Амандық Ғабассаұлы: Біріктіру, іріленудің нәтижесі мен жемісін халық көреді

0
331

«Qazaqstan dauiri» газетінің Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов 10 сауалға жауап жолдады

  1. Алматы облысы аграрлы өңір болып саналады. Иелігінде 49 жылға алған 2-10 гектар жері бар шаруа қожалықтары техникасы жоқ болғандықтан жерді өңдеп, егін егу, жинау жұмыстарын дер кезінде жүргізе алмайтыны белгілі. Бұл шаруа қожалықтары негізінен техниканы, жұмысшы күштерін жалдап күн көреді. Жерге де күтім керек. Ұзақ жылдар бойы табыс қуып, айналмалы егістікті жүзеге асырмай келе жатқан жеке шаруа қожалықтары бар. Оларды біріктіріп ірілендіру жұмыстары облыс аумағында қандай деңгейде жүргізіліп жатыр?

2.  Жетісудің төл дақылы болып саналатын облыста қант қызылшасын егіп, өсіру жұмыстары соңғы 4-5 жылдың ішінде жанданып, жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Ақсу, Көксу екі қант зауаты жұмыс істеуде. Алдағы жылдары осы тәтті түбірді өсіру алқаптарын ұлғайту барысында қандай шаралар жүзеге асырылмақшы?
Жеке шаруа қожалықтары несие алу барысында көптеген қиыншылықтарды бастан кешіріп отыр. Мысалы, Қаратал ауданының Тастөбе ауылдық округіндегі 108 шаруа қожалығының бірде-бірі несие ала алмаған. Жалпы шағын шаруа қожалықтарының несие алу мүмкіншіліктері бар ма?

3. Алматы облысындағы өте күрделі мәселенің бірі жиырма жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі мал сататын базардың жайы. Соңғы отыз жыл бойы әр жексенбі сайын 500-ден астам мал (жылқы, сиыр, тай-құлын, бұзау, қой-ешкі) саудаға салынатын ірі көлемді базар орталығына айналған. Онда санэпиджағдайдың ешбір сын көтермейтінін айтып ауызбен жеткізу мүмкін емес дейді ауыл тұрғындары. Осы мәселе оң шешімін тапты ма? Алакөл көлі жағалауының уақыт талабына сай демалыс орнына айналғанымен шығатын шығын Түркия еліне барып демалғанмен бірдей екен. Енді облыстың айдыны жарқыраған Балқаш көлі жағалауына инвестиция тартып, халық үшін арзан қол жетімді демалыс аймағына айналдыру барысында алдағы уақытта қандай шаралар жүзеге асырылмақшы?

4.  Қазіргі заманның күрделі мәселесі халықты баспанамен қамтамасыз ету болып отыр. Алматы облысы бойынша 43,3 мың адам пәтер алу кезегіне тіркелген. Оның ішінде жарияланған бағдарламаларға қатысу мүмкіншілігі жоқ, яғни қаржыдан қиыншылық көріп отырған бюджет қызметкерлері, зейнеткерлер бар. Оларды коммунальдық, жалдамалы пәтерлермен қамтамасыз ету шаралары тепе-теңдік қағидасымен жүзеге асырыла ма?

5. Облыс аумағында Алматы қаласының сарқынды сулары топталатын «Сорбұлақ» су жинағышы бар. «Сорбұлақ» су жинағышына қатысты 2010 жылы министрлік тарапынан «Пайда болған қолайсыз экологиялық жағдайды азайту және су жинағыштың қабырғасының бұзылып кету қаупін болдырмау мақсатында «Сорбұлақ» көліндегі сарқынды сулар су жинағышының қазіргі жағдайын кешенді зерттеу» туралы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Одан бері тоғыз жылдай уақыт өтіпті. Қазіргі кезде оқыс апаттың алдын алу үшін «Сорбұлақ» су жинағышының жұмысына бақылау орнатылған ба?

