«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!»

0
1364

Қазір халық арасында «Біздің елде демократия жоқ, сөз бостандығы жоқ» деген сыңайдағы реніштер көп айтылады. Әсіресе әлеуметтік желіде «ақиқатты» іздеушілер саны күннен күнге үдеп барады. Бұл — түсінген адамға халықтың саяси білімінің жетіліп, көзінің ашылып, ой-өрісінің биіктей бастағанының белгісі. Бірақ құдайшылығын айтайық, қазір, билікке сын айтамын деген адамға тоқтам жоқ. Еркіндік бар. Айтылып та жатыр, айтыла да бермек. «Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып» жатқандарды да көріп жүрміз. Президенттің жеке басына тиісіп, отбасына соқтығып жүргендер де дін аман. Президентті оңдырмағандарға, Үкімет пен Парламент, жоғары лауазымды шенеунік пен әкім қара деген не тәйірі. Сондықтан «Басқа пәле тілден» болса да, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» заманда өмір сүріп жатырмыз.

 

Сәуле Мешітбайқызы

Бұдан 10-15 жыл бұрынғы «қоғам тынысы», адамдардың жүріс-тұрысы, өз құқығын талап ету үрдісі мүлде бөлек болатын. Санаулы адамдардың «әділдік жолындағы күресі», билікпен текетіресі, қайбір жетістікке жеткізе қоюшы еді, арты сиырқұйымшақтанып барып бітетін. Оппозиция деген — құбыжық секілді елестейтін. Жұрт керек десеңіз шошитын одан. Тыныштықтың шырқын бұзған бұзақыдай алакөзбен қарайтын.
Өйткені халық санасы — сағымдай бұлдыраған жерұйыққа жету жолында өлермендікпен өлшенетін. Көсемнің көшіне ілескеніне мәз болған жұрт алдағы күндерге үмітпен қарайтын. Әйтеуір бір күні жер жәннатына тап болардай сенім көкжиегінен көз алмайтын. Ұстатпайтын сағымдай көзді арбаған қу дүние зырлап өте шыққанын кеш аңғарып, аңырап қалды. Ақырында биліктің боскерсең сөздерінен қажыған жұрт, билікке кім қарсы соны арқа тұта бастағандай әсерге бөлейді. Солардың соңынан ере кетуге дайын кейіпте қазір.
Бір кездері, өкінішке орай енжарлық басым еді. Қалғып-шұлғып жүргендер саны тіпті көп еді… Халықтың біраз бөлігі саясаттан аулақ еді. Әркім жеке басы, ошақ қасынан әріге бармайтын. Тұрмыста бүгінгіден асып-тасып бара жатқаны шамалы-тын. Бірақ «тәубәшіл» халық, азға қанағат, барға салауат айтып күнелтіп жүрді. Көп нәрсені көрді. Көңілге түйді. Араға қаншама жылдар салып ой еркіндігі бой көтерді. Тапталған намыс — таспадай керілді, құлаған жігер — қамшыдай өрілді. Халық дүр сілкінді. Етек-жеңін жинады. Көрші-көлемге көз салды. Осылайша «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз практикада жүзеге асты. Қазір кіммен сөйлессең де, өз айтар ойы, түйінді сөзі бар. Тіпті саяси көзқарасы қалыптасқан адам көп. Олардың бір шоғыры билікке өкпелі. Қуанарлығы: біреудің айдауымен емес, өзінің байламымен жүргісі келетін ұрпақ өсіп келеді. Тәубә!

 

Қажыған қоғамның кілтін табу — жаңа президентке сын!

