Депутаттар тәртіптен соншама неге қорқады?

0
176

Депутаттар Премьер-Министрге, министрлерге, қатысы бар ведомство басшыларына сауал қойып жатады. Біз, сайлаушылар депутаттарға да сауал қойып көрсек қайтеді. Мүмкін бұл сауал да емес, талап, наразылық та болуы.
Бұл жерде менің айтпағым, халық қалауларының — депутаттардың атқарып жатқан істерінің көпшіліктің көңілінен шықпауында. Мүмкін айтар, көпшілікте не жұмысың бар, бір кісінің көңілінен шықпады екен деп бүкіл депутаттарды неге қаралайды деп. Ешкімді қаралайын деп отырғам жоқ, бірақ депутаттардың ісіне көпшіліктің көңілі толмайтыны аян. Оған бірнеше фактілер келтіруге болады. Тіпті «халық қалаулысы» деген сөз тіркесін алып тастау керек деп жазғандар да бар. Бізге бір палаталы парламент та жеткілікті дегендер болды. Оны айтасыздар, депутаттар жайлы өмірден алынған анекдоттар қаншама…
Жылды қорытындылай келіп, Сенат және Мәжіліс Төрағалары бір жылда 100-ден аса заң қабылдағандарын айтып жатады. Сонда СССР-дің кезінде біз заңсыз өмір сүргенбіз бе? Тәуелсіздік алған 27-28 жылдың ішінде қабылданған заңдар қанша екен? Соны да білгіміз келеді. Жай санын ғана. Ал олардың баптары мен тармақтарын заңгерлердің өзі де білмеуі әбден мүмкін. Өйткені, өте көп. Бірақ мені ойландыратыны осы жүздеген-мыңдаған заңдардың ішінде Тәртіп жайлы заңның болмауы. Бетін аулақ қылсын, бүгіндері бір отбасын да түгелімен қырып салып жүре береді. Өйткені, елде тәртіп жоқ. Жоғарыдағылар халықтың емес, тек өз бастарының амандығын, тыныштығын ойлайды. Осындай тәртіптен ада болған жерде ату жазасын алып тастады. Ол неқылған гуманизм? Бұл мораторидан кейін атып тастайтындар көбейіп кеткен сиқты…
Әлі де ізі суымаған қылмыс Денис Теннің өлімі. Денис сияқты белгілі адам болмаса, жабулы қазан жабулы күйінде қалар еді. Мұндай оқиғалардың жиі болып жататыны көпшілікке аян. Біз тек беті ашылған оқиғаларды оқып білеміз. Жабулы қалғандары қаншама? Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Меган Дюамель (Канада) Денис Теннің өлімін естігенде: «Көліктің айнасы үшін қайтыс болғаны менің миыма кірмей тұр. Бұл қалай? Болмашы зат үшін адам өлтіретін адамдар әлемде әлі де бар ма?!» — дейді. «Иә, бар. Қазақстанда!» деуден басқа амал жоқ…
Кезінде орыс ақыны Владимир Маяковский: «Менің милициям мені қорғайды», — деп жазып еді. Тәртіп сақшылары — қазіргі қазақстандық полиция қызметкерлері алдымен тәртіпті өздері бұзып жүргені жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Атыс-шабыс, неше түрлі сойқандылық солардың үлесінде.
«Ашынғаннан шығады ащы даусым» дегендей менің ашына отырып айтайын дегенім, елімізде қатаң тәртіп орнамай содырлар мен сойқандар осылай алшаң басып жүре береді, ұсталса бір жыл — жарым жылдан кейін бостандыққа шығып үйренген кәсібімен айналысады. Байқайсыздар ма, ірі қылмысты негізінен бұрын осындай іспен сотталғандар жасайды.
Жоғарыда айтқанымдай, депутаттар жыл сайын жүздеген заң қабылдап жатады, ал жан түршігерлік оқиғаларды естіп, біліп жүрсе де тәртіп жайлы ауыздарын ашпайды. «Сен тимесең, мен тимеймін бадырақ көз», көбі жылы орындарын суытқысы келмейтін сияқты.
Осы материалды дайындап отырғанда Зерендіден (Ақмола облысы) бір танысым телефон шалды. Амандық-саулықтан кейін кешегі ел басқарған, көпшілікке танымал, бүгінде зейнеткер танысым: «Жуырда ауданға Астанадан екі-үш депутат әйел келіп кетіпті. Мектеп, аурухана, балабақша сияқты объектілерді аралапты. Бірақ, келіп-кетті дегені болмаса жұрт ауыз толтырып айтатын ештеңе естімепті. Өздері басқа аймақтардан болса керек, жергілікті жағдаймен таныс емес. Олардікі бой жазып қайту ғой», — деді. Шынында да депутаттардың ел аралағаны айт пен той сияқты. Әкімдікте қарсы алады, жөні түзу жерлерді көрсетеді. Ас мәзірін дайындайды. Жеңіл машинамен шығарып салады…
Сөзімді жалғастырсам, елдегі қауіпсіздік жүйесі дұрыс емес деп айтар едім. Алдымен елде тәртіп бұзушыларға қарсы қатал заң жүйесін енгізу қажет. Үлкен қылмыс алдымен біз ұсақ-түйек санайтын асфальттың үстіне жалп еткізіп қақыру, шылым қалдығын аяқ астына тастау, шыны ыдыстарды сындыру, өсіп тұрған ағаштың бұтағын сындыру, түнде күнделікті өзің жүріп-жүрген жолға дәретке отыру, түнгі шамдарға тас лақтыру, т.б. басталады. Қазіргі электроника заманында бейне бақылау санын неге көбейтпеске?
Бірде әйеліме: «…енді бізде бір істелмей тұрған жұмыс екі тереземіз торланбаған, соны қолға алу керек», — дедім. «Бетін аулақ қылсын, егер есіктен емес, терезеден шығу керек болса қайтеміз?» — деп қарсы сұрақ қойды. Ойланып қалдым. Ал торламасаң кәніккен әккі ұрылар пластикалық терезені оп-оңай ашады екен. Міне, ағайын, бірін жасырып алған, бірін басынып алған заман.