6.  Алматы облысының Панфилов ауданы аумағында бұрынғы Кеңес одағы заманындағы «Волковгеология» барлау партиясына қарасты болған, гамма-сәулеленуі жоғары деңгейдегі уран кен орнының үйінділері бар екенін білеміз. Кен орындарына геологиялық барлау жұмыстары 1962 жылы аяқталып, анықталған уран нысандарына консервация жасалған. Жоңғар Алатауы бөктеріндегі қайта қалпына келтірілмей қалған кейбір штольнялардың немесе уран ұңғымаларының жоғары радиоактивтілігі қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсерін тигізетіні анық. Тастанды уран ұңғымаларының қоршаған ортаға әсерін қайта тексеру үшін алдағы уақытта осы аймақта тиісті шаралар жүргізіле ме?

7. Соңғы жылдары азық-түлік бағасының шарықтап кеткені соншалық халық қымбатшылықтың зардабын тартып отыр. Аграрлық өңір болып саналатын Жетісуда өндірілетін азық-түлік, оның ішінде әсіресе ет, май, нан, сүт өнімдері және басқа тағамдардың бағасының негізсіз шамадан тыс өсіп кеткенін халық жиі айтуда. Сондықтан халық күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын ырықтандыру шаралары жүзеге асырыла ма?

8. Алматы облысының елді мекендеріндегі мал ұрлығына тосқауыл қойылмай келеді. Тек өткен жылдың іщінде 1843 бас мал ұрланған. Ұры алыстан келмейді. Әр ауылдың өз ұрысы бар көрінеді. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топтар Талдықорған мен Алматы қаласындағы ет базарларында ұрланған малдың етін ешбір кедергісіз сатуға өткізеді екен. Осындай ауыл тұрғындарына әлімжеттілік жасап жүрген ұрыларды құрықтауға келгенде құқық қорғау органдары неге осалдық танытып отыр?

9.  Мемлекет басшысының Жолдауларын, бес әлеуметтік бастамалары мен мемлекеттік бағдарламаларының орындалуы барысын ақпараттандыруға, «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті кереметі» мақалаларындағы талаптардың орындалуына үлесін қосатын қазақ басылымдары қазіргі кезде қолдауға зәру болып отыр. Бұдан бірер жылдар бұрын Алматы облысының 2 мыңнан астам тұрғыны біздің басылымның тұрақты оқырманы еді. 2019 жылы өңірдің 2 миллион халқының небәрі 525 адамы ғана газетімізді жаздырып алып оқитыны белгілі болды. Қазақ басылымдарына деген өңірдегі көзқарас түбегейлі өзгергенін ауылдарды аралағанда көзіміз көрді. Мүмкін қазақ тіліндегі газеттердің керегі жоқ шығар. Бұл жөнінде Сіздің пікіріңізді білгіміз келеді?

10.  Бұдан бірнеше жылдар бұрын облыстық әкімдік өңірде сатылатын дәрі-дәрмектің бағасын тұрақтандыру мақсатында фармацев саласының құзырлы органдарымен меморандумға қол қойып, орындалуын қадағалайтын. Енді осы шара биылғы жылы жүзеге асырыла ма?

Қант зауыттары
қайта жаңғыртылады және жаңасы
салынады

  1. Елбасы Жолдауында шағын фермерлерді кооперативке тартып, оларды ынталандыруға жағдай жасау тапсырылған. Сондықтан қазіргі кезде шаруашылықтарды ірілендіру аграрлық саланы дамытудың тың жолы ретінде қарастырылып отыр. Бұл орайда ірілендіру шараларының шаруаларға беретін мүмкіндіктері мол екенін біз жергілікті БАҚ арқылы ақпараттық-насихат, түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеміз. Сол сияқты облыстың аудан, қалаларында осы мәселемен айналысатын тиісті мамандар да кооперативтің ұтымдылығын ұғындыруда.
    Бүгінде күш-жігерін біріктіріп, іріленудің нәтижесі мен жемісін көріп отырғандар өңірде баршылық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні өңірде 237 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Олардың құрамына заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер мен үй шаруашылықтары кіріп отыр. 2018 жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылығы кооперативтері 1,2 млрд. теңгенің өнімін өндірді, 48,0 млн. теңгенің қызметін көрсетті, 322,2 млн. теңгенің өнімін сатып алды және 1,2 млрд. теңгенің өнімін сатты.
    Ауыл шаруашылығы кооперативтерін ауыл шаруашылығы техникасымен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 24 ауыл шаруашылығы кооперативіне 184,4 млн. теңге көлемінде инвестициялық субсидия төленді. Соның арқасында тракторлар, аспалы техника, мал тасу, сүт тасу техникалары, мал сою пункттері және т. б. сатып алынды. Шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстары бұдан әрі де жалғаса береді.

