Дос Көшім: БИЛІК ДЕМОКРАТИЯҒА ДАЙЫН ЕМЕС

0
1003
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаткер

 

Дос Көшім,  «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, саясаткер

Әділ
сайлау қазақ
халқының
тағдырын шешеді

─ Жақында ресейлік танымал журналист В.Познер «Қазақстан демократияға дайын емес» деген пікір айтты. Сіздіңше, біздің елдің халқы ашық сайлау өткізуге дайын ба? Кезектен тыс президент сайлауына ел тұрғындары өте енжар секілді ме, қалай?
─ Халық демократиялық сайлау өткізуге дайын, керісінше, билік дайын емес. Халықтың құқықтық-саяси сауатының артуы, демократиялық үрдістерге белсене араласуы билікке қажет емес. Билікке қай бағытқа жетелесе ере беретін, қандай шешім қабылдаса соны қолдайтын халық керек. Әрине, қазақ халқының саяси сауаты өте жоғары деңгейге жеткен жоқ. Алайда әділ қоғамға деген ұмтылысы, әділетті жүйе жасайық деген ұстанымы күннен-күнге нығайып келеді. Әсіресе әлеуметтік мәселелер төңірегінде билікке қояр талабы күннен-күнге күшейіп барады. Оған мысал, осыдан екі-үш жыл бұрынғы жер мәселесіне қатысты халықтың дүмпуі. Еліміздің тұрғындары бұрынғыдай бас изеп жүре бермей, биліктің қателігін түзеуге, мәселе қоюға, ұсыныс жасауға, не болмаса өздерінің қарсылығын көрсетуге үйреніп келе жатыр. Бұл жерде әлеуметтік желінің де рөлі басым. 2016 жылдан бастап билік тарапы аз да болса өзгеріс жасап, халықтың көңілін аулауға бет бұрды. Бұл өзгеріс қазақтілді ортаның көңілін аулап, ойынан шыққанымен, саяси өзгерістерге жеткізетін қадам болмады. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», Латын графикасына көшу секілді, бұрын көтерілмеген жобалардың «жер дауынан» кейін пайда болуы да – осының көрсеткіші. Қазақтілді қоғам оянды, осыған орай билік те саяси ойынға көшті десек болады. Познердің Қазақстан халқы демократияға дайын емес дегенімен келіспеймін. Халық дайын. Алайда билік демократия «құрылысын» өзі бастауы керек. Өкінішке қарай, олардың ондай ойы да, ниеті де жоқ. Барлық кілтипан осы жерде!

Комиссия Құранға қолын қойып,
ант берсін!

