ЭКС-СЕНАТОР БӨЗ ҰРЛАМАҒАН, СӨЗ ҰРЛАҒАН

0
225

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Ақмола облыстық әкімділігінің қолдауымен «Сал-серілер» сериясының «Ақан сері» атты 1-кітабын Жабал Ерғалиев құрастырыпты. Әрине, құптарлық іс. Жабал ғалым емес, жазғаны ғылым емес, ақантанушы, жинаушы, зерттеуші де емес, бұл жұмыстың неге оған берілгенін түсінбедік. Қазақ «тауық сойса да қасапшы сойсын» демеуші ме еді?
Мен халық мұраларын жинап, зерттеп, жариялап жүрген адаммын. Ақан сері туралы Жабалдың бір мақаласын көрмегем екем. Ол Ақан серінің бір сөзін жинаған болса, кітабында келтірер еді, келтіре алмапты. Еңбегің — еңбек етілмеген еңбек. Айтайын.

2014 жылы «Ақындар аманаты» сериясымен Абай атындағы ҚҰПУ-нің Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институты «Нұрлы Рress.kz» баспасы шығарған кітаптың» Ақанның дін туралы», «Конобалопқа» деген екі өлеңінен басқа Ақан серіге байланысты 75 еңбекті көшіріпті.
2013 жылы «Ақан сері Қорамсаұлы. Шығармалары» деген Н.Оразбек құрастырып «Қазақстан» баспасы шығарған жинақтың 122 туындысын көшіріп басыпты. Осы екі кітаптағы шығармалар, басқа ештеңе жоқ. Жабал кітаптарға сілтемелер жасамайды. Сенің газетіңде басылған материалдар көшіріліп басылса, сілтеме жасау міндетті деп жазасың, өзің көшірсең сілтеме жасамайсың. Бұл қалай?! Бұны ғылыми тілде плагиат дейді. Яғни ұрлық деген сөз. Пақырдан сөз ұрлағанша, соқырдан көз ұрласаңшы… Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалатынын білесің. Заңды біле тұрып бұзуды сенатор болғанда үйреніп келіп пе едің? Көшіргенімді байқамасын деген айлаң ба, Ақан серінің аруағын сыйламай, мазмұнында шығармаларының атын да жазбағансың. Бөз жинаған — бір кісілік, сөз жинаған — мың кісілік, — дейді. Себебі, сөз — киелі. Сөз жинаған адам — кие жинағанмен бірдей, киелі адам ғана сөз жинайды. Олай болса,сөз ұрлаған адамның күнәсі бөз ұрлағанға қарағанда ауыр…
Кітаптың қай баспадан шығарылғаны көрсетілмеген түріне қарағанда қаражат қайда, қанша жұмсалғанын білдірмеу үшін жасалған ба?…
Ақантану жолында үлкен еңбек сіңіргендер: Мәшһүр Жүсіп, Мағжан, А.Затеевич, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, А.Хангелдин, Ғ.Мүсірепов, А.Жұбанов, С.Жүнісов, С.Мұхаметжанов т.б. болатын. С.Мұқанов, Ж.Қизатов, Х.Тілеубаев, Ғ.Нұртазина, М.Елеусізов, Е.Мырзахметов, Ә.Тәжібаев, К.Салықов, Н.Оразбек, Ж.Мусин, М.Мұқатұлы, С.Ақтаев, Т.Қажыбаев, Ж.Есекеев, Б.Азнабаев, М.Ғалым, М.Бижанов, А.Әбутәліпұлы, М.Сейітмағанбетұлы, С.Көшкенов, т.б. Ақан серінің сөздерін жинағанын білеміз. Бабаларымыздың әрбір сөзі — алтын, дәстүрі — мұра, — деген Мақаш шешен. Ақан сері туралы кім, не жазғанын білмей кітап құрастыруға бола ма?! Білсең аттарын атар едің, әлде біле тұра атамадың ба? Шал ақын:
Жігіттер жаман істі кәсіп етпе,
Досыңды бірге жүрген басып өтпе.
Басыңа әлде қандай іс түскенде,
Туыс түгіл, досың да қашар шетке, — деп айтса да, оларды басып өтіп кетіпсің.
Бір сөзі мың сөзге татитын Ақан серінің сөздері кітапқа кірмей қалған: Ақан сері мен Науан хазірет, Ақан серінің қызға айтқаны, Ақанның Алаж қажыға айтқаны, Ақанның қызға айтқаны, Ақан мен Шалабай болыс, Тулақ батыр мен Ақан сері, Ақан серінің мысал өлеңі, Құтты қонақ, 25-тің ауылы алыс қалды,
