Мен ешкімге сенбеймін!

0
460

Қоғамдық ортада, қарапайым халық арасында көп жүремін. Әртүрлі тақырыпта адамдармен пікір алысулар, әңгіме-дүкен құратын кездерім де аз емес. Осыдан шығарған қорытындым және өзімді көптен бері мазалап жүрген бір түйін — ой, халық қазір ештеңеге, ешкімге сенбейді! Еліміздің қоғамдық өмірінде болып жатқан барлық өзгерістерге үлкен күмәнмен, күдікпен қарайды. Мысалы, бір адам лауазымды қызметке тағайындалса болды, «Ағасы мен жағасы бар екен, не тындырады дейсің, қалтасын толтырады да қайқаяды ғой» деген сөздер қарша борайды.

Халықтың аузына қақпақ бола алмайсың. Олар бұрынғылардың да не істегенін, соңғылардың не істейтінін жатқа біледі. Келген орынтақ иесі ең алдымен қарабасының шаруасын күйттейді. Айналасына тамыр-танысы мен өзіне «адал» кадрларын жинап алады. Бұл біздің жүйемізге мықтап енген қағида. Бізде «сатылмайтын» нәрсе қалмады. Бай мен кедей жарысқан үлкен «базарға» айналдық. Қалтаңда пұлың болса ол «базарға» кеудеңді керіп кіре аласың. Жоқ болса сырттан бақылап, саныңды соғудан басқа шараң жоқ.
Төменнен жоғарыға дейін, жоғарыдан төменге дейін баспалдақтың сыбайлас жемқорлық «ауруымен» шырмалғанын адамдар үйлерінде жатып-ақ жатқа біледі. Қараша халық баз баяғыда-ақ біздің жүйеге деген сенімдерін жоғалтып алған. Аузы қисық болса да бай баласы сөйлейтін уақыт. Жер алу, баспана алу, қызметке тұру, емделу, жөнделу және тағы басқа адамдардың қалыпты өмір сүруіне қажет болатын шаруалардың барлығына ақ қағаздай таза, әділетті жолмен қол жеткізуге болады деген ұғымдар әлде қашан құрдымға кеткен. Оның басты себебі біздің жүйеде тамыр-таныстық, бармақ басты көз қыстылық орын алғаны соншалық кез келген шаруа өз бетінше дөңгеленіп кетіп, «бесплатно» шешіле салады дегенге елді сендіре алмайсың.
Иә, пышақтарын жалаңдатып, тапаншаларын кезеген «қылмыскер-жемқорларды» бүгін көре алмайсыз. Бәрі «әдептілік» әдісіне көшірілген. Есесіне ай сайын кәсіпкерлерден бақылаушы мекемелердің өкілдері келіп, «жылу» жинау жолға қойылған. Соңғы жылдары осындай «тәсілді» жүзеге асырған бір салық қызметкері, санитарлық, ветеринарлық жағдайды бақылайтын мекемелердің өкілдері парамен ұсталып, қолына кісен салынды деген хабарды естісек тас керең болайық. Олардың «әдісіне» көнбеуге кәсіпкердің шамасы жоқ. Басқаша болса бірде-бір ісін алға бастырмай «қақпан» құрып қоятындықтан қайтсін, қалтасынан шытырлаған ақшасын шығарып «жарнасын» төлеуден басқа амалы қалмайды. «Майламаса жүрмейтінін» олар түсінгендіктен жұмған ауыздарын аша алмайды. Бұл «рэкеттің» жаңа түрі астыртын заңдастырылып қойғалы қашан… Жемқорлардан айла артылған ба?
