат бойынша Күлзада Еділова бөлменің техпаспортын өз атына заңдастырады. Өздері заңды түрде осы бөлмеге тіркеледі. 2010 жылы бөлмені жекешелендіріп алады.
Арада он жыл өткенде, 2013 жылы ХҚКО (ЦОН) қызметкері Күлзада Еділоваға осы 67-бөлменің басқа бір иесі бар екенін айтады. Ол Екатерина Ивановна Шелухина деген әйел екен. ХҚКО мамандары: «Бұл жағдай сот арқылы шешіледі, сотқа жүгіну керек» деп кеңес береді.
Ал Шелухина 90-шы жылдары комуналдық төлемдері мен салығын қасақана төлемей жатақхана бөлмесін тастай қашқан екен. Сол себепті ғимарат иесіз қалып, есік-терезесі, едені тоналып, жылу жүйесі қираған. Сол қираған дүниені жаңа иелері қалтасынан ақша шығарып қалпына келтіреді. Коммуналдық төлемдері мен салығын тиянақты түрде төлеп тұрады.
Сонымен, Күлзада Еділова қиын кезде ғимаратты тастап қашқан бұрынғы иесін сарсылып іздеп жүріп, тауып алып (Шелухинаның Қызылорда қаласында басқа үйі бар екен), қалалық сотқа береді. Сөйтсе, Қызылорда қаласының соты істі Күлзада Еділованың пайдасына емес, тастап қашып, 20-шақты жыл жоқ болып кеткен, комуналдық төлемдері мен салығынан қасақана жалтарған Шелухинаның пайдасына шешіп беріпті. Бұл – 2015 жыл. Одан әрі арызданған Күлзада Еділова облыстық соттан да, Жоғарғы соттан да әділдік таппайды. Жергілікті соттар кезінде қала әкімі қол қойған құжаттарға тіпті де мойын бұрмапты.
Соттың арызданушы Күлзадаға бар жасаған жақсылығы: «Бұған қала әкімі кінәлі, қалалық әкімшілікті сотқа бер» деген мазмұнда ауызша кеңес беріпті.
Осыдан кейін Шелухина Күлзада Еділованы отбасымен полиция арқылы қыстың көзі қырауда, дәлірек айтсақ, 2016 жылғы қаңтардың 13-інде үйден қуып шығады. «Жаз шықсын, күн жылынсын, сосын-ақ шығыңдар» деп, аяушылық ету ойына келмепті. Күлзада Еділова ол бөлмеден кетерінде өз қалтасынан ақша жұмсап орнатқан мүліктерін (үй салып жатсақ керек болар деген оймен) алып кетпек болса, Щелухина «бір де бір затқа тимейсің, тисең соттатып жіберем» деп әкіреңдеп алдырмапты. Бұның алдында бірінен кейін бірі екі бірдей баласы қайтыс болған Күлзада Еділова мен оның жолдасы Оңғар Ералиевке мына жағдай өте-мөте ауыр тиеді.
Мен олардың осы жағдайын естіп, құжаттарымен танысқан соң, 2018 жылғы мамырдың 22-сінде қазіргі қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлына хат жолдадым. Ол хатқа әкімшілік тарапынан жауап берілді. Ол жауапқа қарасақ, «Азаматша Е.И.Щелухина 20.03.2018 жылғы арызына сәйкес тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық жағдайда деп танылған азаматтар ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіне тіркелген» екен. Сондай-ақ, «қала әкімдігінің 2.04.2018 жылғы №10761 санды қаулысына сәйкес тұрғын үй комиссиясының шешімімен Ақмаржан шағын ауданы, Жаппасбай батыр көшесі №70 «с» үй, №34 пәтер (2 бөлмелі, 58,49 ш/м) табысталғанын» хабарлады.
Бұл жауапқа қара-сақ, оған жаңадан берілген пәтердің көлемі бұрынғы Титовтағы бөлмесінен 2 есе үлкен екенін байқаймыз. Титовтағы бөлменің көлемі 31ш/м еді.
Е.И.Щелухина үй алу кезегіне соттан соң, көп ұзамай (20.03.2018) арыз берген. Бұл оның Титовтағы үйі туралы бұған дейін еш ойланбағанын көрсетеді. Арада 2 апта өткенде жаңа пәтерлі болған. (Аузының салымдысын көрмейсіз бе?) Қазір ол пәтерін жалға беріп (қазаққа шығар), рақатқа батып, шалқып жүрген көрінеді. Осы да әділдік пе?
Мен қала әкім Нұрлыбек Машбекұлынан Шелухинаның жағдайы не болды деп сұраппын ба, мен сұрасам заңды құжаты бар К.Еділова неге далада қалды деп сауал жолдадым ғой. Бұрынғы қала әкімі жіберген қателікті, қазіргі әкім түзейді деген үміттеніп едім. Ал әкім болса, Шелухинаға жаңа пәтер бергенін сүйіншілеп айтып, қасақана мазақ еткендей «…жауапқа қанағаттанбаған жағдайда, жоғарғы органға немесе сотқа шағымдануға құқығыңыз бар» деп аяқтайды жауабын. К.Еділованың қалалық сотан бастап, Жоғарғы сотқа дейін арызданғанын хатта жазғанмын. Қала әкімнің «бас десе құлақ» деген мына жауабына қайран қалмасқа шарам қалмады.
Егер К.Еділова Шелухинаны іздеп тауып алып, сотқа бермегенде Шелухина сол кеткен қалпы қайта оралмағандай екен. Ондай жағдайда «Ақмаржан» шағын ауданындағы пәтер К.Едиловаға берілген болар еді. Өйткені Щелухинаның сотқа дейін ол жатақхана бөлмесімен ісі болмаған.
Сонда К.Еділованың тағдыры не болады?
Нұрлыбек Машбекұлының жауабына қарасақ, Титовтағы №32 үй, №67 бөлмені Щелухина 13.01.1998 жылы жекешелендіріпті. Ол бөлмені 2010 жылы К.Едилова да жекешелендірген. Сонда жатақхананың бір бөлмесі 2 рет жекешелендірілген болып тұр.
К.Едилованың атына Қ.Баймаханов берген шешім, ордер, техпаспорт және басқа құжаттар бар. Сонда әрбір құжат жасалған сайын заңсыздыққа жол берілген бе? Сөйтіп К.Еділоваға бұрынғы қала әкімі Қожахмет Баймаханов жасаған жақсылықтың соңы өрескел зиянға ұласып отыр.
Моральдық жәбір көрген, мате-риялдық зиян шеккен К.Еділованы енді кім жұбатады? Қазір Оңғар Ералиев пен Күлзада Едилова шешесі қайтыс болған жиен немересімен бірге қаланың бір қиырындағы Қызылжарма жақта қуықтай времянка (бір бөлме) жалдап (суреттегідей), күнін әрең көріп жүр. Олар осылай да өмір сүре берер еді, алайда ауық-ауық жүректерін ауыртатын жай өз елімізде, өз мемлекетіміз берген заңды құжаты бар үйінен айырылып, далада қалғаны болып тұр. Сондықтан қалалық әкімшілік өзі бүлдірген істі өзі жөндеуі тиіс.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.