─ Сайлау мерзімі жариялана сала Қ.Тоқаев әділ сайлау өткізуге кепілдік берген болатын. Бұл іс Тоқаевтың қолынан келе ме?
─ Қ.Тоқаевтан бұрын Н.Назарбаев та сан рет әділ сайлау өтетінін айтып жүрді емес пе?! Бірақ бүгінге дейінгі сайлаулардың ешбірі әділ өтпегенін барлығымыз білеміз. Тоқаев — жаңа басшы. Оған сенбеймін деп кесіп айтуға тағы болмайды. Ниеті жақсы. Дегенмен билік жүйесі, сайлау заңы өзгерген жоқ. Алдымен Тоқаев сайлау заңын өзгертіп, халықаралық ұйымдардың, біздің ұсыныстарымызды қабылдап, мүмкіндігінше, сайлау заңына енгізіп, күзге таман сайлау өткізе ме деп ойлап ем… Олай болмады. Бір жағынан кезектен тыс Президенттік сайлауды екі айдың ішінде өткізу туралы шешім қабылдағаны дұрыс. Себебі барлық өркениетті елдерде президент өкілеттілігін уақытша атқаратын адам сайлауды екі айдың ішінде өткізуі керек. Ал біздің заңның олардан бір өзгешелігі бар. 1998 жылы заңға енгізілген өзгеріске сай президенттің орнына уақытша қалған адам кеткен президенттің өкілеттілігі біткенше сол міндетті толық атқара алады. Қасым-Жомарт Тоқаев осы заңды пайдаланған жоқ, әйтпесе 1,5 жыл отыруына мүмкіндігі бар еді.
Мен 6 жыл бойы сайлаудың өту барысын бақылайтын Тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің басшысы болдым. Сайлауды кім, қалай жүргізетінін бір адамдай білемін. Сайлауды өткізуге жауапты адамдардың әкімшілік ресурсына бағынатынын және жоғарыдағы басшылардың айтқанын бұлжытпай орындайтынын жақсы білемін. Оның басты себебі, сайлау өткізетін барлық деңгейдегі комиссиялардың барлығы ─ бюджеттің адамдары. Біздің әкімдер дауыс жинап жарысады. Дауыс жинау әкім жұмысының көрсеткіші сынды. Олар халықтың дауысын ұрлап жатырмын, құқығын таптап жатырмын деп ойламайды. Өркениетті елдерде ондай нәрсе жоқ. Аймақтық, учаскелік сайлау комиссиялары үкіметтік емес ұйым мүшелерінен, зейнеткерлер мен студенттерден құралады. Бізде учаскелік сайлау комиссиясының басшылары ─ мектеп директорлары мен аурухананың бас дәрігерлері… Демек, сайлау комиссияларының құрамын өзгертпей, сайлау әділ өтеді деп айтуға негіз жоқ.
Дегенмен, осы «жаман» заңның өзімен сайлауды өткізуге болады. Ол үшін азаматтар сайлау үрдісінің барлық кезеңдерін қатаң бақылауға алуы керек. Азаматтар дауыс беретін күні, барлығын жинап қойып, таңертеңнен кешке дейін сайлау учаскесінде тік тұрып, сайлау барысын бақылауы шарт. Қысқасы, бір күнін қазақ демократиясының қалыптасуына, әділетті қоғам орнатуға арнау керек. Үйде отырып алып, сайлау әділетсіз өтті дегеннен түк шықпайды!..
2000 жылдары Оңтүстік Қазақстан аймағында Парламент сайлауы әділ өтті. Сол сайлаудың басы-қасында жүрген бір жігіттің айтуынша істің мән-жайы ол жақтағы елдің дінді берік ұстанатынында екен. Әдеттегідей таңертең гимн ойнап, сайлау уақыты басталған соң ауылдың сыйлы қариясына бата бергізіпті. Батаны да үйретіп қойған. Ақсақал отыра қалып «Егер дауысты өтірік санап, әділетсіздік жасайтын болсаңдар, жеті ұрпақтарыңа дейін қарғыс атсын!» деген. Әкімнің қаһарынан ақсақалдың батасы қатты болса керек, сайлауда фальсификация мүлдем болмапты. Меніңше, сайлау комиссиясының мүшелері Құранға қолын қойып, ант беруі керек.

