Қадір түнінің түсуіне қандай оқиға себеп болған?

0
809

Алла Тағала тарапынан хазірет Мұхаммедке (Алланың сәлемі болсын) Бәни Исрайыл қауымынан Алла Тағаланың разылығы үшін мың ай бойы құлшылық жасаған бір адам туралы хабар жетеді. Сонда Пайғамбарымыз:
“Иә, Алла! Басқа пайғамбарлардың үмбетінің өмір жасын ұзақ, амалдарын көп еттің. Ал менің үмбетімнің ғұмыры қысқа, амалы кем”, — деп қайғырды. Осы оқиғадан соң Алла тағала Расулалланың көңіліне жұбаныш ретінде “Қадір” сүресін түсіріп, ол түнде жасалған құлшылықтың мың айлық құлшылықтан да қайырлы екенін білдірді.
Қасиетті Құранның мүбәрак аятында осы түннің келесі бір қадір-қасиеті туралы: “Сол түнде, Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Жәбірейіл түседі” (4-аят), — делінді. Демек, бұл түн тек пенделер үшін ғана емес, періштелер үшін де маңызды түн.
Хадисте: “Қадір түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады”, — делінген. Тағы бір хадисте: “Ол түні түскен періштелерге жердің беті тарлық етеді”, — делінеді. Әрбір мұсылман үшін Аллаға, оның пайғамбарларына, оларға жіберілген кітаптарға, қиямет күніне, өлгеннен кейін қайта тірілуге қалай иман келтіру парыз болса, періштелерге де солай сену парыз.

Мирас Кесебаев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.