Есесіне олар төбет пен тазыны жақсы көреді-ау, сірә

Мақаламды немен бастасам сонымен аяқтайын. Депутаттар: «Ендігі арада біздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі ретінде иемденіп қалатын қазынамыздың бірі де, бірегейі де — қазақтың Төбеті мен Тазысы екендігін айта отырып, Үкімет тез арада (астын сызған мен – С.Х.) «Қазақ халқының ұлттық құндылықтары — тазы мен төбетті мемлекеттік қорғауды және олардың генефондын таза ұстау мен жақсарту» туралы Заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынуы қажет деп санаймыз», — деп жазады. Сонда тез арада қабылданатын Заң иттер төңірегінде болып тұр ғой. Қалғандары жетісіп тұрғандай. Ол аз десеңіздер «Тазы мен төбеттің жанашырларына қолдау көрсету үшін ең әуелі қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» туралы Заңына тиісті толықтырулар мен өзгертулер енгізу керек деп санаймыз», — деп жазады. Халықты сапалы ет пен сүтпен асырап отырған асыл тұқымды малдардың қатарына депутаттар иттерді де қосып қойып отыр.
Төбет пен Тазы жайлы ұлттық құндылық ретінде сөз қозғау мүмкін қажет те болар, бірақ көрпемізге қарай көсіліп, күнделікті өміріміздің өзекті, әлемдік үрдістен қалыспайтын, Елбасы айтқандай дәл бүгінгі таңда шешуді қажет ететін мәселелерге депутаттар көбірек көңіл бөлсе орынды болар еді деп ойымды түйіндеймін.

Совет
ХАМИТҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.