2.  Алматы облысы — қант қызылшасын өсіруге қолайлы аймақтардың бірі. Аймақта дақылды өсіру және күтіп-баптаудың озық тәжірибесі қалыптасқан, ауыл шаруашылық құрылымдары, шаруа қожалықтары және жеке үй шаруашылықтары осы жұмысқа бейім, сондай-ақ дақылды өсіруге климаттық жағдаймен қатар, жер және су ресурстары да мүмкіндік береді.
2018 жылы облыс бойынша қант қызылшасының егіс көлемі 11,2 мың гектарды құрап, одан 440,0 мың тонна тәтті түбір жиналды. Ақсу, Көксу қант зауыттары 42 мың тонна ақ қант өндірді.
Сонымен қатар Алакөл ауданындағы Бескөл темір жол станциясында қант қызылшасын қабылдау пункті ашылып, темір жолы арқылы Көксу қант зауытына жеткізіліп тұрды.
Биылғы жылы қант қызылшасының көлемі 14,0 мың гектарға жеткізіліп, өндірілетін өнім көлемі 576,7 мың тоннаны құрайды деп жоспарлап отырмыз.
Қант қызылшасының көлемін ұлғайту үшін қант қызылшасын себетін аудандарда сервистік дайындау орталықтарын көбейтіп, сонымен қатар өндірілген шикізаттың қабылдау бағасын 20 мың теңгеге көтеру, ауыл шаруашылығы техникаларын қолжетімді бағада лизингіге беруді қарастыру қажет.
Сонымен қатар Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту, шетел инвесторларын тарту арқылы Алакөл, Қарабұлақ қант зауыттарын іске қосу ойымызда бар.
Ал шаруа қожалықтарына несие беру мәселесіне қатысты, сауалда аты аталған Қаратал ауданын алатын болсақ, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Алматы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалы АҚ арқылы Қаратал ауданындағы 36 шаруа қожалығына жалпы сомасы 117,6 млн. теңге несие берілді.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен шағын несие беру үшін 2019 жылы бөлінген 4,709,9 млн. теңге ауылдық елді мекендерде, қалаларда шағын несие беру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамдар ұйымдарына аударылады.
Осыған орай өтініш берушілер Алматы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» филиалы АҚ-на, немесе Алматы облысының аудандарының жақын маңдағы кредиттік серіктестіктеріне тиісті сұрақтар бойынша жүгінулеріне болады.
Байланыс телефондары: 8 (7282)55-86-52 немесе 8(727)334-19-68, 334-19-71, 8(7282) 22-00-99.