«Халық неге ашынады? Оларға не жетпейді? Тыныштық пен азаттықтан артық не керек?» деген сияқты сауалдар билікке жұғысты, бақ-дәулеті ырысты адамдар тарапынан жиі айтылады. Иә, тыныштық — береке, азаттық — мереке! Бірақ адам баласына осы жетістіктер жеткілікті ме? Меніңше жоқ. Егер тыныштық — әділдікпен суғарылмаса, азаттық — молшылықпен қуаттанбаса бәрі бекер. Аш-жалаңаш жүріп отанды қорғауға болар, алайда отбасыңды қолдауға бұл кедергі. Жетіспеушіліктің салдарынан балаң жылап, жарың құлап жатса, бар ғұмырың тамақ табуға ғана бағытталса, табысың нанға жетіп, намысың жерге тапталып жатса — онда Отанға деген сенімің де, майшамдай болып еріп кетер. Талғам биіктеген сайын, адамның қажеттілігі де арта түспек. Осыны ескермеген биліктің ғұмыры келте, тұғыры қысқа.
Санаулы топтар байлыққа бөгіп, қараша халық қара нардай шөгіп жатса, ол елде қандай қасиет болмақ? Парақорлық белең алса, тамыр-таныстық «құшағын жайса», «Бай — байға, сай — сайға» құйып жатса, жердің асты мен үсті тоналып, шенеуніктер күнәға батса, мұндай мемлекеттің болашағының өзі бұлыңғыр емей немене? Әсіресе, жоғарыда болып жататын саяси ойындар, көзбояушы қойылымдар, пасық байламдар, сасық ойламдар, өтірікке малшынған уәделер, соған арын сатқан куәгерлер тұрғанда, жарқын заманға қол жеткізу мүмкін бе өзі? Бұған халық қалай ашынбайды?
«Шыдамның да шегі бар» дейді дана қазақ. Көп нәрсеге дәл қазақтай көнбістік танытқан, халық жер бетінде аз шығар. Шыдамдылық кейде адамды шыңдағанымен, биік шыңға шығара бермейтіні тағы бар. Тәуелсіздік алған 28 жылда қараша халық — қарашада қалтыраған жалғыз сары жапырақтай қалт-құлт етіп тіршілік кешті. Бірақ мойымады. Ел үшін деп қолға алынған жобалар орта жолда шөгіп, ұлт үшін деп бекітілген бағдарламалар қаржысы жарты жолда «өліп» жатты. Бәріне баяғы жемқорлық пен «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер кінәлі…
«Президент біреу, қалғанымыз оған тіреу» болайық деп алашапқын болып та жүгірді халық. Бірақ иен байлыққа масайған шенділер, Тұңғыш Президенттің де тірегі болуға жарамады. Ұрлады, жырлады. Ақырында халық пен биліктің арасы ажырап тынды. Бүгіндері екіаралық жер мен көктей. Бұған халық қалай ашынбасын?
Бүгінгі қоғам — шынымен ашынған қоғам. Қалайда бір өзгеріс күткен ашулы қоғам. Ашындырған кім? Тағы да қара бастың қамын күйттеген, мақтау-мадақтаудың әнін жүктеген, жағымпаздықтың сәнін келтірген, сөйтіп биіктің мәнін кетірген санаулы топ. Олар биліктің дәмін сезініп, оны ата-бабасынан мұраға қалғандай жан сала қорғап әлек. Оларға жабыққан жұрт, қамыққан ұлт қажет емес. Оларға майшелпек байлық, көл-көсір айлық қажет. Бұған халық қашанғы шыдамақ?
Осындайда менің ойыма мына бір көрініс оралады. Ағыс келіп жаңарып отырмаса ауыл іргесіндегі көлшіктің саси бастайтыны бар. Кейін ұйыққа айналып, жері борсып, жағасы қоңсып жатады. Сол секілді билік басына да өткеннен сабақ алған, халықтың мұң-мұқтажын сезінетін, сыни-пікірін түйсіне білетін адам келсе ғана тығырыққа тірелген мына қоғам су шайған айдындай жаңарар еді. Түйткілді проблемалардан қажыған адам да бір сергіп, жаңашылдыққа қадам басар еді….

 