Жолбарыстың терісін киіп алып, Ақанның қасіреті, Менің Атым сұрасаң Ақан сері, Балқадиша әнінің шығуы, Ақанның Байғабыл шешеннің інісі қайтқанда айтқаны, Ақанның Байғабыл шешеннің баласы қайтқанда айтқаны, Ақанның Әушахманға айтқаны, Ақан серінің серіктері, Ақанды көрген ата, Ақан серінің сөздері, Құлагердің алтын тағасы, Ақан сері-Біржан сал-Үкілі Ыбырайдың кездесуі, Ақан сері мен Әлібек батыр, Ақан сері мен Шоқан, Ақан сері мен Үкілі Ыбырай, Ақан сері мен Есенбай ақын, Ақан сері, Тайжан ақын және Жанбатыр қажы, Ақан сері мен Тезекбай ақын, Ақан сері мен Темірбек, Ақан серінің Нұрланға айтқаны, Ақан серінің қойға берген батасы, Ақан серінің Қасымға көңіл айтуы, Ақанның Нұрланды ұялтуы, Ақанның Науан хазіреттің шәкірттеріне айтқаны, Ақан серінің Мүслима қыздың жұмбағын шешуі, Ақан серінің Сәкенді қағытуы, Ақан серінің сөзден тосылуы, Ақан серінің Жақып төреге айтқаны, Үкілі Ыбырайдың Ақан серіге айтқаны, Ақан серінің Атығай Ораз палуанға айтқаны, Ақан серінің әзілі, Еліме қадірім жоқ күнде көрген, Әлібек ер боп туған қазақ еді, Ақан серінің Сетік Кәкенмен қағысуы, Ақан серінің Есімсейітті сөзден тосуы, Ақан серінің Бекенге айтқаны, Атығай-Қарауылға сыймаған Ақан сері, Ақан серінің Қоскөл туралы айтқаны, М.Жүсіптің Ақан серіге хаты, Ақан серінің Нұрқожаға айтқаны, Ақан серінің Біржан салға айтқаны, 13 жасар қыздың Ақан серіге айтқаны, Ақан серінің келбеті, Ақан серінің Жарылғасқа айтқаны, Ақан серінің өсиеті, Ақан серінің Жақып байға айтқаны, Ақан серінің орысша, қазақша аралас өлеңдері, Ақан серінің Тіржан болысқа айтқаны, Ақан сері мен ақын қыз, Ақан серінің Айғанымға айтқаны, Ақан серінің Науан хазіретпен бақұлдасуы, Ақан серінің ару туралы айтқаны, Ақан серінің Қозыкеге айтқаны, Ақан серінің батасы, Алтынның сынығы, Жиырма бес Ақан серінің әні, Жүсібі Батыраштың қағып өтті, Құлагердің киесі, Құлагерді өлтірткен Батыраш, Құлагердің құны, Құлагердің сыны, Ақан серімен Мәмбетәлінің қоштасуы, Ақан серіні Үкілі Ыбырайдың жоқтауы, Ақан серіні Атығай Қожамбет ақынның жоқтауы, Ақан серіні Нарымбет зергердің жоқтауы, Ақан серіні апасы Айшаның жоқтауы.
Шығармалар саны -74.
Бұларды және сенің кітабыңа кірген көптеген материалдарды мен ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Ұлттық Ғылыми Кітапханасының сирек қорынан (№ 9, 339, 29, 79, 162, 260, 848, 307, 420, 509, 745, 547, 849, 517, 249, 1884, 420, 472, 1621, 1062-1068, 698, 1057, 1059, 281, 932, 273, 694, 573 бумалар), ҚРҰҒАӘӨИ қолжазба орталығы (№ 622, 15, 29, 175, 72 бумалар) тауып алып, ел аузынан, әртүрлі баспалардан жинап »Аталар аманаты» (2013), «Атығай этнологиясы» (2014), «Қарауыл шежіресінің деректері» (2018), «Асыл сөз» (2000, 2002), «Алтынның сынығы» (2002, 2004), «Атығай шежіресінің деректері» (2018) кітаптарымда, республикалық, облыстық басылымдарда жариялап жүрмін. Соңғы үш кітап Жабалда бар болатын.
Ақан сері шығармашылығының басты арнасын музыка,поэзия, шешендік, айтыс өнері құрайды. «…бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың амалын қылыңдар», — деген С.Торайғыров. Жабал 5-6 әннің нұсқаларынсыз мәтінін ғана беріпті. Дұрыс ісемеген.
Мен Ақан серінің «Қараторғай» әнінің дұрыс мәтінін тауып, ол республикалық, облыстық басылымдарда жарияланған еді. Оны Қайрат Байбосынов «Қазақ әндерінің антологиясында» (2017ж. 600 бет) дұрыс деп есептеп, барлық музыкалық оқу орындарында мен тапқан нұсқамен жастарды оқыту керектігін жазған болатын. Ал Жабал ол нұсқаны білмегендігінен бе, біліп пе кітабыңда келтірмепті.
