«Бәрін түгел атып тастаңдар!»

0
945

Бұл орыс офицерінің бұйрығы. Әрине жан дүниеңді астан-кестен етіп, асты-үстіне келтіретін бұл қара ниетті сөзді мен аспаннан алып, ойдан шығарған жоқпын.

Ертай Айғалиұлы

***
Жасы елудің үстіндегі әйелді бір отырыста кездестірдім. Ол кісі мына төмендегі әңгімені тебіреніп, жылап тұрып бізге баяндап берді. Үрей, қорқыныш ұрпақтан-ұрпаққа беріле ме, кім білсін, есімін айтуға үзілді-кесілді ол кісі қарсы болды. Әйтпесе ол айтқан қаралы оқиға ХХ ғасырдың отызыншы жылдары өткен. Қазір шүкір, тәуелсіз елміз. Неден қорқады, неден үрейленеді? Түсінбедім. Әлқисса атын айтпаған әйелдің әңгімесін қысқаша баяндап берейін…
— Анам жалғыз еді. Алды-артында ешкімі жоқ тұлдыр жетім. Көздерінен ылғи мұң көретінмін. Кейін есейгенде оның мұндай халде жүргеніне, алаңдап, там-тұмдап одан сұрай бастадым. «Қызым оны не қыласың? Ол оқиға менімен бірге молаға кетеді. Біреу-міреу саған зиянын тигізіп жүрер» деп, менің сауалдарыма ол жауап бермей бұрылып кетуші еді. Менің бір әдетім бірдеңені білгім келсе соның түбіне жетпей тынбайтынмын.
Ақыры анам сыр ұштығын шығарды. «Біздің үлкен ауылымыз бар еді. Бес жүзге жуық адамы бар деп естігенмін. Сол ауылдың бәрін бір сәтте-ақ қырып салды», — деді ол көздерінен жас парлап. «Оларды кім қырған?» — деп мен қоймадым. «Әскерлер! Қызыл әскерлер!» «Не үшін?» «Бір қызыл әскерді жаралағаны үшін!» «Сонда сол ауылда сіздің де әке-шешеңіз болды ма?» «Иә, атам, әжем, әкем, шешем, бауырларым. Мен шамамен ол кезде үш-төрт жастамын. Бір құдіретпен тірі қалыппын. Бір ағам бар. Ол тірі дегенді біреулерден естігенмін. Бірақ оны таппадым».
Маған содан кейін маза болмады. Әркімнен сұрай бастадым. Бірақ көңілге демеу болар деректерді таппадым. Содан генерал ағам бар еді, соған шықтым. Әскери архивке рұхсат әперуін өтіндім. Көмектесті. Әйтпесе ол архивке жай адамдар кіре алмайды екен. Сізге өтірік, маған шын архивте ұзақ отырып ізденудің нәтижесінде сол Күршім ауданына қатысты, анамның ағасы жайлы көңілге жұбаныш болатын сәуле-жіпті таптым. Анамның «500 адам» дегені рас болып шықты. Әлгі қызыл жауынгердің жараланғанын және Қытайға өтіп кетуге тырысқан ауылды түгел қырғынға ұшыратқан. Ағасы аман қалған. Архив құжаттарын аударған кезде небір сұмдық оқиғаларды кездестірдім. Бір орыс командирін өлтіргені үшін он жеті қазақты өлтіргенін оқыдым. Тағы да осындай байғұс қазақтарды жазықсыз қырған жағдайлар көп екен. Оларды оқыған сайын жаным түршікті. Сол архив құжатынан «Бәрін түгел атып тастаңдар!» деген орыс офицерінің бұйрығын оқып, ал жылайын кеп! Не керек, анамның ағасының қай ауданда, қай ауылда екенін таптым. Ең бастысы, анамның қуанғанын көрсеңіз сонда.
Іздеп шықтық. Жақындағанда ол ағамыз өлім аузында жатқанын естідім кездейсоқ. Көңілсізденген маған анам айтты: «Мейлі, барайық, көрейік. Ол кісінің менің ағам екеніне көзімді жеткізейін. Қалған ұрпақтарымен кездесейін», — деп жаны тыншымады. Бардық. Шынында да қатты ауырып, жан-жақтағы балалары жиналыпты. Алла тағаланың құдіреті ғой, өлім аузында жатқан ағамыз қуанғаннан қайта тұрып кетті. Анам екеуі жылап көрісіп, бір-екі жылдай әрі-бері қатынасып, мәре-сәре болысты.
Кейін сол қолым жеткен архивте бір деректерді анықтайын деп барсам, әлгі өз көзіммен көрген құжаттардың көбісін таппадым. Кім құртқан, кім жойған? Таңғалдым…

***
Иә, қазақ тек аштықтан ғана қырылған жоқ. Қуғын-сүргіннен, автомат-пулеметтің қардай жауған оқтарынан қырылған. Қытаймен екі арадағы шекарада «Жалайыр қырылған» деген жер бар. Сүйектерін оқтескен адамдарды жаппай көме салған қорымдар көп. Шіркін, сол қырған зұлымдардың аттарын атап, қылмыстарын бүкіл әлемге жария ететін күн болса қанеки!

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.