АНАМНЫҢ АҚЫЛЫ

0
859

Ана, сенен айрылғаныма да көп жылдар болып қалған екен, отбасымыздағы жақындарың, балаларың саған деген сағынышпен таңды атырып, күнді батырып келеді. О, менің данышпан анам, өмірімдегі ардақты ұстазымсың. Жас кезімде балалықпен, шалалықпен сенің ақылыңа құлақ аспағаныммен, сенің айтқан даналық сөздерің құлағымда сақталып, жүрегімнен бұлжымастай орын алыпты.
Бүгінде менің сезімге толы әсерлі көңілім азаптана береді. Қабіріңнің басындағы орындықта ұзақ отырып, сенің рухыңмен сырласамын. Мамырдың шуақты күндерінің бірінде айнала гүл-бәйшешекке оранған, дала масатыдай құлпырған мезгілде өмірге келіпсің!.. Ата-әжелерің де ақылды адамдар болса керек, елге жақсылығы тисін, шарапаты жаусын деп, сенің атыңды Шарапат қойыпты. Сен солай атыңа затың сай болып өмір сүрдің, тірі болғаныңда 95 жасқа толар едің, бәріміз жиналып салтанатты түрде той жасап, атап өтер едік. Алайда сен бүгін жоқсың, тірлігіңде әкем екеуің бар-жоққа, аш-тоққа бірдей төзіп, өздерің ішпесеңдер де он баланы бағып, тәрбиеледіңдер. Перзенттеріңді қатарға қосып, елімізге, халқымызға қызмет ететіндей тура жолға салып, білім жолына бағыттадыңдар. Сендердің айтқан ақылдарың мен өсиеттеріңді бұлжытпай орындау жолында, үміттеріңді ақтау үшін тырысып келеміз.
Асыл ана, есіңізде ме, бір жолы әке мен бала арасындағы байланыстың қалай болатыны туралы тереңнен сөз қозғап былай деп едің:
— Балам, қандай жағдайда болса да, әкенің орны биік, оны құрметтеуге тиіссің! Ол саған ана сүтін бермегенімен, білек күшін жұмсап, еңбек етіп, маңдай терін төкті. Сен — ер азаматсың, бір күндері өзің де әке боласың, «өгізге туған күн бұзауға да туады», бала-шағалы боласың, көп нәрсеге көзің жетеді. Ата-анаңа не істесең алдыңнан айналып еселеніп шығады. Жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да жауапсыз қалдырылмайды, — деген едің және бәрімізге мынадай бір аңызды айтып беріп едің.
Үлкен ағаштың саясында бір сақалды қария мұңға батып жылап отырыпты. Өйткені оны бір әдепсіз бала қорлап, жағасынан алып, жалпасынан түсіріп, қолындағы бар мүлкін, қалтасындағы ақшасын тартып алыпты. Қарттың жерге жығылып, жылап жатқанын алыстан көрген тағы бір жас жігіт тездетіп басып қасына келіп, қартты сүйемелдеп тұрғызып, үсті-басының шаң-топырағын қағыпты.
— Ойпырмай-ә, бұл адамдардың жүрегі тасқа айналып кеткен бе?!. Мейірімсіздікке мейлінше дәніккенін қарашы!.. Сізді ұрып, құлатып кеткен жігітті танисыз ба? Ол кім болады? — деп, күйінішпен сұрапты.
— Ол менің балам болатын, оған беретін қарызым бар еді, соны қайтарып алды, —деп жауап беріпті қария. Мұны естіген жас жігіт байыбына бара алмай, түсінбей тұрып қалыпты. Сол кезде қарт бір әңгіме бастапты.
«Осыдан тұп-тура елу жыл бұрын құмар ойнауға ақша алу үшін, мен дәл осы ағаштың түбінде әкемді ұрып жығып, арын таптап, азапқа салып, ақшасын тартып алған болатынмын. «Әке-шешеңе не істесең, бір күні алдыңнан шығады», сұрақсыз дүние жоқ». Мұны естіген жас жігіт, қарияға жаны ашып, мініп келген көлігінің есігін ашып, «машинаға отырыңыз, сізді үйіңізге жеткізіп салайын», — депті. «Рақмет балам, менен таяқ жеген байғұс әкем де сүйретіліп орнынан тұрып, үйге жаяулап барған болатын. Мен де сол әкем секілді жүріп барайын. Жол бойындағы әкемнің қабіріне барып, Ясин сүресін оқып, Алла тағаладан, онан соң әкемнің аруағынан кешірім сұраймын», — депті өкініштен өзегі өртеніп.