Өзара қырықпышақ болатын көппартиялық
жүйе жоқ

─ Әлеуметтік желі қазақ қоғамының демократияға талпынысын арттырып отыр дедіңіз. Сөзіңіздің жаны бар. Ал өркениетті елдерде демократия тетіктерін оппозициялық партиялар қалыптастырады. Біздің елде де бірнеше саяси партия бар. Алайда оларды оппозициялық партияға жатқызу қиын. Өйткені аты басқа болғанмен заты «Нұр Отан». Халық бұл партиялардың қалай, қайтіп жұмыс істеп отырғанын көріп отыр. Осы бір спекталь әлі қанша уақыт жалғасады деп ойлайсыз?
─ Иә, бұлардың барлығы демократияға декорация болу үшін, көппартиялы жүйе бар екенін көрсету үшін құрылғандар. «Нұр Отанның» коммунистік партия болып қалмауы үшін 4-5 партияны жасап қойды. Оның ішінде Үкіметті сынап жүрген бір ғана партия бар. Шынтуайтында, Қазақстанда көппартиялы жүйе әлі қалыптасқан жоқ.
Саяси сауаты аз адамдардың да білетіні бір нәрсе: неге Парламент депутаттары саяси партиялардан ұсынылу керек? Неге партия мүшесі болмаған адам Парламент депутаты бола алмайды? Неге бір мандатты округтарды қайта жаңғыртпаймыз? Не болмаса аралас жүйені (пропорционалды/мажоритарлы) кіргізбеске? Осы мәселе қазір қызу талқылануда. Себебі халық, өзің айтпақшы, саяси партиялардың бір де біреуі «Нұр Отанға» бәсекелес партия емес екенін, жасанды екенін түсініп отыр. Жаңа заң жобаларын ұсынып, соны қолдау үшін халықты митингке шақыруды былай қойғанда, мәжілісте бір-бірімен қырық-пышақ болып, пікірталас тудырып жатқан партияларды көрген емеспіз. Биліктің ұсынған заң жобаларына барлық партия өкілдері 100 пайыз дауыс беретінін көргенде – бұрынғы Кеңес дәуіріндегі Жоғарғы Кеңес көз алдыма елестейді.
─ Алдағы кезектен тыс президент сайлауында халықта таңдау бар деп ойлайсыз ба?
─ Халықта таңдау пайда болды. Қазіргі таңда 9 адам сайлауға түсіп жатыр. Қаншасы емтиханнан өтеді, қаншасы қол жинайды, оны уақыт көрсетеді. Ертөстік ертегісіндегідей, 8 ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе деп айтуға болады. Тоқаевтан бастап, қалған жетеуі биліктің бағытын ұстанатын болса, біз ұсынып отырған Әміржан Қосановтың ұстанымы бөлек. Президенттік сайлауға түсем деген адам өзінің көзқарасын, бағытын, амбициясын емес, бүкіл халықтың ойын алға шығара білу керек. 20 жылдық саяси тәжірибесі бар Әміржанның қолынан бұл келеді деп ойлаймын. Халықта екі-ақ таңдау бар: не сегіздің біреуіне береді, не осы қоғамды, саяси өмірімізді өзгертеміз дегендер Әміржанға береді.
─ Сайлаулар тарихында Қазақстан халқының таңдауы енді ғана пайда болды деген пікірмен келісесіз бе?
─ Жоқ, мен онымен келіспеймін. Сайлау жүйесі дұрысталмай, сайлау заңы қайта қаралмай, оны қарайтын топқа қазіргі Парламенттің мүшелері емес, қоғамдық ұйымдардың мүшелері болмай сайлау әділ өтетініне үміт аз.
─ Кезектен тыс президент сайлауына бойкот жариялаған ЖСДП-ның әрекетін қалай бағалар едіңіз?
─ Осы уақытқа дейін талай бойкот жарияланды. Ұмытпасам, ЖСДП-ның өзі бір-екі бойкот рет жариялады. Ең сорақысы, мұндай бойкоттан түк шықпайды. Халықаралық ұйымдарға 3-4 партияның, 4-5 кандидаттың тізімін береді. Сайлау әділ өтті дейді, болды. Мұндай саяси сайлау ойыны халыққа таныс. Бойкот қандай уақытта нәтиже береді? Егер «Сайлау туралы» заңда «электораттың 50 пайызы дауыс беруге қатыспаса, сайлау заңсыз болып табылады» деген бап болса, бойкот тәсілін қолдануға болады. Алғашқыда бұндай талап біздің де заңымызда бар болатын, бірақ ол бапты алып тастады. Сайлауға үш адам келсе, сайлау заңды. Әрине, бойкот саяси партияға сәл-пәл бедел беруі мүмкін, бірақ қоғамға өзгеріс әкеле алмайды.

