Заңға түзету… баспана мәселесін шеше ме?

0
23

Елімізде тұрғын үй мәселесі әлі күнге өзекті. Түрлі бағдарламалар іске асып жатқанымен өзгере қойған нәрсе аз. Әріден қозғасақ, жер бетіндегі адам саны еселеп өсіп келеді. Қазақстан халқы да 18 миллионнан асты. Табиғаттың заңы кризиске қарамайды. Жыл сайын жастар үйленіп, жас отаулар құрыла береді. Демек әр жанұяға дербес баспана керек деген сөз. Бірақ бұл заманда үй алу мен үй салудың машақаты олардың бас ауруына айналды.

Елімізде статистика бойынша баспанаға мұқтаж 2 млн 300 мың адам ресми түрде тіркелген екен (тіркелмеген бөлігі де бар). Соның 1 млн 300 мыңы жер кезегінде тұрғандар көрінеді. Олардың Астанадағы саны да 100 мыңға жуықтап қалыпты. Ал тұрғын үй кезегінде бас қаламызда 40 мың отбасы тұр деседі. Оған тіркелмей жүргендерді қоссақ, одан да көп болмақ.
Бұл түйінді шешу үшін билік тарапы не істеп жатыр? Оларға халықтың бүгінгі хал-ахуалы қаншалықты әсер етуде? Осы жайлы оқырманға азды-көпті ақпарат бере кетуді жөн көрдік.
Мерекелік демалыстың алдында Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенатының отырысы өтті. Заңнамаға тұрғын үй қатынастары мәселелері жөніндегі енгізілген түзетулерді талқылау барысында қызу пікірсайыс туындады. Сенат комитетінің төрағасы Б.Әйтімова: «Заң жобасында ұсынылған тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жалға алу тетігі көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға мемлекеттен елеулі көмек берілетін, сонымен қатар мемлекеттің және тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы аналар мен отбасылардың қажетті мүдделерін сақтай отырып, қоғамда масылдық көңіл күйдің дамуына жол бермейтін тетік болып табылады», — деп атап өтті.
Ол бизнес өкілдерін осы мәселені шешуге атсалысуға, қоғам алдында әлеуметтік жауапкершілік көрсетуге шақырды.
Сенат басшысы тұрғын үй жөніндегі өзекті мәселелерді бірінші кезектегі басымдық ретінде белгіледі. Дариға Назарбаева тұрғын үй құрылысының қарқыны әлсіз екенін, сатып алу құқығынсыз эконом-класты тұрғын үй құрылысын жаппай салуға ынталандыру тетігінің жоқтығын, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін алу кезіндегі төрешілдікті еске салды.
Сенат Төрағасы сондай-ақ заң жобаларымен жұмыс жөніндегі Үкіметтің қызметін сынға алды. Д.Назарбаева Парламентке енгізілетін құжаттардың сапасын «жақсартуды қажет етеді» деп сипаттады. Кейбір заң жобалары қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді, заң жобаларын дайындау процесін жүргізуге, оларға сараптама жасауға қарсылық білдіру көріністері кездесіп қалады. «Сіздер үшін біз жұмыс жасамауымыз керек», — деді Д.Назарбаева.

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.