Әттең, шіркін, асыл анашым-ай, данышпан парасаттым-ай, сен дәстүріміздің таңдаулы үлгілерін бұлжытпай ұстанатынсың!.. Осы күнгі жастар ана насихаты мен әке ақылын тыңдамайды, естісе де атқармайды. «Адамдарға зұлымдық жасап жүріп, жәннаттан дәмеленетін күнаһар пенделер көбейіп кетті». Бізді киіндіру үшін, түні бойы шырақтың жарығымен жыртығымызды жамап, бойыңдағы ыстық махаббатпен жанымызды жылытатын едің. Үстеліміз кішкене, дастарқанымыз жұпыны болса да, көңіліміз кең, уайым-қайғымыз жоқ болатын. Сен жұмыстан келгенге дейін біздер мектептен келіп алсақ, іргелес көршілеріміз, «Кел балам, қарның ашқан шығар, анаң жұмыстан келгенше біздің үйден бірер шыны шәй іше тұр», — деп, шақыратын. Қуанғанымыздан жүгіріп барып дастарқанға жайғасар едік те, құйып берген «еткен шәйға» тандыр нанды турап тұрып ішіп алатын едік. Аяқ-қолдарың шыт-шыт жарылған, жұмыстан қалжыраған сен, демалмастан екі білегіңді түріп тастап, он баланың қарнын тойдыру үшін тамақ жасай бастайтынсың. Кешке қарай арып-ашып, шаршап-шалдығып әкем келетін. Бәріміз мәре-сәре қуанысып, қаз-қатар тізіліп отырып сенің жасаған дәмді тамағыңды мейірлене жейтінбіз. Аулада сен еккен алуан гүлдер жайқалып тұратын, үйіміз мұнтаздай тап-таза, тамақ алдымызда даяр, киімдеріміз ретті, кіршіксіз, әркімнің өз міндеті болатын. Енді ойласам таңғаламын, сонша көп жұмысқа қалай ғана үлгердің екен!.. Әй, кім біледі, бүгінгі күнде темір болса да төзе алмас еді. Алайда сен бәріне шыдадың, бәріне үлгірдің, біздерді қатарға қостың. Еркек азаматтар тұрақтап істей алмайтын ауыр жұмыстарды атқарып, бала-шағаң үшін ақша тауып, бізді бақтың. Жан анам, сенің тәлім-тәрбие туралы тағы бір құлағымызда қалған асыл сөзің бар еді. Келіндерге ылғида: «Баланы бесігінен тәрбиеле!» — деп, босана сала әр немереңе ұлттық тәрбие беруге, міндетті түрде ана тілінде сөйлеуге баулып, қадағалап отыратын едің. Сенің сол сөзіңді қадірлегендіктен болар, өмір бойы ана тіліміздегі мектептерде оқыдық. Қолымнан келгенінше ана тілді мектептерді қолдап, қуаттап отырдым. Балаларымды да ана тіліндегі мектептерге оқыттым, әсіресе отбасында өздерінің тілінде сөйлеуді қатаң қадағаладым. Осылайша, сенің берген бағыт-бағдарыңнан адаспай келемін ана!
Уақыт өтіп, барған сайын біз ел ағасы атанып, немерелер өсіп жетілді, сен әпкеме, қарындасыма және бізге: «Ұят» деген сөзді өте жоғары бағалап қастерлеңдер. Ұят — балаларды жамандықтан тыяды, жалғандықтан алшақ ұстап, һарамнан қорғайды, ол — адам болудың күш құдіреті» дей отырып: «Мен ұяты жоқ баладан үміт күтпеймін». Ұяты бар бала нәпсісін тежей алады, ұятты пендеде иман болады деп әрдайым құлағымызға құйып отыратын едің. Ардақты анашым, сен шұрылдаған он баланы сабасына түсіріп, осындай философиялық мәні бар қағидалармен тәрбиелеп отырдың.
Елімізге, халқымызға жан-тәнімізбен қызмет етудің берік сенімі, мықты іргетасы сіздің қолыңызбен қаланып, ақыл-парасатыңызбен көтерілген болатын. Сен анамыз ғана емес, біздің шынайы ұстазымыз бола білдің. Өмірден өткен ардақты адамдарды, әзіз жақындарыңды еске алып, дұға жасау — үлкен сауап екен. Атақты ғұлама Ибн Әбидунийа: «Ата-анаңның рухына бағыштаған дұға-тілектерің қабыл болсын десең, қиналған мұқтаж жандарға жәрдем қолыңды соз», — деген екен. Біз, перзенттерің, немерелерің, осы ережеге сүйеніп өмір сүріп, сен жасап берген өсиетті атқарып келеміз.
Асыл анашым, мен сен туралы айтсам тауыса алмаймын, күнді түнге, түнді таңға жалғап сөйлер едім!.. Жасым ардақты Пайғамбарымыздың(с.ғ.с) жасына келгендіктен жер ортасына жақындағанымды байқаймын. Сені бұрынғыдан да көбірек есіме алып, өзіңмен қиялыммен сырласып, ойыммен әңгіме шертісіп отырамын. Бұл да бір, өмірдің заңы, уақыттың үкімі болар, кешегі уыздай жас балаң ақ самайлы ата болды. Мойылдай қап-қара шашымды қырау шалып, аттың ту құйрығындай қайратты қалың орман селдіреді. Кейде немерелерім келіп: «Ата, шашың неге ағарып кеткен?» — деп сұрайды. Бұл сөздерді естігенде бір оқиға ойыма оралып мырс етіп күліп қоямын.