Тіпті мемлекеттік қызметке тұру үшін жарияланатын конкурстардың өздері сахнадағы «ойын көрінісі» сияқты өткізіледі. Оның басты рөлінде сол конкурсты ұйымдастыратын «ағасы» мен оны қылкөпірден өткізіп жіберетін «жеңгесі» болу шарттылық. Ал, «ақ желкенмен» байқаудың өзенінен өттің делік, ары қарай маманды таңдап алатын мекемедегі «басекенің» танысы немесе оның қолын майлайтын «жақпа майың» болмаса қызметтен дәметіп, иегің қышымай-ақ қойсын. Бұл шаруаның барлығы астыртын, аса құпия жүргізілетіні соншалық оның былығы мен шылығын ашу «нағыз» барлаушы Штирлицтің де қолынан келе қоймас. Осы қалыптасқан жүйені быт-шытын шығарып бұзатын жау жүрек адам бұл маңда әлі көрінбейді. Кім қызмет тұтқасын ұстаса да барлығы осылайша жалғаса беретініне жұрт күмәнсіз.
Айтпасқа болмайды әлде бір ауданның әкімі туралы «Жоғары жақтан орынтақ «сатып алу» үшін пара жинап жанталасып жатыр» деген дақпырт сөз ел ауызында кезіп жүр. Жалған болса жазықты болайық. Алайда бұл өсек сөзде өз бетінше жерден көгеріп, көктеп шықпайды ғой. Келгеннен бері жұмыртқадан жүн қырыққан жемқор әкімнің оғаш іс-әрекеті жұрттың қырағы көзінен қалтарыста қалмайды. Бастапқы кезде «арық» болып, кейіннен «семіздіктен», көзінің еті өсіп, айналасын көруден қалатын әкім-қаралар өкінішке орай жыртылып айырылады.
Ал мінбеге шығып алып адалдық пен әділеттілікті сөз қылатын жалпақ шешен, беделі шамалы шенеуніктерді қазір тыңдай қоятын құлақ шамалы болып тұр. Осы шырмауықтай шырмалған жүйеде әрине бірен-саран «адасып» арасына кіріп кеткен адалдары да бар шығар. Барлығына қара күйе жағудан аулақпыз. Ал халықтың сенімін жоғалтуға себеп болған пысықтар «майлы шелпекке» айналдырып алған орынтақтарымен бұл маңда өз бетінше қоштасады деу күлкі шақыруы мүмкін.
Олар «өліспей, беріспейді». Өйткені саңырау құлақтай өсіп кеткен жемқорлықтың «түлектері». Егер тықыр таянып, бастарына дүрбелең туа қалса кез келген басқа майлы-жайлы орынды «сатып» алып ауыса салады. Бұл қағиданың біздің жүйемізді жаулап алғаны екінің біріне белгілі, жаңалық ашып отырған жоқпыз. Және күні ертең бәрі оңалады, жойылады, тазарады, өзгереді, жақсарады деген ұғымдарға халық дәл бүгін күмәнді. Сыбайлас жемқорлықтың жүйемізге мықтап енгені соншалық жуық маңда қамшылап қуып шығара алмаймыз-ау. Бұл «шылбыр» қашанға шейін сүйретіледі? Ашық аспанның төрін шырмауықтай шырмап, көлеңкесімен күн көзін тұмшалап алған жемқорлықтың тым тереңге кеткен тамырын кім шаба алады? «Сыбайлас жемқорлық» деген кәрі еменді кім құлата алады? Оған көзіміз жетпейді.
Төрімізге су жаңа басшы келсе болды жұрт бір-бірінен ең алдымен «қолы таза ма?» деп сұрайды. «Таза» деген жауап алса қатты қуанып, ал басқаша болса қынжылып қалады. Жақсы күннен үмітін үзбейтін шыдамды да төзімді, сабырлы да баспақшыл қайран халқым. Бір күні халықтың адал әрі әділетті, қамқоршы басшы келіпті, енді жемқорлар қараңғы жердің астына түсіп қашады екен деген сүйінші хабарды еститін де күні туар-ау? Осындай уақыт келеді дегенге халықты енді қалай сендіре аламыз?

Нұрила Бектемірова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.