Президенттік таққа әркімнің-ақ бар таласы немесе 7 үміткерге эпиграмма

0
45

ӘМІРЖАН ҚОСАНОВҚА«Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі

Сәті түссе шүйіліп,
Тіліп түсер қырғидай.
Қара бұлттай түйіліп,
Билікті жүр шиырлай.
Қаншама жыл
бұл сайлау,
Келген еді бұйырмай…
Үміткерлер тобында
«Арпа ішінде бір бидай».
Менсінбейді бесеуді,
Құны жоқ деп тиындай…
Тоқаевпен дебатқа,
Шықсам дейді құйындай.
Шыға қалса дебатқа,
Не болады бұйымтай?!

ЖАМБЫЛ АХМЕТБЕКОВКЕ
«Қазақстанның
коммунистік халық партиясы»

Өткенді аңсап тұманды,
Қанбай қойды-ау — құмары!
Ленин сөзін ұмытқан,
Жұрттың бәрі кінәлі.
Алашты құртқан — партия,
Көзге іле ме құранды?
Каратэні меңгерген,
Басқа жағы күмәнді.
Президенттіктен дәмелі,
Бағын тағы сынады.
Жетпіс жылда жетпеген,
Жұмақты іздеп жүр әлі.
Президент болса төріңде,
Қызыл жалау тұрады.
Орақ пенен балғаның,
Күні қайта туады!

ТӨЛЕУТАЙ РАХЫМБЕКОВКЕ
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы

Ауыл деген – партияның,
Сайлау десе – бәрі көсем.
Ауыл деген – партияның,
Аты шығар сайлау десең.
Басын шалып әр қиялдың,
Естіледі үні бәсең.
Қиналғанда жұрты
іздейді: –
«Тым құрыса – бірін
көрсем».
«Ауыл» саған бәрі риза,
Жеткеніңе бүгінге есен.
Президенттікке
түспей тұрып…
Бар-жоғыңды түгендесең.

ДАНИЯ ЕСПАЕВАҒА
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық
партиясы

Мәжілісте отырып,
Қалай жүрген танылмай.
Шыққан кезде «атылып»,
Қалды халық танымай.
«Ақжолдағы» тақырып,
Елдің қамы — тоқымдай…
Бірақ тілге ах ұрып,
Жүрген жоқ ол апырмай.
Президенттікке ұмтылып,
Тарихта қалмақ па?
Қаның болса түркілік,
Халқым, өзің салмақта!

ҚАСЫМЖОМАРТ ТОҚАЕВҚА «Nur Otan» партиясы атынан

Твиттермен мұңдасқан,
«Нұр Отанмен» сырласқан.
Жүріп өткен жолдары,
Таусылмайтын жыр дастан.
Сыйластығы жарасқан,
Президенттікке жол ашқан.
Елбасыны пір тұтар,
Сенім артқан о бастан.
Қаншама жыл жүрсе де,
Кезі жоқ таққа таласқан.
Тоқпағы мықты болғасын,
Бармақтай бақ — тау асқан.
«Президент болса…»
— дейді жұрт, —
«Көгере ме, Қазақстан?..»

АМАНГЕЛДІ ТАСПИХОВҚА  
«ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар
бірлестігі

Таңсық емес сенат та,
Таңсық емес Мәжіліс
Отырғанда ол жақта,
Тындырып па біраз іс?
Басшылықта халыққа,
Жақын болса, қараңыз.
«Нұр Отаннан» жарыққа,
Шыққан ұл деп санаңыз.
Танымал деп нарықта,
Айта алмаймыз тағы біз.
Болып жатса Президент,
Сорымыз, не бағымыз…

СӘДІБЕК ТҮГЕЛГЕ 
«Ұлы дала қырандары» республикалық
бірлестігі

«Ұлы дала қыраны»,
Сөзбен іске — қырағы.
Шабам десе дайын тұр,
«Құлагердей пырағы».
Ұлы дала — ұраны,
Тілге бүйрек бұрады.
Парақор мен жалтақты,
Талай мәрте сынады.
Аңсағаны — әділдік,
Соған көңіл толады!
«Президент болсам»,
— дейді өзі, –
«Бәрі қазақша болады!»
Сол халыққа ұнады.

 

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.