Омырау обырына себепші — баланы ұзақ емізу

0
159

Елімізде мамандар омырау обырына шалдығушылардың саны жылдан жылға артып жатқанын айтып дабыл қағуда. Статистикалық мәліметттерге жүгінсек, омырау обырынан күніне 4 әйел көз жұмады екен. Өткен жылы 4648 әйел осы қатерлі дертке шалдыққан. Бұл күніне 13 әйелде омырау обыры пайда болады деген сөз. Елімізде тегін скрининг өткізіп, түрлі қолдау шараларын жасалып жатса да бұл дерттің өсімін тоқтар емес. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай көрсеткіш әр әйелдің өздігінен дәрігерге қаралмауының салдары деп отыр. Әсіресе жұмысбысты саналатын мұғалімдер арасында жиі кездесетіндігін айтады. Сондай-ақ, бұл дертке шалдығушылар баласын ұзақ уақыт емізетін аналар екен.

 

«Сәбиді 1-1,5 жасқа дейін емізу жеткілікті, себебі бұл уақытта баланың иммунитеті қалыптасады. Түрлі табиғи дәрумендер ана сүті арқылы балаға беріледі. Ал одан асып жатқан жағдайды біз еркелік деп қабылдаймыз. Ол кезде ана сүтінің құнары да, балаға пайдасы да төмендейді. Керісінше, ұзақ емізу омырауда обырдың пайда болуына әкеліп соғуы әбден мүмкін» — дейді маммолог-дәрігер Мұратжан Сақтағанов. Дәрігердің айтуынша, омыраудың сүт шығатын жолдары дер кезінде жабылмағандықтан, артық еттер пайда бола бастайды. Олардың аденомаға айналу қаупі жоғары.
Ел арасында «Көбірек емізсе, баланың иммунитеті жақсы болады, оның үстіне ананың омырауына да ешқандай дерт жоламайды» деген пікір қалыптасқан. Ал мамандар мұндай мәліметті жоққа шығаруда. Жалпы бала қанша жасқа дейін емгені дұрыс? Ана сүтінің бала өміріндегі рөлі қаншалықты? Осы орайда мамандармен пікірлесен едік.

 

Баланы неше жасқа дейін емізу керек?

«Қоғамда «Сен ана болған соң, баланы міндетті түрде 1,5-2 жасқа дейін емізуің керек» деген пікір қалыптасқан. Осы тұста кейбір ананың физикалық денсаулығына немесе психологиялық күйіне байланысты баласын емізе алмауы мүмкін екені ескерілмейді. Рене Шпицтің теориясын алатын болсақ, сәбидің 8 айлығында психикалық аппараты өзгеріске ұшырап, ол адамдарды жақын, бөтен деп бөле бастайды. Мұны өтпелі кезең деп атасақ та болады. Сол себепті сәбиді емшектен 6-7 айлығында немесе 9 айдан кейін шығарған дұрыс. Яғни емшектен шығару уақыты 8 айлықпен тұспа-түс келмегені жөн», — дейді маман Гүлжан Амангелдинова. Мұнымен қатар, психоаналитик Құранда да 1,5-2 жылда сүттің құрамы өзгеретіндіктен, сәбиді осы жасқа дейін ғана емізу дұрыс екендігін айтады. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сәбиді кемінде 6 айға дейін емізуге кеңес береді. Өйткені алғашқы үш айда ана мен бала арасындағы қарым-қатынас оның ересек шақтағы өміріне тікелей әсер етеді.

 