Мал базары, жол,
үй кезегі…
барлығы да
шешімін табады

3.  Көксу ауданы Балпық би кентіндегі әр жексенбі сайын болатын мал базары 30 жыл ішінде үлкен сауда базарына айналды. Оның санитарлық эпидемиологиялық жағдайының нашарлығы ескеріліп, сәуір айының 13-інде Теректі ауылына көшірілді.
Оған қоса, Балқаш көлінің жағалауын дамыту шаралары туралы айтып өтсек. Туризмді дамытудың ең басты алғышарты — инфрақұрылымды дамыту. Сондықтан Балқаш жағалауындағы демалыс аймақтарына баратын автожолдарды қайта жаңғырту: «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» 0-110 км, «Алматы-Өскемен-Қызылқайың-Лепсі» 113-117 км, «Лепсі-Балқаш көлі» 0-27 км жолдарын қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді. Билығы жылы дайындау және жер қазу жұмыстары, «Алматы-Өскемен-Лепсі-Ақтоғай» 0-35 км, «Алматы-Өскемен-Қызылқайың-Лепсі» 113-117 км, Сарқан ауданы автомобиль жолдары учаскелерінде құбырларды және көпірлерді орнату жұмыстары басталды. Жұмыстарды аяқтау 2020 жылға белгіленген.
Балқаш көлінің ұзындығы 16,3 км. құрайтын оңтүстік-шығыс жағалауында «Балқаш — туристік-рекрациялық аймағы» демалыс аймағына тиесілі жағалаудың топографиялық түсірілімі жүргізілді.
Бүгінгі күні Балқаш жағалауын дамытудың Бас жоспарына сәйкес ол 7 демалыс аймағына бөлінеді. Ішкі туризмді дамытуда, жаңа жұмыс орындарын құруда, жергілікті және республикалық бюджетті салық төлемдерімен толықтыруға, туристік бизнестің және жалпы Қазақстанның бизнес-имиджінің өсуінде бұл шараның ықпалы зор болмақ.

4.  Облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының ақпаратына сүйенсек, биылғы жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша Алматы облысында тұрғын үй кезегінде есепте тұрған азаматтардың саны — 45 217 адам.
Кезектегілердің ең үлкен үлесі халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан — 21091 адам кезекте тұр, мемлекеттік сектор қызметкерлері — 17165 адам, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған — 6790 адам, мүгедектер мен соғыс ардагерлері 153 адам, сондай-ақ 18 адам — тұрғын үйі апаттық деп танылғандар.
Жалпы алғанда 2018 жылы қаржыландырудың барлық көздерінің есебінен 712,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, соның 39 мың шаршы метрі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша іске қосылған еді. Бұл көрсеткіш біз үшін аз саналатындықтан, 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен одан екі есе көп — 80 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Соның ішінде 42,1 мың шаршы метр несиелік, 32 мың ш.м. жалгерлік. 5,2 мың ш.м. коммуналдық тұрғын үй, барлығы 924 пәтер салынады.
Елбасының Әлеуметтік бастамасына сәйкес «7-20-25» бағдарламасы бойынша 26 массив белгіленіп, оларда 2025 жылға дейін 4 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр, сонда 104 мыңға жуық отбасы баспаналы болады.
Осы бағдарлама бойынша облыста алғашқы жарнасы үшін тұрғын үй сертификаттарын беру ережесінің жобасы әзірленіп, ол үшін бюджеттік саладағы қызметкерлерге бірінші басымдылықпен, яғни медициналық қызметкерлерге, мұғалімдерге, полиция қызметкерлеріне, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға 1 млрд. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта аталған ереже жобалары қоғамдық келісімнен өтіп, жергілікті мәслихаттармен бекітілу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар облыс орталығында екі көп қабатты тұрғын үй арнайы көп балалы отбасылар үшін салынады. Оған қоса қалада тұрғызылып жатқан коттедж қалашығынан да көп балалы отбасыларға тұрғын үйлер беру қарастырылады.