Баяғыда бір адамның баласы қайта-қайта тәртіпсіздік жасап, мектептен қаша береді екен. Шыдамы таусылған әкесі баласына қарап: «Сен есейіп келесің, енді ақылды болуың керек. Сенің маған жаның ашымай, күнде тәртіпсіздік жасаған сайын, бір тал шашым ағарып барады», — депті. Мұны естіген тентегі: «Енді білдім, атамның шашы неге әппақ қудай болды десем, сіздің жаныңыз ашымай, атамды шаршатып бітірген екенсіз ғой!» — деп, жауап беріпті.
Есіңде ме анашым, сен бірде маған қарындашты көрсетіп мысал ете отырып: «Бала тәрбиесінде мынау қарындаштай бол» — деген едің, мен толық түсінбей бұл қарындаштың не қасиеті бар деп сұрадым. Сен оның бес ерекшелігі бар деп әр біреуін анықтап айтып бердің.
«Бірінші, қарындашпен ғажайып нәрселерді жасауға болады, бірақ оны қол басқарып отырады. Балаңды тура жолға салып отырмасаң, өзі білген сарайды салады.
Екінші, не жазсаң да қарындашты ұштап тұруға тиіссің, бұның әуресі көп болғанымен, жақсы шығармалар жазылады. Балаң да сол секілді, сенің тәрбиең баста ауыр тигенімен соңғы нәтижесі пайдалы болады. Көрген қиыншылыққа шыдамдылық қажет.
Үшінші, қарындашпен қате жазсаң, оны өшіруге болады. Егер өмірде бала тәрбиесінде қателессең оны түзету қиын.
Төртінші, қарындаштың ең маңызды жері сырты емес, оның ішкі өзегінде. Іші таза қарындаштың жазған шығармалары мың жылдарға дейін өзгермей сақталады. Жақсы тәрбие алған балаң да сол әулеттің абырой, беделін жоғарлатады.
Бесінші, қарындаштан із қалады, сен де сол секілдісің, әр басқан қадамыңнан із қалады. Мүмкіндік болса, тек жақсылықтан із қалдыруға тырыс», — деген болатынсың.
Жаным ана, соңымда қандай із қалдырып, мынау тірлікте қалай кетіп бара жатқанымды халқым айтар… Сенің ақылыңа, терең парасатыңа әр кез тамсана рақмет айтумен келемін. Жүзі жарқын, ақылы дария, жігері темірден берік жан ана, тартқан күллі жапа-машақатыңның есесіне Алла саған жұмақ сыйласын деп тілеймін. Қанша жүгірсек те, қанша биікке көтерілсек те, өмір жолымыздың бір нүктеге барып тіреліп тоқтайтынын жақсы біліп, ол ақиқатқа көзіміз жетті. Сені қаншалықты қадірлей алдым оны бір Алла өзі білер. Мынау қолымдағы бір шоқ гүл дестесі кезінде сен еккен әтір гүлінің тамырынан шыққан бұтақтар. Әкем екеулеріңнің қабірлеріңді осы гүлдермен көмкерейін. Иісі сонадайдан аңқып, бұл жерді Жұмақ бақшасына айналдырсын!.. Он перзентіңнен туып өскен немере, шөберелерің өсіп, кәдімгідей бір ауыл болып қалды. Біздің байлығымыз — сол сендердің заузаттарың.
Жатқан жерлерің жұмсақ, рухтарың жәннатта болсын! Пейіште нұрың шалқысын асыл ана! Күн ұясына батып барады екен, ендеше, мен үйге қайтайын. Ертең таңертеңнен бастап бәріміз үлкен үйге жиналамыз. Үйде еш нәрсе өзгерген жоқ, төрде сенің орның. Бұл босағаны кім бұрын келіп аттаса, сенің орныңа сол отырады. Бәріміз кішкене бала секілді сен отыратын орынға таласып, асыға жетеміз. Мейлі, біздің санымыз қаншаға жетсін, қалай жайылсақ та бәрібір сенің орның үңірейіп бос тұр, біздің саған деген сағынышымыз барған сайын арта түсуде. Төмендегі жүрек сөзімді сен естімесең де, әулетің, ұрпақтарың естиді ғой деп жазып отырмын. 95 жасқа келген мерейлі күнің құтты болсын ана!!! Алла тағала ол дүниеде сені жұмақтық құл ретінде дәрежеңді көтерсін ардақты әзіз анашым!!!