А.Затеевичтен кейін еш адам Ақан серінің әнін басқа нұсқалары болмаса тапқан емес. Мен «Жиырма бес» Ақан серінің әні екенін дәлелдедім. Мақала республикалық басылымдарда жарияланды. Ол мақаланы «Арқа ажарында» бір жыл өткізіп жарияладың, оны кітабыңда келтірмейсің. Ақан серіге «Жиырма бес» әнін қимай жүрсің бе,әлде менің тапқанымды көре алмай жүрсің бе? Қайта қуанбайсың ба, Ақан сері әнінің табылып жатқанына.Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр ,-деуші еді ғой…
Ақан сері: «Қарабай Баянды малым десе, мен Құлагерді жаным деймін. Ер құны белгілі. Әйел құны белгілі. Тұлпар құны белгісіз. Мен құнға таласпаймын, сөзге таласамын. Тұлпар құны терісі толы алтын. Маған алтын керек емес, Құлагерге қастандық қылғандардың алтыны да, өздері де Құлагердің тұяғына тұрмайды», — деген. Сондықтан Ақан десең, Құлагер дегенің, Құлагер десең Ақан дегенің. Мен Құлагердің құны қалай, қандай болғанын тауып оны өлтірген Батыраш емес дегендердің аузына құм құйылған болатын. Мақала «Арқа ажарында» да басылды. Батыраштар жағындасың-ау деймін, кітабыңа бермегеніңе қарағанда.
Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні» деген өлеңін Ақан серінікі деп беріпсің. С.Мұқанов («Қызыл Қазақстан», 1924, № 7-8) пен А.Жұбанов («Замана бұлбұлдары», 1975ж.) баяғыда жазып кеткен жоқ па еді Үкілі Ыбырайдыкі деп. Бұл қай сасқаның?! С.Мұқанов, А.Жұбанов қазақ халқының ұлы адамдары». Ұлы адамдардың айтқанына сенбеген адам өзінің түкке тұрғысыз боп дәлелденуінің ең қайғылысы» деген ағылшын ғұламасы Карнейль.
65 бет пен 81 бет, 92 бет пен 111 бет, 172 бет пен 177 бет, 225 бет пен 265 беттердегі өлеңдер қайталанады. 192 бетте үш шумақ жоқ, 191 беттегі айтыстың толық нұсқасы менің кітаптарымда бар. Мені Мұстай Ғалым деп қорлапсың. Қарауылдар, бұдан былай ұрандарың «Қарақай!» емес «Қарағай!» болады, Жабал солай жазыпты, 219 бет. Жазғаныңды оқымапсың. Өзін де, өзгені де оқымай қалай құрастырушы бола қалғаныңа айран асырмын.
Кейінгі жас ұрпақтарға дананың дарабоз қасиеттерін аша түсу біздің парыз міндетіміз. Ақанның даңқын бүкіл әлемге жаю елге жүк. Мақсат Ақанның шығармалары сапалы, толығырақ, дәлірек шықсын деу болғасын осы мақаланы жазып отырмыз. Алдымен Ақан туралы ойлау керек қой, ал Жабал өзі туралы ғана ойлаған сыңайлы. Мұндай мүмкіндік бола бермейді ғой…
Ілімің бар екен, білімің әлде қалай…
Қағуың бар екен, халқыңа жағуың әлде қалай…
Айлаң бар екен, халқыңа пайдаң әлде қалай, — деп айтпасқа амал жоқ Жабалға.

Мұсатай ҒАЛЫМ,
Халық мұраларын зертеуші

 

Қадірлі Жабал Ерғалиев бауырымыз! Мұсатай Ғалымның мына мақаласын жариялау-жарияламау жөнінде редакциямызда біраз тартыс болды. «Былай тартсақ өгіз өледі, олай тартсақ арба сынадының кебі». Екеуіңізді халық жақсы біледі, біз де екеуіңізді сыйлаймыз. Бірақ сенатор кезіңізде шындық, ақиқат үшін арпалысқан азаматсыз. Біз де осы Ақиқат жарқырап шықсын деп Ғалекеңнің мақаласының атын да, затын да өзгертпей жариялауға шешім шығардық. Сіздің де қарсы уәжіңізді шып-шырғасын шығармай жариялауға уәде береміз.

Ертай Айғалиұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.