Бізге Украинадағыдай
дебат керек

─ Меніңше, ЖСДП-ның әрекетіне ешкім мән берген жоқ. «От правды не убежишь» секілді қоғамдық резонс тудыра алмады. Бұдан ЖСДП-ның халық арасындағы беделінің қандай екені байқалады. ЖСДП-ның бойкот жариялауына, Ж.Тұяқбаевтың кетіп, оның орнына Е.Бапидің келуіне қарап осы партия мен биліктің арасында қандай да бір келісім бар деп ойламайсыз ба?
─ Мен бұл партияның кезекті съездегі мәлімдемесін түсінген жоқпын. Бұлар алғащ сайлауға дайындалды, тіпті Е.Бапидің кандидатурасын ұсынды. Естуімше, съезде Ермұрат мырза өзінің сайлауалды бағдарламасын жарты сағат оқып берген. Егер бойкот жарияласа, оны оқудың не керегі бар? Алдымен сайлауға кандидат ұсынамыз дейді, соңынан бойкот жариялайды. Бір қызығы, сайлауға түскелі отырған адам да оған келіскен. Бірден ЖСДП-ның басшысы болып тағайындалған Ермұрат Бапидің осы күнге дейін ЖСДП-ның мүшесі болды ма, болған жоқ па, ол жағыннан да хабарым жоқ. Егер партияға мүше болмай-ақ партия басшысы ретінде сайланса, онысы орынсыз. Дегенмен Е.Бапи – біздің «Жаңа Қазақстан форумының» мүшесі, сондықтан біздің тобымыздан екі адамның үміткерлікке ұсынылғанына қуанамын. Қателеспесем, тура осындай жағдай кезінде «Ақ жол» партиясында болды. Әлихан Байменов партиядан кеткенде, мүлдем басқа партияның мүшесі Азат Перуашев бір күннің ішінде «Ақжолдың» басшысы болып шыға келді. Мұндай әрекеттің барлығы қоғамдық көзқарасты ескермей, жарық күнде жолдан адастырғандай әсер етеді.
─ Қазақ қоғамындағы саяси ойындар ашық, барлығына түсінікті «мөлдіреп» тұрған секілді, тіпті күмәнді ештеңе жоқ секілді көрінеді. «Саяси ойын» деп айтуға келмейтін әрекеттер сізді алаңдатпай ма?
─ Әрине, алаңдатады. Бәлкім, біздің де кінәміз бар. Мұндай ойынды көргенде, халық дүр сілкіну керек еді. Халықта ондай реакция жоқ. Бірді-екілі саясаткер ғана пікір айтқанмен билік оны халықтың сөзі деп қабылдамайды. Егер билік партия айтқан халықтың сөзін қабылдамаса, халық өзінің күшін өзі көрсетіп, өз қарсылығын өзі айтуы керек. Сонда ғана биліктің де, оппозицияның да әрекетіне нақты баға беріледі. Өкініштісі – билік халықтың ашу-ызасынан қаймықпай отыр.
─ Сайлауалдында кандидаттар митинг өткізуі мүмкін бе?
─ Заң бойынша үміткерлердің митинг, демонстрация өткізуге толықтай құқығы бар. Әміржан Қосановты ұсынған «Ұлт тағдыры» қозғалысы ғой. Егер біз митинг өткіземіз деп шешсек, оған атқарушы билік кедергі келтірсе, олардың сайлау заңын бұзғаны.
Кандидаттар арасында дебат та өту керек. Өкінішке қарай, бізде дебаттың форматы дұрыс емес. Берілетін уақыт 2,5 минут. Екі минутта не айтуға болады? Тоғыз адамды бірден дебатқа түсіру де дұрыс емес. Дебатқа нақты екі үміткерді шығару керек. Украинадағы президентке үміткерлердің дебатын көрмеген адам аз. Ал біздегі дебат мұның қасында түк емес…
─ Сайлау болады дегеннен бері қоғамда селқостық байқалғанымен, Ермұрат Бапи, Әміржан Қосанов сайлауға түседі деген ақпарат бұл селқостықты аз да болса сейілткендей. Тіпті желіде «Әміржан үшін сайлауға барамын!» деп жазғандар көп. Өркениетті елдерде тәуелсіз ұйымдар арнайы сауалнама ұйымдастырады. Бізде желідегі белсенділер өздерінше сауалнама жүргізіп жатыр. Қызығы, сауалнамада Қосанов пен Тоқаев қана бар. Демек, қазір халықта таңдау бар деп толықтай айтуға бола ма? Ә.Қосанов пен биліктің арасында қандай да бір келісім жоқ па?
─ Қандай да бір келісім болды деп ойламаймын. Бағана айтқанымдай, 2016 жылғы жер мәселесінен кейін билік халықтың қаһарынан сескеніп, аяғын тарта бастады. Осы сайлауда билік оппозициялық бағыттағы бір-екі адамды едәуір алға оздырады деп ойлаған едім. Қателеспеппін. Бірақ бұл ойын емес, саяси тәсіл. Біріншіден, дүрліккен халықты басу, екіншіден, халыққа президент Назарбаев кеткеннен кейін сайлау жүйесі жаңарады деген үміт беру. Жаңа келген адамның жаңа жүйе орнататынына, әділетті реформа жасайтынына халықтың көзін жеткізу. Үшіншіден, билік те әлеуметтік жүйені жақсы бақылап отыр. Қазір қоғамдық белсенді топ — қазақтар әрі олар өздеріне ұнаған адамдарды ұсынып отыр. Оның ішінде И. Тасмағанбетов, Т.Әубәкіров, А. Сарым, Ә. Қосанов, тіпті, менің де атым бар. 30 жылдық авторитарлық жүйеден соң, билік басына бұған дейін жемқорлық жасады деп аты шықпаған, олигархтардың ішінде де аты аталмаған, Батыс демократиясын жақсы білетін, БҰҰ төрағасының орынбасары болған, парасатты адам келуі халықтың көңіліндегі үміт шоғын үрледі. Егер аты аталғандардың біреуі президенттікке үміткер ретінде тіркелмейтін болса, халықтың үміті үзілер еді.