АНАМА АРНАУ

Жылды қуып айлар өтті жан ана,
Қасіреттер өртеп жатыр ділімді.
Тамақ бердің дастарқанда балаға,
Қамсыз күннің сағынышы білінді.

Әкемменен қатар жүріп анашым,
Қыдырдың ба бақидағы бақтарды?!
Аналардың рухы нұрлы дара шың,
Жанның сырын саған ұлың ақтарды.

Маған медет болды дана сөздерің,
Сен болған соң, іздемедім әкемді.
Сен өткенде бұлай болды көздерім,
Шаттық кетіп, қайғы бұлтын әкелді.

Келдім міне, өзім өскен ордама,
Жүрегіме шаншылғандай сұр жебе.
Күлген болам айналама зорлана,
«Балам-ау!» — деп сен шықпайсың түрлене.

Ащы жасым жуды неше жүзімді,
Қайғы-шерім тығылады алқымға.
Май айында шуақ шашар күніңді,
Сағынамын, берік тұрып антымда.

Шарапат деп атап ұлық затыңды,
Дұға жасап гүлдер қойдым басыңа.
Мейірімді, өзің едің ақылды,
Сағынышпен келдім сенің қасыңа!

Балаң: Ділмұрат Қузиев
Аударған: Дәулетбек Байтұрсынұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.