«Сорбұлақ»-тан төнер
қауіп-қатер жоқ

5.  «Сорбұлақ» су жинақтауышы Алматы облысының Іле ауданында орналасқан.
2015 жылдың 28 қазанында облыстық экология департаменті өткізген «Алматы облысының экологиялық мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбындағы кеңейтілген алқа жиынында «Сорбұлақ» су жинақтауышының мәселесі көтеріліп, бұл мәселе Алматы облысының экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі 2016-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілді.
2017-2018 жылдары У.М.Ахметсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты Сорбұлақ және Сорбұлақ каналы оң жағалауының жер асты суларының жай-күйіне әсерін бақылап, кешенді бағалау жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстарында 5 000 шаршы км-ден асатын алаң қамтылды.
Сонымен қатар «Алматы Су» ШЖҚ МКК-ның су бұру департаментінің пайдалану қызметі күн сайын жинақтауыштағы су деңгейін өлшеу, бөгеттердің жай-күйін тексеру жұмыстарын жүргізеді, жинақтағыштағы суға тоқсан сайын химиялық талдау жасайды.
Жоғарыда аталған зерттеулер мен тексерулер нәтижелерінің қорытындысы бойынша және жауапты кәсіпорындардың баяндауларына сәйкес, қоршаған ортаға, табиғатқа кері әсерін тигізетін және қауіп-қатер туындататын апатты жағдайлар жоқ. Бұл мәселе облыстық экология департаментінің тұрақты байқалуында.

6.  2015 жылдың 28 қазанында Экология департамент облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалық етуімен облыс әкімдігінде «Алматы облысының экологиялық мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында өткен жиында облыстың экологиялық мәселелерін көтеріп, Алматы облысының экологиялық мәселелерін шешу бойынша 2016-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын құрды. Аталған іс-шаралар жоспарының 11 тармағында Панфилов ауданында орналасқан уран ұңғымаларының радиациялық әсерін жою бойынша іс-шаралар жүргізу қажеттігі туралы құзырлы мекемелерге тапсырма берілген.
Тапсырмаға сәйкес Панфилов ауданының тиісті бөлімдері уран кен орындарының координаттарын анықтап, арнайы радиологиялық зерттеулер жүргізіп, толық ақпарат дайындады.
Бұл мәселені жан-жақты қарастырып, шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының мүшелері Көктал-Арасан және Жаркент-Арасан ауылдарындағы ұңғымалардың орналасқан жерін анықтау және ағымдағы жағдайын тексеру мақсатында барып зерделеу жұмыстарын жүргізді. Барлық ұңғымалар бойынша дозиметрлік тексерулер жүргізіліп, хаттамалар толтырылып, координаттарын анықтау және ұңғымалардың орналасқан картасын құру жұмыстары жасалды.
«Алматы облысының облыстық бюджеті» туралы Алматы облыстық мәслихатының 13.12.2018 жылғы № 38-211 шешіме сәйкес, Панфилов ауданында орналасқан уран ұңғымаларына рекультивациялау жұмыстарын жүргізуге техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу үшін 2019 жылға 3,0 млн теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу арқылы конкурс жүргізілуде.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан радиоактивтік үйінділерінің жақын аумақтарын қоршап, кіруге тыйым салынатын белгілер орнатылған. Тұрғындардың осы аумақтарда болуына тыйым салу жөнінде ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген.

Бағалар мен
тарифтер де, мал ұрлығы да ауыздықталады

7.  Бағалар мен тарифтерді тежеу үшін Алматы облысы әкімдігінің қаулысымен жедел штаб құрылған. Осындай штабтар облыстың барлық қалаларында, аудандарында жұмыс істейді.
Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері сауда нүктелеріне бекітіліп берілген, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына апта сайын мониторинг жүргізеді.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметтері бойынша, әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды қолдау мақсатында облыста 560 әлеуметтік сауда нүктелері жұмыс істейді, онда 19 әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары сатылады.
Азық-түлік тауарларына бағалардың өсуіне жол бермеу және тамақ өнімдеріне бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін қолдану механизмнің тиімділігін жоғарылату үшін, тауар интервенциясын жүргізу мақсатында аймақтық тұрақтандыру қорының мүмкіндіктерін қолдану көзделген.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын орындау мақсатында Алматы облысының азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорына облыс бюджетінен қосымша 500 млн. теңге бөлінді.
Алматы облысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін 733,9 млн. теңге сомасына 4908,2 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатып алынды.
2019 жылғы 2 сәуірдегі жағдай бойынша, жалпы сомасы 548,8 млн. теңгеге 3580,4 тонна көлемінде азық-түлік тауарлары сатылды. Әлеуметтік дүкендер мен сауда объектілерінде сату бағасы нарық бағасынан 10-15 % төмен болады.
2019 жылдың 5 сәуіріндегі жағдай бойынша облыстың тұрақтандыру қорындағы азық-түлік тауарларының қалдығы 1327,8 тоннаны, соның ішінде 1145,3 тонна қант-құмшекер, 94,5 тонна бірінші сұрыпты бидай ұны, 8,8 тонна жылтыратылған күріш, 28,7 тонна қарақұмық жармасы, 3,2 тонна тұз, 37,7 тонна картоп, 9,2 тонна басты пияз құрады.