Емшек сүтінен айырылу анасынан айырылғанмен тең

Психоаналитик, екі баланың анасы Гүлжан Амангелдинова баланы емшектен қалай дұрыс шығару керектігіне тоқталды. Маман сәбиді бір-ақ күнде ана сүтінен айырудың қандай жаман салдары болуы мүмкін екенін түсіндірді. Алғашқы алты айда ата-ана сәбиіне шектен тыс қамқор болса немесе қажетінше көңіл бөлмей, өмірге бейімделуге көмектеспесе, мұның арты адамның ересек шақта әлсіз, адамдарға тым сенгіш, өте ерке немесе өзгелердің пікіріне тәуелді болуына алып келеді. Фазаның екінші бөлігінде, яғни 9-18 ай арасында сәбилер бірнәрсені тістеп, шайнауды үйренеді. Осы кезеңнен қалай өткенін ересек шақта сөз таластыруға, арсыздыққа және пессимизмге бейімділігінен көруге болады.
«Әйелдің емшегі бала үшін туғаннан бастап дененің ең маңызды мүшесі. Бастапқыда бала емшек пен анасын бір объект ретінде қабылдайды. Яғни ол үшін емшек сүтінен айырылу анасынан айырылғанмен тең. Бізде баланы емшек сүтінен шығарар кезде бірнеше күнге туыстардың үйіне немесе ауылға апарады. Арасында осы ауылда қалдырып кететіндер де бар. Бұлардың барлығы да дұрыс емес. Себебі, балаға өзі жақсы көретін объектінің бір сәтте жоқ болып кеткенін қабылдау қиын. Бала өзін немесе омырауды жаман деп ойлайды. Ал омырау жаман болса, өзін де жаман деп ойлағаны”, — деді психоаналитик.
Маман баланың даму кезеңдері туралы жазған Дональд Вудс Винникот, Рене Арпад Шпиц және Мелани Кляйн теорияларына тоқталды. Бұл авторлар еңбектерінің барлығында дерлік баланың емшектен шыққан кезде өзінің бір бөлігінен айырылып қалғандай күй кешетіні жазылған. Өйткені, бала алғашында өмірді ауызы арқылы таниды. Емшектен дұрыс шығармау баланың болашақ өміріне кері әсерін тигізетіндіктен, баланы бір-ақ күнде ана сүтінен айырмаған жөн.Сондай-ақ, маман ересек шақта адамның депрессияға түсуінің астарында осы емшектен дұрыс шығарылмауы жатқан болуы мүмкін екенін айтты. Бірақ, бұл депрессияның бір себебі ғана. Яғни барлық жағдайда депрессияны осы емшектен айырылумен байланыстырмаймыз.

 

Сәби неге емшек сүтінен бас тартады?

Гүлжан Амангелдинова кей сәбидің туа салысымен емшек сүтінен бас тартуын анасында босанудан кейін болып жатқан депрессиямен байланыстырды. «Кейде сәби ана сүтінен бас тартқан кезде «Лактозаға аллергиясы бар» деп айтып жатады. Жалпы бұл бүгінде көп кездесетін құбылыс. Ол негізінен әйелдің бұрыннан бері келе жатқан депрессиясымен байланысты болуы мүмкін. Тек осы депрессия босанғаннан кейін өршіп кеткен. Сондай-ақ, бұған ананың баласын қаншалықты қабылдағаны, осы баланың дүниеге келуін қалай қалағаны себеп болады. Сәби айта алмаса да, мұның барлығын сезеді», — деді маман. Бүгінде сәбидің құрсақта немесе дүниеге келгеннен кейін дами бастайтынына қатысты пікірлер көп. Ал Гүлжан сәбидің ата-анасы оны ойларында жоспарлай бастаған сәттен бастап дамитынын айтады. Бұдан өзге маман әйелдің жүктілік кезеңіндегі жай-күйі балаға тікелей әсер ететіне тоқталды.
«Мелани Кляйн мен Дональд Винникот бала емшекті жақсы, жаман деп екі түрлі қабылдайтынын жазған. Мысалы, сәби емгісі келмеген кезде, анасы емшегін оның аузына тыққыштай беретін болса, өскенде бойында қорқыныш басым болады. Үнемі өзін біреу аңдып жүргендей күй кешеді. Психоанализде бұл күйді паранойя деп атайды. Сәби емшектен бас тартса, біраз уақыт күте тұрыңыз. Массаж жасап, денесін сипалап, өлең айтып беріңіз. Алғашқы кездерде бала сөйлей алмаса да, оның денесінің барлық бөлшегі сезімтал келеді. Егер анасы «Сәбиім оиырауымды ембей жатыр» деп уайымдайтын болса, бала мұны да сезеді. Сондай-ақ, «Баламды 12 жасқа дейін еміздім» деп мақтанып отыратын аналар да болады. Біріншіден, сүттің сапасы өзгереді. Екіншіден, бала үш жастан асқан соң емшекті ләззат алатын объект ретінде қабылдайды. Ақырында ана мен бала арасында сепарация болмайды. Ал шешеден ажырамаған баланың болашақта отбасын құрып, ішімдік, шылым секілді зиянды әдеттерден аулақ болуы екіталай”, — дейді Гүлжан Амангелдинова. Бала емшекті 5-6 жасқа дейін емгеннің өзінде ересек шағында аузында темекі болсын, бөтелке болсын тұрғанын қалайды. Көп сөйлеп, ұрысқақ болуы да осы кезеңмен байланысты. Сондай-ақ, маман ұзақ уақыт емшек емген баланың Эдипов комплекстен өте алмайтынын айтты. Яғни бала анасын алып қойса, емшегін еміп жатса, әкесі шетте қалып қояды. Осының салдарынан баланың бойында кінә сезімі пайда болады. Ал кінәні сезінген адам үшін үнемі жаза бар. Керісінше мұндай сәбилер садист тұлға болып өсуі де мүмкін. Гүлжан Амангелдинованың айтуынша, бастысы сүтпен емізу емес, ананың балаға деген қарым-қатынасы. Себебі, кейде баласын емізсе де, оны жақсы көрмейтін аналар бар. Мынандай мысал айта кетейін. “30 жастан асқан бір клиентім 2,5-3 жасқа дейін емген. Анасы емшектен шығарарда жасыл дәрі жағып қойса керек. Жүгіріп келіп еме берген кезде қатты шошынып қалған. “Анам келемеждеп күліп тұрғандай” күй кештім дейді. Шешесі “Не таптың?” дегендей күлімсіресе керек. Ол осы бір жағдай үшін әлі күнге дейін анасын жек көретінін айтады. Бір шетінен бұл — баланың шекарасын бұзу. Ұзақ уақыт емізетін болсақ, баланы өзімізге байлап қойғандай боламыз. Осының салдарынан бала кейін өзіне керекті анасынан, ұстазынан, әйелінен, балаларынан және мемлекеттен талап ететін болады”, — деді маман. Осы орайда, психоаналитик бірінші кезекте аналарға психологиялық сауаттылығын арттыруға, өзіне “Мен саналы түрде ана болуға дайынмын ба?” деген сұрақты қоюға кеңес берді. Әрбір адамның өз анасымен қарым-қатынасы оның болашақта балаларымен тіл табыса білуіне тікелей әсер етеді. Тіпті, анасының қателігін қайталамаймын дегеннің өзінде дәл солай әрекет етіп жатады. Сондай-ақ, маман емшектен шығару сәби үшін ғана емес, ана үшін де ауыр құбылыс екенін айтып өтті. Себебі, екеуінің арасында физикалық қана емес, физиологиялық байланыс үзіледі. “Баланы емшектен салдары жаман болмайтындай етіп шығарғыңыз келсе, мұны жаныңызда жүргенде жасаңыз. Сәбиді ауылға апарып, бір-ақ күнде ана сүтінен айыратын болсаңыз, ол қоршаған ортаға, айналасындағыларға сенім артудан қалады. Бастысы емізу емес, анасының баласына деген махаббаты. Кейде балаңызды жек көріп кететін кездер кездеседі. Бұл қалыпты нәрсе. Ол үшін өзіңізді ұрысып, кінәлаудың қажеті жоқ. Міндетті түрде демалыңыз, киноға барып, достарыңызбен кездесуді ұмытпаңыз. Ең бастысы, сәбиіңіздің бір бөлек және өзіңіздің жеке тұлға екеніңізді жадыңыздан шығармаңыз. Өзі бақытты, өзін жан-жақты дамыта білген ана ғана баласына қажеттіні бере алады”, — дейді Гүлжан Амангелдинова.