Әр адам өз таңдауын жасауы тиіс

─ Сіздер бастаған «Жаңа Қазақстан форумы» да партия яки бірлестік ретінде тіркеле алмапты. Оған не себеп?
─ «Ұлт тағдыры» қозғаласының атын өзгертіп, «Жаңа Қазақстан» болып тіркелуді де ойланғанбыз. Сол-ақ екен, өткен жылғы жаз айынан бастап, соттан шақырулар келіп, «Ұлт тағдырын» мәжбүрлеп жабу мәселесі көтерілді. Шынын айтсақ, төрт жыл бұрын «Ұлт тағдыры» қозғалысының облыстардағы бөлімшелері салық комитетіне есеп бермейтін болған. (14 жылдың ішінде сырттан да, іштен де бір тиын ақша алмағанбыз). Соны пайдаланып, екі-үш облыстағы «Ұлт тағдырын» жаппақ болды. Ұлттық бағыттағы ұйымдардың ішінен республикалық болып тіркелген «Ұлт тағдыры» ғана. Президент кеткеннен кейін, сайлау болатынын біліп, біз осы мәселені қолға алып, екі-үш облыстағы салық комитетінің талаптарын орындап, мәселені шешіп, айыбын төлеп, қозғалысымызды «тірілтіп» алдық та, заң жүзінде Ә.Қосановты үміткер ретінде ұсынып отырмыз.
─ Жалпы Қазақстандағы оппозицияның бірігуіне не кедергі?
─ Біріншіден, жеке адамдардың (басшыларының) амбициясы кедергі. Ұлтшыл азаматтардың басының бірікпейтіні де жеке бастың амбициясына байланысты. Осыған бола түңіліп, қол қусырып отыруға болмайды. Оппозиция бірікпеген жағдайда белгілі бір ұйым жұмыс істеп, халыққа жол көрсету керек. Біз осы жолы өз құқығымызды пайдаланып, заңды жолмен өз ойымызды жеткізу ісін бастадық. Мұны оппозиция өкілдері қолдау керек еді. Қолдамаса үнсіз қалсын. Бірақ, қазір бізге де шабуыл жасалып жатыр. Бұлардың барлығы «сатқын», «тыңшы», «биліктің ойынына араласты» дегендей. Оппозицияның ойы бір – барлығы билікті жаңартқысы келеді, демкоратиялық институттарды құрғысы келеді. Меніңше, барлығын бүлдіретін – пендешілік пен қызғаншақтық.
─ Сайлау басталмай жатып, айтыскер ақындар мен жазушылар «Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаймыз» деп шешім шығарды. Мұны қалай бағалайсыз?
─ «Ұят» деген баға ғана беремін. Біріншіден, өзіңіз айтқандай, үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары әлі жариялаған жоқ. Сонда біздің ақын-жазушыларымыз нені қолдайды? Егер ертең Қ.Тоқаевтың бағдарламасында қазақтың сөз өнеріне, қазақтың тіліне қатысты ешқандай сөз болмаса, бұл қауым не айтады екен?.. Оның орнына қазақ мәселесінің шешімі Ә. Қосановтың бағдарласында болса, халықтың бетіне қалай қарайды?.. Бұл — Кеңестік жүйе кезінде қалыптасқан, «Биліктікі — дұрыс!» деген жағымпаздық ауру. «Алла, келешек ұрпақты осындай дерттен сақтай гөр!» дегеннен басқа не айтамыз?.. Үшіншіден, осы бір «топтық қолдау» дегенді қоятын уақыт жетті. Айтыскерлердің басшысы қазақтың барлық айтыскер ақындарының пікірін алып, референдум жүргізбегені анық. Мәселен, Ринат Зайытов жаңа ғана менімен хабарласып, Әміржанға қол жинауға көмектесетінін айтты. Барлық жазушы бірдей бір адамды қолдауы мүмкін емес. Әр жазушының да өз пікірі бар. Мысалы «Ұлт тағдыры» қозғалысы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев мырза Әміржанды үміткерлікке ұсынған жиында қолдайтынын айтып, батасын берді. Сол себепті, «мынау одақ» қолдады, «мынау ұйым бірауыздан дауыс берді» дегенді доғару керек. Топта таңдау болмайды, таңдау құқығы тек жеке адамға тиесілі. Әр адам өз таңдауын өзі жасайды!

Сұхбаттасқан —
Бауыржан КАРИПОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.