Қоғамдағы толқулар сайын қамау, жазалау жақсылыққа
апармас

Шеруге шығу, билікке өз ұстанымын жеткізу дамыған елдердің бәрінде бар нәрсе. Біз де дамыған елу елдің ішіне кіруге бет алғанда мұндай қарсылықтарға түсіністікпен қарауға міндеттіміз. Ол үшін ұрып-соғу, абақтыға жабу ерсі қылық. Ал халыққа оқ ату — мүлде шектен шығудың көрінісі. Тіпті халықты қорлаудың әлемде жоқ үлгісі….
Күні кеше 1 мамыр мерекесі қарсаңында Қазақияның әр өңірінде халықтың билікке қарсы бұлқынысы байқалды. Талап-тілек баяғыша өрбіді. Жемқорлық жайлаған билік, жұмыссыздық, арзан айлық, көпбалалы аналардың зары….
Осы оқиғаларды сараптаған журналист Марат Байділдаұлы былайша толғанды: «Қазақстандағы полицияның жазалаушылық сипаты сонау патшалық Ресейдегі полицияның қуғындаушылығынан басталып, кеңестік милицияның жендеттік сықпытымен жалғасып жатыр. Кешегі 1 мамырда Қазақстан полициясының Алматы мен Астанадағы және басқа қалалардағы халық наразылығына қарсы көрсеткен есерсоқтығы олардың бет-бейнесін түбегейлі сыпырды. Шетелдерде полиция бейбіт шеру кезінде халықты түрлі арандатушылықтардан қорғайды. Ал бізде полиция конституциялық тәртіптің емес, биліктің қорғаушысына айналып кеткен. Халықтың полицияға деген үміті де, сенімі де қалған жоқ.
Өз құқықтарын қорғаған жастарға күш көрсетуі, келтекпен ұрып-соғуы, ұр да жықтығы полицияны билікке қарсы наразылықтардың май құюшысына айналдырды. «От правды не убежишь» деген халықтық қағиданы, Ата заңымыздың 3 бабындағы «Единственным источником государственной власти является народ» деген конституциялық қағиданы баннерге ілген ұл-қыздарды қудалау, жазаға тарту әдетте еш нәрсемен ісі жоқ қалың жастар қауымының өзін саяси аренаға итеріп шығарды. Егер билік төңкерісі орын алатын болса, оған басқа емес дәл осы полиция бассыздықтары себеп болары анық».
Шындығына келсек, ақылды билік Президент сайлауы тұсында осындай әпербақан қылықтарға тосқауыл қоюы тиіс еді ғой. Бұл қарапайым халықтың ашуын тудыратын әбес іске кім мұрындық болды екен? Әлде халықты басып, жаншып тастау ұлы мұрат жолындағы игі «бастаманың» алғышарты болғаны ма?
Бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саясаткерлар тарапынан, билікті үнемі қадағалап отыратын халық санатынан әділ бағасын алған тұлға. Себебі кландар соғысынан аман, өз ісіне маман, жемқорлықтан ада, ар алдында таза көрінеді. Бұл бүгінгі жемқорлықтан шаршаған, әділдікті аңсаған қоғам үшін таптырмайтын Президент. Қақ-соқпен, былық-шылықпен ісі жоқ адамның маңайынан да соны талап ететіні шындық. Тек жаңа Президентте — өршіл мінез, адуынды шешім, ұлтшыл болмыс, арынды ақыл болса болғаны…
Шенділердің есінде болса Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «мемлекеттік тіл — қазақ тілі елімізде тұрып жатқан барлық азаматты біріктіретін күш», — деп айтқаны бар.
Бірақ бұл сөз күйінде ғана қалды. Іс жүзінде қазақ тілінің билікке еш керегі жоқ. Қазақ та, қазақ тілі де, қазақтың тегеурінді азаматтары да билік үшін үлкен мәселе, бас ауру ғана.
Қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ең алдымен айналысатын негізгі мәселесі де осы болуы керек. Елдің ертеңін ойласа, болашаққа көз тіксе, халықпен бірге болуды аңсаса, тілдің тұғырына қонуына харекет жасаса, барлық жағдайды жасауы шарт. Қорқатын, жалтақтайтын ештеңе қалған жоқ. Ол кезде халық Тоқаевты өзі қорғайды, өзі көтеріп алады. Өзі тұғырына қондырады. Әйтпесе… жағдай ушыққанның үстіне ушығып, тамыры тереңге кеткен түйткілді мәселе, күндердің күнінде алдынан шығып, аяқтан шалып «жығып кетуі де» бек мүмкін.

 