 

Сәбиді емшектен шығармас бұрын…

Ал балалар дәрігері Жанат Слямғазина да баланы екі жасқа дейін емізген дұрыс екенін айтады. Осы орайда, ол баланы емшектен шығарар кезде жақсылап даярлап алуға кеңес берді. Ол үшін бала алты айлығынан бастап қосымша тамақтарға үйренуі тиіс. «Бұл кішігірім процеске бала да, ана да дайын болғаны жөн. Ол үшін бала қосымша тамақтарды көбірек, ал аналар керісінше сұйықтықты азырақ ішеді. Себебі, аналар ішкен сұйықтық кейін ағзадан сүт болып бөлініп шығады. Көбінесе әйел қауымы баланы емшектен шығаратын кезде омырауына жасыл дәрі немесе ащы бірнәрсе жағып қойып жатады. Меніңше, бұл артық дүние. Бар болғаны баланың тоқ болуына жағдай жасау қажет», — деді Жанат Слямғазина. Сондай-ақ, маман баланы емшектен тым ерте шығару дұрыс еместігін айтып өтті. Ана денсаулығының нашар болуы, балаға ана сүтінің жақпауы және тағы бір жүктілік сынды жағдайлардан өзге, мүмкіндігінше балаларды екі жасқа дейін емізу қажет.

Түйін: Әрине баласын ұзағырақ емізу ана үшін де, баласының денсаулығы үшін де пайдалы. Әйел баласын емізу арқылы мойын, сүт безі және аналық без рагынан арылады. Тіпті, емізіп отырған кезде бөлінетін пролактин гормоны жоспарсыз жүктіліктен сақтандырып, біраз уақытқа дейін етеккір мазаламайды. Осы секілді медициналық сипаттамалардан бөлек, ана сүті арқылы баланың бойына махаббат пен тәлім-тәрбие дариды. Баланы ұзағырақ емізу — оларға деген махаббатымызды жеткізудің таптырмас тәсілі. Ана сүтіне ешқандай да тамақ тең келмейді. Оны дүкеннен не басқа жерден сатып ала алмайсың. Дегенмен, мамандардың мәңызды мәліметтері әрбір ананың денсаулығы үшінде аса қажет оқырман қауым.

Кәмшат Әбдіқадырқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.