8.  Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі — қолындағы малы. Сондықтан халықтың табан ақы, маңдай терімен бағып отырған малын оңай олжа жасайтындарға тосқауыл қоюдың түрлі шараларын қарастыру — аса маңызды мәселе.
Облыста мал ұрлығын ашу мен алдын алудың кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Ішкі істер органдарының жеке құрамдарымен, мүдделі қызметтердің құралдарымен және қосымша күштерімен, сондай-ақ, ветеринария саласы мамандарымен бірлесіп жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізіліп келеді.
Облыстық полиция департаменті биылғы жылы өңірде 323 мал ұрлығы тіркелгенін айтады. Қабылданған іс-шаралардың арқасында 3 айда 224 мал ұрлығы ашылған, оның ішінде 41-і «өткен жылдың» қылмыстары категориясына жатады. Мал ұрлығымен ұсталған қылмыстық топтардың 78 мал ұрлығы дерегіне қатыстылығы дәлелденді. 115 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жалпы құны 25 млн. 422 мың теңге сомасын құрайтын 192 бас мал иелеріне қайтарылды.
Алдын алу шараларын өткізу кезінде сәйкес емес құжаттарымен мал тасудың 186 фактісі ашылды. Ветеринария инспекциясымен бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде 858 мал басының құжатпен сәйкес келмейтіні анықталды.
Мал ұрлығын ескерту мақсатында жаппай «Мал иесі-бақташы-атқару органдары» қағидасы бойынша үш жақты келісім-шарт жасау бағдарламасы енгізіледі. «Бақпаса мал кетеді» деген сөз бар. Бақташы өз ісіне жауапкершілікпен қараса, иесі малды қараусыз қалдырмаса, яғни әр тарап өз жауапкершілігіне мығым болса, мал ұрлығын болдырмауға бұл да зор ықпал етер еді.

БАҚ-тың рөлі де,
маңызы да төмендемейді

9.  Дәстүрлі БАҚ қатарындағы баспасөз бүгінгі күні де заманға сай өзінің мақсат-міндеттерін орындап келеді. Дегенмен ақпараттық технологияның көз ілеспес жылдамдықпен дамуы қағазға басылатын газет-журналдар тиражының азаюына әсер еткені жасырын емес. Қазір қай газетті алып қарасаңыз да, оның қағаздағысынан бұрын электронды нұсқасы сайтына бірінші шығады. Яғни газеттегі ақпарат, мақалалар мен ғаламтор желісі арқылы танысуға мүмкіндік туып отыр. Оған қоса әлеуметтік желілердің де дәуірі жүріп тұр.
Бірақ бұл тұрғындар газет оқымайды деген сөз емес. Мәселен, 2019 жылға жетісулықтар 166 426 дана газет-журналға жазылған. Соның 143 756 данасы қазақ тіліндегі газет-журналдарға тиесілі.
Саналы да сауатты оқырман барда га-зеттің қоғамдық өмірдегі рөлі мен маңызы төмендемейді деп ойлаймыз.

10.  Дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру мақсатындағы меморандумдар қазір жоқ. Себебі 2019 жылдың қаңтар айында дәрі-дәрмек бағасын реттейтін заңға қол қойылды. Дәрі құнын көтерме және бөлшек саудада реттеуге бағытталған механизмдер осы заңда қарастырылған.

Алматы облысы әкімінің
баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.