«Жемқорлар арасында билік өкілдері де бар», — деді Тоқаев

Тағы бір мәселе мақаланың өн бойында айтылып келе жатқан жемқорлықпен күрес һақында. Қазіргі Президент Тоқаев қанша адал болса да маңайында, қоршаған ортасында арамдықтың астауынан ас ішкен жемқорлар жоқ деп кім айта алады? Міне, Президент Тоқаев билікті солардан тазартуға күш салуы керек-ақ. Онсыз экономиканы алға бастыру қиын шаруа.
Иә, таяуда Қазақстан Президенті жемқорлық мәселесіне қатысты пікірін білдірді.
«Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр — ол басқа мәселе.
Біздің елімізге келер болсақ, сыбайлас жемқорлықпен күрес жалғасуда және кең қанат жайып келеді. Жақында тиісті ведомствоның басшысын қабылдадым. Осыған байланысты жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма бердім. Жалпы сандық және сапалық тұрғыдан алғанда жазалау жөнінен Қазақстан әлемде көш басында тұрған елдердің бірі. Байқасаңыздар, мемлекеттік қызмет жүйесінде жоғары лауазымды адамдар жауапқа тартылған. Олардың арасында премьер-министр, бірқатар министрлер, ведомство басшылары және басқалар бар. Басқа қай елде мұндай жағдай болды? Айту қиын. Мен өз тарапымнан осы жүйелі мәселені шешу үшін барынша күш-жігерімді жұмсаймын деп сенімді түрде айтамын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл сөзі жүйелі іске асып жатса, халықтың қолдауына ие болары даусыз.
Айтпақшы, кеше ғана Қазақстандағы арнайы жасақтың көмегімен танымал политолог К.Л.Сыроежкин ұсталды. Ол бірнеше жыл бойы Қазақстандағы Қытайды зерттеп жүрген жетекші маман ретінде саналып келген еді. Сондай-ақ Константин Сыроежкин докторлық диссертациясын жазғанда бүгінгі Президент Тоқаевқа ғылыми кеңесші болған. Тексеріс барысында, Сыроежкин тыңшы деген күдікпен ұсталыпты. «Жау жоқ деме жар астында, Бөрі жоқ деме бөрік астында» деген қазақ даналығын Тоқаев ескеруі тиіс. «Орыстан досың болса, қолыңда айбалтаң болсын» деген бабалар нақылы да Ресеймен арадағы байланыста да көкейінде тұрса қәне. Кім көрінгенге құлай сенген адамның құлдырай беретінін кім жоққа шығарады? Тек халқына арқа сүйеп, құлай сенген басшы ғана құлдыраудан аман қалмақ.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр қадамы қазір халық назарында. Алматы облысына жасаған сапарында сөйлеген сөзі де көңіл төрінен орын алды.
«Бірде-бір министр, депутат, әкім наградасыз қалмаған. Барлығында орден бар. Әр бес жыл сайын алады. Мен түсіне алмаймын… Ал жүз мыңдаған ұстаздар, дәрігерлер, журналистер, жұмысшылар мемлекет тарапынан лайықты бағаланбай, марапатсыз қалып жатады. Олар басқалардан аз еңбектеніп жүрген жоқ қой. Сондықтан олар назардан тыс қалмауы керек», — деді. Бұл енді әбден шегінен шыққан, айтыла-айтыла жауыр болған тақырып еді. Осы бір келеңсіздіктің алдын алу үшін жуырда «АТАҚТЫҢ ҚАДІРІН, АҚША ҚАШЫРҒАН ЗАМАН-АЙ…» деген мақалам «Qazaqstan dauiri» газетінде жарыққа шыққан еді. Ел Президенті Тоқаевтың бұл мәселені көтергені, мақаламмен үндес шыққанын қарасаңызшы?

 

ТҮЙІН: Ақиқат салтанат құрса ғана ел риза

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Мен бұл мақаламда бүгінгі қоғамда наразы жұрттың көптігін тілге тиек еттім. Себебі «балық басынан шіриді» демекші, біздің билікте өз ішінен шіріп жатыр. Халқымен санаспаған, ойы қырдан әрі аспаған шенеуніктер ұлтқа тұлға болуға жарамай тұр. Күні кеше әлеуметтік желілерді бұғаттап тастады. Ондағы ойлары ақпарат алмасуды шектеп, халықтың “тасқынын”, “арынын” басу. Бұл тіпті демократия талаптарына сай келмейтін ұстаным. “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деген принципке де кереғар тірлік. Оның тигізген зардабын айтсаңшы бәрінен. Аналарға әр бала үшін төленуге тиіс 21 мың теңгені жыр қылатын билік, әлеуметтік желіні бұғаттаған 8 сағатта мемлекеттен 3 млрд. 401846 $ немесе теңгеге шаққанда 1 млрд. 285 млн. 425 мың 051 теңге шығындапты. Бұл деген масқара емес пе?! Твиттер, ютуб, фейсбук желілерін “тұншықтыруға” әрдайым осындай қаржы шығындалса жетіскен екенбіз!
Осындайда РУХЫМЫЗДЫ КӨТЕРЕТІН Күлтегін бабамыздай «Түркі халқы үшін, Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым. Қара терімді сықтым, қызыл қанымды төктім, нығай халықты бай қылдым, Өлімші халықты тірілттім» дейтін Президент керек.
Бүгін технология дамыған ғасыр, маңайдың бәрі қызыл да жасыл. Ақпарат ағыны жаулаған дәуір, тұрғызып жатыр ғаламат дауыл. Оған әлемдік ғаламторды қосыңыз. Ол да бар жаңалықты үйіп төгуде. Жақсысы да, жаманы да бар. Осыдан кейін саналы, білімді адам баласы маңайына қарап, «Батыста анадай екен, Еуропада мынадай екен, Америкада басқалай екен» деп ояна бастады. Бұл ояну — демократияға бастар жолдағы алғашқы саты. Егер бұл сатымен өрмелей берсе — демократияға бастар даңғыл жолға түспек. Тек билікке деген ұстаным — революциялық жолмен емес, эволюциялық бағытпен өрбісе керек-ті. Сонда ғана әділдіктің ақ туы желбіреп, ақиқаттың жанары мөлдіреп тұрмақ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.